Жаңалықтар

ДӘСТҮРЛІ ӘН – ТЕК АЙҒАЙЛАП АЙТАТЫН ӨЛЕҢ ЕМЕС

ашық дереккөзі

ДӘСТҮРЛІ ӘН – ТЕК АЙҒАЙЛАП АЙТАТЫН ӨЛЕҢ ЕМЕС

Өмірқұл өзін «атасының баласы» санайды. Сегіз айлығында атасы мен әжесі бауырына басты. Әке-шешесін «аға-жеңеше» санап өсті. Ата-әженің тентек баласы бүгінде республикаға танымал өнер иесі. «Өмірқұл домбырамен ән салғанда таңды атыруға болады», – дейді әріптестері. Бұл Өмірқұлға деген жанашыр жолдастарының шынайы көзқарасы. Өмірқұлдың әнші ретінде өзіндік қолтаңбасы ерте қалыптасты. «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, эстрада әншілері бір төбе де, Өмірқұл бір төбе. Оның репертуарының дені халық әндерінен, жыраулардың жыр-термелерінен тұрады. Өмірқұлды қазақ жұртшылығы ерекше сүйіп тыңдайтыны да сондықтан болса керек. Ақтангерейдің, Оңғар жыраудың термесін, Исаның «Желдірмесі», Ешнияз салдың «Дүрдаразын» тыңдағысы келген әрбір тыңдарман Өмірқұл Айниязовты іздейтіні анық. Өмірқұл дәстүрлі ән мектебін бітірсе де, тыңнан жол салып, дәстүрлі музыканы өзгеше дәріптеп, насихаттап жүрген дарынды өнерпаздарымыздың бірі. Өмірқұлмен әңгімеміз де осы негізде өрбіді.

– Өмірқұл, қазір дәстүрлі музыканы көштен қалып бара жатқан өнер ретінде қабылдайтын сияқтымыз. Көпшіліктің арасында мұндай пікір неге қалыптасты? Домбырамен ән айту «сәннен» қалып бара ма? 

– Шынын айту керек, көп жерлерде маған осы сауалды жиі қояды. Олардың көбінің сұрағы «дәстүрлі өнер керек пе, жоқ па?» дегенге саяды. Дәстүрлі әншілеріміз де осы мәселелерді жиі айтады. Берік Жүсіптің жан айғайын түсінуге болады. Біз дәстүрлі өнер керек деп дәріптегенімізбен, халыққа керек болмаса, халықтың алдында өнерлерін жарқыратып көрсете алмаса, оның керегі не?! Бір ғана мысал, консерваторияны жыл сайын бітіріп жатқан балалар ертең қайда барады? Немен айналысады, ары қарайғы тағдыры не болады? Олар осы өнерімен отбасын баға ала ма? Міне, мәселенің негізгі мәні осында. Біз бұл тұрғыда орындаушылық жағын айтып отырмыз. Орындаушылық мен оқытушылық екі түрлі нәрсе. 

– Кезінде әншілеріміз белгілі бір өнер ордасында қызмет атқарды. Ол мекеме әншіге тұрақты айлық төлеп отырды. Қазір ондай мүмкіндік жоқ, яки тұрақты табысы жоқ. Дәстүрлі әншіні тойға шақыра бермейтіні тағы бар. Сонда ол әнші қалай күнкөрісін айырады деген сауал әрбіріміздің ойымызда бар. 

–  Дәстүрлі әншілерде тұрақты табыс жоқ деп айтуға болмайды. Біздің филармонияда дәстүрлі әншілер бар. Жоқ емес, көп. Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда 15-20 әншідей бар. Солардың жартысы дәстүрлі әншілер. Тұрақты еңбекақы алады. Қырғын айлық алады деп айта алмаймын. Жалпы, тұрақты жұмысы бар. Алматы облыстық филармониясында ғана емес, басқа облыстарда да облыстық филармониялар жұмыс істейді. Әңгіме олардың тұрақты жұмысында да емес. Мәселе, олардың қоғамға керектігі, керек еместігінде… Дәстүрлі әншілер тыңдарманының алдында жарқырап жүре алмауының немесе көрерменді жинай алмауының себебі неде? Көрермен неге дәстүрлі ән кештеріне бармайды? Сондықтан, жырау десе, әнші десе, дәстүрлі ән десе, «айғайлап айтатын өлең» деген сияқты ұғым қалыптасып барады. Ол шынымен де біздің қазіргі қоғамымыздың дәстүрлі әнге деген көзқарасының төмендігінде жатыр. Дәстүрлі әнді кейбіреулер қазір көнеден қалған ескерткіш сияқты мұражайға қоятын дүние ретінде елестететін сияқты. Тым кенже қалып барады деп айтуға да болмас, дегенмен, адамдардың дәстүрлі өнерге сұранысының азайып бара жатқаны жасырын емес. Өзіңіз қараңыз, неге Қайрат Байбосынов халық жинап, концерт бере алмайды?! Сәуле апайымыз анда-санда концерт беріп жүр. Атағы шықпаған әртістерге мүлдем қиын. Олардың билетін сатып алмайтындар көп. 

– Мәселен, сіз сахнаға домбырамен ғана шығатын болсаңыз, көрермен жинай алар ма едіңіз?

– Жинай алмаймын. Ол жасырын емес. Тілшілер салыстырмалы түрде дәстүрлі әнші ретінде қабылдап, маған осы сауалдарды қояды. Мені дәстүрлі әншілермен салыстыруға болмайды. Дәстүрлі әндерді эстрадамен сахнада орындап жүрген әншімін. Сондықтан, менің тауып жүрген табысыммен дәстүрлі әншілердің табысын тіптен салыстыруға келмейді. 

– Сіздің негізгі мамандығыңыз қандай?

– Дәстүрлі әншімін. Бірақ мен домбыраны өзімнің кештерімде ара-тұра ғана қолға алуым мүмкін. Оның өзінде де, Өмірқұл домбырамен де ән айта алады екен ғой деп ойласын деген мақсатпен ғана орындаймын.

– Не себепті, өзіңізді «форматтап», эстрадаға көшіріп жібердіңіз?

– Көрерменнің сұранысына байланысты. Оны жасырудың еш қажеті жоқ. Мұны таза шоу-бизнестің талабы деп те айтуға болады. Термелерімді «форматталған», заманға лайықталған, сатуға келетін өнім деп айтуға болады. Шоу-бизнестің көзімен қарағанда, таза продукция.

– Таза эстрадалық бағытты ұстанғыңыз келмей ме?

– Ол менің қолымнан келмейді. Әр адамның өзіне тән табиғаты бар. Шоу-бизнесте махаббат туралы немесе жылаңқы әндерді менің де орындап шығуыма болады. Оны орындай алмаймын деп, қорықпаймын да. Менің өзімнің жақсы көретін нәрсем не? Бала күнімнен терме айттым. Халық әндерін орындадым. Халық композиторларының қазақы бояуы сіңген әндерін орындап өстім. Мен сол әндерден алыстамай, заман талабына сай өңдеп, сүйемелдеп, эстрадамен көркемдеп, өзімнің табиғаттыммен орындауға тырыстым. 

– Өзіңіз айтқандай, «форматталған» әндеріңізге ұстаздарыңыз қандай баға берді?

– Эстрадада ешкім мұндай форматпен шықпай тұрғанда бастадым деп айтуыма болады. 1998-99 жылдары Ақтангерейдің термесімен, Исаның «Желдірмесімен» шықтым. Дәстүрлі ортада эстрадаға салу деген біртүрлі ыңғайсыз көрінетін. Тіпті, қасымда жүрген жора-жолдастарым, бірге оқыған курстастарымның өзі біртүрлі қабылдайтын еді. Соған қарамастан, Ақтангерейдің термесімен бастап кеп жібердім. Ұстаздарым да тыңдап көрді. Одан кейін Берік Жүсіптің репертуарындағы әндермен ауыстырдым. Жиенбай жыраудың «Қыздар-ай», халық әні «Сәулем-ай», Ешнияз салдың «Дүрдараз» сияқты әндерін Берік Жүсіптің репертуарынан алып, орындап жүрмін. Берік ағамыз тыңдап көріп, өзінің ризашылығын білдірді. Ешқайсысы бұзылған, өңі айналған деп қабылдаған жоқ. Барлық бояуы, негізгі иірімдері бар деп есептейді. Қазақша әнді қанша иірімге салса да, қазақы қалыппен, қазақы ұғыммен шығады деп ойлаймын. 

– Репертуарыңызды қалай таңдайсыз? 

– 1997 жылы консерваторияның дәстүрлі ән класына түстім. Сол кезден бастап, дәстүрлі әндерді орындап жүрмін. Жаңа форматта орындаймын деген әндерім әлі көп. Кейде бір әнді ыңылдап айтып отырып, осыны шығарсам қайтеді деген ой келеді. Артынан ұмытылып қалады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін, әлгі әнім аяқ астынан есіме түседі де, ыңылдап айтып жүремін. Осылайша, репертуарымды толықтырып отырамын. 

– Бірнеше дәстүрлі ән мектептері бар. Соның қайсысы сіздің табиғатыңызға жақын?

– Әрине, көбіне мен термелерді айтамын. Қызылорданың жырауларының термелерін, батыстың дәстүрлі ән мектептерінің әндерін репертуарыма жинуға тырысамын. Ақтангерейдің, Сүгірдің, Тұрмағамбеттің, Оңғар жыраудың термесі менің репертуарымда бар. Ұлттық бояуы бар жақсы әндер болса, достарым, таныстарым маған хабарласып жатады. Күні кеше ғана Медет Салықов хабарласты. Ол да бізбен бірге дәстүрлі ән класында бірге оқыған. Жақсы әндер жазып жүрген композитор. Бір жақсы халық әнін естігенін айтады. «Соны орындасаң қайтеді», – деп телефон соқты. 

– Әнді қалай іздейсіз? Байырғы ұмытылып бара жатқан әндерді іздеген кездеріңіз болды ма?

– Көп естіле қоймаған, жұрт арасында айтылып жүрген халық әндерін естіп қалсам, көңіліме ұнап жатса, репертуарыма енгізуге тырысамын. Сәті түсіп, ұсыныс білдіретіндер де бар. Шет елден келген қандастарымыз да хабарласып, ән ұсынған кездері болды. Бірақ өзім әдейілеп барып, осы елдерден ән алайыншы деген ойым болған емес. 

– Біраз жыл Талдықорғанда қызмет еттіңіз. Қазір Алматыға қоныс аударып келдіңіз. Талдықорғаннан Алматыға ауысуыңыздың белгілі бір себебі бар ма?

– 1999-2000 жылы облыстық филар­мо­нияға жұмысқа тұрдым. Облыс ауысқан кезде, Талдықорғанда қалып қойдық. 2005 жылы Жанатбек «Мафия мен тақияға» ән айтуға шақырды. 2005-2010 жылға дейін Талдықорғанда жұмыс істейді деген аты ғана болды, көбіне Алматыда жүрдім. Қарап тұрсам, сол жылдары менің Талдқыорғаннан көрі, Алматыда болған кезім көп екен. Уақытымның көбі осы жақта өтті. Өзімнен шығатын қаражатымды есептесем, осы жақта пәтер жалдағаныма аз ақша кететін сияқты. Сол себепті де, керісінше жасайын деп шештім. Әрі отбасым да өзіммен бірге болады. Сұранысқа байланысты Алматыға көшіп келдім деп айтуыма әбден болады. Әлі де филармонияда жұмыс істеп жүрмін. Алматыға келгенім жаман болған жоқ. Қазір пәтерім бар. Балаларым қасымда. 

– Танымал болудың жолында тынбай еңбек ету қажет екені рас. Осы жолда қандай қиындықтар болды? 

– Мен үшін бұл жолдың қиындықтары өте көп болды. Алғашқы баспалдақтардан өту де оңай болған жоқ. Кейбіреулер бір ән жазып, клип түсіріп, телеарнадан айналымға шығарып, тез арада танымал болып жатады ғой. Кішкентай балалардың өзі бірден жарқырап шығады да, үлкен сахнада концерт беріп жатады. Оның тіпті қайдан шыққанын да аңғармай қаласың. Мәселен, Ернар Айдар. Ол қайдан шықты? Дүркіретіп үлкен сарайда кешін өткізді. Ал менде ондай болған жоқ. Мен ұзақ іздендім. Ұзақ репертуарымды жасадым. Өмірқұл Айниязов ретінде терме орындап, сұранысқа енгізудің өзі ұзақ процесс болған сияқты. Біздің шоу-бизнесіміздің өзінде билететін, секіртетін дүниелер ғана көбірек маңызды ғой. Менде бәрі керісінше болған сияқты. Ақтангерей, Оңғар жырау, «Тоғжанның гөй-гөйі», «Айнамкөз» сияқты классикалық әндерді репертуарға енгіздім. Ол да жаман болмаған шығар. Бірақ мені кеңінен танытқан «Ақ жайнақ» әні мен Ақтангерейдің термесін немесе «Айнамкөзді» салыстыруға болмайды. «Ақ жайнақ» деген қарапайым қазақтың әні. Тыңдармандар сол әнді көбірек жақсы көреді. Қазір «Дүрдараз» ұнайтын сияқты. Мені қалыптастырған Ақтангерейдің термесі, «Айнамкөз» әндері болды деп ойлаймын.

– Өмірқұл Айниязовтың имиджін қалыптастыру үшін белгілі бір адамдар жұмыс істеді ме?

– Бүгінгі күнге дейін жеке дара жұмыс істедім десем де болады. Қазір менің пиар менеджерім бар. Бұрын олай болған жоқ. Маған бір көмектескен адам – Жанатбек Бәйтеков деп айтуыма болады. Жанатбек маған шоу-бизнесте жол ашты. Менің тұрақты сахнам болды. 2005-тен бастап, 2009 жылға дейін үзбей, «Мафия мен тақияның» сахнасына шығып тұрдым. Ол да маған үлкен көмегін тигізді. Қазір Жанатбекпен бұрынғыдай тығыз байланыста емеспіз. «Мафия мен тақия» өзінше жұмыс істейді, мен өзімше жұмыс істеп жүрмін. 

– Қазір қаншалықты сұранысқа иесіз?

– Құдайға шүкір деп айтуға болады. Жыл басынан бері бірқатар концерттерімізді өткіздік. Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Атырауда жеке концертімді беріп келдім. Бұйырса, Қызылорда тағы шақырып отыр. Екі концерт қоямыз деп отырмыз. Соған қарағанда, сұраныс бар сияқты. 

– Өзіңізді заманауи термеші ретінде қалыптастырдыңыз. Бұдан кейінгі бағыт қандай? 

– Мен дәстүрлі әншілерді тыңдап, үнемі қарап жүремін. Өзім сияқты форматта айтатын болса, жақсы орындаушы болса, менде шәкірт тәрбиелегім келеді. Концертке жиі шақырады. Босамай қалсам, «сен сияқты айтатын әншілер бар ма?» деп сұрап жатады. Ойлап қарасақ, ешкімді таппаймыз. Бірлі-екілі айтып жүргендер бар. Танитынымыз аздау. Әлі де керек деп ойлаймын.

– Дәстүрлі әнші болсын, эстрада әншісі болсын, біз тар ауқымда ғана қарайтын сияқтымыз. Тіпті, көрші мемлекеттердің өзі қазақ әншісін танымайды. Қазақ әншісі неге үлкен деңгейде танымал емес? 

– Бұған салыстырмалы түрде жа­уап беруге болады. Мәселен, Голливудта Мәскеудің әншілерінің бәрін таниды деп ойламаймын. Орыстар гастрольдік сапарға шығып жатады. Онда да орыстар көбірек тұратын аймақтарға ғана барады. Барлық американдықтар Пугачеваны таниды деп айта алмаймын. Конкурсқа бару бір бөлек те, шоу-бизнесте танымал болу бір бөлек. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дейді. Әншілерді тану үшін біріншіден, мемлекет үлкен дәрежеде қаржы құю керек сияқты. Бұйырса, елу мемлекеттің қатарына кірсек, өзінен-өзі іздейді деп ойлайды. Негізінен танытуға болады. Мәселен, Таркан деген әншіні Түркия мемлекеті қаржы құйып, сол әншіні әлемдік деңгейге көтерді. Көрші Ресейде де танымал болды. Майкл Джексонды да мемлекет жасады. Ол шоу-бизнестің өкілі ғана емес, мемлекеттің арнайы жобасы. Ондай деңгейге шығу үшін біздің әншілердің қаражаты жетпейді. Бізге танымалдылық керек, біздің әншіміз әлемдік деңгейге жету керек десек, мемлекет қаржы-қаражат бөлу қажет. Ресейдің шоу-бизнесіне ену үшін де көп қаржы керек деп ойлаймын

– Дәстүрлі өнерді көштен қалдырмау үшін не істеуіміз керек?

– Оны бәрі айтып жүр. Дәстүрлі әншілерге жиналатын орын керек. Олардың дәстүрлі шаңырағы болса, жақсы болар еді. Өңірлерден келген дәстүрлі әншілеріміз баратын жер таппай қалады. Әншілерге сұраныста болу үшін орталық керек деп ойлаймын. «Еркін Шүкіман бүгін ән айтады екен» немесе «Айгүл Қосанова ән шырқайды» дейтін арнайы мәдени орталық болса, тыңдарман дәстүрлі әншілерді іздеп, орталыққа баратын еді. Дәстүрлі әншілерді жоқ деп айтуға болмайды. Эстрада әншілерімен жарысып, «біз неге олай емеспіз» деп түңілуге тағы болмайды. Дәстүрлі ән дегеніміз – классика. Классика дегеніміз белгілі бір ауқымда, соған түйсігі жететін, қазақтар «есті құлақ» дейді ғой, сондай бір адамдардың ортасында дамитын өнер. Олардың Қайрат Нұртас сияқты бәріміз жанып кетпедік деген ұғым жасауы, меніңше, дұрыс емес. Шал-кемпір болса да, тыңдайтын адамдар Рамазанды, Еркінді, Ерлан Рысқалиды, Берік Жүсіпті біледі. Эстрадалық жобалар өте көп. Соларға бір талап қоюға болады. Қазақша концерт болғаннан кейін, үкісін тағып, Сәуле Жанпейісова бір концерттің басын ашсын. Бір концерттің ортасында Еркін Шүкіман ән орындаса, ғажап емес пе? Бізде басынан аяғына дейін эстрадалық әндер орындалып жатады. Сондай дәрежеге түсіріп тастады. «Ән мен әнші» болып жатқанда, дәстүрлі бір әншіні неге шығармасқа?! «Тамашаға» шықсын бір әнші. Тыңдарман дәстүрлі әнді тыңдайды деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде, дәстүрлі әннің де, дәстүрлі әншінің де бағы жанар еді. Сосын қыздардың орындайтын әні бір бөлек, жігіттердің орындайтын әні бір бөлек. Мәселен, «Әдемі қызды» қыздардың орындағаны дұрыс емес. Ол әнді жігіттер орындаса, ғажап болар еді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС