ИСЛАМДЫ НАСИХАТТАУДА БАҚ-ТЫҢ РӨЛІ ҚАНДАЙ?
ИСЛАМДЫ НАСИХАТТАУДА БАҚ-ТЫҢ РӨЛІ ҚАНДАЙ?
Медицина ғылымында плацебо деген түсінік бар. Науқасқа шипа ретінде дәріні емес… дәрі деп емдік қасиеті мүлдем жоқ, басқа дүние береді. Дертті адам оны дәрі деп сеніп қабылдағандықтан да, дереу жазылып кетеді. Сонда мәселе сенімге тіреліп тұр екен. Әлемнің мен деген ғалымдары 1700-жылдан бері осыны түсіндіруге сөз, ұғындыруға ой таппай жатыр.
Бірақ, бұл – Алла тағаланың қалауымен ілуде бір адамның сырқатын сылып алатын сый. Әйтпесе, сол дәрі шығарып жатқан фармакология, ота жасап жатқан хирургия, жалпы медицина дамыған үстіне дамып жатыр. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының миссиясы да осы плацебоның аржақ-бер жағында тұр. Қалайша? Біздің балаларымыздың таңертең қандай йогуртты ішуінен бастап, өзіміздің қай депутатты таңдайтынымызға дейінгі қалаудың бәрін БАҚ қалыптастыруда.
Қоғамдағы кез келген саяси-әлеуметтік процесс масс-медианың қатысуынсыз өтпейді. БАҚ адамның санасына әсер етудің, қалаған эмоцияңды тудырудың, қалаған басқару моделін жасаудың ең төте жолы болып отыр. Сондықтан да, БАҚ деген жерде енді «төртінші билік» деген теңеумен бірге оның «сананы басқару» деген синонимы да қатар жүреді.
Бірақ, осы БАҚ біздің рухани қажеттілігімізді қанағаттандыруға келгенде жүрегіңнің нақты қалаған дүниесін тауып бермей, жанамалап, әсері тез қайтатын, әсіреоңғыш дүние беруге шебер. Кәдімгі дәрі орнына алдап дәрумен берген адам сияқты…. Бұның себебін әлемдік саясаттың жықпылынан іздей беруге болар. Өйткені рухани қанағаттанған қоғам қарасы мен ханының орнын айқындап, сананы жаулауға бағытталған ақпараттық экспансияға шыдас береді, сырттан таңылған стандарттар мен сәнге, тұтынушылық қоғамның трендтеріне ілеспейді.
Енді мына түйткілдерге назар аудармаса болмайтын шығар. Бүгінгі таңда БАҚ өзіне тән 3 функцияның екеуін ғана адал атқарып отыр.
Біріншісі – ақпараттық. Бұл жағынан БАҚ-тың қызметіне мін тағу орынсыз. Төтенше жағдай, төңкеріс орындарынан тікелей эфирден бастап 24 сағат жаңалық тарататын нон-стоп арналарға дейін бар. Екіншісі – көңіл көтерушілік. Бұл БАҚ-тың туабітті қағидасындай болып кеткенін спорттық шаралар мен түрлі концерттер, таланттар сайысы, ток-шоу, әншімен сұхбат, әншімен ас пісіру секілді гламур хабарлардың тым көптігінен байқайсыз.
Ал ағартушылық деген БАҚ-тың үшінші функциясы көбіне National Geographic арнасынан арыстан мен жемтіктің арасындағы драманы көрсетумен шектеледі. Бұл да жақсы, әрине, бірақ БАҚ-тың ағартушылық функциясы жаһанданған мультимәдениет жағдайында әр ұлттың өзіндік сипаты мен салт-санасын сақтап қалуында көрінуі керек секілді. Бұған, әрине, дін де кіріп кетеді. Күннің көзін алақанмен жаба алмайтының секілді, БАҚ-тың қиратушы күшін жасампаз күшке бұруға әбден болады. Себебі, БАҚ – бар болғаны құрал. Оның бағытын анықтап, бетін түзетін дүние – оны жасайтын адамдардың мүддесі…
Қазіргі оқырман, тыңдарман, көрермен – тым еркін, ақпаратқа тым қанық, өте талғампаз. Мысалы, бүгінде қарапайым бір адам 17-ғасырда өмір сүрген адамның ғұмыр бойы жиған ақпаратын 1 айда алады және қорытып үлгереді. Фэйсбуктың өзіне ай сайын 30 миллиард жаңа ақпараттың көзі шығады. Ютуб желісіне әр минут сайын 72 сағаттық бейне жүктеледі, ал Ютубтың бар қолданушысы бір айда 3 миллиард сағаттық (!) бейнені көріп шығады.
Ал ақпараттың тым көп болуы теледидардан алыс, интернетті қолданбайтын адамның өзінде жаманды-жақсылы талғам қалыптастырды. Сіз енді оған 80-жылдардың пленкасына түсірілген, бір ракурстан алынған, бейнекоррекция жасалынбаған тарихи бағдарламаны көрсете алмайсыз. Себебі, ол салыстыра бастайды. Шетелдің балама хабарларымен. Сәйкесінше, ұлттың этноидентификациялық ерекшеліктерін ұлықтайтын материалдар жаңа форматта, креатив жолмен тұтынушыға ұсынылмаса, оның әсер ету коэффициенті көбіне-көп өте аз болады. Бірақ, ең бастысы, БАҚ-тың ағартушылық функциясы өзі бағдарға алған аудиторияға қажетті ақпаратты сүзіп отырумен айрықшаланады.
Мысалы, қазіргі таңда интернеттегі бүкіл ақпараттың тек 5 пайызы ғана сараптаудан өткен және 22 пайызы ғана пайдалы болуы мүмкін деген сарапшылар есебі бар. Қалған ақпарат массивтерінің бәрін батыл түрде қоқыс дей беруге болады. Демек, ұлттық және діни құндылықтарды насихаттауда алдымен пайдалы ақпаратты талдап, елеп-екшеу бірінші кезектегі шаруа болуы тиіс.
Сонымен, БАҚ-тың ағартушылық функциясы алдымен керекті ақпаратты анализдеу, сосын қоғамның рухани-діни сұранысын қанағаттандыратын дүниелерді жасау, сол арқылы адамдардың санасына әсер ету, пікірін өзгерту, одан әрі сырттан және іштен танылған мінез-құлық моделі мен тұрмыстық стереотиптерді күйретуге жұмыс істеуі керек.
Біз кеше ғана Кеңестің дүмді диірменінен шығып, жалпыға ортақ болған атеистік қоғамнан өзіміздің ата дәстүрімізді ұстайық деген жолға түстік. Іргеміз бекіп, үлгіміз қалыптасып келе жатыр. Бұл сипат Орта Азиядағы зайырлы басқару формасын таңдап алған бес елге – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қазақстанға тән. Біздегі рухани сабақтастық бытырлап үзілгенде қоғам мен халықтың деңгейін өлшеп білуге парқымыз жете бермеді. Осындай жағдайда міндетті түрде артық не кем кетеді. Бұл – тек дінге емес, барлық салаға қатысты жағдай.
Сондықтан, аталған 5 мемлекеттегі ұлттық және діни мәселелерді БАҚ деңгейінде көтеру әр елдің саяси билігінің тегеурініне, экономикалық реформаларының нәтижесіне, сыртқы ойыншылармен келісіміне қарай түрлі дәрежеде дамыды. БАҚ дегенде формасы сол үнқағаз, газет, ары кетсе радио, уеб-сайт деңгейінен аспаса, көпшілік жағдайда мемлекеттің қолдауынсыз, жеке бастама түрінде, жоспарсыз жұмыс істеді.
Бірақ, тек біздің елімізде ғана тәуелсіздік жылдары тарихи жадымызға оралу, ата дінімізге қайту үдерісі аса шабандамай, не сауырға қатты қамшы баспай, алға шапқыламай, асқан байыппен жүргізілді. 1991 жылы жұмыс істеген 68 мешіттің 3000-ға дейін көбеюі, жылына қажылыққа барған 100 шақты адамның 4500-ге дейін артуы, өз медреселеріміз бен діни институттарымыздың пайда болуынан бастап Ислам әріптестік ұйымына төрағалық етуімізге дейінгі, айта берсе, таусылмас нығметтердің артында көптің тілегі, басшының жігері мен қыруар жұмыс жатыр еді… Бұған «Дін және діни бірлестіктер туралы» Заңымызды уақытында қорғап алуымызды да жатқызуға болады. Сондықтан, елімізде дәстүрлі исламды дамытуға аса қолайлы инкубациялық климат және оған керісінше, дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы контрвирулентті климат қалыптасты.
