Кеңейген Шымкент шаһары

Кеңейген Шымкент шаһары

Кеңейген Шымкент  шаһары
ашық дереккөзі
– Гүлжан Мамытқызы, Мемлекет басшысы Шымкентті үшінші қалаға айналдыру қажеттігін шегелеп айтты. Осы орайда, нақты қандай шаралар жүзеге асырылуда? – Шымкент қаласын еліміздегі 3-ші қалаға айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Бұл жобалардың барлығы дерлік, облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Нақты іске қосылып, халықтың игілігіне берген жобаларды айтатын болсақ, қалада өндірістік қуаттарды ұлғайту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, қала қазынасының кіріс көзін ұлғайту, бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару мақсатында бұрынғы фосфор зауытының аумағында «Оңтүстік индустриялық аймағы» құрылды. Оның аумағы 337 гектар жерді құрап отыр. Осы аймақта құны 43,8 млрд. теңгені құрайтын 58 бизнес жобаларды жүзеге асыру жоспарда тұр. Бұл жобалар жүзеге асырылса, 6 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазірдің өзінде 31 кәсіпорын іске қосылып, 2312 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен бірге, Шымкент еліміздегі жасыл қала мәртебесіне лайықты болуы үшін аумағы 1 мың гектар жерге жасыл аймақ құрылып отыр. Бұл жасыл аймақ қаланың көркіне көрік қосатын болады. Әрі тұрғындардың демалуына жағдай жасау үшін, ертеректе жекеменшікке беріліп кеткен саябақтар мемлекет меншігіне қайтарылып, көріктендірілді. «Дендросаябақ» қайта құрудан өтті, сондай-ақ, «Тәуелсіздік саябағы», «Наурыз алаңы»,  «Нұрсәт» шағын ауданында гүлзар ашылды. Ордабасы алаңында «Жер ана» монументі, «Бәйдібек би», Абай саябағында «Даңқ» монументі, Жеңіс саябағында ерлік мұражайы және тағы басқа мәдени сәулеттік нысандар пайдалануға берілді. Қаланың орталық бөлігі арқылы ағып өтетін «Қошқар ата» өзені, қаланың оң жақ бөлігіндегі «Бадам» өзендерінің арналары көріктендіріліп, көпшілік демалыс орындарында да жағдайлар жасалды. Әлеуметтік салада «Цирк» ғимараты, «Назарбаев» атындағы екі зияткерлік мектебі, халықаралық теннис орталығы, жеңіл атлетикалық манеж, жабық жүзу бассейні сияқты әлеуметтік нысандар іске қосылды. – Бүгінгі бас жоспар бо­йынша шаһар территориясы бірнеше есеге өскен екен. Сонымен, Шымкент агломерациясы қанша мың гектарды құрамақ? – Шымкент қаласының шекарасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 18 қазандағы №1110 Қаулысымен бекітілді. Нәтижесінде, қаланың шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Яғни бұл 2,9 есеге өсті деген сөз. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің арнайы методикасымен есептелінген Шымкент агломерациясына «Шымкент-Арыс», «Шымкент-Бәйдібек», «Шымкент-Қазығұрт», «Шымкент-Ордабасы», «Шымкент-Сайрам», «Шымкент-Төлеби», «Шымкент-Түлкібас» еніп отыр. – Қала территориясын кеңейтуде қандай тәжірибеге сүйеніп отырсыздар? Елді мекендерді топтастырғанда нені ескеруіміз керек? – Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы іргелес жатқан Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарындағы елді мекендермен сабақтас. Қазіргі қаланың дамуына жаңа серпін беріп, жаңа жерлерді игеру үшін қаланың жаңа бас жос­пары әзірленді. Бас жоспарға сәйкес, жоғарыда аталған аудандардан 40 елді мекен қала шекарасына енгізілді. Бұл елді мекендер ауыл типтес салынған. Осыны ескере келе, бұл елді мекендерге тұрғын үй алабы статусын беру жөнінде шешім қабылданды. Аталған елді мекендерді топтас­тыру барысында, біріншіден, қаладағы 3 аудан шекарасының жақындығына қарай, сол ауданның шекараларына қосылды. Оның ішінде: Еңбекші ауданынан 20 елді мекен, Абай ауданынан 13-і, Әл-Фараби ауданына7-і қосылды. Екіншіден, орналасқан жерлерінде халыққа тиімді мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайлы ұйымдастыру үшін аудан әкімдіктерінің жанынан халықпен жұмыс жасау бөлімдері ашылып отыр. – Шымкент жанындағы