Бес қаруы сай сарбаздар

Бес қаруы сай сарбаздар

Бес қаруы  сай сарбаздар
ашық дереккөзі

Қала халқының тыныштығы мен мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзету бұрынғы ішкі әскер, бүгінде ұлттық ұланның мойнына жүктелген. Көкала киімді сарбаздардың қару-жарағы мен техникасы жедел операцияларды орындап, экстремистік әрекеттердің алдын орауға бағытталған. Бірақ осы әскердің даярлығы қандай, қару-жарағы сақадай сай ма деген сауал туындайды. Ұлттық ұланның жабдықталуына мемлекеттен бөлінетін қаражаттың жеткілікті екенін білу үшін және даярлығын тексеру мақсатында ҚР Парламент Сенатының депутаттары, Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Бірғаным Әйтімова, Сергей Громов, Георгий Ким және Орынбай Рахманбердиев Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімге келді.

Украина трагедиясы көп нәрсеге көзімізді жеткізді. Бұл – барлық елдер үшін үлкен сабақ. Сондықтан ұлттық ұлан сарбаздарының қаруы қайта жарақталып, тіпті жаңа технологиямен де толыққан екен. Депутаттар мұнда арнайы мақсаттағы жауынгерлік және әдістемелік дайындықты тамашалап, ішкі әскердің қару-жарақтары және әскери техникасымен танысты. 

Ұлттық ұланның «Оң­түстік» өңірлік қол­бас­шы­лығы қалалардағы Іш­кі істер органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, түзеу мекемелерін, маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, сотталғандар мен қамауға алынғандарды айдауылдау бойынша қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Сондықтан ұлттық ұландардың қару-жарағы сақадай сай, заманауи қорғаныс құралдарымен жарақтанған. Байланыс құралдары, болат сауыттар мен арнайы киімдер, «Бүркіт» жасағының құ­ралдары көрсетілді. Қазір­гі таңда елімізде ішкі әскер қолданысындағы қа­ру-жарақтың көпшілігі украиндық, ресейлік және американдық зауыттардан сатып алынады екен. Сондай-ақ бұл қарулардың ішінде сонау кеңестер кезінде жасалса да, қолданыстан түспеген суасты автоматы да бар. Әйтімова ханымның: «Қазір құрастырылмаса, бұл қару қайдан алынады?» деген са­уалына: «Сол кезде алынған автомат бізде әлі де бар. Оның құрастыру орталығы – Орал қаласында еді. Алайда Ресей тарапынан рұқсат берілмегендіктен, біз шарасызбыз», – деді өңірлік «Оңтүстік» ұлттық ұланның қолбасшысы генерал-майор Әлібек Сералиев. Бұл қатарда БТР-80 бронды транспортері, «Тигр» полиция көлігі, «Печеник» пулеметі таныстырылып, жедел әскери жасақ өз жұмысының жай-жапсарын көрсетті. 

Сондай-ақ Украинадағы жағ­дайдың әскер қимылдарын жүргізуге сабақ болғаны да жасырын емес. Мәселен, арнайы мақсаттағы жауынгерге өрт сөндіргіш пен заманауи қалқан бұрын берілмеген. Сондай-ақ бірқатар қару түрлері жаңаланғанмен, басқа елдердің техникасы әлдеқайда озық екені баршаға мәлім. Сенаторлардың айтуынша, АҚШ-та өте жеңіл және берік бронды кеудешелер қолданылады. Мұндай заманауи қару-жарақтың түрі көп. Ескі техникадан арылып, толығымен жаңалау үшін қаражат жеткіліксіз. Депутат мырзалар қаржыландыру мәселесін шешуге уәде берді. «Елбасы жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы, сонымен қатар жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясында жүктеген міндеттері іске асырыла бастады. Бірақ мұндай келелі жоспарлар елімізде ішкі тұрақтылық, ішкі қауіпсіздік толығымен сақталғанда ғана жүзе асады. Сол үшін де бүгін Ұлттық ұланның жауынгерлік даярлықтарымен танысуға келдік. Көңіліміз толды. Сарбаздардың біліктілігі жоғары деңгейде. Қазіргі таңда бұл салаға көп қаржы бөлініп отыр. Қару-жарақтар жеткілікті. Сондықтан Ұлттық ұлан сарбаздары, алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындайды деген сенімдеміз», – деді Мұхтар Алтынбаев. 

Бұдан кейін депутаттар ІІМ Арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің Әскери және әдістемелік дайындық орталығын салу бойынша бас мердігер – «Алматыэнергосервис» ЖШС машинажасау және энергетикалық өндірістік базасында болды. Мұнда жауынгерлер дайындалатын арнайы техника жасақталады. Бұл орталық нағыз соғыс алаңы мен қала қыспағында қалған адамдарды құтқару сияқты операцияларды компьютерленген техника арқылы орындап, өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Сондықтан Қорғаныс министрлігі және Жоғарғы оқу орындарының әскери кафедралары зауыттың басты тұтынушылары. 

Сонымен қатар Алматы облысы Заречный кентінде «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімдерді мен ішкі істер органдарының дайындығына арналған жаңа әскери оқу орталығының іртетасы қаланды. Бұл атаулы шараға қатысқан депутаттар орталықтың маңыздылығын да атап өтті. Бұл дайындық орталығы Ұлттық ұлан мен Ішкі істер элитасы «Бүркіт», «Сұңқар» және «Арлан» жауынгерлері мен қызметкерлерін дайындауға арналған. Ал дайындық құрал-жабдықтары негізінен экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске арналған. 

Аталмыш орталықта елі­міздің ішкі істер органдары қызметкерлерімен қатар еліміздің басқа да күш құрылымдарының арнайы мақсаттағы бөлімдері кәсіби шеберліктерін ұштай алады. Бұл жобаға мемлекеттік бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінген. Оның 1 миллиард теңгесі биыл игерілуі тиіс. Жоспар бойынша биыл Орталықтың жауынгерлік аумағы ғана тұрғызылмақ. Оған ату алаңдары, көздеу мұнаралары мен бақылау нүктелері салынады. Жалпы орталық 2016 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. 

Ақниет ОСПАНБАЙ