ТОЗАҚ ЖЫЛДАР

ТОЗАҚ ЖЫЛДАР

ТОЗАҚ ЖЫЛДАР
ашық дереккөзі

 Қазақ міллетінде Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығы 1931-32 жылдары қатты белең алды десек те, ол зұлматтың басы 1930 жылдың жазынан басталып, зардабы 1934 жылдың аяғына дейін созылған. Мысалы, 1930 жылдың соңына дейін-ақ Қазақстанда 313 мың адам аштықтан көз жұмды. 1931 жылы 855 мың адам, ал 1932 жылы 969 мың адам ашаршылық құрбанына айналды. 1933 жылы 325 мыңнан аса қазақ тағы шейіт кетті. Осы жылдары 1 миллионға жуық қазақ шетелдерге асқан. 

Десек те, 1930-33 жылдардағы қазақ даласында опат болған адамдардың саны жөнінде әр түрлі мағлұмат бар. Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімов сол жылдары 2 миллионнан аса қазақ қырылып, 600 мыңнан аса қазақ басқа республикаларға жер ауып кетті десе, айтулы ғалым Манаш Қозыбаев 1 млн. 750 мың қазақ шейіт кетіп, 400 мыңдай жан өзге жерлерге көшіп кеткен дейді. Білгір тарихшы Талас Омарбеков ашаршылықта қырылған қазақтардың жалпы саны 2 млн. 700 мыңнан кем емес деген пікірді алға тартады. Бұлардан өзге зерттеушілердің тұжырымдауларынша да сол кезде орын алған қазақ шығыны 2 миллионнан кем түспейді.

Қалай десек те, бір жарым жылдың ішінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары тұрғындарының санына парапар халықты (қазақты) жоқ қылған сол ашаршылықтың нәубеті мен зұлматы сұмдық болғаны анық. Бір әттең-айы, ашаршылық кезеңін зерттеушілердің барлығы сол зұлматтың неліктен Қазақстанның барлық өңірінде бірдей белең алып кеткендігіне нақты жауап бермей келеді. Бергеннің өзінде, ашаршылық алдындағы өткен бай шаруашылықтарын тәркілеу мен колхоздастыру кезеңіндегі асыра сілтеуге байланысты деректерді тізбектеп, аталмыш зұлмат сонда жүргізілген солақай саясаттың әсерінен туындап кеткен деген пікірді бірінен соң бірі қайталайды. Расында, ашаршылықтың туындауына жаппай ұжымдастыру кезіндегі солақай саясат әсер етсе де, оған ықпал еткен басқа да себептер мол-ды. Сондықтан да колхоздастыру факторы ашаршылықтың туындауына әсер еткен көптеген себептердің бір тармағы ғана. Өйткені Қазақстанда «бай шаруашылықтары» мен әртел-серіктестіктерді жойып, олардың орнына әр ауылдағы еңбекші тап бірлесіп еңбек ететін колхоздарды (ұжымдық шаруашылықтарды) ұйымдастыру 1828 жылдан бастап шындап қолға алына бастағанымен, шын мәнінде біздің елде колхоздастыру тәртібі 1922 жылдан жүргізілген еді. Бірақ бұл процесс 1926 жылға дейін өте баяу жүрген. 1924 жылы Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан республикасы құрамынан ҚазАКСР-ына берілген кезде Сырдария губерниясында Мақтарал совхозы (кеңестік шаруашылық) ашылған. 1925 жылы бұл губернияда жеті колхоз ұйымдастырылған.

Содан бастап колхоздарды құру жүйесі өте баяу қарқынмен жүрсе де, бәрібір, 1927 жылы бүкіл республика көлемінде колхоздар саны 1072-ге жеткен. 1928 жылы оның саны – 2354-ті құраса, 1929 жылы 4876-ға дейін өскен (Олардың 611 Сырдария мен Жетісу губернияларына тиесілі). 1930 жылдың қысының аяғына қарай Қазақстандағы барлық шаруашылықтардың 65 пайызы коллективтендірілсе де, бұл уақытта елде ашаршылық бастала қоймаған еді. Бірақ осы жылдың күзінің ортасынан түрлі себептерге байланысты аталмыш зұлматтың алғашқы белгілері білініп, шалғайда жатқан ауылдардың адамдары опатқа ұшырай бастады. Осы фактілерден, жоғарыда айтқанымыздай, ашаршылықтың лезде ел ішін жайлап кетуіне тек колхоздастыру кезіндегі жіберілген кемшіліктер ғана себеп болмағанын айқын көруге болады. Сонда оның туындау негізі мен ел арасында бірден жаппай белең алып кетуінің басқа да себептері болғаны ғой. Алдымен арғы тарихқа бір сәт көз салайық.