елді мекендер де қарқынды дамуы қажет сияқты. Ол үшін ірі қалаға жақын орналасқан аудандарда өндірістік зоналарды құру әдістерін қалай жетілдіргеніміз жөн? – «Оңтүстік» индустриялық аймақтың жетістіктеріне, жаңа индустриялық аймақтарды дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлінетін болады. Жергілікті шикізатты қолданатын, іргелес салаларды дамытуға негіз жасайтын жоғары технологиялық кәсіпорындарды дамыту үшін, 2014 жылдан бастап, қала аумағында жаңа индустриялық аймақтарды дамыту жоспарда тұр. Атап айтар болсақ, Жұлдыз елді мекенінде 76,2 гектар жер телімінде, Тассай елді мекені жанында 89 гектар жер телімінде, Текесу елді мекені жанында 95 гектар жер телімінде индустриялық аймақ болмақ. Бірінші кезеңде ағымдағы жыл ішінде индустриялық аймақтардың техникалық-экономикалық негізде­мелері мен жобалық-сметалық құжат­та­малары әзірленеді. Екінші кезеңде, мемлекеттік қолдаудың бірден-бір құралы болып табылатын инженерлік инфрақұрылымының құрылысын салу назарда тұр. – Қала территориясының кеңеюі қарапайым халыққа қан­дай экономикалық және саяси пайда келтіреді? –Қала территориясының кеңеюі – бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынынан туындаған мәселе. Екіншіден, жаңа жерлерді игеру арқылы қала құрылысын дамытуға, оның ішінде тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл азаматтарды баспанамен қамту, «Қол жетімді тұрғын үй – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту –2020» бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал жасайды. Төртіншіден, қала экономикасына мемлекеттік бюджеттен және жеке инвесторлардың есебінен ауқымды ин­вес­тициялар тартылып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашылады. Осының барлығы сайып келгенде қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартып, табыс­тарын молайтуға жағдай жасайды. – 2017 жылға қарай Шымкент қаласының халық саны 1 млн. адамға жетеді деген болжам бар. Миллион тұрғынының жайлы өмір сүруі үшін қандай жағдайлар жасалмақ?  – Халық санының артуымен әлеуметтік нысандарға деген қажеттіліктің де артатыны белгілі. Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай білім беру саласында 136,5 мың оқушыға арналған жалпы білім беру мекептерін салу, 102,2 мың орынға арналған мектепке дейінгі мекемелерді салу жоспарда бар. Өткен жылы 1200 орынды 2 жаңа мектептің құрылысы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, алты мектепке қосымша құрылыстар жүргізіліп, оның төртеуі іске қосылды. Республикалық бюджет есебінен халықаралық білім стандарттарына сай, екі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» пайдалануға берілді. 2014 жылы бюджеттен 7 жаңа мектептің құрылысына 3,5 млрд. теңге және 10 мектептің қосымша құрылысына 2,4 млрд. теңге қаржы қаралды. Нәтижесінде, биылғы жылы жаңа үш мектеп және алты мектептің қосымша құрылыстары пайдалануға беріледі. 1830 орындық 7 типтік балабақша құрылысын жүргізуге 1,9 млрд.теңге қаржы жоспарланды. Оның ішінде 860 орындық 4 балабақша құрылысы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, 2013 жылы қаламызда 4 нысанның құрылысы жүргізіліп, Нұрсәт шағынауданындағы №3-ші емхана пайдалануға берілді. 2014 жылы бюджеттен 7 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 345,6 млн. теңге қаржы қаралған. –Шымкент қаласының ірі орталыққа айналуы қала тірші­лігіне серпін берері анық. Бұған аэропорт, теміржол вокзалдары дайын ба? Осы нысандарды заман талабына лайықты кеңейту, жаңарту мәселелері қалай жүзеге асуда? – Әрине, халық санының өсімін, жолаушылар ағынын ескере келе, аталған нысандардың құрылыстары жоспарда бар. Оның үстіне, Оңтүстік Қазақстан облысы мешіттер мен мінәжат орындарына бай. Бұл өз кезегінде қаланың қызмет көрсету (сервис) сапасын жақсартуды талап етеді. Бас жоспар бойынша Шымкент әуежайын қала сыртына көшіріп, заманауи