Жаңалықтар

«...АЙНАЛДЫМ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕН!»

ашық дереккөзі

«...АЙНАЛДЫМ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕН!»

 

Сол кездегі әміршіл жүйенің тепкісін көрген Тоқтағұл ақынның «…Ай­­нал­дым қазақ елінен» деп жырлауы бекер емес. Әндіжан көтерілісіне қа­тыс­ты деген айыппен Сібірге жеті жыл айдалған Тоқтағұл ақын түрмеден қашып шығып, еліне қайтар жолда қазақ жері арқылы өтіп, қонақжайлылық пен қамқорлық көреді, белгілі ақын-жыраулармен жүздеседі, қайғысы орталанып, көңілі орнығады. Сол жолы ақын «Ежелден біз ел едік, Қазақ-қырғыз бір туған, Туысқан елді қасқырлар, Бір-біріне қас қылған, Айналдым қазақ елінен», – деп жырлаған екен.

Тоқтағұл ақынның қазақтың жыр дүлдүлі Жамбылмен, Кенен Әзірбаевпен достығы әлі күнге аңыздай айтылады. 

Тоқтағұл мен Жамбылдың шығар­машылық байланысы туралы белгілі зерттеуші Мырзатай Жолдасбековтің «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында айтылатын дерек мынандай: 1912 жылдар шамасында қырғыз жерінде Шабдан манапқа ас беріліп, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі ақындар арнайы қонақ болып барады. Сол жерде Сібірден енді оралған Тоқтағұлды көрген Жамбыл «Келдің бе, ақиығым, алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып асқар белден, Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген, Хан-төре айналмай ма сендей ерден» деп, оның ағайындарына «Тұлпарды тұлпар таниды, Ертеңнен шапса талмайтын, Сұңқарды сұңқар таниды, Қанаты талмай самғайтын, Ақынды ақын таниды, Сөз қадірін аңдайтын» деген екен. Сонда Тоқтағұл «Қазақта Жамбыл сен едің, Шалқып жатқан көл едің, Алатау­дан арқырап, Тасып жатқан сел едің, Тоқтағұлың мен едім, Қай қырғыздан кем едім?» деп мұңын шаққан екен. Сол бәйгеде Жамбыл атамыз жүлдеге алған зерлі шапанды Тоқтағұлдың иығына жапқан көрінеді.

ТҮРКСОЙ ұйымы биылғы жылды Тоқтағұл Сатылғанов жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, жылдың басынан бері бірталай басқосулар, жиындар, конференциялар өткізілді. 

Осы аптада Астанада қырғыздың ма­ңдайалды ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдығы аталып өтті. Түркі академиясының мұрындық болуымен өткен «Тоқтағұл Сатылғанов және түркі әлемі» атты халықаралық конференцияға Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрі Кәмила Талиева, мәдениет қайраткерлері мен ғалымдары арнайы келіп қатысты.

Қазақ жеріне бірінші рет ресми сапармен келген К.Талиева: «Ежелден бір құстың екі қанатындай, ботаның екі көзіндей, түйенің екі өркешіндей, жырласа жыры бір, тойласа тойы бір, ойласа ойы бір қазақ туғандарымыздың бас қаласында айтулы ақын, теңдесі жоқ төкпе, ұлы композитор Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық тойы Сарыарқадан басталып жатқаны біз үшін зор құрмет», – деп ілтипат білдірді. 

Екі елдің егіз өнері жайлы толғанған министр ханым: «Қазақ-қырғыз елінде ақын-жыраулар өзгеше мәміледе болып, жырласа – түн батырып, ойласа – көңіл өрбітіп келгенін білеміз. Қырғыз елі қазақтың ұлы жұлдыздары Шәкәрімді, Абайды, Жамбылды, Кененді ардақтап, Алатаудың ақ шоқысына теңеп келеді. Қырғыз-қазақ ақындары өнердің ұлы академиясын бірін-біріне үйретіп, шәкірт-ұстаз атанып келген», – деді.

Конференцияны жүргізіп отырған Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Тоқтағұл ақынның өмірінен сыр шертіп, екі елдің достығы, бір-біріне деген шынайы ықыласы жайлы ой өрбітті. Тоқтағұл ақын қазақтың жыр-дастандарына жетік болған екен. «Қыз Жібекті» талмай жырлаған. Ол «Энсеген элим аманбы?», «Туткындан келгенде», «Апакем, аман барсыңбы?» жырлар циклының, «Қыз кербез», «Миң кыял», «Маш Ботой», «Чон кербез» атты күйлердің авторы. 