Қазақ өз алдына міллет болып, ірге көтерген 1456 жылдан 1865 жылға дейінгі аралықтағы төрт ғасырдан астам дәуірде, нақтысы, 409 жыл ішінде ылғи жан-жақтан анталаған жаудың бетін, ентелеген дұшпанның шабуылын қайтарумен ғұмыр кешкен. Бұл қазаққа кім жау болмады деңіз. Түбі туыс Моғолстан мен Шағатай, ділі мен діні бір өзбек-бұхар, тегі алыстамаған Сібір хандықтары, одан кейін қалмақ пен шүршіт, іргедегі қоқан, көрші қырғыз, бұлардың бәрінен асып түскен орыс отаршылдығы бір тыным бермеген еді. Соншама жылдар бойы төрт тараптан қысқан ниеті бұзық елдермен жүргізілген қан қасап майдандарда қанша ата-бабаларымыз мезгілсіз жер құшты, бұл жағы – бір құдайға ғана аян. ХІХ ғасырдың басынан аяқ шеніне дейін орыс патшаларының үздіксіз жүргізілген отарлау саясатынан да жүз мыңдаған қазақтың қаза тапқаны шүбәсіз факті. Сонда да ХХ ғасырдың басына 5 миллионнан аса қазақ аман жеткен. Өмірінде басынан бұлт, іргесінен дұшпан арылмаған қазақтың өркениет заманы аталатын ХХ ғасырға мұнша санмен аяқ басуы – ғажап-ақ. Бірақ…

Ілкіде қазақ халқын жер бетінен жоюды мақсат тұтқан – екі патшалық, бір хандық болған. Екі патшалық – Ресей мен Қытай, ал хандық – қалмақ-тұғын. Қалмақ ерте құрыды. Құрығы ұзын Ресей отаршылдары қытайдың алдын орап, жер-дүниені тітіркенткен отты қаруымен қазақ жеріне дүркін-дүркін басқыншы аттандырса да, біздің даланы жүз елу жылда әрең жаулады. Бұл – орыстан саны әлдеқайда аз болса да, оларға жанкешті қарсылық танытқан қазақтың айбындылығын көрсетеді. (Біреулер қазақта неге батырлар көп деп күмән білдіреді. Олар мынаны білсін: батырлар басқыншы елден емес, елін, жерін жанкештілікпен қорғап, басқыншыларға айбат көрсете қарсыласқан елден шығады. Төрт ғасыр бойы қазақ өзгенің жерін иеленіп ала- мын деп, бөтен елге бір де бір рет баса-көктеп шабуылдамапты. Тек сырттан тиген жаумен айқасып, күн өткізген. Әлбетте, жаулаушы да, отарлаушы да бейбіт жолмен келмейді. Мылтықтарынан қорғасын шашып, зеңбіректерінен от жалындатып, жауланған халықты жоқ қылу үшін келеді. Тарихта халқымызға ең қатерлі де озбыр басқыншы болған – орыс отаршылдары да қазақты жоқ қыла алмады. Басып алған соң өзге амалға салып, тіл-ділінен айыруға күш жұмсады, дінінен бездіріп, шоқындыруға талпынды.

