Жаңалықтар

Жарлының байлығы – денінің саулығы

ашық дереккөзі

Жарлының байлығы – денінің саулығы

…Ертеде бір жас жігіт өзінің кедейлігін айтып, әрдайым мұңын шағудан жалықпапты. – Шіркін-ай, егер мен бай болсам, қандай жақсы болар еді. Мен онда асып-тасып өмір сүрер едім, – деп зарлауын қоймайды. Бір күні зарлап отырған жігіттің лашығының қасынан өтіп бара жатқан тас қашаушы қарт әлгінің жанына келіп: – Саған не болды зарланып? Сен нағыз бай адам емессің бе? – деп сұрайды. – Мен баймын ба? – деп таңқалады жігіт. – Кәне, қайда ол байлық? – Сенің көздерің ше? Бір көзіңді қаншаға берер едің? – деп сұрайды қарт. – Оның не?! – деп шошып кетті жігіт. – Мен көзімді ешқандай байлыққа айырбастамаймын! – Жарайды, –деді тас қашаушы. – Ендеше екі қолыңды шауып тастасын, ол үшін саған көп алтын береді. – Жоқ! Қолымды бермеймін, алтының керек емес, – дейді жігіт. – Міне, көрдің бе? Сен өте бай адамсың, – дейді тас қашаушы қарт. – Ендеше, несіне зарлай бересің? Маған сенсең, адамның ең үлкен байлығы – күш-қуаты мен денсаулығы. Оны ақшаға сатып ала алмайсың, – деді де, өз жөніне кете барды. Бұл қарапайым мысалды, ұмытпасам, барлығымыз мектептің бастауыш сыныбында оқыдық. Содан бері қаншама жыл зымырап өтсе де, мысалдың маңызы артпаса, құны жоғала қойған жоқ. Деннің саулығына не жетсін! Соңғы кездері ел азаматтарының арасында сол басты байлығы – денсаулығынан дәрігердің салдыр-салақтығының кесірінен айрылып қалушылар қарасы көбеюде. Өздерінің құқықтарын сот арқылы қорғап беруін өтініп, талап қоюшылар Ақмола облысында да бар. Мысалға, 2011 жылы денсаулығына зақым келтіріп немесе өлімге әкеп соқтырғаны үшін арнайы емдеу орындарынан өтемін өндіріп алу туралы Ақмола облысының соттарына 55 талап арыз түсіп, оның 23-і қанағаттандырылған. 2012 жылы денсаулыққа келтірілген нұқсанды өтеу туралы облыс соттарына 53 талап арыз түсіп, оның 33-і қанағаттандырылған екен. Айтуға жеңіл болғанмен, әрбір шешімнің астында адам тағдыры жатыр. Арасында тіпті еріксіз жаға ұстататындары да бар. Енді солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік.

 

Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды десек те…

 

Ақмола облысы, Степногорск қаласының тұрғыны Гүлнар апай қартайғанда тіссіз күн кешті. Тісі құрғыр жанын жеп, тіпті соңғы кездері ас ішуден де қалған. Сөйтіп құны алтын болса да, жұрт майын тамыза мақтайтын «протез» салып алуға бел буады. Екі айлық зейнетақысынан жырып, там-тұмдап керекті қаражатын да жияды. Таныстарының айтуымен аудан орталығында орналасқан «Стоматолог» ЖШС-на барып, көп ұзамай сырт көзге әп-әдемі протез жасатып алады. Протез жасатқаннан кейін тура екі апта өткенде Гүлнар апай жаңа тісінің жайсыз екенін байқайды. «Ештеңе етпейді, әлі-ақ үйреніп кетесің», – деді басу айтқан таныстары. Дәрігер де аузыңызды арнайы шөппен шайқасаңыз кетеді деп шығарып салды. Тура бір жарым ай өткенде Гүлнар апаның қызыл иегі қызарып, қанайтынды шығарды. Апай салы суға кетіп, қайтадан дәрігерге баруға мәжбүр болады. Дәрігер тағы да ауыз қуысын арнайы дәрімен шайқау қажеттігін айтады. Гүлнар апа қызыл иегінің күн санап ісініп, ауыратынына қарап, тісінің сау екендігіне күмәнданып, өз бетімен ауыз қуысының рентген суретін түсіріп байқамақ болады. Рентген түсірілімін қараған дәрігер Гүлнар апаға протезінің астында қалған тұқылдан аса қауіпті гранулематоздың пайда болып, іріңдеп жатқанын айтып береді. Дәрігері апайдың ауырсынбай, соншама шыдамдылық танытып жүргеніне таңқалып, ауруды басатын укол жасап, протезді алып тастау үшін баяғы стомотолог дәрігеріне жібереді. Дәрігер стоматолог Чикенов Гүлнар апаның протезі мен шірік тіс тұқылын аралап кесіп алып жатып, ебедейсіздігінен тілін де қоса кесіп алады. Ауыруды басатын дәрі салғандықтан болар, апай «онысын байқамаппын» дейді. Дәрігер тіс туралы мүлде ұмытып, енді тілден шапшыған қанды тоқтатып, бес жерінен тігеді. Жаны көзінің ұшына көрінген Гүлнар апаның көрер қиындығы бұл ғана емес екен. Үйіне келіп, айнаға қараса, дәрігер бес рет ине тығып, тіккен жібін дұрыс байламағандықтан жіп тарқап кетіпті. Содан бастап әр сағат сайын апаның денсаулығы нашарлай береді. Ақыр соңында төменгі жақтың қабынуы, жақ-тіл абсеці, ламфаденит, тілдің кесілу жарасы анықтамаларымен Степнагорск қалалық ауруханасына түседі. Екі апта емделіп шығады. Дәрігерді сотқа бермекші болады. Бар өкініш-наласын негіздеп, аудандық сотқа талап-арыз түсіреді. Сотта «Стоматолог» ЖШС директоры өз дәрігерінің кінәсін толықтай мойындады. Сот бұл талапты негізді деп танып, Гүлнар апаның денсаулығына нұқсан келтіргені үшін «Стомотолог» ЖШС-нан 50 мың теңге материалдық шығын мен 150 000 теңге моральдық нұқсан өндіріп берді. Үкім заңды күшіне енді.

 

Дәрігердің жақсысы – ауруға ауру қоспағаны

 

Сандықтау ауданының тұрғыны Н.В. Ветрова Сандықтау аудандық ауруханасын сотқа беріп, өз міндетін дұрыс атқармаған дәрігерден 5 000 000 теңге моральдық нұқсан өндіріп беруін талап етті. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, дау Наталья ханымның күйеуі Иванның жұмыс істеп жүріп, абайсызда шеге басып кетуінен басталған. Шегенің қатты кіргені соншалық, аяғының үстінен тесіп шыққан. Иван әйелімен бірге жедел қалалық ауруханаға жетеді. Шаңтөбе қалалық ауруханасының хирург дәрігері «аяқтың тесік жарасы» деген анықтама қоя тұрып, өзінің қызметтік міндеттемелеріне салдыр-салақ қарап, осындай кезде қажетті сал (столбняк) ауруына қарсы егілетін екпені ауруханада жоқ деген сылтаумен салдырмаған. Осының кесірінен Иван сал (столбняк) ауруының ауыр түріне шалдығып, бір аптадан кейін ауруханаға түсіп, сол жерде қайтыс болған. Мұны сот сараптамасы толық дәлелдеп берді. Сотта дәрігердің өзі де, куә болған басқа да «ақ халатты абзал жандар» өздерінің кінәсін мойындамады. Олар қолдарынан келген барлық міндеттерін орындағандарын, ал екпенің сол сәтте Шаңтөбе қалалық ауруханасында ғана емес, бүкіл Ақмола облысының ешқандай дәрігерлік мекемелерінде болмағанын айтып, егер болған күннің өзінде оның Иванға көмек көрсете алмайтынын, сал ауруына шалдыққандардың 80 пайызы қайтыс болып жатқанын айтып, дәлелдер келтіріп жатты. Сандықтау аудандық соты істің мән-жайын зерттеп, Наталья ханымның Сандықтау аудандық ауруханасына қойған талабын негізді деп шешті. Аудандық ауруханадан жәбірленушінің пайдасына 200 000 теңге моральдық шығын өндіріп те берді. Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасы бұл істі қарап, сот шешімін өзгерткен жоқ. Ал кассациялық сот алқасы дәрігердің кінәсінен асыраушысынан айрылып қалған Н.Ветрова ханымның талап арызын негізді деп танып, Сандықтау аудандық және Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасының шешімін өзгертіп, моральдық шығын көлемін 500 000 мың теңгеге көбейтті. Үкім заңды күшіне енді.

Айсұлу Құлманбетова,

Ақмола облыстық сотының 

баспасөз хатшысы