Жаңалықтар

КСРО-НЫ КӨКСЕГЕНДЕРДІҢ КӨЛІК ШЕРУІ

ашық дереккөзі

КСРО-НЫ КӨКСЕГЕНДЕРДІҢ КӨЛІК ШЕРУІ

Украинадағы соңғы оқиғалар өзге мемлекеттердегі орыс ұлты өкілдерінің көкейінде сөніп жатқан империяшылдық пиғылдарын оятқан сынды. Бұл жағдай Қазақстанның орыс диаспорасы басым облыстарында да нақты көрініс таба бастағандай.

Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Қарағандыда бір топ зейнеткер Қазақстанның келмеске кеткен Кеңестер одағына қосылуын қолдау жөніндегі референдумды қайта өткізу жайында бастама көтеріп, бейбіт шеру өткізген болатын. Ал Жеңістің 69 жылдығына орай берілген демалыс күндері Петропавл мен Орал қалаларында қаланың қақ ортасын жарып өткен автошеру тәуелсіз елдің аумағына сепаратистік пиғылдағы өзге мемлекеттің азаматтары басып кіріп, өзге елдің туын тігіп, сайран салғандай әсер қалдырды. Автошеруді кім ұйымдастырғанын, оған кім рұқсат бергенін ешкім білмейді. Алайда, әлгілердің не көксегені айқын.

 «31-канал» арнасының «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сұхбат берген бір орыс жігітінің «Біз Ресей үшін, біз Сталин үшін» деп таңдайы тақылдай қалуы да көп жайттан хабар бергендей. Бұл автошеруге қатысушылардың машиналарының төбесінде келмеске кеткен КСРО мен Ресей Федерациясының туы тұрды. Өзге елдің туын асқақтатып, орталық көшелерде сайран салу, беттері бүлк етпестен «Ресей үшін, Сталин үшін жан пида» деу сепаратистік пиғылды қоздыру емес пе? Жақында ғана Қазақстан Республикасында сепаратистік пиғылды қоздырушыларға қатаң жаза қолданылатыны жайында белгілі болған еді. Бұдан былай Қазақстанның тәуелсіздігіне күмән келтіріп, оның территориялық тұтастығын бөлшектеуге әрекет етушілер сот алдында қатаң жазаға ұшырайды делінген онда. Алайда пиғылы жаттар заңның бұл бабын көзіне ілетін емес. Олар сүйенетін иесінің күшті екенін білетін сыңайлы. Егер ондай арам пиғылдары жоқ болса, неге бізден іргесін 24 жыл бұрын бөлек салған мемлекеттің туымен ойқастап, қала көшелерінде ойнақ салады?

Яғни Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдар ішінде еліміздегі барша ұлтты бір тудың, бір ұранның және бір тілдің астына біріктіре алмадық, біріктіруге ұмтылмадық деген сөз. Керісінше, унитарлы мемлекет екенімізді естен шығарып, елде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады деп жаһанға жар салумен әлек болудамыз. Елдегі ұлттарды қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарының төңірегінде топтастырудың орнына, жыл өткен сайын өзге мәдениеттерді насихаттау­ды күшейте түстік. 

www.inosmi.kz сайтында Қайрат Қазақбаевтың «Почему «никто из тех, кто у власти находится, не отдал своего ребенка в казахскую школу»?!» атты мақала жарық көрді. Мақала авторы елдегі тілдік саясатты талдай отырып, мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 24 жыл өтсе де, оның елді топтастырушы рөлге ие бола алмағанының сырын іздеп көреді. Қайрат Қазақбаев елдегі басқарушы элитаның мемлекеттік тілдің рөлін аяқасты етуінің ақыры осындай дәрежеге жеткізіп отыр деген ой түйеді. Осы жылдар аралығында билік тізгінін қолына ұстаған адамдардың көбі балаларын мемлекеттік тілдегі мектептерге бермеген. «Бір жағынан қазақ ұлттық қозғалыстарында ұйымдастыру құрылымы мен лидерлерінің жоқтығы, бастамаларының жоқтығы рас. Неге олай? Өйткені бүгінгі Қазақстанда ТМД өлшемі бойынша, бай, қолында ақшасы бар, ресми саясатқа ықпал етуші және шешім қабылдауға қабілетті адамдар қазақтың ұлттық саясатын қажетсінбейді, оған мүдделі де емес. Бұл, әрине, қызық жағдай. Қазақтар елдегі тұрғындардың үштен екісін құрайды. Демек билік үшін күресте демократиялық ойын ережесі бойынша саяси күштерге ықпал ете алатын деңгейге жетті. Бірақ, шындығында саясаткерлер де, мемлекеттік қайраткерлер де мемлекеттік тілді қолдауға, қазақ ұлтының ұлттық сезімдерін алға сүйреуге ешқандай қадам жасамай отыр. «Қазақстандық ұлт» идеясы осыдан туындап отыр», – дейді ол. 

Мақала авторымен келіспеске шараң жоқ. Елдегі ұлттық саясатты «көп ұлтты, көп этносты», «ұлтаралық татулық» деген жалаң ұранмен реттеуге тырысқанымен, оның тамыры тереңдеп бара жатқанын, әрі мемлекеттің иесі, титулды ұлт – қазақтардың ашу-ызасының артып бара жатқанын түсінуге болады. Жалпы ішкі ахуал мен жағдай түсінікті болғанымен, ұлттық проблеманы шешуге құлықты ешкім жоқ сияқты. Ал соңғы болып жатқан оқиғалар жергілікті ұлттың ашу-ызасын тудыру мақсатында әдейі жасалып жатқандай әсер қалдырады. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