Намысты қазақ бұған да көнбеген. Бірақ отаршылдар өздері отарлап алған басқа да саны аз халықтарға істегенін қазақтарға да істеп, орыс тілінсіз аттап баса алмайтындай жағдайға тап қылды. Мұндай тәсілді орыс коммунистері ары қарай жалғастырды. КСРО орнаған алғашқы жылдары өкімет басында отырған коммунистердің барлығы елдегі орыс халқынан басқа жұрттардың бәрін мақау, мәдениетсіз санайтын бұрынғы патша шенеуніктері сияқты отаршыл пиғылдан, үстемдік көзқарастан арылмаған жандар еді. Түркі халықтары ішінде ең өжет те қайсар, батыр да ержүрек қазақты, қала берді, ақылды көсемдері мен қайраткерлері көп шығатын қазақтың сағын сындыруды олар да бірінші кезекке қойған. Тарихқа көз салсақ, орыс отаршылдары қазақты жүз елу жылда түрлі айла-шарғыларды қолданып, әрең басып алды. Ал 1865 жылдан кейін қазақта болмаған зеңбірек пен мылтығы, әр ірі қалаларында биік те мықты қорған-қамалдары бар Орта Азиядағы үш хандықты үш-ақ жылда быт-шыт қылды. 1917 жылы кеңестен бөлінуді ойлап, Түркістан (орыстар кекетіп Қоқан деген) автономиясын құрып, басқарған кім? Мұстафа Шоқай атты қазақ! Қазан төңкерісінің идеяларын мақұлдамай, өз алдына дербес ел болуды аңсап, «Алаш» партиясын құрған кім? Әлихан Бөкейханұлы, Халел Досмұханбетұлы деген қазақтар! Түркістанда түркі республикасын құрамыз деп бастама көтерген кім? Тұрар Рысқұлов деген қазақ! Кеңес орнаған тұста жалпы түркі халықтарының мүддесін қорғап, Лениннің өзімен тайталасқа түскен кім? Тағы да қазақ қайраткерлері! Әрине, бұларға ерген түркі жұртының басқа да белгілі тұлғалары бар-ды. Алайда тәуелсіздік алуға бастама көтерген топтың 90 пайызы қазақтар болды әрі олар жетекшілік рөл атқарды. Оның үстіне басқалардан қай жағынан да озық, мемлекеттік деңгейдегі кез келген істі алып жүре алатын азаматтары, орыс ғалымдарымен иық тіресуге жарамды оқымыстылары бар қазақты шовинистік пиғылдағы қызылдар қалай жақтырсын. Бір жағы – олар да жүз елу жыл уақыт орысқа берілмей, табанды күрескен қазақты суқаны онша сүйе қоймайтын. Иә, қазақ үнемі сыртқы дұшпаннан тепкі көрсе де, кезең-кезеңімен жүрген қилы соғыстардан жүз мыңдап қырылса да, 1930 жылдардағы бейбіт уақытта Голощекиннің озбырлығынан төнген зобалаңдағыдай бір мезетте миллиондап опат болған емес. 

 Түрлі фактілерді саралап, қисын мен сан қилы дәлелдемелерге ден қойсақ, 1931-33 жылдардағы ашаршылық – Голощекиннің алдын-ала әбден ойластырып жасаған жоспарының нәтижесінен туындаған. Керек болса, мұндай нәубетті іске асыруға ол Сталиннің өзінен қолдау мен рұқсат алған. Әйтпесе Голощекиннің «социализм жүйесіне үйренгісі келмейтін, көшіп-қонып жүруге ғасырлар бойы дағдыланған қазақтар, кеңестік саясатқа көнбей, тағы да босуға көшті. Осының кесірінен олардың бірқатары аштыққа ұшырап, қырылып жатыр» деп жазған хатына: «Голощекин жолдас! Сіздің әрекетіңіз оңды. Жаңа жүйеге үйренбеген ол сары пәлелерден тек сондай жолмен құтылуға болады»,– деген сықпыттағы жауапты жаза ма?

Жалпы, Голощекин қазақ халқын қыр­ғын­ға ұшырату үшін 1926 жылдан бастап бес бағытпен дайындалған. Бірінші бағыты – ел қамын ойлайтын ақылды да халықшыл қайраткерлерді билік басынан кетіріп, олардың орнына сауаты төмендеу, өзінің айтқанынан шықпайтын қазақтарды іріктеп алуға арналды. Бұл жоспарын оңай іске асырды. «Меңдешевшілдік», «сәдуақасовшылдық», «сейфуллиншілдік», т. б. деген жалған да жалалы айдар тағылған қазақ даналарын сыртқа лақтыру осы жылдардан басталды.

Екінші бағыты – ОГПУ мен НКВД-ның жергілікті жерлердегі өкілдерінің өк­тем­дігін күшейту және бай-кулак десе жаны шошынып, жыны қозатын, оларға деген ашу-ызасы туғанынан бойларына сіңген кедей таптың арасынан іріктелген кісілерді түрлі дәрежедегі уәкілдер мен ауыл белсенділері етіп, тағайындауға арналды. Саясат пен жан-жақтағы ахуалды пайымдап, саралауға өрелері жете бермейтін, қолына тиген билікке мәз болып, жоғары шенділердің қандай да бір пәрмен-бұйрығын орындауды мәртебе санаған мұндай кісілер, көп ұзамай-ақ Голощекиннің ел-елдегі лайықты қолшоқпарларына айналды. Белсенділердің және ОГПУ, милиция өкілдерінің ел арасында үстемдігінің артқаны сондай, бір-екі жылда жұрт бұлардың көлеңкесінен қорқатын дәрежеге жетті. Кеңес өкіметі туралы бір жаман сөз айтпайтын болды. Осыдан халықтың рухы басылып, не нәрсеге де бас изей беретін көнбістікке түсті.

