Жаңалықтар

«АТАҢ ЖЕМЕГЕН АСТЫ АУЗЫңА АЛМА» ДЕП...

ашық дереккөзі

«АТАҢ ЖЕМЕГЕН АСТЫ АУЗЫңА АЛМА» ДЕП...

«Бақыр қазан қайнаса, баршамызға несібе». Бірақ бақыр қазанның ішіне кім үңіліпті немесе қазан ішінде қандай тағам бар? Халқымыз заманмен келді, арзан, шетелден енді деген тағамның бәрін жатсынбай тұтынады. Елімізге кірген азық-түлік жарамсыз деп танылып, шетелге қайта жіберілген емес. «Атаң жемеген асты аузыңа алма» деген нақылдың, сірә, тағлымы осы заманға лайық.

  Бразилия еті бал тати ма?

Кезінде Мәскеу мен Санкт-Петербург марқасқалары етті қазақ даласынан арнайы алдыртатын деседі. Себебі, шөбі шүйгін дала малының еті мен сүті бал татиды деп білсе керек. Қазақ жерін ел қалмаған жапанға айналдырған қос ашаршылық кесапатына дейін Қазақстанда 40 миллионға жуық мал болса, 1933 жылдың соңында, билікке Мирзоян келген тұста небары 4 миллионннан сәл ғана асатын мал қалған. Белгілі тарихшы Талас Омарбековтің зерттеулеріне көңіл бөлсек: «Ет дайындау науқанында әрбір пұт ет есепке алынған. Үш жыл ішінде 36 миллионнан астам мал жойылса, соның 15 миллионнан астамы – Қазақстаннан тыс өңірлерге, ал 9 миллионға жетер-жетпес ет – ішкі қолданысқа жіберілді», – деп жазады. Елімізде мал басының азаюына себепші осы бір оқиға болса, екіншісі, 90-жылдары тәуелсіздік таңы атып, өз шаңырағымызға өзіміз қожа болғанда бар байлық пен дәулет құлаған империя қирандысының астында қалып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. 90-жылдар дағдарысы жұмыссыздық пен кедейлікке ұрындырып, малдың құнсызданғаны сонша, көп жерлерде бір бөтелке араққа бағаланды. 

Қазақтың бас тағамы – ет. Өмірі ат үстінде өтетін қазақ үшін еттен қуатты ас жоқ еді. Қазақты еттен айы­ру, қасқырды азығынан айыруымен тең деп отыратын қариялар. Басты байлығымыз – негізгі асымыздан алыстаған қазақ бүгінде етті қайдан алады? Шетелден ет келмесе қайтер едік дейтін күнге жеткен сияқтымыз. ТМД елдерінен, жақын шетелден тасысақ бір сәрі. Сонау мұхиттың ар жағынан ет әкелетініміз қалай? Олардың еті неге соншалықты арзан? Мұхит асып, кемемен, ұшақпен жеткізілген еттің жолпұлы есептелмей ме, әйтеуір Қазақстан облыстарынан жеткізілетін еттен екі-үш есе арзан. Мәселен, баршамызға белгілі «Алтын орда» іздегенің табылып, тілегенің алдыңнан шығатын, аңызға айналған құстың сүті де табылатын базар. Біршама арзан сиыр еті, қой мен жылқы еті де мол. Мұхит асып келген, мұздатылған еттің бір келісі – 500 теңге. Сонау Бразилиядан тоңазыған ет қапталып, осы күйде тасымалданады. Қаптамасының сыртында дайындалған мерзімі, жарамдылық мерзімі мен салмағы да көрсетіледі. Бірақ расында сол мерзімде дайындалған өнім бе? 