талаптарға сай құрылысын салу, қаланың солтүстік жағынан жүк-іріктеу стансасы қарастырылып, «Шымкент-2» жолаушылар терминалын ұйымдастыру жоспарлануда. – Жыл сайын Шымкентке қанша адам қоныс аударады? Қанша адам жұмыс іздеп ке­ле­ді? Қаладағы демография мәселесі қалай өрбуде? – Елбасы биылғы Жолдауында Шымкентті урбанистік ірі қалалардың үштігіне қосты. Оның басты себебі, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Қазығұрт аудандары жапсарлас орналасқандықтан, күнделікті табыс табу үшін қалаға келіп-кетушілер легі жоғары болуында деп ойлаймын. Одан бөлек, ірі кәсіпорындар, оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері, қаржы орталықтары, ойын-сауық, демалыс орындарының негізгі бөлігі қалада орналасқан. Бұл да халықтың қалаға тартылуының басты факторларының бірі. Қалаға қоныс аударушылар саны, статистикалық мәлімет бойынша, жыл сайын орташа есеппен 6,5 мың адамды құрайды. Қаланың орташа демографиялық өсімі жыл сайын 3 пайызды немесе 15,3 мың адамды құрайды. Жыл сайынғы туу деңгейінің көлемі 18 мың бала. – Қала халқының саны қанша? Қаладағы жұмыс­сыздық мәселесі қалай? – 2014 жылдың 1 сәуіріндегі статистикалық мәліметке сәйкес, қала халқының саны 687,1 мың адам. Шымкент қаласының әкімшілік шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайып, Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан 146 мыңнан астам халқы бар 40 елді мекен қосылды. Бұл мәлімет бүгінгі күнгі статистика органдарының есебіне әзірше енген жоқ. Себебі, тиісті құжаттарды қабылдау және рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жылдың соңына дейін ресми есепке алынатын болады. Осы мәліметтерді есепке алатын болсақ, қазіргі таңда қала халқының саны 833,1 мың адамды құрайды. Жұмыссыздық мәселесіне келе­тін болсақ, қалада эконо­мика­лық белсенді халық саны 343,7 мың адамды құрайды. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 321,4 мың адам, өздігінше жұмыс жасайтындардың саны 78,5 мың адамды құрап отыр. Жұмыссыз халық саны 22,5 мың адам немесе жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайызды құрайды. Қалада «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларының іске асырылуымен еңбек нарығындағы көрсеткіштер жақсарып келеді. Себебі, жұмыссыздық деңгейі 2011 жылғы 6,9 пайыздан 2013 жылы 6,6 пайызға дейін төмендеген. 2013 жылы жұмыспен қа­мту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөліміне 21 179 азамат жұмысқа орналасу бойын­ша өтініш білдіріп, оның 97 пайызы немесе 20 569 азамат жұмыспен қамтамасыз етілді. Жаңа жұмыс орындары негізінен «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Бизнес­тің жол картасы – 2020» бағдарла­маларының шеңберінде іске қосылған өндіріс орындарында, сонымен қатар, экономиканың қызмет көрсету, сауда, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында ашылуда. – Әр өңірдің өзіне тән дамыту бағдарламасы бар екені белгілі. Айталық, Астананы инновациялар қаласы санаймыз. Шымкент қаласы қандай жағдайда дамитын болады?  – 2011 жылы Шымкент қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілген. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Шымкент қаласын 2015 жылға қарай бір миллионға жуық халыққа қызмет көрсете алатын мегаполиске айналдыру болып табылады. Шымкенттің ерекшелігі – бизнес жасау мәдениеті айтарлықтай дамыған. Сонымен қатар, оңтүстік өңір еліміздегі жасыл аймақтардың бірі және туристік мінәжат ету орындары бар. Осындай құндылықтарды ескере келе, стратегиялық мақсат – шикізат ресурстарын барынша пайдалана отырып, өндірістік саланы әртараптандыру мен жаңғырту жолымен қаланы дамыту болып табылады. Келешекте Шымкент қаласын ірі өндірістік-инновациялық және көліктік-логистикалық, білім беру, ғылым, мәдени әрі туристік орталық ретінде дамыту басты назарда тұр.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС