Жаңалықтар

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ БАСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекет меншігінен үлес берілмек. 90-жылдары белең алған жекешелендіру бертінде саябырсып қалған еді. Таяуда Министрлер кабинетінің мүшелері Үкіметтің арнайы қаулысын мақұлдады. Оған сәйкес 2014-2016 жылдары жекешелендірілетін мемлекеттік және ұлттық компаниялардың, республикалық кәсіпорындардың тізімі жасалып, халыққа және кәсіпкерлерге белгілі бір шарт бойынша үлестірілмек. 

Жекешелендірудің екінші толқыны ірі кәсіпорындарды қамтиды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші толқындағы кәсіпорындар тізімін ұлғайтуды тапсырғанын айта келе, квазимемлекеттік сектордың да назардан тыс қалмағанын жеткізді. 

Бүгінде 29 ұйым мен 3 нысан жекешелендіруге ұсынылып отыр. Сондай-ақ 11 республикалық деңгейдегі ұйым кәсіпкерлердің басқаруына беріледі. 74 ұйым қайта құрылады немесе жойылады. Ал республикалық меншіктегі 104 ұйым қысқарып, 277 ұйым ғана қалады. Бұған дейін Елбасы ірі холдингтер қоластындағы еншілес компаниялардың көптігін айтқан болатын. Аты бар да, заты жоқ еншілестерді жабуды да тапсырған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың сатылуы ашық және әділ өтуі тиіс деді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Нұрлан Рахметов: «Біз арнайы электронды алаң ұйымдастырамыз, сол арқылы компаниялар, активтер сатылады. Сонымен бірге жекешелендіруге байланысты портал құрылады. Сол арқылы қоғам мен ақпарат құралдары бұл үдерістің қалай жүріп жатқандығы туралы құлағдар болады», – деді. «Қазіргі кезде біздің қорға кіретін 599 компанияның 122-сі жекешелендірілетін болды. Бірақ оның ішінде 15-і – бейінді емес актив, 106-сы – өзімізге тән, бейінді активтер. Мұның сыртында 50 компанияны біз коммерциялық банктермен бірге сатамыз. Өйткені қазір банктер біздің құрылымымыздан шығарылуда», – деді Рахметов мырза. «Самұрық-Қазынадан» тағы 48 компания жойылады. 20 компания қайта құрылмақшы. 5 компанияны қор мемлекеттік органдардың қарауына табыстайды. Жалпы алғанда, 223 компания қысқаруға ілігеді екен. 

 Бұл сауданың басты ерекшелігі – халықтық IPO және қор нарығындағы «IPO» арқылы сатылады. Екінші бір жолы – тікелей аукционға шығарылады және бірден жекешелендірілмей, алдымен тек белгілі бір мерзімге сенімді басқаруға тапсыруға да жол беріледі. Әсілі сатылу, сатып алудың әділетті өтетіні сөзсіз. Кәсіпті жүргізетін, отандық нарыққа атсалысуға ниетті кәсіпкерлердің істі одан әрі шыр айналдырып кетуі екіталай. Нұрлан Рахметов мұндай келеңсіздіктердің де алдын ала қарастырылғанын айтты. «Кез келген істе тәуекел бар. Бұл шарада да өзінің тәуекелдері болуы мүмкін. Бірақ біздің қор қауіп-қатерлерді болдырмауға бар күшін салады. Бірінші кезекте, біз жекешелендіруге жеткілікті түрде орнықты компанияларды шығарып отырмыз. Оларда «жекеге берілгеннен кейін қандай да бір теріс жайттар болады» деген қауіп жоқ. Бұған қоса, біз әлеуметтік тәуекелдердің де болуы мүмкіндігін түсінеміз. Сондықтан сатқан кезде, сатып алушыға қойылар талапта тиісті шарттарды нақты жазамыз!», – деді ол. 

Аймақтар да жекешелендіру толқынынан қалыс қалмайды. «Коммуналдық меншік құрылымында 82 пайыз әлеуметтік сала ұйымдары бар. Оларды жекешелендірудің әлеуеті әзірге аз болып табылады, сондықтан олар коммуналдық меншікте сақталады. Әкімдердің коммуналдық меншігінде білім беру ұйымдары (олар жалпы санның 53 пайызын құрайды), денсаулық сақтау (14 пайыз), мәдениет (10 пайыз) нысандары қалады. Яғни өңірлердегі мемлекеттік мектептер, емхана-ауруханалар, ауыл-аудан клубтары және басқалары әзірге жекешелендірілмейді. Ал қалған 1 мың 84 ұйымның 416-сын жекешелендіру ұсынылып отыр», – деді министр мырза. 

Елімізде ұлттық компанияға ұмтылғандар саны да күрт азаюы мүмкін. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің мәліметінше, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар құрылымына кіретін 163 активті бәсекелестік ортаға беру ұсынылмақшы. «Оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорынан 106 бейінді актив, «Бәйтерек» холдингінен – 15, «ҚазАгродан» – 32, «Парасаттан» – 8, «Зерде» холдингінен – екеуі жекешелендіріледі. Бұған қоса, ұлттық холдингтер құрамында жұмыс жасап жатқан 60 компанияны жою, ал 28 ұйымды біріктіру арқылы қайта құру ұсынылып отыр. Осындай реструктуризациялау нәтижесінде, ұлттық холдингтердегі компаниялар саны 36 пайызға кемиді. Бұл – 270 ұйым. Оларда барлығы небары 464 ұйым ғана қалуға тиіс!», – деді Е.Досаев. 

Республика бойынша квазимемлекеттік сектордағы, яғни бюджеттен қаржыландырылатын, бірақ мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын ұйымдардың бірден 782-сін бәсекелестік ортаға тапсыру, тағы 380 ұйымын қайта құру немесе жою көзделуде. Осынша квазимемлекеттік ұйымның 101-і – 2014, 50-і – 2015, ал 226-сы – 2016 жылы жекенің қолына көшеді. 

Жалпы, елімізде 90-жылдары жекеге өткен компаниялардың кейбірі жұмысын тоқтатқан жоқ. Ал кейбірі нарыққа ілесе алмай, инновациялық технология тасасында қалып қойды. Олардың қатары әсіресе шалғай өңірлерде басым. 90-жылдары жекешелендіруді пайдаланып, бар мүлікті басып, байып қалғандар істі айналдырып әкетпегені өкінішті. Екінші толқын компаниялары алдыңғылардың күйін кешпей, нарықтан өз орнын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Ақниет ОСПАНБАЙ