Бразилиядан келетін ет көбіне тонналап сатылады. Сондықтан қарапайым тұтынушының қолына тие бермейді. Қала асханалары, жартылай піскен тағам дайындайтын цехтар, ірі тағам өндірістерінің тұрақты тұтынатын ет өнімі осы – бразилиялық ет. Бұрынырақ ет орнына соя қосылып, ет алмастырғыш жиі салынатын. Ал бүгінде аты-шулы соя өнімдерін шетелдің тоңазытылған ет өнімдері алмастырып үлгерген сияқты. Бірақ іргедегі ауылда сойылған еттің бағасы қымбат та, шетелдікі – арзан. Оның құпиясы неде? Өздері ет жемей, қасқыр текті қазаққа арзан бағамен экспорттай ма деген сауал туындайды. Дегенмен оның еш құпиясы жоқ. Тек қана дәрінің көмегімен өсірілген, дәрінің көмегімен ет алып, салмақ жинаған тайынша еті. Өте қысқа уақыт аралығында дәрінің күшімен бордақыланып, жылдам ет алады. Осылайша қасапханадан бірден шетелге арзан бағамен экспорттала береді, өйткені өзін-өзі ақтайтын және көп күш, уақыт жұмсамайтын бизнес көзі жақсы жолға қойылған. Бұл тек Бразилияға ғана тән емес, басқа елдерден де астыртын және заңды жолмен-ақ тоңазыған ет көптеп жеткізіледі. Кейбір мәліметтерге сенсек, асханасы мен келушілері көп кәсіпкерлер арзанға ұмтылып, осындай етті асқа қолданады-мыс…

Тринбалон аЦиТаттан туған қауіп

Газетіміздің 1 наурыздағы са­нында «Шетелден ет келді деп қуанбайық» тақырыбымен басылған мақалада: «Ет экспортын дамыту мәселесі алға қойылған, бірақ ішкі қажеттілік үшін шетелден ет тасымалданады. Олай болса, импорттық өнім ағымын азайтумен, сондай-ақ экспортпен қашан айна­лы­самыз?» деген мәселе төңірегінде түйт­кілдер көтерілген болатын. Елі­мізге күні бүгінге дейін Украина, Польша, Канада, Бразилия, АҚШ, Ресей мен Парагвайдан ет импортталады. Тонналап таситын еттің көлемін азайту мәселесі бір­жақты шешімін тапқан сияқты. Кезін­де еттің отаны саналып, қазір етке зәру Қазақстанға ет таситын елдердің саны қисапсыз. Солардың қатарын азайтып, отандық өнімді көбейту мәселесі біртіндеп бері қарап келеді. Таяуда алкоголь, сондай-ақ басқа да шетелден әкелінетін азықтық тауарларға шектеу қойылып, кейбірін тіпті елімізге кіргізуге тыйым салынды. Оның ішінде Австралияның етін сатуға тыйым салынды. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Әлия Әлімбетова сырттан күмәнді ет өнімдерінің әкелінетінін де жеткізді. «Қазіргі кезде тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі шетелден келетін бірқатар тауарларға тыйым салды. Енді Австралиядан келетін сиыр етінің импортына тыйым салынады. Себебі, ол санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өтпей отыр. Оның құрамында адам денсаулығына қауіпті тринбалон ацитаттың мөлшері тым көп болып тұр. Бұл – өсу гармоны. Міне, сол себепті аталған ет өнімін Қазақстанға әкелуге тыйым салынып отыр», – деп атап көрсетті Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Қазақстан тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі нақты «Қара Ангус еті» сауда атауымен жеткізілген сиырдың салқындатылған етін әкелуге және сатуға уақытша шектеу енгізілгенін жария етті. Осы мәселеге орай депутат Светлана Романовская Премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. «Менің депутаттық сауалыма Қазақстан мен Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған мәлімет себеп болып отыр. Олардың деректеріне сәйкес, 2014 жылдың 7 сәуірінен бастап Ресейдің Мал дәрігерлігі және фитосанитария саласындағы федералдық бақылау-қадағалау органы Австралиядан әкелінетін тоңазытылған сиыр етін жеткізуге тыйым салды. Бұл – өнімнің құрамында ірі қара малдың тәбетін күшейтетін және бұлшық еттің тез өсуіне бағытталған, Кеден одағының нормалары бойынша тыйым салынған қуатты синтетикалық стероид – өсу гормоны тринбалонның табылуына байланысты. Сонымен қатар, Австралия Қазақстан Рес­пуб­ликасының ең ірі жеткізушілерінің бірі болып келеді. Кейбір мәліметтер бой­ын­ша, 2013 жылы жеткізілген ет 3,5 мың тоннаны құрады», – деді депутат. Орынды сұрақтың жауабы әлі дайын емес. Дегенмен сатылымға шығып, сауда нүктелеріне қойылып үлгерген ет өнімдерін зертханалар қалай өткізіп жіберген? Бұған сыбайлас жемқорлық жол берген сияқты. 

