Жаңалықтар

Киев күш қолдануға көшті

ашық дереккөзі

Киев күш қолдануға көшті

 Сонымен Женевадағы келіссөздер Украинадағы саяси дағдарысты тоқтатуға септігін тигізбейтін секілді. Сәуірдің 17-сінде Женевада Украина дағдарысын реттеу мақсатында төрт жақты келіссөздер жүргізіліп, өзара келісімге келіп тарасқан еді. Бұл келіссөзге Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысып, Киевтің қазіргі уақытша билігін мойындайтындығын танытса, Украина серкелері Қырымнан айрылғандарына еріксіз мойынсұнды. Украинаның ендігі мақсаты елдің шығыс аумағын сақтап қалу еді. Тараптардың өзара келісімінде Украина аймақтарының қатысуымен жедел түрде диалог жүргізу, елдегі заңсыз құрылымдардың қарусыздануы және басып алынған ғимараттардың босатылуы айтылған. Келіссөзге АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Еуропа дипломатиясының басшысы Кэтрин Эштон және Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Дешица да қатысқан. Келіссөз жеті сағатқа созылды. Джон Керри Украинадағы шиеленіске қатысушы тараптардың қай-қайсысы да күш қолданудан бас тартуы тиіс екенін ескерткен еді. Ол сондай-ақ, егер Ресей Женевадағы келіссөздерге орай, мойнына алған міндеттемелерін орындамаса, оған қарсы қолданылатын экономикалық және саяси санкциялар күшейтілетіндігін тағы бір ескертіп өтті. 

Киевтің аймақтарда антитеррористік операция ұйымдастыруын Лавров Женева келісімінің бұзылуы деп бағалады. «Бір жағынан диалогқа шақырып, екінші жағынан өз халқына қарсы армияны қолдану туралы қылмыстық бұйрықтар беруге болмайды»,– деді ол. 

Мамырдың 3-інде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тараптарды Женева келісімін орындауға шақыратын мәлімдеме таратты. Қазақстан Украинадағы жағдайлардың шиеленісуіне, әсіресе Одесса, Славянск және Краматорск қалаларындағы зорлық-зомбылықтың өршуіне алаңдаушылық білдірді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі кейінірек таратқан арнайы мәлімдемесінде адам шығыны болғанына өкініш білдіріп, «барлық қарсыласушы жақтарды зорлық-зомбылықтан және жағдайды шиеленістіруден бас тартуға» шақырды. 

Мамырдың 2-сінде Украина күштік құрылымдары антитеррористік операциялар ауқымын кеңейтіп, сепаратистер бақылауындағы Славянск қаласына шабуыл бастады. Сол күні кешке Одессада Украинаның біртұтастығын қолдаушылар мен ресейшіл белсенділер арасындағы қақтығыстар салдарынан қырыққа жуық адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. 3-мамырда украиналық күштер Краматорск қаласына шабуыл бастады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол қалада қаза тапқандар да бар. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қайтыс болғандардың саны 60-қа жуық. Кейбір деректер бұл санды тіпті ұлғайтып жібереді. Қазір Украинаның Краматорск қаласында «антитеррорлық актілер» жалғасып жатыр. Украина әскери күштері Славянск қаласын да толығымен қоршап, оқшаулап тастады. Ресей билігі және Ресейдің мемлекеттік БАҚ-ы бұл операцияны «жазалау операциясы» деп бағалауда. Өткен сенбіде Ұлттық гвардия жауынгерлері сепаратистерден Краматорскідегі телемұнараны, Қауіпсіздік кеңесі мен ІІМ басқармасы ғимараттарын қайтарып алды. Соңғы мәліметтер бойынша, қала толығымен Украина әскерилерінің билігіне көшкен. Әзірге сепаратистер орталық алаң мен қалалық кеңес ғимаратын өз бақылауларында ұстап тұр. 

«Өкінішке қарай, олар бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланды. Біздің арнайы бөлімдер бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан сақтанып, басып кіре алмай отыр», – деген Украина президенті әкімшілігінің жетекшісі Сергей Пашинский.

«ДОНЕЦК ХАЛЫҚ  РЕСПУБЛИКАСЫ» ДЕГЕН НЕ? 

Донецкіні басып алған белгісіз топ «Донецкая народная республика» дегенді жариялады. Олар наурыз айынан бастап, Донецкідегі облыстық әкімшілікті өз бақылауларында ұстауда. Ешкім мойындамаған автономия белсенділері мамырдың 25-сіне белгіленген Украина билігінің президенттік сайлауын мойындамайтындығын мәлімдеді. 

«Президенттік сайлау туралы айтар болсақ, біз оны мойындамаймыз. Біз өз елімізде емес, көршімізде өтіп жатқан сайлауға қалай қатыспақпыз?», – деген «Донецкая народная республикасының» тең төрағаларының бірі Денис Пушилин ИТАР-ТАСС агенттігіне берген сұхбатында. 

«Донецкая народная республика» деп өзін-өзі жариялап жүргендердің өкілдері әкімшілік ғимаратын бақылауында ұстап отыр. «Донецкіде сайлау процесіне дайындық әдеттегідей жүруде. Округтік комитет отырыстары болып өтті, сайлау комиссиялары жасақталып жатыр», – деген «Коммерсанть» газетіне сұхбат берген Донецк қалалық кеңесінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Максим Ровинский. 

Дегенмен, Донецкіні бөліп алуға тырысып жүргендер Украина билігінен мамырдың 11-інде Донбаста референдум өткізуді талап етуде. Егер билік бұған құлақ аспаса, олар президент сайлауын болдырмауға күш салатындықтарын айтқан. 

ВЛАДИМИР ПУТИН: «УКРАИНАДА БІЗДІҢ ӘСКЕРІМІЗ ЖОҚ»

Украинаның ресми билігі елдегі бейберекетсіздікке ел әскерилерінің әлсіздігін кінәлағанымен, жалпы Украинаны бөлшектеуге Путин мүдделі деп есептейді. Сәуірдің 30-ында Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов Украина Қарулы күштерінің соғыс жағдайына көшкенін айтты. «Бұл Ресей тарапынан бізге төніп тұрған қауіпке байланысты. Мен РФ-ның Украинаға қарсы континенталдық соғысты өршіту қаупіне қайта оралғым келеді. Сол үшін де біздің Қарулы күштеріміз толықтай әскери дайындыққа көшті. Әрбір облыста аумақтық қорғаныс батальонын жасақтауға бұйрық бердік. Қандай да бір қауіпті жағдай туындаған кезде өзге аймақтарға қолдау көрсету мақсатында бұл әскери бөлімшелерді сол аймақтарға жұмылдыру қажет болады», – деді Турчинов Киевте Украинаның облыс басшыларымен кездесу барысында. 

Ал Украина Премьер-министрінің міндетін атқарушы Арсений Яценюк Одессаға сапары барысында қаладағы бейберекетсіздік пен 40 адамның өмірін жалмаған өрттің шығу салдарын жан-жақты зерттеуге бұйрық берді. Ол жергілікті билікті елдің шырқын бұзған оқиғаның алдын ала алмағандығы үшін кінәлай отырып: «олар тиімсіз іс әрекет жасады және заң бұзды» деп айыптады. Одессадағы оқиғадан кейін бұрынғы офицерлер мен полиция қызметкерлерінің барлығы жұмыстан аластатылғанын айтқан ол: «Бұл бейберекетсіздіктер Украинаны жою мақсатында Ресей өршітіп отырған өрттің бір парасы. Ресейдің мақсаты Одессада Ресейді қолдаушы топтар өз бақылауына алған елдің шығысындағыдай жағдайды қайталау. Киев бұндай жағдаймен жалғыз өзі күресе алмайды. Сол себепті де жергілікті билікке көп нәрсе байланысты, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдай ма немесе Ресей қолтығына су бүркіп отырған топты қолдағысы келе ме, осыған көп дүние байланысты болып отыр», – деді ол. 

Вашингтон да Ресейді Украинадағы сепаратистік қозғалысты қаруландырып, қаржыландырып отыр деп айыптайды. Украина үкіметі елдің шығысындағы ресейшіл күштердің командирі Игорь Стрелковтың – ресейлік офицер екендігін айтып отыр. «Оның шын тегі – Гиркин, мәскеулік азамат», – дейді киевтік билік. Осы аптада Стрелков-Гиркин Еуроодақ кіруге тыйым салған 15 адамның қатарын толықтырды. «Комсомольская правда» газетіне сұхбат берген Стрелков жауынгерлерінің жартысынан астамы украиндықтар екендігін айтқан. «Олардың көбі соғыс тактикасын жақсы меңгерген, көбі Ресей армиясының құрамында соғысқан», – деді ол. 

Алайда ресми Кремль өзінің агенттері немесе жауынгерлерінің Украинада жоқ екенін айтып бағуда. Мәскеу қаруланған белсенділер тобының Украинада жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауының себебін Киев билігіне «фашистердің» келуіне орай халықтың реакциясы деп бағалауда. 

Ал былайғы жұртты таңдандырған тағы бір тосын жайт, сепаратистердің өте күшті қарулануы немесе қолдарындағы қаруларының басым көпшілігінің – Ресейдікі болуы. Мәселен, Украина Қорғаныс министрлігі мамырдың 2-сінде террористердің Украина қарулы күштерінің Ми-24 маркалы екі тік ұшағын атып түсіргені жайында мәлімдеген. Осы операция кезінде украиналық екі әскери қаза тапты. Бұл – ойландыратын жайт. Өйткені халық арасынан шыққан сепаратистердің мұндай мүмкіндікке ие болуы күмән туғызады. 

Британдық ВВС телерадио­кор­пора­ция­сының орыс қызметі таратқан мәліметтер де күдік тудырып отыр. Онда «автомайдан» белсендісі Алексей Кәсіподақтар үйіндегі өртті Ресейді жақтаушы тараптардың шығарғанын айтқан. Ал ондағы кім екенін тап басып айту қиын жасыл киімділердің біріне жақындаған ВВС журналисінің «Қайдан келдіңіз?» деген сауалына: «Украина», – деп тіл қатқаннан кейін: «Жалпы, «украиндық» деген ұлт жоқ. Оны австро-венгрліктер ойлап тапқан. Біз орыстармыз. Біздің барлығымыз – орыспыз. Бұл жер де – Украина емес. Бұл Новороссия, біз оны қорғап жүрміз», – деп үн қосуы да көп нәрседен хабар бергендей. 

Турчинов: Шығыс бақылаудан шығып барады

Украиндық белсенділер жақын күндерде ешқандай шаралар немесе акциялар өткізбеуді жоспарлап отыр. Олар кез келген бас көтерудің соңы қантөгіспен аяқталады деп секемденеді. Сол себепті де жазықсыз жандардың қанын мойнына жүктегісі жоқ. 

Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов сәуірдің 30-ында үкіметтің елдің шығыс бөлігін бақылаудан шығарып алғандығын мойындады. Ол ендігі басты міндет – бейберекетсіздіктің елдің өзге өңірлерінде, атап айтар болсақ, Одесса мен Харьковте орын алмауы екендігін қадап айтты. Бұған дейін бұл облыстарда аздаған толқулардың болғаны рас. Алайда Донецк мен Луганскідегідей бұқаралық сипат алмаған еді. Билік жағдайды мамырдың 25-іне дейін, яғни президенттік сайлауға дейін бақылауда ұстауға тырысып бағуда. 

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Донецк облысының Славянск қаласында сепаратистер шегіне бастаған. Олар Украинаның күштік құрылымдары жергілікті телемұнараны қайтарып алғаннан кейін қарсыласуды тоқтатқан. Мәліметтерге қарағанда, антитеррорлық операция барысында Украина әскерилері арасынан төрт жауынгер қаза болған, 30-дай адам жараланған. Ал сепаратистер 20-дай адамынан айрылып, он бес адамның жараланғанын айтып отыр. ВВС журналистерінің мәліметіне қарағанда, Славянск қаласының орталығы тыныш. Украина ІІМ басшысы Арсен Аваков Украина әскерилеріне 800-ден астам ресейді жақтаушы сепаратистердің қарсы тұрғанын айтты. Бейбіт тұрғындарды қалқан ретінде пайдаланып жүргенін айтқан украиналық ІІМ өкілдері бейбіт тұрғындардың қанға боялмауын басты мақсат етіп отырғандықтарын жеткізуде. Славянскідегі арнайы операция жайында Турчинов Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы тілдесті. 

Украина премьер-министрі Арсений Яценюк өткен жексенбіде Украина армиясының елдің шығысында антитеррорлық операцияны жалғастыра беретіндігін мәлімдеді. Турчинов мәлімдемесінен кейін бірнеше күн өткен соң, Яценюк шығыс аймақтың бақылаудан шықпағандығын мәлімдеді және Украинаның бөлшектенуі жергілікті тұрғындарға тікелей байланысты екендігін қадап айтты. Әрі Ресейді Украина мемлекетшілдігіне қарсы іс әрекет қолданып отыр деп тағы да айыптады. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