Жаңалықтар

Білім берудің жаңа сипаты

ашық дереккөзі

Білім берудің жаңа сипаты

 

Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алып отырған бүгінгі жастардың рухани-адамгершілік ұстанымдары жоғары, жан-жақты толыққан тұлға ретіне қалыптасуы үшін тәрбие жұмысының мазмұны мен түрлерін жандандыру қажеттігі аса айқын мәселелер қатарына жатады. Бүгінгі таңда жастармен тәрбие жұмысын ұйымдастыруда жалаң сөз бен ұранға толы формальді ұстанымдардың күні келмеске кетіп отыр. Себебі ашық ақпараттық ортада өмір сүріп отырған әрбір жас өмірдің ақ-қарасына толы хабарларға еркін қол жеткізе алады. Сондықтан жастардың жалаң ағымдар мен теріс пиғылы топтардың ақпарттық шырмауына түсіп, шалыс баспаулары үшін барлық жағдайды жасау аға буынға міндет. Ұлт данасы Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзі бар. Сондықтан, студент-жастардың бо­йына рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіруде, еліміздің ертеңін сеніп тапсыра аталын азаматтың тұлғасын қалыптастыруда университеттік қауымдастыққа жүктелер міндет жүгі ауыр. 

Қазіргі кезеңде, жоғарғы оқу орындарында ғылым мен білім берудің сапасын арттыру мен ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан кең көлемді өзгерістер мен реформалар тұрғысынан алып қарағанда тәрбие жұмысы саласында да жаңаша көзқарас пен жаңаша ұстанымдар қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Сондықтан да отандық білім мен ғылымының қарашаңырағы, биыл өзінің 80 жылдық мерейтойына қадам басқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің бұл саладағы тәжірбиесі өзгеше. 

Елбасымыз «дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деп атап өткендей, университетте ел ертеңін ұстайтын бүгінгі жастардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген заманауи тәрбие танымдарын сіңіру үшін жаңа бағыттағы, жаңа ұстанымдарға негізделген көзқарас пен нақты іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Солардың бірі тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы жобалық тұрғы. Яғни, белгілі бір мақсатқа жету үшін нақты міндеттері айқындалған, оның орындалу мерзімдері мен механизмдері анық көрсетілген, күтілетін нәтижелері нақты сипатталған біртұтас дүние болуы шарт. Осындай жобалардың бірегейі ретінде студент-жастардың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру мен дамытуға бағытталған «Айналаңды нұрландыр!», жастар бойындағы интеллектуалдық-рухани мәдениетін дамытуға негізделген «100 кітап», салауатты өмір салтын насихаттауды көздеген «Саламатты дене мәдениеті», қоршаған ортаны қорғау және онымен үйлесімді өмір сүруге жетелейтін «ҚазҰУ – жасыл қалашық» атты әлеуметтік-инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатқандығын атап өтуге болады. 

Сондай-ақ, жақын күндері, университеттік қауымдастық университет ректоры Ғалым Мұтанұлының тікелей бастамасымен «Al-Farabi university smart city» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. «Smart» сөзі ағылшын тілінен қазақ тілінен аударғанда «ақылды» деген сөзден гөрі мағынасы бойынша «парасатты» деген ұғымға жақындау. Жаңа жоба ұлы ойшыл әл-Фарабидің ерекше қала ойларына негізделген. Әл-Фараби өзінің трактаттарында әділ және ізгілікті қоғамды көрсетуге тырысып, оны қайырымды қала деп атағаны белгілі. Оның маңызды белгілері әмбебап рухани құндылықтарды және ізгілікті өмірдегі әріптестік жетістіктерді сипаттайды. Басқаша айтқанда жаңа заман талаптарына сәйкес жаңа форматтағы университеттер жоғары рухани және адамгершілік деңгейді меңгерулері қажет. «Al-Farabi university smart city» жобасы технологиялық және рухани-адамгершілік тұжырымдардың біртұтастығы негізінде ғылыми, білім беру және әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа тәсілін ұсынып отыр. Бұл дегенміз университеттің қазақстандықтардың жаңа буынын, озық технологияларды меңгерген, терең білімін ғылыммен, өндіріспен ұштастырған жаңа буындағы маманмен қатар, рухани-адамгершілік қасиеттері толысқан, болашақта Абай тілімен айтқанда «толық адам» категориясын құра алатын сапалы ұрпақ дайындауына негіз болады. 

Міне, осындай ұрпақ қана мәңгілік елдің ертеңін қалыптастыратын ұланы бола алады. «Мәңгілік ел» идеясына мұрат болған бұл құндылықтар бүгін ғана пайда болған жоқ. Ол біздің тәуелсіз еліміздің іргесін қалап, тұғырын нығайтқан тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік таңы атқан алғашқы кезеңнен бастап ұстанған сындарлы саясатының өзегінде жатты. Халқымыздың сан-ғасырлық тарихынан бастау алып, оның өн бойында сабақтасып жатқан бұл жалпыұлттық идеяны жүзеге асыру әркімге болса да абыройлы міндет. Сондықтан, тамыры терең қарт тарихымен сусындап, ұлттық құндылықтарын бо­йына сіңірумен бірге замана көшіне ілесіп қана қоймай, оның алдыңғы қатарынан орын алған жаңа буын ғана алдағы жетістіктердің кепілі болмақ. 

Меңдігүл Ноғайбаева, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

Тәрбие жұмысы жөніндегі 

департамент директоры