Ветеринарияда ірі қара малдың бұлшық етін өсіру үшін қолданылатын дәрінің адам денсаулығына жанама, зиянды әсері көп. Бұл зертханаларда бекітіліп, дүниежүзілік стандарттарға енген талап. Десе де, ветеринарлық дәрі-дәрмекті асыра пайдалану ет сапасын бүлдіріп қана қоймай, адам денсаулығына аса қатерлі болады. Ендеше елімізге жеткізілген ет өнімдері қандай күштің көмегімен сатылымға шығарылды?! 

Қазақстан Еуроодақ мем­лекет­терінен ірі қараны әкелуге тыйым салды. Ауыл шаруашылығы Министр­лігінің басқарма бастығы Гүлнәр Нокина жыл басында жалпы саны 27 мемлекеттің ет өнімі шекарадан өтпейтінін мәлімдеген болатын. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес, мал етінен жасалатын азық-түлік шикізатын дайындау кезінде ветеринариялық препараттарды (жемдік қоспалар, жануарларды өсіру стимуляторын, ветеринариялық дәрілік заттарды) пайдалануға рұқсат етілмеген. Себебі, Еуропада Шмаленберг вирусының таралуы тоқтамай тұр. Сонымен қатар, Қазақстан аумағына Африка елдерінен және Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерінен ет өнімдерін әкелуге тыйым салынған. 

Еліміздегі ет өңдейтін кәсіпо­рын­дарға шикізат тек Ресей, Беларусь, Аргентина, Бразилия, Канада және Моңғолияның екі аймағынан тасы­малдануға рұқсат етілген. Ал асыл тұ­қымды ірі қараны қазақ жеріне жеткізуге тек бір елге ғана мүмкіндік беріліпті. Ол – Австралия. Австралия­дан әкелінген етті саудалауға тыйым салынады да, тірі малдан тұқым алуға рұқсат етіледі. Бұл да түсініксіз жайт. 

Аурудың ордасына айналған базар

Алматы қаласының батыс тасжо­лындағы «Алтын орда» базарында үлкен ет павильоны бар. Бүкіл Алматы қаласының халқы арзан және біршама сапалы етті осы павильоннан алып жатады. Қаласаң көзіңше-ақ сойып, жіліктеп береді. Қолдарында малдың құжаты, еттің жарамдылығы және ауруы жоқтығын дәлелдейтін қағаздары да бар. Бірақ осы құжаттардың берілуі де күмәнді сияқты. Бүгінде бұл да бір үлкен бас ауруына айналып отыр. Жұрттың айтуынша, қолдан құжат жасатып, ауру мал мен өлген малдың да еті сатылымға түсіп жатса, таңқаларлық емес. 

Жуырда бір келеңсіз әңгімені құлағымыз шалып қалды. Әдетте базар маңының әңгімесі мен аңыздары көп қой. Алайда ет төңірегінде пайда болған түрлі қауесеттер көңілге қаяу салды. Бруцеллез ауруымен ауырған малға шалғай елді мекендерден құжат жасалып, етті республиканың түкпір-түкпіріне тарататын көрінеді. Бұл жұқпалы дерттің ас пен ауа арқылы адамға да жұғатыны белгілі. Соны біле тұра сатуға шығаратын кімдер?.. 

Ауру мал туралы айтқанда, жұрттың көбі алаңдайтыны белгілі. Солтүстік Қазақстан облысы Полтавка кентіндегі шаруалардың 700 бас ірі қарадан бір күнде айрылып, Шмаленберг дертінің зардабын көргені мәлім. Австриядан әкелген ірі қараның біреуі – 2,5-3 мың доллар. Бұл бағаға елімізде етті, сүтті болмаса да, қараған адамның көзі тоятын 2-3 бас ірі қара алуға болар еді. Шмаленберг дерті Австрияда пайда болғаны дәлелденді. Ірі қараға да сол жақта жұққаны да дәлелденді. Алайда отандық және австриялық зертханалардың бәрі бұл вирусқа көзін жұмып, ірі қараның барлығын сап-сау деген құжатпен шекара асырған. Тағы да жемқорлықтың көлеңкесі қылаң беретін сияқты. Ең бастысы, Австрия тарапы да, ауру малды сатқан делдалдар да өтемақы төлеген жоқ. Ал мұны тегін қалдырмаймыз деп айбат шеккен Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге жұмған аузын ашпауда. 

