Жаңалықтар

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ БӘЙТЕРЕК

ашық дереккөзі

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ БӘЙТЕРЕК

Қазақ КСР-і Прокуратурасының «Құрмет кітабына» аты жазылған Жұмақ Сейітовтің есімін мен бірінші мәрте 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының тарихы мен жүріп өткен жолдары туралы жазылған «Пайым мен парасаттылық мінбесі» деп аталатын кітапты шығару барысында кездестірген едім.

Онда менің қолыма 1947 жылы түсірілген көне сурет түсті. Шеті сарғая бастаған сол суретте 36 адамның бейнесі бар болатын. Суреттің жоғарғы жағына «Участники 25-ти летнего юбилея органов прокуратуры Союза ССР. г.Чимкент. 28.V.1947 г.». Ал төменгі оң жақ бұрышына: «Госфото. г. Чимкент. Тел: 4-56» деп жазылған екен.

Осы 62 жылдық тарихы бар көне суретті ол кезде көзі тірі, прокуратура органдарының ардагері, қадірменді қартымыз Досмаханбет Төлегенов ағаға көрсетіп, мұнда кімдердің бейнеленгенін айтып беруін өтінген едім. Сонда Досмаханбет аға осынау жан­сыз бейнелерге ұзақ-ұзақ қарап алып:

– Е-е, қазір бұлардың бірінің де көзі жоқ қой. Ал, егер біреу-міреуі тірі болса, оған құдай қуат берсін»,– деп алып, сол 36 адамның 11-ін танып, олардың қайда, кім болып қызмет істегенін айтып берген еді.

Сол суреттің екінші қатарындағы оң жақтан бірінші болып тұрған адамды Досмаханбет аға:

– Мынау Жұмақ Сейітов деген кісі. Бұл сурет 1947 жылы түсірілсе, Жұмекең ол кезде, шамасы, Түркістанда прокурор болса керек. Соғыс уағында ол Арыс ауданының прокуроры болып, тоғыз жолдың торабы саналатын осы аймақтағы заңдылықты қатты сақтаған адам. Ал, 50-ші жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, кейіннен бірер жылдай Алматы облысының прокуроры болып та қызмет атқарған өте сабырлы кісі еді, – деп сөзін сабақтаған Дос-ағамыз. Содан кейін ойлана отырып: – Бірбеткей еді демеймін. Біз кейде адамды мақтау үшін «бірбеткей, айтқанын орындататын» деп бөсіп жібереміз. Бұл дұрыс емес. «Бірбеткейлік» деген «бөтеннің пікірімен санаспайды» деушілікке жақын. Ал Жұмекең болса жан-жағына қамқор еді, айналасын өзінің ұқыпты жүрісімен, таза болмысымен тәнті ететін. Бауыржан Момышұлы айтқандай, бұйрықты да оны орындаушының намысына тимей беру керек. Жұмекеңде осы қасиеттер басым болатын»,– деп көнекөз қария өзінің алдыңғы толқын ағалары туралы ағынан жарылғаны бар-ды.

Мен Жұмақ Сейітов ағамыз туралы ең алғашқы деректерді де, ең алғашқы пікірді де Досмаханбет Төлегенов ағадан сол жолы естіп, жадыма сақтаған болатынмын.

Екінші бір жақсы жаңалық, әрі игілікті істің бастамасы жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында қолға алынды. Бұлай деуге де негіз бар. Себебі, облыс прокуратурасының мұрағаттар қорын биылғы жылы 100 жасқа толғалы отырған Жұмақ Сейітовтің өмірбаяндық деректерімен толықтыру үшін облыс прокуроры Ибраһим Иманов арнайы тапсырма берді. Соған орай Жұмақ Сейітов қызмет істеген Түркістан және Арыс аудандық прокуратураларынан ардагер ағаның өнегелі істерін әңгімелейтін жазбаларды жинақтау шаралары жүріп жатыр. Бұл іске Жұмақ Сейітов ағаның қызы Бақытты Сейітова ханым да өзінің қолғабысын тигізіп жүр. Ол кісінің қолынан алынған деректер, сирек суреттер прокуратура органдарының ардагері Жұмақ Сейітов туралы мол мағлұматтар береді.

 Жұмақ Сейітовтің өмір жолы оңай болмаған.

«Мен Жұмақ Сейітов 1914 жылы Түркістан қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келдім. Туылғаныма 6 ай болғанда әкем Сасықбаев Жолдас дүниеден өтіпті де, анам Бәйтембаева Айым Сейіт Бәйтембаевқа тұрмысқа шығыпты. 8 жасымда мені Түркістандағы балалар үйіне табыстапты»,– деп жазады Жұмақ Сейітов өзінің өмірдеректерінде. (Ж.Сейітовтің өз қолымен жазып қалдырған өмірбаяны. 1965 жыл, 25 ақпан. Арыс қаласы. С.З.).

 Содан бастап өмір толқыны бұл жас баланы әр қиырға лақтырып, қақпақыл етуін жалғастыра берді. Бірақ ол аш болса да арымады. Қайта ширығып, қытымыр уақыттың жалына жармасып, қайраттана түсті. 1926-1930 жылдары Түркістандағы қалалық мектепке кіріп, қара танып, оң-солын ажыратты. Оқуға, білім алуға деген құштарлық бозбала жігітті осындағы ФЗУ-дың табалдырығынан аттатып, оны да бірер жыл қаузай бергенде, халықты қынадай қырған ашаршылық, аузын арандай ашқан жоқшылық алқымнан алып, оқуды амал жоқ тоқтатуына тура келді. Сөйтіп, ол енді еңбекке араласып, жауапты жұмыстарға жегіліп жүре берген.

