Жаңалықтар

БАЙҚАУ ОДАН ӘРІ ЖАЛҒАСАДЫ

ашық дереккөзі

БАЙҚАУ ОДАН ӘРІ ЖАЛҒАСАДЫ

«Аялаған Астана» ұлттық телевизиялық музыкалық балалар байқауы одан әрі жалғасады. Осы аптада аяқталуы тиіс болса да, ұйымдастырушылар байқауға қатысқысы келетін талапкерлердің көптігін алға тартып, кастингті 10 мамырға дейін созуды ұйғарыпты. 

Сонымен, Алматы мен Астана қалаларында қосымша бір күндік іріктеу кастингі өтеді. «Аялаған Астана» байқауының бас продюсері Лина Арифулинаның айтуынша, бүгінге дейін байқауға 8-12 жас аралығындағы 1000 бала қатысқан. Олардың ішінен 50 бала іріктелді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысушылаар арасында жеке орындаушылар да, дуэт те, трио да бар.

Республикалық байқаудың соңғы қорытындысы мамыр айының орта шенінде жарияланатын болды. Ал маусым айында балалар елордалық музыка мектебінде Лина Арифулинаның вокал, сольфеджио, актерлік шеберлік бойынша тәжірибелі педагогтарының жетекшілігімен өздерінің вокалдық қабілеттерін жетілдіреді. Сонымен қатар, балалар «Бірінші арна «Евразияда» тікелей эфирде өтетін телевизиялық думанға дайындалады.

«Аялаған Астана» байқауының ақтық сыны Елорда күні қарсаңында өтеді. Финал үш күнге созылып, «Балалық шақ әнұраны», «Жұлдызбен дуэт және әлемдік хит», «Атамекен» тақырыптары аясында ұйымдастырылмақ. Байқаудың үш күнінің қорытындысы бойынша халықаралық қазылар алқасының сарапшылары мен телекөрермендер жеңімпазды анықтайды. Гран-при иегері Қазақстанның атынан «Детская Новая Волна» байқауына қатысады.

Көлбай ЖЕҢІС

Астана