ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА
Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайда жатқан атомшылар кентінен шыққан жас палуан ұлттық қазақша күрестен айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Ал спорт майталмандары жас палуанның болашағынан үлкен үміт күтуде.Шәріпбек Нұрбақыт 1998 жылы дүниеге келген. Жасы жетіге толғанда ата-анасы кішкентай Нұрбақытты Қыземшек кентіндегі «Оазис» мәдени-спорт кешеніне әкеліп, дзюдо жаттықтырушысы Нұргүл Кабулованың секциясының құрамындағы Болат Торғаевтың қазақша күрес тобына берді. Міне, содан бері мектепте үздік оқумен қатар, спортты жанына серік етуде. Оның алғашқы жарыстары «Оазис» МСК өтсе, кейінірек «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС қолдауымен басқа балалар секілді облыс, аудан көлемінде 90-ға жуық жарыстарда, ашық турнирлерде бағын сынады. Тынымсыз жаттығулардың арқасында жас палуан үлкен нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының турнирінде Нұрбақыт өз салмақ категориясында 1-орын, Шымкент қаласында өткен республикалық «Жас Барыс» турнирінде 1-орын, Павлодар қаласында өткен республикалық «Жас Барыс» турнирінде 3-орынға ие болды. Осы жеңістер Нұрбақыттың Ресей Федерациясында өтетін күрестен Әлем чемпионатына қатысуына мүмкіндік беріп отыр.
Нұрбақыттың ата-анасы – Бақытнұр Бесінбаева, Ғани Өтегенов атом саласының қызметкерлері. Бірі – өндірістік сарапханада лаборант, бірі – бұрғылаушы. Жас палуанның осындай жетістікке жетуіне мүмкіндік жасаған «Қазатомөнеркәсіп-Демеу»ЖШС мен «Степное-РУ» мекемелеріне айтар алғысы шексіз.
«Атом саласына еңбек ететін қызметкерлер балаларының болашағына өздерін қашанда жауапты санайтын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ дарынды балаларға көмек қолын созып, жауапкершілікті бір сәт те естен шығарған емес. Біздің міндетіміз – дарынды балаларды тауып, оларға қамқорлық жасап, әрі қарай өсуіне қолдау жасап, жетістіктеріне қуана білу», – дейді «Степное-РУ» кәсіпорнының басшысы С. Кушегов
Біз Нұрбақыттың алда әлі талай асулардан асып, әлемдік спорт ареналарынан көрінетініне сенімдіміз.
Лариса Новикова
(Суретте: солдан оңға қарай МСК меңгерушісі Н.Кабулова, «Степное-РУ»ЖШС бас инженері Татаринцев В., жаттықтырушы Торғаев Б., Шәріпбек Н., «Степное-РУ» ЖШС бас директоры Кушегов С., «Демеу – Қыземшек» филиалының директоры Ысмағұлов Е.)