Үшінші бағыты – кеңестік жүйеге орай типтендірілген «бай шаруашылықтарын» жоюға бағышталды. Голощекин ел ішіндегі билер мен «бай шаруашылықтары» иелерін «Бұрынғы заманды аңсайтын феодалдар, жұрттың еңбегін қанайтын үстем тап өкілдері, сондықтан да оларды мал-мүліктерінің бірін де қалдырмай тәркілеп, өздерін соттап, болмаса қиыр шеттерге жер аударып жіберу керек!» деп ұрандатты. Ұранға алғаш ергендер және оған жанын сала кіріскендер әлгі ОГПУ, НКВД қызметкерлері мен ауылдардың шолақ белсенділері болды. «Жабысқан жерінен қан алмай тынбайтын» олар, ірі «бай шаруашылықтарымен» қатар, орта дәулетті, тіпті, он бес қой, үш сиыры барларды да қара тізімге ендіріп жіберді. Кеше ғана бірнеше рулы елді уысында ұстаған ақылман билер мен мыңды айдаған байлардың өздерін сансыратып жіберген уәкілдер мен белсенділердің, қару асынған милиционерлердің тірлігін көргенде, онсыз да үрейі ұшып қалған жуас қазақ, кеңес саясаты алдында бастарын бұрынғыдан бетер төмен иді. Өздеріне бай малдарынан бес-алты тұяқ үлес бергенде қуаныштан жүректері жарылып, уәкілдерге мың тағзым көрсетіп, жүз алғыс айтты. Ал Голощекин билер мен «бай шаруашылықтары» иелерін бекерге соттап, босқа жер аударған жоқ. Ол кездегі қазақ қоғамдық құрылысының қалпы бойынша, бақуатты адам бір елді әрі асырап, әрі бағып отыратын адам. Билер – қазақ қоғамының үйлестірушісі. Өмірлік қажеттіліктердің қай сала-тармағына болса да – солар ұйытқы, солар бастаушы. Көпті не нәрсеге де бастай алатын осындай беделді кісілерді ел арасынан алшақтату қажет. Бұл жоспар қазақтың ықылым заманнан келе жатқан елдік дәстүрін бұзды. Халыққа үрей үстіне үрей төндірді.

Төртінші бағыты – ауыл-ауылдарды жедел түрде отырықшылық пен колхоздастыруға үндеген бастамасына сәйкестендірілді. Осының кесірінен кеңестік жаңа жүйенің мәнісін түсінбеген жұрт айналада қандай қоғамдық өзгерістер болып жатқанын, мұндай саясаттың болашағы неге апарып тірейтінін біле алмады. Тіршілігінің шырқы бұзылған халық 1929-31 жылдары тиісті көлемдегі егістік жерлерге егін еге алмады. Колхоздар құрылғанымен, оның базаларында шаруашылық жұмыстарын жүргізетін құрал-саймандары болмады. Колхоздың бар байлығы – малмен шектелді. Азғана жерлерге егілген астықтан жұртқа үлес таратылмай, жиналған өнімнің бәрі мемлекет бекіткен салықтың жоспарын орындау үшін аудан, қала орталықтарындағы қоймаларға жөнелтілді. Голощекин болса, халықтың жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын көріп-біліп отырса да, бірінші кезекке ұжымдасу процесі мен мемлекетке өткізілетін түрлі салықтардың уақытында жиналуына қатты көңіл бөлді. Бірінші бес-жылдықтың шешімдеріне орай ,колхоздар арасындағы өзара жарысты кеңінен өрістетуге күш салды. Күндіз-түні ат үстінен түспей, шапқылаған шолақ белсенділер бір ауылды бір ауылға қосып, колхоз атандырғаннан өзге ештеңе тындырмаса да, өз көрсеткіштерін жалған мәліметтермен қосып жазып, жоғарыға жіберіп отырды. Осы қосып жазу үрдісі – бір-екі жылдан кейін күллі қазақтың алапат ашаршылыққа ұрынуының басты себебіне айналды. 

Бесінші бағыты – елді тікелей ашаршы­лық­қа әкеп тіреген ең жауыз жоспары бол­ды. Голощекин Қазақстанды өркендетуді, түр­лі жұмыстар мен жоспарларды рет-реті­мен іске асыруды қағаз жүзінде көрсетіп бе­кіт­кенімен, бар тараптағы іс-әрекет белгілі тәр­т­іппен жүрмеді. Елдегі барлық басшы қыз­меткерлерді, аудан, ауыл көлеміндегі бел­сен­ділерді жалаң ұранға еліктіріп қойды. 1932 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы шаруашылықтарды колхоздандырып бітіру керек деген ұранмен 1931 жылы елдегі осы іске жауапты кіші дәрежедегі басшы-белсенділерді басқа жұмысқа бас бұрғызбай, тек ұйымдастыру шараларына салып қойды. Көктемгі және күзгі егіс қажетті көлемнен әлдеқайда аз егілді. Колхоз қораларындағы малдың қысқы жем-шөп базаларын дайындатпады. Тіпті бұл мәселені мүлде ұмытқандай, осы жұмыс жайында бір де бір рет әңгіме көтермеді. Жиналыс-мәжілістерде тек колхоздастыру науқанының қалай жүріп жатқанын, мемлекетке өткізілуі тиіс ет пен астық және басқа да салықтардың орындалуы барысын көтеруден әріге бармады. Одан қалса, елдегі жағдайды айтып, дабыл көтерген кейбір қызметкерлермен айтысып, күн өткізді.