Республика аумағындағы малдың басым көпшілігі орталық және солтүстік облыстарда. Дәл осы облыстарда жыл сайын бруцеллез ауруы жиі тіркеліп, мал мен адам баласына жұғатындығына статистика дәлел. Десек те, шенеуніктер малынан айрылғысы келмеген шаруаны кінәласа, шаруалар дер кезінде екпе салмады деп, дәрігерлерге кінә артады. Мәселен, биыл наурыз айында Қарағанды облысында ірі қара мен ұсақ мал бруцеллезі тіркелген, сондай-ақ осы дертке шалдыққан 4 адам аурухана төсегіне таңылған. Ауыл халқы әлі күнге мүлдем бейқам. Сақтанбайды да. Сорақысы сол, қаңтар, ақпан айларында белгілі болған ауруды жасырып келген. Сірә, қала базарларына, қара базарларға түсетін ет алыстан емес, осындай бруцеллез ошақтарынан әкелінетін сияқты. Бір сөзбен айтсақ, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі». 

Көшеден тамақ татқаның, қауіпті кесел тапқаның…

Батыстан енген «фаст-фуд» – жылдам тамақ денсаулыққа қаншалықты зиянды? Ал қаланың әр бұрышындағы асханалар тағамының пайдасы басым ба, әлде зияны ма? Көше тамағының қай-қайсысы да адам денсаулығына қауіп төндіреді дейді мамандар. Мейлі, гамбургер, майлы да ащы дүнген тағамдары, газдалған сусындар мен түрік кебабтары да асқазанның жауы. Бұл қаншалықты рас? Бір кездері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай боп жапондық ресторандар қаптап кеткен еді. Біртіндеп олардың саны азайды, бірақ итальяндық пицца- барлар шыға келді. Бұлардың бірде-біреуі түрік асханаларының шаңына ілесе алмайды. Аталмыш мекемелердің кейбірі тез жабылып қалса, кейбірі қанатын кеңге жайып, жаңа нүктелерін аша бастаған. Өзбек тағамдары да қалалықтардың жүрегін жаулап алғандай. Әл-Фараби даңғылының бойында өзбек асханалары бағасымен де, тағамымен де қонақтарды магнитше тартып тұр. Адамдарды көшеде тамақтануға мәжбүрлейтін уақыттың тығыздығы ма, қалтаның таяздығы ма, әлде өзгенің қаңсығына құмарлық па?

Жедел пісірілген тағамдар асқазан-ішек жолдары айналымының бұзылуына түрткі болуымен қатар, ең бастысы – туберкулез ауруларының басты ошағы. Санитарлық талаптардың сақталмауынан түрлі ауру қоздырғыш микробтар мен бактериялар ағзаға түсіп, одан әрі жайлы орында өсіп-жетіліп, көбейе береді. Көше бойындағы саудаға тосқауыл қою, оның тазалығына кепілдік беру тек санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті қызметкерлерінің ғана жұмысы емес, сайып келгенде, жергілікті атқарушы биліктің басты міндетіне айналса құба-құп. Құрамында түрлі тұздықтар мен дәмдеуіштер молынан тоғыстырылған хот-догтарды айтпағанның өзінде, қазіргі аулаларға таң ала боздан әкелініп, жабайы түрде сатылатын сүт өнімдері де алаңдатады. Сол аулаға сүтті әкеліп, сатып тұрған сүт иесінің сиырына екпе салынды ма, сүттің құрамында бруцеллез қоздырғыштар бар ма, әлде жоқ па, ешкімнің шаруасы жоқ. Әркім қаржысын неғұрлым үнемдеп, арзан сүт алсам деген ниетін жүзеге асырғысы келеді. Айналып келгенде, мұның бәрі адамдардың өз денсаулығына деген немқұрайлылығы, сауатсыздығы, салғырт-салақтығы. 