 1936 жылға дейін Жұмақ Сейітов бірде есепші, бірде жинақтаушы кассаның бақылаушысы, келе-келе осы мекеменің басшысы бола жүріп, жұмыстың көзін таба білуімен ерекшеленеді. Ал 1936 жылы Шымкент қалалық прокуратурасына қызметке қабылданады да, осы салада 30 жылға жуық табан аудармай қажырлы еңбек етеді.

Жалынды жастың болашағынан көп үміт күткен прокуратура басшылығы оны 1938 жылы Қазақ КСР-і Әділет халық комиссариатының Алматы қаласындағы сот-прокуратура қызметкерлерін қайта даярлайтын алты айлық курсына жіберуге шешім қабылдайды. Себебі арнайы білімі болмаса да Жұмақ Сейітұлы прокуратура органдарындағы жұмысты тез арада игеріп үлгерген еді. Бұл білікті заңгерлердің назарынан тыс қалмаған болуы керек.

 Арада жылжып жылдар өтеді. 1950 жылы Жұмақ Сейітов ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті атанады. Бұл Жұмекеңнің талай жылғы арманының орындалған сәті болатын. Өйткені жастық шағы өтпелі де, өткелді кезеңге тап келген Жұмақ Сейітұлының бар арман-тілегі осындай жоғары білімге қол жеткізу болғанын біз ол кісінің өзі жазып қалдырған естеліктерінен жақсы білеміз.

 Бұдан әрі заң саласында білікті басшы, білгір маман ретінде қызмет ете жүріп, Жұмақ Сейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Түркістан, Түлкібас аудандарының прокуроры, Қазақ КСР-і Прокуратурасы тергеу бөлімінің прокуроры болып абыройлы жұмыстар атқарады. Білімін жетілдіру мақсатында Мәскеудегі прокуратураның басшы қызметкерлерін даярлайтын курсын тәмамдап алады. Сөйтіп, құқық қорғау органдарындағы қызметін үнемі оқумен, ізденумен ұштастыра білген абзал жанды Жұмекең шәкірт тәрбиелеуге, ұл-қыз өсіріп, олардың жоғары білім алуына да көп көңіл бөледі.

 Осындай үлкен жүректі адамның, тау тұлғалы азаматтың биік болмысын оның бірге қызметтес болған жолдастары, бүгіндері тоқсанның төріне шығып отырған Мүсәлі Жорабаев, Әбжәл Асқаров, Айтжан Бекназаров, тәлім-тәрбиесін алған шәкірті Темір Балкен, Бекет Тұрғараев сынды ардақты ағаларымыз әрдайым аузынан тастамай айтып отырады. Мысалы, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», білікті заңгер Темір Балкен былай дейді: «Жиырма бес жасымда Жұмекеңнің қарамағында бір жылдай ғана қызмет жасағанмен ол кісінің таусылмас қазына екенін кезінде жете түсінбеген екенмін. Ұстазым туралы кейбір аңызға бергісіз әңгімелер ол кісінің адамдық болмысын аша түскендей болады. Солардың бірінде Жұмекеңнің кінәсіз адамға араша түсіп, өз ағайындары жинап әкелген бір қап ақшадан бас тартқаны, есесіне жақын ағайыны болып келетін адамды жауапқа тартып, «кінәлі адам істеген ісін өз мойнымен көтерсін» дегені, қазақтың «Тура биде туған жоқ» деген мақалын еске түсіреді. Бұл заң саласында жүрген әрбір адамға үлкен өнеге ғой», – дейді. Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Бекет Тұрғараев ағамыз: «Заңгер үшін заңды жетік білу аз. Оған ең басты қажеттіліктің бірі – адалдық. Өкінішке қарай, осы қасиет көптің бәрінің бойынан табыла бермейді. Оның қатарына адами арына қылау түсірмей ұстай алғандар ғана ілігеді. Жұмақ Сейітов осы санаттан табылды», – деген.

 Сонымен бірге, белгілі жазушы Жұмабек Еділбаевтың «Жоғалған кілт» повесі мен «Құдық құпиясы» және «Тергеуші толғанады» деп аталатын әңгімелері Жұмақ Сейітовтің қылмысты ашудағы табандылығын, тапқырлығын суреттейтін көркем шығармалар ретінде оқырман есінде жақсы сақталған.

Бүгінгі Ата заңымыз бен оның жүйеленген саласы өздігінен жетіле салған жоқ. Оның бастауында алдыңғы толқын ағалардың қажырлы еңбегі, тынымсыз ізденісі, телегей теңіз білім-білігі тұр десек, солардың ішінде Жұмақ Сейітовтің де есімі алғашқылардың қатарында айтылады. Егер көзі тірі болса, ардақты заңгер биылғы жылы 100 жасқа толар еді. Мұндай игілікті іс-шараны Жұмақ Сейітұлы мен ол кісінің жұбайы Күлсара Әліқызынан тарайтын төрт ұл, екі қыздың үрім-бұтақтары, ағайын жұрты, заңгерлер қауымы кең көлемде атап өтетін болады.

Сейітхан Зеберханұлы,

Оңтүстік Қазақстан облысы

прокуратурасының БАҚ-пен

жұмыс жөніндегі маманы