Сталиннің 1930 жылғы наурыз айында «Правда» газетінде «Табыстан бас айналғандық (Головокружение от успехов)» мақаласы шыққан соң 1929 жылы өзінің ұнамсыз да кесірлі саясатының негізінде Қазақстанның бірнеше өлкелерінде бой көрсеткен кеңеске қарсы көтерілістерге қарамастан, Голощекин Мәскеудегі Орталық комитетке Қазақ республикасы қай тараптан болса да, жақсы жетістіктерге жетіп отыр деп есеп берді. Ол аздай, тұрғын жұрты онша көп емес, бірақ республиканың байтақ даласына егілген мол астық пен мыңғырған малдары есебінен Ресейдің бірнеше қалаларын өте арзан бағалы ет-астықпен қамтамасыз етуге болады деп бөсті. Бұл – жай бөсу емес-тұғын. Жоғарыда аталған жоспарларын іске асырудың амалдары-тұғын. Сол амалдарының нақты бір көрінісі мына деректерден көрінеді: 1930 жылы колхоздар мен түрлі шаруашылықтар мемлекетке ет пен астық өткізуден одақ бойынша бірінші орынға көтерілуі керек деген желікпе ұранның кесірінен Қазақстандағы 14 ет комбинатынан 11 мың 14 тонна ет, 970 мың пұт астық Ресейдің өнеркәсіптік қалаларына жіберілді. 

1931 жылдың аяғына қарай Ресей қалаларына өткен жылғыдан еселеніп, 12 мың 6 тонна ет, 950 пұт астық жөнелтілуіне байланысты жыл бойы колхоздар есебіндегі төрт түліктер есепсіз сойылып, етке өткізілді. Осыдан мемлекет меншігіне қарасты қоралардағы малдар саны мен қоймалардағы астық қоры бірнеше мың есеге азайды. Соған қарамастан, өлкелік партия ұйымы аудан-аудандарда ұжымдасу процесі өте нашар жүргізіліп жатқанына дабыл көтеріп, жергілікті басшыларды қатаң жазалауға дейін барды. Бұдан үріккен кеңес органдарының басшылары мен колхоз бастықтары, күштік құрылымдардың өкілдері қалайда бұл науқанды шапшаң жүргізуге жандарын салды. Нәтижесінде бір колхоз келесі бір колхоздан мал, астық, сондай-ақ түрлі шаруашылық жұмыстары жөнінен артық болу үшін бәсекеге түсті. Алайда осындай бәсекелестіктің кесірінен қосып жазуды үрдіске айналдырғандар қораларындағы малдарын, қоймаларындағы астықтарын ада қылған жергілікті белсенділер шаруашылықтарында төрт түліктің есебін қайта толтыруды және келесі жылғы ет салығын мөлшерді түрде өткізу жайын ойлап, енді жеке адамдардың қолындағы малдарына, қап түбіндегі бидайларына ауыз салды. 

Әлбетте, ел болған соң көпшілік арасынан жүректілер де табылып, белсенділерге айбат шегіп, қарсылық танытқандар да кездесті. Алайда ондайлар қатаң жазаланды. Қалғандарын: «Колхоз меншігіне өткізілген малдарыңнан сендерге ай сайын үлес беріледі. Астық үлесі де солай таратылады. Сендер ұжымдық шаруашылықтың егінін егіп, жерін жыртып, еңбек етсеңдер болды. Күн көріс мәселелеріңді өкіметтің өзі шешеді», – деп алдаусыратты. 

Сөйтіп жұрттың малын осылай алдап та, күшпен қорқытып та, әйтеуір, қолдарынан келген бар тәсілді пайдаланып, тартып алды. Үй-үйлердегі астықтар да сондай жолдармен жиналды. Осылайша, тігерге тұяғы, тіске басар талқаны қалмаған қазақ әп-сәтте стихиялы түрде бірден ашаршылыққа ұрынды. 

 Әсілі, сол кезгі саясаттың ыңғайына қарасақ, КСРО-дағы колхоздастыру тәртібі – қағазға жазылған жоспар бойынша елге аса зиян келтірерліктей де емес-ті. Мәселен, Қазақстанда колхоздастырудың алғашқы жылдар- ында ол бекітілген тәртіп бойынша жүргізілді. Әу баста колхозға мүше боп кіргендерге бұрынғы әртелдер мен серіктестерде қолданылған тәртіпке сай ортақ шаруашылықтан жыл сайын белгілі бір мөлшерде мал мен астықтан үлес беріліп тұрды. Бұған әрбір колхоз мүшесі разы-тын. Бірақ қазаққа келгенде іштарлық қылатын кеңестің Қазақстандағы Голощекин тәрізді сұмырай қолшоқпары бұл жүйені астаң-кестең етті. «Қазақстан ұлы қазан төңкерісінің идеяларынан тым алшақ қалған. Сондықтан да бұл республикада «кіші қазан» төңкерісін жүргізу қажет» деген пиғылды басты ұран еткен ол, өзінің теріс әрекеттерін жүзеге асыруға белсене кірісті. 1930 жылдан кейін колхоздастыруды асқан шапшаңдықпен жүргізуді мақсат етіп, бұл науқанда әміршіл-бұйрықшыл жүйенің кең етек алуына жол ашты. Жергілікті белсенділер мен НКВД, ОГПУ қызметкерлері жаңа жүйеге бет бұрмағандарды қатаң жазаға тартты. Бір-бірінен елу-алпыс, тіпті жүздеген шақырым шалғай жатқан ауылдарды күзгі, қысқы суықтарда күшпен көшіріп, бір орталыққа топтастырды. Қолдарындағы сойып жейтін малдан, қол диірменге тартатын бидайдан ада болған қазақ, түгі жоқ орталықтандыр- ылған колхоздарда жер сипап отырып қалудан, одан әрі қарай аштыққа ұшыраудан басқа амалсыз-тын. 

1931 жылдың 1 желтоқсанында барша қазақтың үлкен бақытсыздығына орай қалың қар түсіп, күн бірден суытқан. Жылы болады деген оңтүстіктің өзінде күннің суықтығы 10-15 градусқа төмендеген. Ала жаздай жұрттың бар малы мен астығын алашапқын болып бір ортаға жинаған өкіметтің жауапты адамдары, жоғарыда айтқанымыздай, сол кезде қыста қолда ұсталынатын төрт түліктің жем-шөп базасын да жасамаған еді. Қалың қар жауып, күн бірден суытқанда етке өткізілуден аман тұрған малға беретін азық таппай қатты қысылған аудан басшылары мен кеңес белсенділері күнде жиын жасап, тығырықтан шығудың жолын іздей бастайды. Республикалық ауыл шаруашылығы комиссариатының комиссары Н.Сегізбаев барлық аупартком хатшыларына «Қар бересіңдер ме, жоқ, топырақ бересіңдер ме, қалайда қоғам малын қырып алмаудың жолын қарастырыңдар!» деп қатаң талап қояды.

«Коммунистік партия кез келген қиын­дық­тан шығудың жолын табатын даналыққа ие»,– деп өзеуреген аупартком хатшылары қолда бар малды аман алып қалудың адам күлерлік амалдарын қарастырады. Өйтпеске шаралары да жоқ-ты. Сегізбаевтың сөзі – Голощекиннің пиғылы екені оларға белгілі-тін. Ал Қазақстандағы аудандарды басқарып отырған хатшылардың басым бөлігі болса, мал жайын білмейтін бөтен ұлттардың өкілдері еді. Оларға осындай қысылтаяң шақта жергілікті ұлттан шыққан колхоз бастықтары мен белсенділер малдарға тал-теректердің майда бұтақтарын қырқып беріп, уақытша болса да аман ұстап тұрудың тәсілін айтады. Тәсілді құлақтарына ілген хатшылар жер-жердегі шаруаларға тал-теректердің майда бұтақтарын қырқып, қамыс оруды әмір етеді. Мысалы, Ленгір аупарткомның хатшысы Лев Севиридович Своик осы мәселеге қатысты Ақсуда (ол кезде Ленгір, Сайрам аудандарының орталығы Ақсуда болған): «Жолдастар, қар жауып, аяз ұрғалы бері азықсыз қалған малдарды аштан қырып алмаудың жолын қарастыруда едік. Біз бүгін оның көзін таптық. Иә, партия қандай да бір болмасын қиындықтың түйінін шеше алады. Осыған байланысты ертеңнен бастап өз колхоздарыңыздағы шаруа-жұмысшыларды өзен жағасындағы, тау етегіндегі ағаштардың майда бұтақтарын кестіруге, сай-сайдағы қалың қамыстарды орғызуға жұмылдырыңыздар. Біз қыстай малдарға ағаштардың бұтақтары мен қамыс беріп асырап шығамыз», – деп бұйрық береді.

 Бірақ малдың сырын білетін қазақ төрт түліктің қай түрін болмасын, ылғи ағаштардың шыбықтарымен, қамыспен ұзақ уақыт сақтап қала алмасын жақсы білген. Шыбық пен жұмсақ бұтақтарды үнемі жей берген мал, әсіресе қой-ешкі іш тастап, тышқақ кеселіне ұшырайды да, түбі опат болады. Ал қой-ешкі жей алатын майда бұтақтарды қара мал, яғни сиыр жей алмайды. Ал қамысты жылқы ғана жей алады. Бірақ оған да ұзақ уақыт қамыс беруге болмайды. Ал сиыр мен қой-ешкі қамысты жесе, іштері тілініп өледі. 

 Жиналыста әлгіндей ұсыныс көтерген Л.С. Своикке біраз белсенділер осындай себеп-салдарларды көлденең тартып, бұндай тәсілмен малдарды уақытша ғана аман сақтауға болатынын, ал қысқы буыны қатқан қамысты ешқандай малға беруге болмайтынын, тек жаздың басында көк құрақ күйінде орылған қамыс қана төрт түліктің азығына жарайтынын айтып, қарсы шығады. Өзіне қарсы сөз айтқандарға Своик іле-шала: «Біз қандай тығырықтан болса да, жол тауып шыға алатын большевиктер емеспіз бе? Жолдас Сталин, жолдас Голощекин, одан қалса, басқа да партия көсемдері бізді қай кезде де тосын тапқырлыққа тәрбиелеп, баулып отырған жоқ па? Ендеше, табайық малды аман алып қалудың амалын. Жаңа біраз жолдастар «Қырлардың етектері мен жазық далаларды қардан тазартып, жер бетіндегі боз шөптерді ашып, малдарды бір мезгіл жайып алу керек» деді. Керек болса, ондай әрекеттерге де барамыз. Ал әзірше тал бұтақтары мен қамысты пайдалана тұрайық. Бір жолдастар «қамысты бүтіндей малға беруге болмайды» дейді. «Егер оны ұнға ұқсатып, әбден майдалап берсе, оны жеген мал өлмей ме?» – дедім. «Онда өлмейді, – дейді бір топ қазақтар. – Бірақ қамысты ұнға ұқсатып майдалайтын құрал жоқ». «Жолдастар, жаңа айттым ғой, біз болмайтынды болдыратын коммунистерміз деп. Ауылдар мен кол- хоздардағы әр қазақтың үйінде бидайды ұн қылып тартатын қолдиірмен бар-ә? Әр шаруа он-жиырма бау қамыс орып келсін де, оны үйіндегі қол диірменмен ұнға ұқсатып, майдалап берсін. Ұнға ұқсап ұнтақталған қамысты сендер малдарға беріңдер» деген…

Бұл тәрізді қөрсоқырлық тұжырым бір Ленгір ауданында емес, төңірегінде қамыс өсетін күллі Қазақстандағы ауылдарда айтылғаны кәміл. Бірақ қамысты ешкім қолдиірменге салмағаны ақиқат. Одан түк шықпас та еді. Соған қарамай Своик сияқтылар «осындай шаруаны атқарып жатырмыз» деп жоғарыға мағлұмат бергені анық.

Көптеген колхоздарда етке өткізілуден аман қалған малдарды жем-шөптің жоқтығынан қолдан әдейі қыру уақиғалары да орын алған. Атап айтар болсақ, Қаратас ауданында 112 сиырды, Меркі ауданында 107 сиырды, Жуалы ауданында 29 сиырды қарасан дерті жұқты деген сылтаумен улап өлтірген. Ленгір ауданында 300 жылқыны маңқа ауруына шалдықты деп, атып тастаған. Қолдан өлтірілген малдарды көздері қарауытып жүрген аштар жеп қоймасын деген ниетпен жерге көмген немесе жағармай шашып өртеген. 

 Голощекин сонда бес-алты жылғы жоспары ойдағыдай іске асып, бар қазақтың аштықтан қырыла бастағанын есітіп, қуанған да болар. Әйтпесе, 1931 жылы қыс басталған желтоқсан айының басында: «Мемлекетке шұғыл түрде 100 мың тонна жүн керек. Қойды қырқыңдар!»,– деп жарлық шығара ма. Бұл қылығы – қалған малды қырудың жолы болатын. 1931 жылдың желтоқсан айында қазақ еліндегі шаруашылықтарда қалған қойлардан мұнша мөлшердегі жүнді қырқып, өткізу мүмкін емес еді. Өйткені сонша тонна жүн беретін қой да жоқ-тұғын. Соған қарамай әрі қыста қазақ ешқашан да қой қырықпайтынын біле тұра, жоғарыдағыдай нұсқау берген. Онсыз да тал-дарақтың бұтағы мен қабығын кеміріп аштан қырылуға шақ тұрған қойларды қырқу туралы хабарды естігенде малға жаны ашығандар бас көтеріп, бір дүрліккен. Дүрлігу ауыл арасынан аспай, өкімет шешіміне қарсы сөз айтқандар оңбай жазаланған. «Голощекин мен өкіметтің бір білетіні бар» деп нұсқауға мойынсұнған белсенділер ауыл тұрғындарын колхоз қора- ларындағы қойларды қырқуға үгіттеген. Үгіттегеннен бұрын, солай етуге мәжбүрлеген. Күніне төрт қой қырыққанға болмаса қырқымшыға жәрдемші болып, жүн тасып, қой жығып бергенге «бір бөлке нан тұтас күйінде беріледі» деп, аш қазақтарды дәмелендіріп те қойған. Содан өзі аш, әрі жүні қырқылып жалаңаш қалған қойлар, суық қораларда теңкиіп-теңкиіп арам қатқан. Осындай арам қатқан қойлардың да өліктері жұртқа берілмей, жерге көмілген, өртке оранған. Сол жылдары малсыз, астықсыз қалған қазақтың аузына әйтеуір ешнәрсе тигізбеу саясаты жүрген. 

Қазақтар былтырғыдан бетер қырыла түскен 1932 жылдың бірінші тоқсанында Мәскеуге 10 мың 11 тонна, Ленинградқа 1354 тонна, Қиыр Шығысқа 286 тонна, Иванова қаласына 726 тонна, Орал облысына 1 мың 82 тонна, Нижний Тагилге 433 тонна, Пенза мен Мәскеу маңындағы қалаларға 152 тонна ет аттандырылды. 

Жалпы, Қазақстанда 1914 жылғы санақта 6 млн. 920 мың қазақ болған. 1933 жылдың аяғында Қазақстанда оның саны 2 миллионнан сәл-ақ асқан. 1953 жылы, арада 33 жыл өткенде Қазақстанда қазақтардың саны 3 млн. 822 мыңға әрең жетті. Салыстырып айтар болсақ, 1926 жылы өзбектердің саны қазақтарға қарағанда 21-ақ мың адамға артық болса, 1959 жылы бұл көрсеткіш 6 млн. 015 мың адамға жеткен. Яғни, 13 жыл ішінде өзбектер бізден 6 миллионға көбейіп кеткен. 

1927 жылы бүкіл Қазақстанда мал саны 42 миллион болса, 1933 жылы 3 млн. 989 мыңға түскен. Демек, 6 жылдың ішінде 38 млн. бас мал құрыған. Осы есептерден-ақ коллективтендіру мен ашаршылықтың қазаққа тигізген зұлматының қандай болғандығын көруге болады.

1927 жылы Сырдария округінде (кейінгі ОҚ облысы) 1 миллион 300 мыңдай қазақ болса, Голощекиннің орнына келген Мирзоян 1934 жылы жалпы жұртқа жария еткізбей, баспасөзге бастырмай, құпия жүргізген санақ бойынша 500 мың 601 қазақ қалған. Үш жыл ішінде 500 мыңы аштан қырылып, 200 мыңы ауып кеткен. 1927 жылы Сырдария округінде 6 млн. 680 000 бас мал болса, 1933 жылдың аяғында барлық төрт түліктің саны 800 мыңға да жетпеген…

1931-32 жылдары Қазығұрт етегі мен Келес жағасында Рысқұловтың бастама­сымен Шымкент-Ташкент төте темір жо­лы­ның құрылысы жүрген еді. Аяқталмай қа­лған сол құрылыста оңтүстік өлкесінің адамдары мыңдаған адамдары еңбек етіп, аштықтан аман қалған. Десек те, біздің есебіміз бойынша 2,5 миллион қазақты аштан қырған, 1 миллионға жуық қазақты басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр еткен сол бір зұлмат ашаршылықтың сойқаны мен зардабы біздің халқымыз үшін орны толмас қайғы мен қасіретке ұласқан. 

Момбек Әбдәкімұлы,

 жазушы