Естеріңізде болса, 1989 жылы өткен Орта Азия мұсылмандарының съезінде делегаттар әр елде ислам телеарнасын ашуды ұсынатындықтарын жеткізіп еді. Бірақ, осы мақсатқа бүкіл ТМД аумағында алғаш болып Қазақстан ғана қол жеткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының толықтай қолдауына ие бола отырып, 2009 жылдың қасиетті Рамазан айында «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы ашылды. Жалғыз телеарнаның Орта Азияның басқа мемлекетінде емес, Қазақстанда дүниеге келуі әуелі Алланың қалауы, содан кейін «дініміз Ислам, кітабымыз Құран» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық құндылықтарды барынша құрмет тұтқан пейілінен екені баршаға анық.
Осы 5 жыл ішінде «Асыл арнаның» эфирлік қамтуы 65 пайызға жетіп қалды. Бұл Отау ТВ желісінің негізгі пакетіндегі және Alma TV, Digital TV, Icon, ID TV секілді барлық аймақтық һәм республикалық кабельдік, спутниктік желілерді қосқанда шыққан цифр. «Асыл арна» осы мерзім ішінде бірегей контент теңгерімін қалыптастырды. Эфирден берілетін контенттің тек 10 пайызы түрік, ағылшын, малай және т.б. әріптестерімізден алынған десек, қалған 90 пайызы контентті өз күшімен өндіреді. Бұл амалсыз қадам. Себебі, сырттан бізге ұсынылған контенттің көбісі Қазақстандағы халықтың діни ахуалына да, ділдік жағдайына да сай келе бермейді. Содан да, шетелден өнім алған күннің өзінде бұл материалдар мұқият редакцияланады және эфирден басқа өңде беріледі.
«Асыл арна» қызметкерлері ай сайын 25 сағаттан астам жаңа контент өндіреді. Арнаға шығатын хабарлар қазақ және орыс тілдерінде дайындалады, соның 70 пайыздан астамы – қазақ тілінде. Бұрындары арнаның бір айда 50 сағаттай контент өндірген кезі болған, бірақ ол кезде штат қазіргіден 3 есе көп еді. Ал қазір біз саннан сапаға өтіп жатырмыз.
«Асыл арнаның» хабарлары телекөрермендердің сұраныстарына сай әр алуан. Біз Еуропа мұсылмандарының тұрмысы жайлы айтып келе жатып, байтақ еліміздің ауылдары туралы көрсетпей кетпейміз. Қажылықтан онлайн көрсетілім бере отырып, көкпар және бәйгенің ұңғыл-шұңғылын зерттеген хабарларды да ұмытпаймыз. Сан түрлі заңдық құжаттарды рәсімдеудің қыр-сырымен қатар, дәмді тағам әзірлеуді де үйретеміз. Құран оқудың интерактивті курсы бар, Алла тағаланың елшісі – Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өмірін академиялық тұрғыдан зерттеген блоктар бар, қай жағынан да көрерменді лайықты мұсылман болуға қызықтыратын дүниелермен қамтуға тырысамыз.
Айта кетерлігі, «Асыл арнаның» бейнехостингтердегі, әлеуметтік желілердегі бағдарламалары мен роликтері былтыр 2 млн. 200 мың мәрте қаралған. Ал осы желілерде бізге жазылған аккаунттар саны 700 000-ға жуықтап қалды. Биыл өзімізге 4,5 миллион қаралым мен 1 миллиондай жазылушы жинақтауды міндет етіп мойнымызға алдық. Сонымен бірге, www.asylarna.kz сайты арқылы арнамызды онлайн көруге мүмкіндік жасадық.
Айналып келгенде, «Асыл арнаның» мақсаты – ұлттық құндылықтарды асыл дінімізбен сабақтастыра отырып, халықты рухани қанағаттандыру.
Еліміздегі дәстүрлі Исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы конфессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайта отырып, Ислам дінін зайырлы қоғам аясында аксиологиялық құндылық дәрежесіне жеткізудің шарттарын қамтамасыз етіп отыр. Діни басқарма халқымызды ортақ рухани құндылықтар мен мақсаттарға қол жеткізуде топтастыра отырып, әлеуметтік-рухани ритмиканы тұрақтандырды. Демек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері агенттігінің тікелей қолдауындағы және қадағалауындағы «Асыл арна» жұмысын осы маңызды миссияның заңды жалғасы деп қарастыруға әбден болады.
