Жаңалықтар

«ТҮРКІСТАННЫҢ» ТОЙЫ ӨТТІ ДҮРКІРЕП...

ашық дереккөзі

«ТҮРКІСТАННЫҢ» ТОЙЫ ӨТТІ ДҮРКІРЕП...

Қазақ «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп бекер айтпаған шығар. «Түркістан» газетінің ұжымы 20 жылдық мерейтойға дайындықты аса ыждаһаттылықпен бастаған күні-ақ әр тілшінің кеудесінен мерекенің лебі есіп тұрды. Бұл сүйікті газетімізге деген ерекше махаббаттан туса керек. Соңғы кезде «Нұр Отан» партиясы ақпарат құралдарына бұрынғыдан да жіті көңіл бөліп, қамқорлығын аямай келеді. Бұған нақты дәлел салтанатты мерейтойға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің арнайы келіп қатысуы болды.

Тәуелсіздік бізге не берді? Тәуелсіздік әуелі сөз бен ойдың еркіндігіне жол ашты. Мұрағатта жабулы күйде қалған небір құнды деректердің жарыққа шығуына мүмкіндік сыйлады. Қазақ баспасөзі зайырлы мемлекет құру және демократиялық қоғам орнату жолында сөз бостандығын өз деңгейінде пайдалана білді. Міне, сол бір азаттықтың ақ таңы туған сәттен бері қазақ баспасөзінің де айы оңынан туып, жұлдызы жана түсті. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1994 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Түркістан» газеті зиялы қауымның ой-пікірін еркін айтатын мінберіне айналған. Одан қала берді күллі түркі халықтарының тыныс-тіршілігін паш ететін ақпарат айнасы ретінде қалыптасты. Газеттің халықаралық мәртебеге ие болуы да тектен-тек емес. Бүгінде дөңгеленген дүниеден жан-жақты, сараптамалық мақалалар жариялап тұратын басылым қазақ ақпарат кеңістігінен ойып тұрып орын алды десек артық айтпағанымыз болар. Осы тұрғыда, басылымның арғы-бергі тарихынан аз-кем әңгіме қозғай кетуді жөн көрдік. Себебі, бүгінгі тарих кешегінің жалғасы. 

Тоқсаныншы жылдардың басы, халықты жұмыссыздық меңдеп, әсіресе қаламға сүйеніп күн көрушілердің ері мойнына кеткен кез болатын. Сол кезде ашылған «Заман-Қазақстан» газетіне сайдың тасындай іріктелген ұжым жиналып, іске білек сыбана кіріскен. Газеттің идеялық бастамашысы әрі алғашқы Бас редакторы (1993-1999) – Қазақстанның халық жазушысы, түркі жұртының біртуар перзенті, марқұм Қалтай Мұхамеджан, Әбілмәжін Жұмабаев – Бас редактордың орынбасары, Әбіраш Жәмішев жауапты хатшы болды. Ал сол кезде тілші, қазіргі таңда газет журналистерінің ұстазына айналған –   Дидахмет Әшімханұлы, Жұмагүл Солтиева, Көлбай Адырбекұлы, Абзал Бөкен сынды көсемсөзшілер түбі бір түркі дүниесінің үні болсын деген ізгі тілекпен «Түркістан» газетін шығаруды қолға алды. Аға буын ұжымы дегеніне сөзсіз жетті. Бірте-бірте журналистер қатары белгілі жазушы Қажығали Мұхамедқалиев, танымал шаржшы Еркін Нұразханов, журналистер: Мырзан Кенжебай, Ермек Сахариев, Жаңабек Шағатай, Рымтай Сағымбекова, Қайнар Олжай, Сейфулла Оспан, Тынышбек Дайрабайлармен толығып, газеттің өзіндік стилі, бет-бейнесі қалыптасты. Осы тұста өткен-кеткенімізді ой-елегінен өткізіп, газетіміздің сарғайған беттеріне үңілсеңіз, «Түркістанның» жыл өткен сайын түлеп келе жатқанына көз жеткізесіз. 

Мәселен, бұл күнде «Түркістан» газеті арқылы халқына жеткен тарихи тұлғалар едәуір баршылық. Мәселен, сонау Кеңестер тұсында Қазақстан діни істерін басқарған, Алматыдағы Орталық мешіттің қазиы, діни ғұлама Сәдуақас Ғылманидың еңбектерімен де халықты тұңғыш рет «Түркістан» газеті таныстырды. Сөйтіп, біз оның Құран кәрімге тәпсір жасап, арабша-қазақша жүз сегіз мың екі жүз сегіз (108208) сөзге түсінік беріп, сөздік жасаған ғалым екенін білдік. Тіпті, әйгілі Таж-Махалдың құрылысын жүргізген Иса деген түркістандық шебер екенін де ең алғаш осы газет жазғанын біреу білсе, біреу біле қоймас. Бұл факт әлемдік ғылымда мойындалды да. Кеңестік кезеңдегі репрессия мен Ауған соғысының құрбандары, Желтоқсан көтерілісінің зардаптары әлі күнге егжей-тегжейлі зерттелмеген, жартылай жабық тақырып екені ешкімге құпия емес. «Түркістан» газеті осы мәселе бойынша терең сараптамалық мақалаларын жариялауда көш ілгері.   Өзбекстандағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы, Қытайдағы, Түркия мен Еуропадағы қазақтардың, жалпы түркі халықтарының тарихы мен болашағы, бүгіні мен ертеңі де әрдайым газет тілшілерінің назарында. Бұл өзекті тақырыптарды басылымға келген жаңа толқын тілшілер дөңгелетіп алып жүр.  

Түбі бір түркі жұртының басылымы

26 сәуір. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры. «Түркістан» газетінің тарихындағы ерекше күн. Басылымның қоғамдағы өз орнын айқын сезінген сәті. Қазақ руханияты саласы май­талмандарының һәм сөз қадірін түсінетін зиялы қауым өкілдерінің бәрі осында ағылды. Залда ине шаншыр орын жоқ. Бұдан не аңғаруға болады? Демек, «Түркістан» газетінің оқырмандары нағыз ой мен жүректің иелері деген сөз.  Руханият – жүрек жемісі. Жүректің еті – ата-ана тілінде. Ата-ана тілі – білім тамыры. Міне, газеттің жанашырлары еліміздің болашағы – қазақ тілінде, қазақ ділінде, қазақ салт-дәстүрі мен ұлттық құндылығында дейтін абзал жандар. Біз мерейтой барысында осыны ұққандай болдық. 

Әдемі кештің шымылдығы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы күмбірлі күймен түрілді. Салтанатты жиынды ашқан газеттің бас редакторы Шәмшидин Паттеев басылымның шығуына мұрындық болған марқұм, белгілі жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов пен қазақ әдебиетінің нарқасқа жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбегін айрықша атап өтіп, бүгінде Қазақстанның тәуелсіздігін, Қазақстанның мемлекеттілігін, қазақтың, түркінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған басылымның бірі болғанына тоқтала кетті. Сондай-ақ соңғы бес жылда газет «Нұр Отан» партиясымен өзара серіктестікте бірге жұмыс істеп келе жатқандығына екпін түсірді. 

«Түркістан» газетін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің арнайы келіп құттықтауы залға жиналғандардың арасында үлкен серпіліс тудырғанын атап өту керек. Бүгінгі таңда «Нұр Медиа» холдингіне кіретін «Түркістан» басылымының тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы атқарған қызметін жоғары бағалап, газеттің 20 жылдық өмірбаянына терең шолу жасаған Бауыржан Қыдырғалиұлы: «Басылым тарихы айтулы оқиғаларға толы. Айталық, газет бетінде алтын бесігіміз – ауыл тақырыбын кеңінен көтеріп жатқан тұста Мемлекет басшысының редакцияға телефон шалып, қолдау білдіргенін газет журналистері әлі күнге мақ­танышпен еске алады. Сонымен қатар, Президентіміздің кезінде көкейкесті мәселелер бойынша жазылған үш бірдей мақала бойынша Үкіметке тапсырма бергені де белгілі. Газет жұмысының үнемі жоғары назарда болғанын осыдан-ақ көреміз. 

«Түркістан» жүріп өткен жиырма жылда еліміз әлемдік қоғамдастықта мәртебелі мемлекетке айналды. Бұл – Президентіміздің сындарлы саясатының арқасы. Енді халқымыздың алдына «2050-Стратегиясында» өркениетті 30 елдің қатарына ену мақсаты қойылып отыр. Бұл мақсатқа жету дегеніміз – Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекетімізді жасампаз ету, бабалар мұраты – шынайы Мәңгілік ел болу деген сөз. Ол үшін өзгелермен экономикалық тең терезелі тығыз қарым-қатынаста болуымыз керектігі айғақ… Елбасы айтқандай, біз үшін көрші жұртпен экономикалық тұрғыда тығыз болу – өмір заңдылығы, отандық бизнеске үлкен нарық кеңістігін ашу, яғни экономикамыздың өміршеңдігін, мемлекет қуаттылығын ұзағынан ету жолы. Осы тұрғыдан алсақ, біз үшін басты мәселе – ішкі ынтымағымыз. Әлемдегі жағдайды ескерсек, біз әрдайым бірліктің, ынтымақтың ерекше үлгісін көрсете білуіміз керек», – деп шығармашылық ұжымға толағай табыс тілеп, ақпарат құралдарын заман талабына сай дамыту, қазақтілді оқырманның қажетін қамту мәселесінде үнемі алдыңғы шепте болуға шақырды. 

