«Барыстар» боз кілемге қайта шықпақ

 «Қазақстан Барысы» жобасына
іріктеу турнирінің соңғы кезеңі ел аумағында қарқын алып келеді. Бүгінге
дейін финалға қатысатын спортшыларды Қызылорда және Павлодар облысы
анықтаған. Енді Жамбыл облысы мен Астана қаласында топ жарған
балуандардың есімі белгілі болды.

Жамбыл облысындағы
іріктеу тур­нирі ешбір балуанға оңай бол­ған жоқ. Себебі, іріктеу сынына
«Қазақстан Барысы» турнирінің 2012 жылғы жеңімпазы, «Eurasia Barysy»
халықаралық турнирінің чемпионы Бейбіт Ыстыбаев қатысты. Еліміздегі ең
беделді балуан бұл жолы да топтан қара үзіп шықты. Жамбыл облысындағы
іріктеу сынының финалында ол талантты балуан Дәулетхан Жақыповтан басым
түсті. Ал былтырғы «Қазақстан Барысы» додасының финалына шыққан Айдос
Теңгебаев үшінші орын алды.

Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақстан Барысы» турнирінің финалына қатысушы:


Іріктеу сыны, расында, оңай болған жоқ. Себебі, елімізде қазақ күресі
қанат жайып келеді. Талантты балуандар жетерлік. Бәсекелестік бар. Алла
қолдап, жеңіске жеттім. Енді Астанада өтетін финалға тыңғылықты дайындық
жүргіземін.

Осылайша, «Сарыарқа» велотрегінде өте­­тін
финалдық сында Жамбыл облысы­ Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақыповқа
үміт артады. Дәулетхан былтыр да ақтық айқасқа жолдама алған. Бірақ,
дзюдодан ұлттық құрама сапында Бүкіләлемдік Қазан Универсиадасына
дайындалу үшін финалдан бас тартқан еді. Енді Жақыпов екінші мүмкіндігін
құр жібермейді деген ойдамыз.

Астана қаласы да финалға
қатысатын үздіктерін анықтады. Елордадағы тартыс­ты айқаста «Малайсары»
деген бүркеншік есіммен танымал Арман Әбеуов қарсылас шыдатпады. Арман
былтырғы маусымнан сырт қалған болатын. Ал Астана намысын қорғайтын
екінші балуанның есімі – Нұрғали Байтарақов. Нұрғали «Қазақстан Барысы»
додасының финалына тұңғыш рет қатысқалы отыр. 

Индира Байсалбекова

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button