Ұлттың ішкі рухани қанағаты өз дінімізді сақтау үшін де, мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді қорғау үшін де қажет деп санаған дұрыс. Себебі, өз дінін берік ұстаған ұлт ешқашан сатқындыққа бармайды. Рухани жандүниесі өскен ұлт қылмысқа да, жемқорлыққа да жоламайды. Иманы кәміл, адамгершілігі кемел азаматтары көбейсе, мемлекет азулы, басшысы айбарлы болады.
Осы бағытта «Асыл арна» 5 жылдан бері қаншама бағдарламалар циклін әзірлеп, эфирге ұсынды. «Мемлекет басшысының Исламдағы орыны», «Ел тыныштығы – ертеңіміздің кепілі» секілді дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тікелей эфирде «Иман нұры», «Дария-дәстүр» атты студиялық бағдарламалар жүрді. Өнегелі аналарымызға арнап «Шуақты аналар», қыз-келіншектерге арналған «Ақ жаулық», «Иман гүлі», жөн-жоралғылар жайлы «Рухани өмір», жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруды мақсат еткен «Болар елдің баласы», «Айна» және Ислам қағидаларымен біте қайнасқан, бүтіндей қазақы өмірдің қайнарына айналып кеткен құндылықтарды насихаттайтын «Ислам және мәдениет» секілді арнайы бағдарламалар жарыққа шықты.
«Тіршілікті бағала, Отаныңды аяла!», «Береги в себе свет мира», «Ислам – против насилия», «Ислам – любовь к Родине», «Мақтанышым – Астана», «Страна нуждается в каждом из вас», «Бабалар – асыл даналар», «Ислам және мәдениет», «Наследие», «Дін һәм діл мен тіл» және осы тақылеттес тақырыптардағы әлеуметтік роликтер сериясы эфирден тұрақты түрде беріледі
«Асыл арнада» «Аңшылық», «Құсбегілік», «Атбегілік» секілді мәдени-этнографиялық деректі фильмдер, «Атамекен», «Бетпақдала», «Бурабай» секілді экспедициялық жобалар эфирге шығып, көрермен ықыласына бөленді. Әлемдік кинематографияның стандарттарына сай отандық көркем фильм түсіру саласында да «Асыл арна» түрен салып көріп жатыр. Мысалы, «Шын бақыт» толықметражды көркем фильмі қазір үлкен экранға шығуға дайын тұр.
Жетістіктерімізбен бірге жеріне жеткізуді қажет ететін кейбір кемшіліктеріміз де жоқ емес. Мысалы, бізде әлі де патриоттық құндылықтарды дәріптейтін мультфильмдер жағы кемшін. Бұл бағытта да ұсыныстар сараланып жатыр.
Ал діни экстремизм мен дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күрес мәселесіне келгенде, БАҚ-тың саясаты майдан қыл суырғандай өте нәзік болуы тиіс. Беталбаты айыптаудан бұрын, теріс құбылысқа әкелген түрлі факторларды сараптамас бұрын баға беріп, пікір түйгеннен аулақтанғаны қажет. Балаңдық – жас мемлекетке, жаңа құрылып жатқан қоғамға тән дерт. Дінге бет бұрып жатқан жастардың көпшілігін мешіт-медресеге әке-шешесі қолынан жетектеп алып келген жоқ. Көпшілігі көше тәрбиесімен өсті. Немесе дінсіз қоғамның заңдылықтарын басынан өткізе отырып, ержеткен жігіттер.
Екіншіден, діни оқу орындары мен діни ғалымдардан қол үзіп қалған елміз. Содан да, дінге бет бұрған жастарға жөн сілтеп, жол көрсететіндер де көп болмады. Соның әсерінен біреуі маңдайы тасқа тиіп қайтып оралды, келесі біреулері қағылып-соғылып барып жолын тапты, үшіншілері әлі күнге дейін тәлтіректеп жүр. Оның үстіне бізге саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да басымдық көрсеткісі келетін пиғылдар сыртта аз емес.