Бұдан соң сөз алып, құт­тықтаушылардың да қатары молая түсті. Газеттің мерейтойына арнайы жылы лебізін ала келген Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары Алтай Әбибуллаев тәуелсіздік­тің таң сәрісінде жа­рық көре баста­­ған «Түркістан» газеті Алаш арыстары­­ның арман-мұраттарын, түркілік бірлік идея­сын, ұлттық құндылықтарды ұран етіп, ел тәуелсіздігінің нығаюына өзіндік үлес қосқан беделді басылымға айналғанын ерекше атап өтсе, қазақтың аса көрнекті қаламгері, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Біз бүгін түркі әлемінің рухына тағзым етуге келіп отырмыз. Біз ұмытыла жаздаған ұғымды «Түркістан» газетін ашып, тірілтіп алдық. Сол арқылы жоғалып бара жатқан рухымызбен қауышқандай болып қуандық» деген абыз ақсақалға тән пікірін білдірді. 

Ал Мәдениет министрінің орын­басары Асқар Бөрібаев мырза: «Құрметті редакция ұжымы! Сіздерді «Түркістан» газетінің 20 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақтың баспасөз саласында өзіндік үні бар «Түркістан» газеті ел тәуелсіздігімен қатар дамып, қоғамның ұлттық мәселелерін жазып келе жатқан беделді басылымдардың бірі. «Түркістан» газетінің тарихы қазақтың белгілі жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың есімімен тығыз байланысты. Тек қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ тұлға болған Қалекең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы газетті шығарып, азат елдің мүддесі үшін күресе білген. Бүгінгі таңда «Түркістан» газеті іргелі газеттің біріне айналып, өз оқырмандарын тапты. Оның қоғамдық өмір мен елдің дамуына сай мазмұнының да дамып отыратындығын байқаймыз. Әр замандағы ел тарихы, халық тағдыры, түбі бір түркі халықтарының тарихи тамырластығы «Түркістан» назарынан тыс қалған емес және қалмайды да. Газеттің мерейтойы құтты болсын! Осы редакцияда жұмыс жасайтын барлық ұжымға шығармашылық шабыт, толағай табыстар тілеймін!» деп Мәдениет министрлігінің құттықтау-сәлемін жолдады. 

Сондай-ақ сахнаға көтерілген Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов «Түркістан» газетінің  бүгінгі қазақ ақпарат кеңістігінде орны мен беделін тәптіштей келе, ұлттық рух, тіл, дін мен діл мәселесінде озық мақалаларымен оқырманын қуантып келе жатқандығын айтса, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин: «Бүгінде не көп, газет көп. Бірақ соның ішінде халыққа қажетті басылым аз. Халыққа қажетті басылымның бірі  – «Түркістан» газеті» дегенде зал толы көрермен ду қол шапалақпен қолдай кетті. Бір айта кетерлігі, мерекелік жиында газет ұжымына деген ыстық ықыласын білдіргісі келгендерде есеп болмады. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген облыс әкімдіктері мен жоғары оқу орындары өкілдерінің өзі бір төбе. Атап айтқанда, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Қарағанды, Ақмола облысынан арнайы ат ізін салған делегация тойға шашуын тілекпен жеткізді. 

Салтанатты кеште Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповтың, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың атынан келген құттықтаулар басылымның беделін арттыра түссе, Қазақстандағы Түрік консулдығынан келген бір топ түрік ағайынның да түбі бір түркі дүниесіне ортақ басылымның қуанышына ортақтасуы бекер емес.  

Ал газеттің қалыптасу кезеңінде аянбай еңбек еткен белгілі журналистердің көпшілік арасынан төбе көрсетуі де сүйікті газетіне деген ерекше сүйіспеншілігін білдірсе керек. Кеше ғана алғашқы саны жарық көрген «Түркістан» басылымының бет-бейнесі сол кезде газет шығарудың ыстық-суығына төзген аға буынның көз алдында. Бұл ретте Астанадан арнайы келген Жұмагүл Солтиева мен Қарағандыдан уақыт тауып жеткен ақын Абзал Бөкен сынды ардагер журналистердің атын ерекше атап өткен жөн. 

Түркістан-20» бәйгесінің жүйріктері анықталды

Халықаралық «Түркістан» газеті 20 жылдық мерейтойға орай Алаш арыстары аңсаған тәуелсіздік тақырыбына арнайы бәйге жариялаған болатын. Түбі бір түркі бірлігі, Біртұтас Алаш идеясы, біртұтас ұлт ұстындарын негіз етіп алған байқауға 50-ден астам қолжазба материалдары келіп түсті. Бәрі де еліміздің бостандық туын көруді арман еткен Алаш зиялыларының рухына арналған. Алайда, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген жүлдегерлерді анықтау үшін арнайы тәуелсіз комиссия құрылып, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Ғаббас Қабышев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы,  «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, тарихшы Нәбижан Мұхамедханов, саясаткер Айдос Сарым құрамында болған комиссия мүшелері шығармашылық бәйгеде шын жампоздардың есімін айқындады.  

Сонымен, бас жүлде – 500 мың теңге сыйақыға белгілі тарихшы-ғалым Тұрсын Жұртбай ие болса, Қалтай Мұхамеджанов атындағы арнайы сыйлықты «Алматы ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі, белгілі журналист Ермек Зәңгіров қанжығасына байлады. Ал 350 мың теңге көлеміндегі бі­рінші жүлдеге Назерке Жұмабай, 250 мың теңге болған екі екінші жүл­деге Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының №18 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Айманов пен Кәмел Жүністегі, 150 мың теңге болатын төрт үшінші жүлдеге Жақау Дәуренбеков, Момбек Амангелдиев, Жалмұ­рат Кен­жебай, Сейдулла Садықовтар лайық деп танылды. Жеңімпаздарға «Түркістан» газеті атынан естелік сыйлықтар мен арнайы диплом табыс етілді. Газет ұжымын мерейтоймен құттықтай келген эстрада әншілері әннен шашу шашып, әдемі кешке көрік берді.  

Иә, расында да «Түркістанның» тойы – қазақ баспасөзінің ортақ тойы. Қазақ қоғамының күрмеуі қиын мәселелелерін ашып жазуға, шынайы баға беруге жанын салып жүрген тілші қауымының тойы. Бүкіл түркі жұртшылығының бірлігін, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қоса білген басылым­ның бүгінгі мерейлі мерекесі жалпы қазақ журналистикасы үшін айтулы оқиға. Қазіргідей бейбіт заманда журналист болу қандай бақыт дейтіндер көп. Әрине, қолына қалам алып, шындықты шырылдатып жазу екінің бірінің басына бұйырмаған бақ екені даусыз. Алайда, жақында ғана елімізде өткен үлкен басқосуға қатысқан белгілі ресейлік журналист В.Познердің мына бір пікірі ойға еріксіз оралады. Ол: «Қазiргi таңда мен ешкiмге де журналист болуға кеңес бермеймiн. Қазір журналист болатын уақыт емес. Бұл мамандықтан әрі атқарып жатқан жұмыстан еш ләззат та, «жақсы ат» та таба алмайсыз. Ал осы ақпарат майданында жүргендерге айтарым, төзiмдiлік керек. Өз жұмысыңды қолынан келгенше жақсы атқаруға тырысқан жөн. Кезінде қайраткер Линкольн былай деген болатын: «Егер мен өзiме қастандық ойлаушылардың хаттарына жауап бермек түгiл, оқитын болсам, бұл кеңсенi жауып тастау керек болар едi. Қолымнан келгенше өз жұмысымды жасайтын боламын. Соңында менiң ұстанымым дұрыс болса, менi сынап, жамандағандардың сөзi түкке татымайтын болады. Егер нәтиже өзгеше болса, менi мадақтап жүргендер де ештеңе өзгерте алмайды». Айтайын дегенiм, өз iсiңдi ертең ұялмайтындай жақсы жасау қажет. Ал журналистикада мұны жасау өте қиын», – деген еді. Иә, бұл пікірді бұдан ертеректе журналистиканың қара нары, белгілі қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп айтып қойғаны белгілі. Десе де, қазақ журналистикасында да өз ісін жан-тәнімен құлай сүйген, сөздің құдіретін жете түсінген, қағаз бен қаламның парқын білетін тілшілер өсіп келеді. Соның бір буыны – бүгінде 20 жылдық белеске жеткен «Түркістан» халықаралық апталығында қызмет етіп жүр десек, ешкім шәк келтіре қоймас. Тәуелсіз мемлекетімізбен бірге жасап, халықтың рухани әлемінің, мәдениетінің, тілінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан газеттің әлі де берері мол. Оның қатпар-қатпар тігінділерінде еліміздің кешегі, бүгінгі тынысы, әр дәуірдің бедерлі бейнесі, мөрдей басылған замана шежіресі бар. 

«Түркістанның» өткен тойы – ұлтым, жұртым, тілім, ділім, дінім  деп жүрген әр қазақтың тойы! Қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, ділі мен дінінің мүддесін қорғауда табандылық көрсетіп келетін «Түркістан» осы кемел деңгей, биік абырой тұғырынан көріне берсін!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