БАЛАҚАЙДЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ
БАЛАҚАЙДЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ
Бес жасар балақайдың басты тілектерінің бірі орындалды. Ендігі арманы – жанына батқан дертінен құлан-таза айығу. Ол да балақайдың тағдырына немқұрайды қарамайтын жанашыр ағайынның қолындағы шаруа.
Жасұлан туралы әлеуметтік желілерден білдім. Қызылорда облысында тұратын бес жастағы балақайдың бойында туабітті дерті бар: ихтиоз. Яғни, анасының құрсағынан денесінің 90 пайызын құдды күйік шалғандай, қабыршақтанып шыққан. Оның неден пайда болғанын дәрігерлер тап басып айта алмай отыр. Қандай емі барын да білмейді. Сосын шығар
Жасұланның құлан-таза айығып кетуі тек шет елдердегі дәрігерлердің қолында көрінеді. Ол үшін ата-анасы 8 миллион теңге жинауы тиіс. Әлеуметтік желілер арқылы бастама көтерген қандастарымыз балақай туралы ақпарат беріп, оның шет елде емделуіне қаражат жинауға көмектесуді өтінген. Алғашқыда 100 мың теңге болған ақшалай көмек бүгінде 6 миллион теңгеден астты. Бірақ аталған сома аздық етеді: Израильде ем қабылдау үшін 8 млн. теңгеге жуық қаржы қажет. Бұйыртса, көзінің қарашығындай болған баласымен қоса қиналатын әке мен шешенің бұл тілегі де қабыл болады. Өйткені бала түгілі, ересектердің өзіне жан шыдатпайтын дертке көндіге білген, бар үмітін қайырымды жандарға артқан балақайға көмек қолын созуға ұмтылған ағайын қатары артып келеді. Лайым, сауапты іске құлшынған қандастар саны арта бергей. Дәл қазір балақайдың қоғаммен біте қайнауына кедергі болған келеңсіздік: балабақшаға бара алмайды. Өйткені басқа балалардың ата-аналары балаларына Жасұланның дерті жұғып кетеді деп қорқады екен… Туабітті аурудың ешкімге зияны жоқтығын түсінетіндер, баланың тағдырына жанашырлық танытатындар кемде кем. Тек терісі түлейтіні болмаса, баланың дамуы тұрақты. Есте сақтау қабілеті жақсы әрі білімге құмар. Оған Қайрат Нұртастың бір емес, бірнеше әнін нақышына келтіре орындағанда көз жеткіздік. Тек ұяңдығы болмаса. Бұл – жалпы ауылдағы қарадомалақтардың бәріне тән қасиет қой. Ата-анасы «ҰЯТ БОЛАДЫ» деген бірауыз сөзді өмірлік қағидасына айналдыратын ауылдың қарадомалағы.
Бұған дейін балақайдың денсаулығын, жиналған қаражат жайлы телефон арқылы анасынан сұрап тұратынмын. Ауруханаға баруға қанша рет оқталсам да, сәті түспей қойған. Таң атса, кеш бататыны, күйкі өмірдің күйбең тірлігі бітпейтіні бар емес пе? Бүгін кешке достарыма «Ертең Жасұланға барайық. Отанды қорғау күні ғой, мерекесімен құттықтайық» деп өтініш айттым. Мақсатымыз Қайрат Нұртасты да бірге ала бару болатын. Себебі, өткенде журналистер Жасұланнан «Арманың не?» деп сұрағанда, Қайрат Нұртаспен кездескісі келетінін, оның әндерін жатқа білетінін және қатты жақсы көретінін айтқан. Бүгін ауруханаға баруға жиналған сәтте Қайратқа хабарласып, жағдайды түсіндірген едік. Көкейде: «Әй, қайдам! Бара қояр ма екен?» деген күдіктің болғаны рас. «Қайрат Нұртас барса да, бармаса да, өзіміз хал сұраймыз» деп те ойлағанбыз. Бірақ Қайрат сөзімізді екі етпеді. Жаны мен тәні қатар қиналған балақаймен кездесуге бірден келісім берді. Тіпті, «Ертеңді күтпей-ақ, бүгін барсақ қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Біз әлбетте, қабыл алдық. Қазақ қоғамын жақсылыққа үндеу, адамдар бойындағы иман, адамгершілік, аяушылық пен жанашырлық сезімдерін күшейтуге Қайрат сынды азаматтар қосатын үлестің мол екені сөзсіз. Тек әттең, мұндай игі іспен айналысуға кез келген құлшына бермейді… Сағат кешкі 5 жарым, алтылар шамасында аурухананың алдында кездесетін болып келіскенмен, ол жерге әдейі ерте келдік. Жасұланның анасы мен әкесіне де, балақайдың өзіне де тосын сый жасайтынымызды айтпадық.