ҚР ДСМ Мемлекеттік сани­тар­лық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті көшелердегі тағам өнімдерін сататын орындарға қатысты қандай да бір арнайы бұйрық бермейді. Бар болғаны санитарлық эпидемиологтар аптасына бір рет арнайы рейдтер ғана жасайды. Антисанитарлық жағдайда сауда жасайтындарға айыппұл салып, акт толтырады. ҚР 2001 жылдың 30 қаңтарындағы №155 «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 165-бабында көрсетілгендей «Белгіленген жерлерден тыс орындарында сауда жасау» қызметіне ескерту жасау немесе айыппұл салуға Ішкі істер органдары ғана міндеттей алады екен. 

Қазақстандағы өзге ұлт тағамдарының көпшілігі сондай, ұлттық асхана қайда қалды дейсің еріксіз. Ұлттық тағамдарды арнайы іздейтін жұрт бар ма осы? Жалпы бағасы қолжетімді ме? Осы орайда өте қымбат бағада қызмет жасайтын «Жеті қазына», «Жерұйық» мейрамханалары ғана еске түседі. Әрине, бұл мейрамханалардың қызметін жергілікті байлар мен шетелдік қонақтардың ғана қалтасы көтереді. 

Қазір мерзімінен аспаған, табиғи құндылығын сақтау үшін қосылған химиялық қосылғыштары бар тағамдар ғана сауда нарығын жаулап алған. Осылардың арасында гендік модификацияланған өнімдер де бар. Мысалы, соя, рапс, жүгері, папайя, қант қызылшасы осы қатардан. Дүниежүзінің ғалымдары модификацияланған өнім туралы екі пікірде. Бірі гендік дәрілердің ағзаға зияндығын дәлелдеп бақса, бірі адам үшін таптырмас ас деп біледі. Ал Қазақ тағамтану академиясының төрағасы Төрегелді Шарманов гендік өнімдердің зияны шамалы деген пікірде. «Негізі оның еш зияны жоқ дүние. Көпшілік қате ойлайды немесе кейбіреулері әдейі қателестіреді. Модификацияланған өнім – ішінде пайдалы дәрумендері көбейтіліп, жақсартылған өнімдер. Ол қалай алынады? Әртүрлі организмдерді реттеп, ең жақсы дүниелерін жинақтайды. Ол сыртқы зиянды әрекеттен сақтау үшін әсер етеді. Негізі, оның адам ағзасына қабылдайтын әсері ғана бар. Ал әсер ететін түрлендіру факторы сыртта қалады, ішке кірмейді. Көпшілігі «ГМӨ генетиканы өзгертеді екен» деп адастырады. Ол ешбір дәлелдеуге келмейтін, дәлелдеу мүмкін емес жалған ұғым. Мысалы, Америкада соя бұршағының 70 пайызы генді модификацияланған. Мұндай тамақтарды Америкадан артық ешбір ел дайындамайды. Тамақтың көптеген түрлерін тек Қытай, Жапония, Корея жасайды. Америкалықтар – өз денсаулығын күту, сақтау жағынан алдына жан салмайтын халықтардың бірі. Олар ғылыми жолмен әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға мұқият қарайды, арнайы ұйым да жұмыс істейді. Америкада өсімдіктер жылма-жыл өсіп жатыр, жиырма жылдан асты, әлі бірде-бір зиянын көрсеткен ғылыми дерек жоқ. «Генді модификацияланған өнімдерді пайдаланамыз» деп Елбасының өзі айтты емес пе? Ендеше, оны жай айтқан жоқ, ғылыми деректерге сүйеніп барып айтып отыр». 

Уланудың көпшілігі көше тамақтарынан болады. Республиканың қай аймағын алсаң да көше базары, жайма сауда орындары етек алып, дамып отырғаны құпия емес. Оларды тексеретін тек учаскелік полицейлер ғана. Онда да салығын төлеген «жабайы» саудагер қалаған асын сата алады. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе қаласының «Орталық базар», «Алтай» ЖШС базарларының маңайында жайма сауда орындары тіркелген. Бұл аталған жабайы сауда орындары халық денсаулығына қатер туғызатын (шығыс салаттары, сүт және сүт өнімдері, ет және ет өнімдері және т.б.), санитарлық талаптарға сай емес тағамдар сатқан, қала халқының денсаулығына зиян келтірген. Атап айтсақ, былтыр 12 тағамнан уланудың, 32 рет ішек ауруларының, 3 рет сары ауруының жағдайлары тіркелген. Аурудың туындауына себеп болған тағамдар – корей салаттары, сүт және сүт өнімдері. Сонымен қатар, көшеде сатылып жатқан шикі сүттің зертханалық зерттеуден өткен 80 сынамасының 9-ында сары ауру жасушаларының бары расталған. 

«Ауру астан» екені белгілі. «Атаң жемеген асты аузыңа алма» деп бекер айтылмаса керек. Улану фактілері балабақшадан бастап мектеп, оқу орындары мен түрлі мекеме асханаларынан алыстамайтын болды. Тіпті, құзырлы орган өкілдерін маңайына жақындатпайтын мейрамханалар да бар. «Крышалары» мықты шығар. Өздерін шағын және орта кәсіпкер деп атайтын кейбір мейрамхана басшылары шағын және орта бизнес қызметін тексеруге жарияланған мораторийге орай, мейрамханада зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін прокуратураның арнайы рұқсатын сұратуда. Мәселен, жуырда Қостанайдағы жапон тағамын ұсынатын мейрамханада бір мезетте дәм татқан 13 тұрғынның денсаулығы күрт нашарлап, қалалық ауруханаға жеткізілген. Уланғандардың қатарына тағы 3 адам қосылған. Жаппай ауруханаға түскен жандарға дәрігерлер «ішек инфекциясы» деген диагноз қойған. Полиция аталған дерекке орай қылмыстық іс қозғады. Бірақ облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін дәмхана қожайындары тек әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Бұл – жазаны айыппұлмен өтеп, күдікті теңіз тағамдарын одан әрі сатып, шаруаларын дөңгелете береді дегенді білдірсе керек. 

Көше тағамы қатарына нан өнімдерін де жатқызуға болады. Көше бойын жағалай орналасқан және базардағы сатушылардың наны жұмсақ, хош иісті. Бағасы да қымбат емес. Бірақ осы нанның қандай санитарлық жағдайда пісірілетіні белгісіз. Мәселен, дүкендерге жеткізілетін тандыр нанның басым бөлігі жертөледе пісірілетіні айқындалған. Шекара асқан өзбек ағайындардың көбі наубайханада жұмыс істейтіні де таңқаларлық жайт емес. Улану фактілері осындай жағдайда пайда болмай ма? Мәселен, Алматыда, Астана және Петропавлда соңғы айларда нан ішінен егеуқұйрық құмалағының шыққаны тіркелген. Мұндай шағымдар өте көп. Түптеп келгенде жауап беретін адам жоқ. Нан бағасы бірқалыпты, оған да тәубе. Бірақ жекелеген облыстарда нанның бағасы біртіндеп қымбаттап келеді. Мәселен, күні кеше «Ақтөбе-нан» компаниясы шығаратын «Ұлттық» деп аталатын нан бағасы бес теңгеге көтерілген. Бұған ұнның қымбаттауы себеп көрінеді. «Өйткені «ұлттық» наны жоғары сұрыпты ұннан дайындалады. Бұрын 48 теңгеден сатылса, енді оның бағасы 53 теңге», – дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысы Анар Даржанова. Мәселе нанның қымбаттауымен тынса игі дейді жергілікті халық. Себебі, нанның бағасы тұрақты болғанымен, салмағы біраз жеңілдеп қалғаны байқалған көрінеді. 

Бұл мәселе Алматыға да жат емес. Қалада «Ақсайнан» монополиясымен қатар, ірілі-ұсақты нан жеткізуші немесе көшеде сатушы кәсіпкерлер бар. Жыл басында нан бағасы 60 теңгеден аспайтыны туралы ресми түрде жарияланды. Бағаны қымбаттатпас үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» астық өңдейтін компанияларға астықтың әр тоннасын 30 мың теңге деп жариялады. 

Сүт ішуге жарамды ма?

