Жаңалықтар

«ҚАСЫМ» КУБОГЫ АСТАНАҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

ашық дереккөзі

«ҚАСЫМ» КУБОГЫ АСТАНАҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Таяуда арқа төрінде «Қасым» әде­би-қоғамдық журналы ұжымының ұйым­дастыруымен шағын футболдан­ тұңғыш рет «Қасым» кубогі сарапқа са­лынды. Дүбірлі дода Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің үлкен спорт залында өтті. «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, жазушы Серік Сағынтай бастаған Арқаның қаламгерлері мен өнерлі серілері бастамасымен өткен доп додасы Көкпекті ауылында опат болған марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. 

Биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр­­ған турнирдің өзіндік айыр­ма­шылығы мен қызықты жайттары да болды. Қара­ғанды мен Астана шаһарларынан 5 команда қатысты. Жарысқа қаты­су­шы құрметті қонақтар қатарында ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин, Дәурен Берікқажы, айтыскер ақындар Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров, жас ақындар Саян Есжан, Дастан Омаров болды. 

Жарыс барысында байқағанымыз, тур­нирге қатысушы қаламгерлер мен өнерпаздардың қызығушылығы мен табандылығы ерекше көрініп, бола­шақта қос қаламыздан ғана емес, рес­пуб­ликамыздың күллі облыстары мен қалалар түгел қатысатындығына зор сенім барлығын осының өзі-ақ көрсетіп тастады. Тіпті алғашқы ойындағы ең тартысты өткен екі қаланың ақындарының арасындағы ойын көрермен делебесін қоздырып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Бұл ойында Елорданың «Астана» командасы мен «Арқа» командасы жан алысып, жан берісті. Жарыстың шымылдығын түрген де осы қос команда болатын. Алғашқы болып астаналықтар төртінші минутта есеп ашып, тұңғыш өткізіліп отырған жарыстың алғашқы голын соқты. Алайда «Арқа» командасы тегеурінді қарсылық көрсетіп, ойын теке-тіреспен жалғасты. Алғашқы тайм 3:2 есебімен жерлестеріміздің пайдасына аяқталып, үзілістен соң кездесу тағдыры шиеленісе түсті. Ойын соңына қарай «Арқа» командасы тізгінді нық ұстап, есепті еселеп 5:3 ке жеткізді. Бұл ойында жерлестеріміз жеңістің ауы­лында жақын тұрған. Алайда ойынның аяқталуына небәрі 3 минут қалғанда «Астана» командасы табандылық танытып, жауапсыз 3 гол соғып, қиын кездесуде жеңіске жетті. Басты қарсыластарынан 5:6 есебімен басым түскен «Астана» құрамасы одан кейінгі кездесулердің барлығында жеңіске жетіп, «Қасым» кубогін иеленді. Тек бірінші кездесуде сүрінген Арқаның азулы ақындарынан құралған «Арқа» командасы келесі ойындардың барлығында жеңістің биік шыңынан көрініп, II орын иеленді. Тағы бір Елордалық ұжым «Жас тұлпар» командасы «Астана» мен «Арқадан» жеңіліс тауып, қалған ойындарда жеңілмеді. Осылайша «Қасым» кубогы жолындағы тартыстың қола жүлдесін еншілеріне жазды. Турнир барысында барлық командалар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе жоғарыдағы үздік үштіктің ойындары жанкүйерлердің қызығушылығын тудырды. 

Жарыстың жеңімпаз командала­ры мен турнирдің үздіктерін, жарысты ұйымдастырушы «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы С.Сағынтай, әнші С.Аяған, ақын Р.Нұрбай марапаттады. Сонымен турнирдің үздіктері «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…» аталымы бойынша үздік қақпашы Сержан Мұсайын (Арқа), «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…» аталымы бойынша үздік бапкер Қалқаман Сарин (Астана), «Өртке тиген дауылдай…» аталымы бойынша үздік шабуылшы Айтбай Жұмағұлов (Арқа), «Жас дәурен, ризамын мен саған…» аталымы әдемі гол авторы Дастан Омаров (Астана), «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде…» аталымы үздік жартылай қорғаушы Қайнар Әлетаев (Жас тұлпар), «Қолымда найза, шағылып айға…» аталымы бойынша үздік қорғаушы Дәурен Берікқажы (Астана), «Мен қалған бір атаның ғасырымын…» аталымы үздік ойыншы Мейірлан Шакенов (Арқа), «Қиялым қақты қанат…» аталымы бойынша үздік жанкүйер Әйгерім Мақажанова, «Түсірген ой сәулесін шартарапқа…» аталымы үздік ұйымдастырушы Әсел Мұздыбай. 

«Қасым» әдеи-қоғамдық журна­лы­ның бас редакторы, бүгінгі жарыс қожайыны ақын Серік Сағынтай жарыс барысында айтқанындай, осынау турнир бұдан былай қарай, жыл сайын, тіпті маусымдық кезеңдермен тұрақты өткізіліп тұруы тиіс. Алдағы уақытта оған қатысуға тілек білдіруші ақын-жазушылар мен өнер­паздардың қатарын ұлғайтып, көптеп тартуға көңіл бөлінетіндігін баса атап өтті. Демек осындай үлгілі үрдіс, дәстүрлі турнир жалғасын таба беретіндігіне сенім зор. 

Алтынбек Құмырзақұлы