Дархан Қыдырәлі Түркі академиясы тарапынан қырғыз тарихына, белгілі тұлғаларына қатысты қолға алынған жобалар туралы баяндады. Жақында Астанада қырғыз суретшілерінің көрмесі өткізілген еді. Алдағы уақытта Тоқтағұл ақынның жинағын шығару да жоспарланып отыр.

Қазақ-қырғыз ақындарын, зар-заман ақындарын зерттеген, ҚР Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Бауыржан Омаров қырғыз әдебиетінің тарихында екі Тоқтағұлдың бар екенін еске салды. Бірі – XIV ғасырда өмір сүрген Тоқтағұл Сайдауұлы, екіншісі – 1864-1933 жылдары өмір сүрген Тоқтағұл Сатылғанов. «Тоқтағұлдай ыршыны айт, Толыбайдай сыншыны айт» деген мәтелге бергісіз екі жол өлең осы екі Тоқтағұлдың алғашқысына арналыпты. Сонымен қатар, ғалым Тоқтағұл Сатылғановтың қырғыз елінде ғана емес, түркі әлеміндегі орны бөлек екенін айрықша атап өтті.

Конференцияда толымды баяндама жасаған, Тоқтағұл мұрасын зерттеген ғалым Бауыржан Омаров ТҮРКСОЙ шығарған Тоқтағұл атындағы арнайы медальмен марапатталды.

Қырғызстанның мемлекеттік университетінен келген философия ғылымдарының докторы, профессор Мағира Амирдинова «Тоқтағұл Сатылғанов түркі мәдениетінің жарқын өкілі» атты баяндама жасап, «Тоқтағұл ақын дәстүрлі қоғамда халық ауыз әдебиетінде өзгеше идеологияны дамытқан адам» деп баға берді. 

Бұдан соң Дархан Қыдырәлі мырза Түркі академиясының жақында халықаралық статус алатыны жайлы сүйінші хабарды жеткізді. Әзірбайжан мен Түркия мемлекеттері Академияға халықаралық статус беру туралы құжатқа қол қойды. Енді Қазақстан мен Қырғызстан Парламенттері осы құжатты ратификацияласа, онда Академия түркі тілдес мемлекеттерге ортақ ғылыми дәрежелі мекеме болмақ. 

Конференцияның соңында қаты­су­шылар Тоқтағұл Сатылғанов мұрасын насихаттау және оның атына көше, мектеп беру туралы арнайы қарар қабылдады. 

Саламат САДЫҚОВА, Қырғызстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі, Қырғызстанның Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

Тоқтағұлмен жүздесу – академияны бітірумен бірдей болған

– Алдына жан салмаған, төкпе десе төкпе, күйші десе күйші, Тоқтағұл ақынымыздың 150 жылдық мерекесі түркі әлемінде тойланып жатыр. Жақында Түркияның Стамбұл, Анкара, Ескішехир қалаларында да Тоқтағұл ақынның мерейтойына орай өткізілген шараларға қатысып келген едік. Бүгін міне, екі ағайынның баласындай болған, екі көздей болған қазақ туғандарымыздың бас қаласы Астанада өтіп жатыр. Бүгінде әлемде мейлі қазақ, мейлі қырғыз болсын, Тоқтағұл атамыз арқылы болсын, Жамбыл, Абай ақындарымыз арқылы болсын, өзімізді-өзіміз біліп-тануға, танытуға міндеттіміз деп ойлаймын. 

– Тоқтағұл ақынның рухани мұрасы туралы не айтасыз?

– Тоқтағұл атамыздың ерекшелігі – қырғыз әдебиетінде алар орны бөлек, алдына жан салған емес. Мысалы, ол заманда төкпе ақындар үшін Тоқтағұл атамызға барып, көз көрісіп, қол алысу – академиядан диплом алғанмен бірдей болған. Ол нөсерлетіп, жаңбырдай төгіп, төкпе жырдан да алдына жан салған емес. Өзі қырғыз тілімен қатар орыс тіліне жетік болған. Елді езген бай-манаптарды тілмен түйреп, сынаған демократ ақын. Ал оның «Тоқтоғұлдың тоғыз қайырғы», «Мың қиял» деген күйлері талай жылдан бері мемлекеттік симфониялық оркестрінің, халық аспаптар оркестрінің репертуарынан түспей келе жатқан рухани мұра. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана