Жаңалықтар

ҒАРЫШҚА АТТАНҒАН ЖЕРСЕРІКТЕРІ

ашық дереккөзі

ҒАРЫШҚА АТТАНҒАН ЖЕРСЕРІКТЕРІ

Таяуда отандық үшінші жер серік – «ҚазСат-3» Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылып, ғарыш кеңістігіне шығарылды. Үш ай бойында сынақтар жүргізіліп, күзде үшінші отандық аппарат қызметіне кіріспек. 

«ҚазСат-3» жерсерігі сәтті ұшырылды

– Ғарыш аппаратының бір­не­ше ерекшелігі бар. 12 транспондер бір сәулеге біріксе, екіншісі 16 транс­пондердің басын қосып тұр. Әрине, «ҚазСат-2-ге» қарағанда сипаттамасы жақсы, орбиталдық нүктесі де жаман емес, – деді республикалық ғарыштық байла­ныс орталығының жетекшісі Виктор Лефтер. 

«ҚазСат-1» жерсерігінің ғарыш кеңіс­тігінде із-түссіз жоғалып кет­кені баршаға аян. Сөйтіп, 2009 жылға жоспарланған «ҚазСат-2» жер серігінің ұшырылуы кейінге қал­дырылды. Тіпті осы аппаратты құ­растыруды ресейлік мамандарға емес, француздық немесе еуро­па­лық басқа да озық ғарыш орта­лық­тарына тапсыру көзделген еді. Ұлттық ғарыш агенттігінің айтуына қарағанда, франциялық «EADS Astrium» ұсынған жасанды жерсерігі тым қымбат әрі Қазақстан территориясынан кеңірек аумақты қам­титын аса қуатты болып шық­қан. Сондықтан «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» аппаратын жасауда ресейлік мамандардың көмегіне жүгінуге тура келді. Хруничев орталығынан бас тартқан отандық мамандар алысқа сабылмапты. «Қазсат-3» жер серігін дайындау үшін Ресейдің басқа орталығымен жаңа келісімшартқа қол қойды. Бұл – Красноярск қаласында орналасқан Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» орталығы.

Озық технологиясымен та­ны­мал, жер орбитасында әжептәуір инфра­құрылым жасап үлгерген мемле­кеттердің тәжірибесін неге пай­даланбасқа?! Расында жерсерік­терінің бүгінгі заманауи тех­но­логия үшін, ақпарат таратуда маңызы зор. Бірақ осы қызмет түрінің қымбаттығы, шетелдік жерсеріктерінің қызметін пайдалану қосымша қаражат пен шығынға батырады. Ең қарапайымы – ұялы байланыс қызметінің әлі күнге дейін құнын түсірмей, секундына, минутына қомақты ақша алуы жерсеріктерінің Қазақстан терри­то­риясын тегіс қамтуына тікелей байланысты. «Аузы күйген үріп ішеді». Бірінші «ҚазСат» өз алдына, оның дауы елеусіз қалған жоқ. Десек те екінші «ҚазСаттың» жұмысқа кірісуі еліміздің байланыс нарығына айтарлықтай өзгеріс әкелмеген сияқты. Мәселен, теледидарға күнделікті халықаралық арналарды кабельді антенна арқылы тартатын қызмет соңғы жылдары қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Оның орташа құны – 1000-1500 теңгені құрайды. Ал «ҚазСат-2» аппаратының іске қосылғаннан кейін ашылған «Отау ТВ» жерсеріктік желісі де көңілге демеу ғана. Бірақ қызмет ақысы арзан емес. 

Елімізде экономикалық, саяси маңы­зы бар жобалардың да ашылу уақытынан кешігуі әдетке айнал­ған­дай. Сондықтан болар, жыл басында вице-премьер Бақытжан Сағынтаев «ҚазСат-3» жер серігін кешіктірмей, уақытында ұшыруды тапсырған болатын. «ҚазСат-3» бойынша Ресеймен келісіміміз бар. Әбден тақалған кезде ұшу мерзімі шегерілді деген хабарлама алмайтындай қатаң ескертейік, әйтпесе бұл біз үшін катастрофа болмақ», – деген еді Бақытжан Сағынтаев ұлттық ғарыш агенттігінің отырысында. 