Демек, формациялар ауысуында, мүдделер қақтығысында дәстүрлі емес ағымға ілескен не мемлекет тұрақтылығы үшін қауіпті идеяны ұстанған азаматтарға барынша жұмсақ, барынша тартымды үгіт-насихат жүргізу керек. Осы бағытта діни-әлеуметтік патологияның алдын алу шараларынан бастап «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына дейін кешенді түрде қарастырып алған Қазақстанның мысалы Орта Азияның басқа мемлекеттеріне үлгі боларлық. «Асыл арна» мемлекеттің осы бағыттағы саясатын барынша қолдай отырып, профилактикалық мақсатта және радикалды діни ағымдарға қарсы тұрақты түрде кешенді бағдарламалар циклі мен әлеуметтік роликтер сериясын жасап келеді. Әсіресе, жихадизм мен тәкфір идеясына қарсы арнамыз Қазақстанның телевизиялық нарығындағы басқа арналар ұсынбаған қайталанбас материалдарды дайындай білді. Айталық, «Смута», «Хизбут-Тахрир», «Шындық пен шырғалаң», «Брат, нам не нужна фитна» деп аталатын деректі фильмдер жұрттың аузына ілініп, көрерменнің жылы ілтипатына ие болды.
Үгіт-насихат дегеннен шығады, Орта Азия мемлекеттеріндегі діни университеттер мен медреселерде діни журналистика курсын ашатын мезгіл жетті. Діни журналистиканың статус-квосы да сол – мұнда иісі мұсылман қауымның да, одан сәл іргесін алшақ ұстаған адамның да сенімін құрметтей отырып, дәстүрмен де, дінмен де сабақтастықта діңгегі нық материал даярлайтын кәсіби маманның аздығы.
Тарихқа қарасақ, қазақ қоғамында діни журналистиканың орнын 17-19 ғасырларды қатты дамыған діни айтыс алмастырған секілді. Дана жазушымыз Мұхтар Әуезов бір сөзінде қаймана қазақтың өзге дінге өтпей, өз мұсылмандығын бекем ұстап қалуының бір себебін ақындарымыздың дін насихаттаудағы еңбегімен байланыстырады. Шамасы келгенше, Ыбырай Алтынсарин болсын, Ахмет Байтұрсынұлы болсын, Шәкәрім болсын, барлығы Исламның игілігінен халыққа бір сөз болсын айтып, жазып кетуге тырысқан.
Ал сеңдей сапырылысқан ақпарат заманында діни журналистің функциясы әлемде болып жатқан негізгі үрдістерді Исламның призмасынан өткізіп, біздің мемлекеттің ұстанымында жүрегінде қорытып, санасында салқындатып, аудиториясының деңгей-дәрежесіне лайықтап, дозамен өлшеп беру. Себебі, қазіргі біз жаңалық деп оқитын, қарайтын дүниенің бәрі баяғы ақпарат емес, сәтті не сәтсіз қойылған саяси спектакль, қырыққабат грим секілді образдар болып кеткені жасырын емес. Журналист не публицистің міндеті – осы образдарды халыққа ашып беру, күрішті күрмегінен айыру.
Кәсіби дәстүрлі журналистикаға қанша үйлесімсіз көрінгенмен, интернет-журналистиканың жеке оқытылып жатқанына куәміз. Ендеше, аз көлемде болсын, діни журналистиканың да жете назар аударылып, дара оқытылуында ешқандай әбестік жоқ.
Орта Азия халықтары әлимсақтан мұсылман. Тіпті теңдессіз ислам өркениетінің негізгі ошақтарының бірі осы Орта Азияда орналасты. Оларға ақыл айтудың қажеті жоқ. Тек бойындағы ұйықтап жатқан қасиеттерін оятуға түрткі бола білсең, ақпарат құралдарындағы нағыз насихат деген сол. Әрі діни өзегі мықты халқымыздың дәстүрлі емес діни ағымдарға, діни экстремизмге деген ішкі иммунитеті өте күшті. Тағы да соның тетіктерін тауып, уақыттық ақтаңдақтардың орнын жабар контентті барынша көбейту керек. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с): «Адамдар түсінетін тілде сөйлеңдер» деген. Дінді БАҚ-та насихаттау деген сөз – адамның өз болмысына қайтуын насихаттау деген сөз.
Мұхамеджан ТАЗАБЕК,
«Асыл арна» телеарнасының бас директоры