Тері аурулары институтының алдына келгенде сыртта бірнеше адам отыр екен. Жас-кәрісі аралас. Бір ақсақалдан Жасұлан туралы сұрағанбыз. Отандық телеарналарға соңғы кездері жиі шығып, аты жақсы танылып қалғасын ба, олар бізге бірден жол нұсқады. Дәлізді жағалап келе жатқанда алдымыздан бір медбике шығып, кімге келгенімізді сұрастыра бастады. Айттық. Соңында «Қайрат Нұртас қазір келеді. Тек балақайға айтпаңыз әзір. Тосын сый болсын. Бізге тек оның палатасын көрсетіңізші» дегенбіз. Ешкімге айтпауға уәде берген ол бір сырт айнала бере жоғарғы қабатқа қарай жүгіре жөнелді: «Ауруханаға Қайрат Нұртас келе жатыр!» деп. Біз сыртқа шығып, Қайратты алып кірем дегенше ауруханадағы бүкіл ағайын сыртқы есіктен екінші қабатқа дейін созылыпты.
Қайратты есіктің сыртында күттіріп қойып, палатаға жалғыз кірдім. Ноутбуктен мультфильм көріп отыр екен әкесі екеуі. Өзін Жаңбырбай деп таныстырған әкесі «Жұбайым Қызылордадан пойызбен келе жатыр» деді. Қол алысып амандасып, арсалаңдай еркелеген балақайдан: «Қандай тілегің бар?» дегем. «Қайрат Нұртаспен кездесу» деді еш мүдірместен. Бізден бұрын сүйінші сұрап қойған медбикелер оған «Сені Қайрат ағаң іздеп келеді қазір» депті. Біз палатаға жетем дегенше шыдамы таусылған Жасұлан: «Қайрат Нұртас келмейді, өтірік айттыңдар! Қайда ол?!» деп әлек салып жатыр екен. Есіктен Қайрат кіріп келгенде аузы ашыла аңтарылған оның түрі әрі күлкілі, әрі сүйкімді еді. Жүзі қуаныштан бал-бұл жайнаған балақай Қайрат ағасына ән айтып берді. «Аю отыр партада» деген сүйікті тақпағын да ұмытпады. Өзі ұнататын, әндерін жатқа білетін әнші ағасының «Ауырмайды жүрек» әнін қосыла шырқады.
Қайраттың қарапайымдылығы сол, Жасұланға жүрекжарды тілегін айтты, балапанды қайта-қайта бауырына тартып, бетінен сүйіп, суретке түсті. Өзімен бірге екі ән жинағын ала барған ол қаржылай көмек те көрсетті. Баласымен бірге балаша қуанған әкенің де әнші бауырына алғысы шексіз. Ал Қайрат келе жатыр деп бәрінен алдын ала сүйінші сұраған аурухана қызметкерлері мен емделушілер де дән риза. Сүйікті әншінің ән жинағына ие болды, бірге суретке түсті. Дәрі-дәрмектің исі шығып, тыныштық орнаған аурухана іші осылайша әп-сәтте көңілді күлкі мен қуанышты дауыстарға толды. Жасұланмен кездесуден кейін дерттен жаны қиналған құлындарына көмектесуді өтінген аналар саны артты. Бірі баласының нақты диагнозы мен қандай ем қажет екенін білгісі келсе, бірі қаржылай көмектен үмітті…
Қайрат Нұртаспен қоштасып бола сала, Жасұлан аурухананың ұзын дәлізін жағалап шапқылай жөнелді. Қуанышы қойнына сыймаған оның дәл осы бақытты қалпына қарап тұра бергің келеді. «Жасұлан, сау бол, балақай!». Бір жағы қуанып әрі ұялып жүрген қарадомалақ жанымызға жақындаудан қашқақтады. Бейне сүтке тойып алып, ойнақтаған құлыншақ сияқты. Алыстан арсалаңдап, сықылықтай күліп, бізбен қоштасуға асыға қоймады. Бірақ тағы да келетінімізді естігенде жүзі күлімдеп кеп, қол алысты. Ересектер сияқты шешіле сөйлеп, ризашылығын білдіре алмаса да, бал-бұл жанған пәк жүзіндегі қуаныш табы шексіз алғысының кеплі еді. Қимай қоштастық. Тағы да кеп, халін сұрауға уәде бердік. Жанын жегідей жеген дерттен құлан-таза айығып кетуге себепкер болатын 8 миллион теңгені бірге жинасуға ниеттендік. Лайым, Алла Тағала сәтін салғай! Жасұланға көмектесем деген ағайынның құлағына алтынна сырға, Жасұлан Қорғанбек үшін арнайы ашылған есепшот бар: (карточкаға банктен касса немесе терминал арқылы ақша аудару үшін) – KZ886010 00 200 548 41 11 Халық банкі, (карточкадан карточкаға аудару үшін) – 4402570100571411; Телефондары: анасы Ұлбибі Ықыласова +7 702 884 44 37; әкесі: +7 701 606 31 83; атасы: +7 777 783 83 10