Жаңалықтар

"Аңыз адамға" айыппұл салынды

ашық дереккөзі

"Аңыз адамға" айыппұл салынды

Жалпы, тарихта аңыз адамға айналған тұлғалар көп. Олардың әрқайсысына арнап бір нөмір шығаруға болатын шығар. Ал адамзат баласын қынадай қырған Гитлерді «Аңыз адам» деуге бола ма? Болса, қай жағынан? Біз осы тақырыпта бірқатар зиялылардың ой-пікірін білген едік. Олардың айтуынша, «Гитлер – аңыз адам. Өйткені, сұрапыл соғыста Кеңестер одағында 27 млн. адамды қырды. Ол сонысымен тарихта қалды». Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Алайда, Гитлердің адамзатқа жасаған қастандығын жазамын деп, абайсызда басы дауға қалған «Аңыз адам» журналына шүйлігушілердің қарасы көбейген еді. Бірақ Жеңіс мерекесі қарсаңында басылымды тұтастай фашистрдің көсеміне арнауы, оның үстіне мұқабасына суретін басуы қоғамның қарсылығына ұшырады. Себебі, «Аңыз адам» журналы өткен айдағы санын Адольф Гитлерге арнаған болатын. Тіпті ашуға мінген ардагерлер журналды өртеуге дейін барған. Дегенмен, журналдың бас редакторы Жарылқап Қалыбай ауған соғысының ардагерлерінен ресми кешірім сұрағандай болғанмен, ақыр аяғында «Аңыз адам» журналының ісін әкімшілік сот қарады. Себебі, Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы Жарылқап мырзаның журналдарын басып шығаратын типографияны таба алмай жүрген көрінеді.  Бұл БАҚ туралы заңның 15-ші бабының бұзылуына әкелген.  

Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының өкілі Қорлан Құрманбек: «ҚР БАҚ туралы заңының 15-бабының 1-бөлімі, 8-тармағының жаңағы баспахананың мекен-жайы көрсетілмеуі бойынша, заң бұзушылық анықталды», – деді. Нәтижесінде Жарылқап Қалыбай мырза басқаратын «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» және «Жұлдыз жорамал» журналдарының үстінен әкімшілік іс қозғап, алты хаттама толтырыпты. Оның үшеуі заңды тұлғаға, үшеуі жеке тұлғаға. 

Заңгерлер бұл қадамды заңсыз деп есептейді, себебі әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 350-бабында заңды тұлғаға да,және жеке тұлғаға да айып салынады деп көрсетілмеген екен. Ал, заңгер Мақсат Ілиясұлы: «Аталған үш журнал ақпандық нөмірінде  баспахананың мекен-жайын көрсетпепті. Редактордың өзі, бұл жайтты – сол тұста баспахананың ауысуы мен бір қызметкердің жұмыстан кетуімен байланысты кеткен техникалық ақау деп түсіндіреді. Сол үшін сотқа сүйреу – журналға жасалған саяси қысым» дейді.

Демек, сот бас редакторды Гитлер туралы мақаласы үшін емес, баспахананың мекен-жайын журналда нақты көрсетпегені үшін айыпты деп тапты. Бірақ Қалыбайдың өзі сот шешімін саясатпен байланыстырып отыр. Алматының әкімшілік соты «Аңыз адам» журналына 225 мың 840 теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарды. Бірақ журнал бас редакторы Жарылқап Қалыбай:  «Бізді сыртымыздан «айыпты» деп табуы дұрыс емес. Сондықтан бұл саяси сипат алып отырған сот әділетсіз шешім шығарылды» дей келе, енді аппеляциялық сотқа жүгінбек.  Ал “Гитлер ісін” қарау әлі алда секілді.