ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ: БҰЛ ИНТЕГРАЦИЯДАН КІМ ҰТАДЫ?
ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ: БҰЛ ИНТЕГРАЦИЯДАН КІМ ҰТАДЫ?
Еуразия экономикалық одағы турасындағы талқылаудан қазақтілді және орыстілді орта да қалыс қалып жатқан жоқ. Қазақтілді тараптың, оның ішінде елге белгілі саясаттанушылар мен ұлт жанашырларының, аталған одақ турасындағы ой-пікірі айтылып та, жазылып та жатыр. Бұл ретте осынау одақ турасындағы орыстілді ортаның көзқарасын білмек мақсатпен «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында Еуразия экономикалық одағының экономикалық әрі саяси сипаты әңгіме болған отырысына қатысып қайттық.
Отырыстың шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша, қазіргі күні осы одақ төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. «Бәрі-бәрі де ЕЭО-ға қатысты өз ойларын білдіруде. Біз бұл ретте одаққа біріккелі отырған үш елдің бұқаралық ақпарат құралдары «не жазып жатыр?» зерттеу жүргіздік. Осы мәселеге Қазақстан масс-медиасының назары ерекше екендігіне көз жеткіздік. Ал ресейлік ақпарат құралдарының қазіргі назары қайда екендігі өздеріңізге белгілі болар…», – деді ол бұл ретте. Саясаттанушының сөзіне қарағанда, Ресей мен Қазақстанның экономикалық өсімі көп жағдайда табиғи ресурстар экспортына тәуелді. Ал дамыған мемлекеттерде басқа талаптар, экономикалық өсім технологиялық жаңалықтармен олардың өндіріске кірігуімен, ғылыми зерттеулермен, білім саласындағы табыстармен өлшенеді. Яғни, мемлекеттің дамуы, табысы тек ЖІӨ-ның өсімімен өлшенбейді. «Біздегі экономиканың ең үлкен кемшілігі, дайын өнім өндірмейміз. Ал дайын өнім өндіру үшін ғылыми-технологиялық кешенді бағдарлама керек. Ал мұндай бағдарламаны жүзеге асыру үшін бірнеше мемлекеттің күш-қуаты жұмылғаны жөн. Меніңше, ЕЭО осыған септесетін болады», – деді Полетаев өз сөзін қорытындылай келе. Қазақстандағы шекаралық әріптестік Ассоциациясының өкілі Марат Шибұтовтың пікірінше, қазіргі қазақстандық қоғамда осынау интеграция турасындағы пікір әрқилы. Себебі, осынау одақтың оң тұстары, болашақ перспективалары жайында аз айтылып жүр. Айталық, «Стратегия-2050» бағдарламасының бағыт-бағдарына халық қанықты. Болашағы бар жоба екеніне көз жеткізді. Еуразиялық одаққа да осындай бағдардар, осындай бағыт қажет. Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастары факультеті халықаралық байланыстар мен әлемдік экономика кафедрасының профессоры Ғалия Мөукебаева: «Одаққа қатысты сан түрлі ақпарат негізінен Қазақстанда тарауда. Бұл ретте еураоптимистер мен еураскептиктер тобы қалыптасты. Бірақ, меніңше, дәл әзіргі күні экономикалық интеграцияның қажеттілігін барлығы түсініп отыр. Дегенмен, бұл процесс тек мамыр айындағы келісімшартқа қол қоюмен шектеліп қалмайды», – деді. Ал «Zonakz.net» интернет-басылымының шолушысы Владислав Юрицын одаққа жаңа мүшелерді қабылдауда он ойланып, жүз толғанып барып шешім шығару керек екендігін тілге тиек етті. «Біз алға тартқан талаптарға сәйкес келмеген елдерді өз қатарымызға қабылдауға тосқауыл қоя білуіміз керек», – деді ол. Сондай-ақ, саясаттанушы Андрей Чеботарев: «біз одаққа кіргісі келген кез-келген мемлекетті електен өткізіп барып, бірақ қабылдауымыз керек» деген пікір білдірді. «Егер біздің талапқа сай келмесе, ендеше бас тартқанымыз жөн. Бұған бір ғана Еуроодақтың өзі анық дәлел. Бір кездері ЕО өз қатарына ұйым талабына сай келмейтін бірқатар мемлекетті қабылдап алды. Мысалға, Грекия. Күні кеше ғана Еуропаның бірқатар ақпараттық басылымдары «Грекия Еуроодаққа кірер тұста оның біршама шарттары Копенгаген талаптарына сай келмеген» деген ақпарат таратты. Меніңше, болашақта одақ құрамына енетін елдер алыстан келмейді. Бұл не Армения болмаса Қырғызстан мен Тәжікстан болуы мүмкін», – деді осы орайда Чеботарев. Ал жиынды қорытындылаған «Алмагест» консалтнигтік компаниясының бас директоры Айдархан Кұсайынов, Қазақстан осы одаққа кіретін болса, есесін жібермеуі керектігін, ал есемізді жібермеу үшін келісімшарттың әрбір талап-ережесіне мұқият көз жүгірту керек екенін атап өтті.