Негізі «ҚазСат-3» жерсерігі 2013 жыл­дың аяғында және Байқоңырдан емес, ғарышқа басқа ұшыру айла­ғынан аттануы тиіс болатын. 2013 жылдың сәуір айында «Қазғарыш» агенттігі жер серігін Францияның Латын Америкасында орналасқан Куру айлағынан ұшыратынын хабарлаған. Бұл істің елімізді біраз әбігерге салып, шығынға батыратыны белгілі. Оның үстіне әлемге әйгілі, жер бетіндегі ғарышқа шығуға ең ыңғайлы нүкте «Байқоңыр» айлағы тұрғанда, алысқа аппарат тасудың қандай қажеттілігі бар? Бірақ француздық әріптестердің құпиясын ашпау керек деген желеу айтылды. «Француз тарапының көпке ашқысы келмейтін қандай да бір құпиялары бар. Сондықтан бұл жер серігі «Ариан-5» зымыран тасығышымен бірге Куру айлағынан ұшырылады. Басқа ешқандай себеп жоқ», – деп жауап берген еді Мұсабаев мырза. Алайда жыры ұзаққа созылған жерсерік ақыры өз Отанымыздан ұшырылды. 

Мамандар сөзіне құлақ ассақ, пайдасы орасан зор спутник арқылы Қазақстан 4 миллиард теңгені үнемдейді. Ал бұдан кейін төртінші спутниктің жобасы қолға алынбақ. Жарамдылық мерзімі 15 жылға есептелген. «Негізгі қабылдау шаралары тамыз-қыркүйек айларында болады. Осы уақытқа дейін Ресей тарапы сақтандыру, геостанционарлық орны бар, соған ұшқанға дейін Ресей жағы жауап береді. Сосын объектіні қабылдап алған сияқты, қыркүйек айында қазақ жағына өтеді. Сол кезден бастап «KazSat-2»-мен бірге жұмысқа кіріседі деп үміттенеміз», – деді Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми өкілі Ербол Дәулетов. 

Аталмыш жерсеріктің салмағы – 2 тоннаға жуық, ал жалпы құны – 27 миллиард теңге. 

Әйгілі Хруничев орталығы жасаған екінші аппарат ғарышқа аман-есен шығарылды. Бүгінде «ҚазСат-2» аппаратының жүктемесі 63,3 пайызға жеткен. Десек те бұл көрсеткіш аздық етеді. Себебі ғаламтор желісі, телеарна сигналдары, радиоқабылдағыш пен ұялы байланыс тұтынушыларының күн санап көбеюі үшінші аппараттың қажеттілігін арттырып отыр. 

Әлі күнге дейін жер серіктерінің берер пайдасынан көпшілік бейхабар. Былтыр «Қазғарыш» агенттігінің тө­рағасы Талғат Мұсабаев өз мәлім­демесінде: «ҚазСат-2» спутнигінің басым бөлігін пайдаланып отырмыз. Сондай-ақ «ҚазСат-3» спутнигін құрастыруға тендер жарияладық, жұмыс жүріп жатыр. Оны ұшыру әрекетін 2014 жылдың бірінші жартысында жасаймыз. «ҚазСат-3» аппараты ұшырылысымен Түр­кі­менстан, Қырғызстан сияқты Орта Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетуді бастаймыз. Интернет-телефония, 3G интернет желілерімен Қазақстанды толық қамтамасыз етеміз деп ойлаймыз. Қазіргі таңда мына 28 транспондері бар», – деді. 

Қазақстан аумағында са­палы ақпараттық және телеком­му­никациялық қамтамасыз ету мә­селесі оң шешімін тауып келеді. Мәселен бүгінгі күні елдегі хабар тарататын телеарналар мен байланыс операторлары бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жерсеріктеріне жүгініп алған. Сондықтан да спутниктік телеарналардың бәсекелесі жоқ, өз нарығының алпауытына айналған. 

Бұл ретте отандық ғарыш кемесі елдің барлық тұрғындарына көрсетілетін ақпараттық қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Интернет, желілі телефон, телехабар тарату сияқты байланыс түрлерінде технологиялық, сапалы қадам жасалады, тариф төмендейді. Ұлан-ғайыр қазақ даласында бір-бірінен қашық орналасқан елді мекендерге спутниктік байланыс арқылы қатынас жасауға болады. Ғарыштық аппарат осы мәселені реттеп бермек. Кабельдік таратуға қолы жетпейтін жұрт ғарыштық аппаратқа иек сүйейді. Техникалық сипатына келсек, «ҚазСат-2»-де қабылдап-жіберетін 20 сигнал жұмыс істесе, оның 16-сы – негізгі, төртеуі қосалқы телехабар таратуға арналады. Қалғандары әртүрлі байланыс жұмыстарына арналған транспондерлер.

Ендігі мәселе «ҚазСат-3» ғарыш көгінен өз орнын алып, жұмсалған шығынды ақтаса жеткілікті. Сондай-ақ желілік қызмет бағасын төмендетсе, игі. 

Ақниет ОСПАНБАЙ