Кезінде «Шадринский сүтінің» сыртында жазылған «Ресейде қолдануға жарамсыз» деген жазуы ұзақ дау-дамайға ұласып еді. Мұндай жазуы бар консервіленген сүттер Қазақстанға экспортталып, отандық нарықта еш кедергісіз сатылып жүрді. Кейіннен осынау жазуға қатысты «Шадрин» компаниясы түрлі сылтау айтып бақты. Дегенмен сатылымнан сол сүтті ешбір орган алып тастай алған жоқ. Бүгін де кез келген дүкен сөрелерінен оп-оңай табуға болады. Сүттің құрамын айтпаған күннің өзінде ұзақ уақыт сақталуы үшін консервіленуі оның ағзаға қатерлі екенін байқатса керек. Ұнтақ ерітінділерінен жасалатын сүт өнімдері елімізге көптеп кіргізіледі. Оның ішінде Ресей, Украина, Беларусь, тіпті Қырғызстан сүт өнімдері де сатылымға жіберіледі. Сүт неғұрлым алыстан тасымалданса, ұзаққа сақталуы үшін соғұрлым көп химикат қосылады. Сондықтан отандық өнімді тұтыну экономиканың дамуына да, адам ағзасына да пайдасы зор. 

Қазақстанға Ресейден жет­кі­зі­летін күмәнді азық-түлік тізімі ұшан-теңіз. Жуырда солардың бір­талайына тыйым салынды. Мысалы, ҚР Тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау агенттігі Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін «Орелпродукт» ЖАҚ өндірісі (Ресей Федерациясы), «Паштет нежный из говяжьей печени «Мясной двор» ет консервісін Қазақстан Республикасының тұтынушылық нарығына өткізуге тыйым салды. Ет өнімдерінің сапасын анықтау мақсатында жүр­гізілген санитариялық-эпиде­мио­логиялық сараптама кезінде жоға­рыда аталған өнімде шошқаның ДНК-сы анықталды. 

Ресейдің Кедендік одақ ар­қылы ашық шекарамен өткізетін тауар­ла­рының барлығын жіті тексеру қажет екені бүгінде толықтай айқын­далып отыр. Орыстар өздері пай­даланбайтын сапасыз азық-тү­лік тауарларын бізге көптеп өткізе бастағаны белгілі болды. Жалпы, олардың жарамдылығы, пай­далылығын тексеретін зертхана­лар­дың өзін тексерген абзал болар…

Сүт өнімдерінің күдікті құ­ра­мы қолдың сүтін алуға итер­ме­лейді. Көпшілік ауласына таң сә­ріде жеткізілетін сиыр сүтін өз ыдыс­тарымен сатып алып жатады. Қораптағы сүттен бағасы арзан, тиімділігі де жоғары, әрине. Алайда құрамы қандай? Сиырдың екпелері уақтылы салынды ма, құжаты бар ма деген сұрақ ешкімді алаңдатпаса керек. Десе де академик Шарманов мырза стерильденген сүт пен майдан сапасы жақсы деп біледі. «Сексен пайызға дейін құнарсыз, өйткені сары май сүттен жасалады ғой, сүттің өзі стерилизацияға түседі. Олар стерилизацияланған деп мақтанып тұрып жазады. Стерилизациядан өткендері сол – пастерленген, ультрапастерленген деп жазылып жүрген сүттер. Қаймақтың да қасиеті өзгеріп кеткен. Оның құрамындағы өзгеріс ағзаға қауіпті. Мұны айтсам, ертең олар мені жау санауы ғажап емес. Мысалы, жақсы сүттен жасалған тамақ 3-4 күннен артық шыдамай бұзылады. Ал стерилизациядан өткені айлап, жылдап сақталады. Оның еш жақсылығы жоқ. Сақтау үшін жақсы шығар, себебі, бактериясы жоқ, ал шын мәнісінде құрамы қауіпті. Жалғыз биенің сүті ғана сауған бетте ішуге жарамды, стерильдеуді қажет етпейді», – дейді. Бірақ бие сүті мен жылқы етін қалтасы көтеретіндер көп пе?!. 

 Қазір Қазақстанда жылына 5 миллион тоннаға жуық сүт сауылады екен. Оның ішінде экспорт көлемі 22 мың тонна болса, импорт 903 мың тоннаны құрайды. 

Ақниет ОСПАНБАЙ