Жаңалықтар

АРА ӨСІРІП, БАЛ АЙЫРСА...

ашық дереккөзі

АРА ӨСІРІП, БАЛ АЙЫРСА...

Омарташылық кәсіп қазақ баласына қол емес пе? Бұған дейін ара шаруашылығымен кімдер айналысып келді? Бүгінгі таңда қазақ жастарының бұл кәсіпке деген ынта-жігерін қалай тудыруға болады? Осыдан біраз бұрын «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұраділ мырзамен еліміздегі бал өндіру кәсібі жайында, омарташылардың бетпе-бет келіп отырған түйткілдері тұрғысында әңгіме өрбіткен едік. Пікір алмасу барысында елеулі табыс көзі болып саналатын кәсіппен шұғылданатын қандастардың аз екенін көңілге түйсек те, соңғы кезде омарташылықтың тамырына қан жүгіріп жатқандығынан хабардар болдық.

Бал – мың бір дертке ем. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелденген. Алайда, біз балды қажетті мөлшерде тұтынып жүрміз бе? Мәселен, Жапонияда мектеп қабырғасындағы балалар күніне 10-20 грамм бал жейді екен. Мұнда өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 87 жас. Елімізде бір адам жылына небары 40 грамм бал жейтін көрінеді. Ал бізге кем дегенде 2,5 келі әсел жеуіміз керек. Ұзақ өмір сүретіндердің 95 пайызы – омарташылар және араның өнімімен қоректенетіндер. Әлемде соңғы кезде адамның өмір сүру жасын ұзарту туралы мәселе жиі сөз болуда. Ол үшін бірінші кезекте омарташылықты дамыту керек. Бұл – маманның пікірі. 

Иә, расында да бал өндіруден көшбасында тұрған Қытай, одан кейінгі Аргентина, Түркия мен Украина мемлекеттері бұл кәсіпке неге көңіл бөлуде? Дүниежүзінде өндірілетін 1 млн. 200 мың тонна балды тауар айналымына шығарып отырған да осы елдер. Ал теориялық және тәжірибелік жағынан тонналап бал өндіруге қауқары жететін Қазақстан өз мүмкіндігін жіті пайдалана алмай отыр. 2008 жылғы мәліметке қарасақ, елімізде 2 мың 800 тонна, ал қазір жылына 8 мың тонна бал өндіріледі. Мамандардың пікірінше, мұның өзі аздық етеді. 

ХVIII ғасырдың аяғында осы өлкеде тірлік  кешкен адамдарға дала араларын қолда ұстау жөнінде ой келіп, Оңтүстік Алтай омарта шаруашылығының орталығына айналған екен. Сөйтіп, Шығыс Қазақстанда да араларды омартада ұстай бастайды. Ең алдымен оларды ағаш кеуектерде, одан соң ара ұяларында ұстау тәсілдері қолданылады. Сол кезден Шығыс Қазақстаннан бастау алған омарта шаруашылығы бүкіл Қазақстанға, Үркіт, Томск, Алтай өлкесіне тарайды. Әсіресе, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары омарташылық жақсы дамыған. Мәселен, Зырян ауданының «Путинцев» кеңшарында ғана 25 мың ара ұясы ұсталыпты. Бұл шаруашылықта жылына 700 тоннаға дейін бал өндірген кездер болған екен.  

Алайда, Кеңес одағы  заманында жақсы жолға қойылған омарта шаруашылығы тоқсаныншы жылдардың күйзелісі кезінде тоз-тозы шығып, тоқырап тынады. Ара өсіріп, бал өндіру ішінара жеке адамдардың ісі болып қалды. Қартайған омарташылардың орнын басатын жастар болмады, осындай қажетті сала  мүлдем  ұмыт қала жаздады. Тек 2000  жылдан бері қарай омарта шаруашылығы қайтадан жандана бастады. Ал 2010 жылы  жазда халық Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскеменге кіре берістегі Ертіс көпірінің алдында түйісетін тоғыз жолдың торабында, Сол жағы ықшам ауданына қарай бұрылар жерде орнатылған мүсінге ерекше таңданыспен қарап өтетін болды. Бұл осы қалада  тұңғыш рет  ұйымдастырылған 1-ші Халықаралық бал фестивалінің нышаны – бал арасының үлкен пошымы еді. Өте жоғары деңгейде, жаздың жарқын мерекесіндей өткізілген фестиваль маңызды салаға қайтадан жан бітіп,  жаңа леп келгенін көрсетті. 

Бүгінде Шығыс өңірі бал өндіруден және араның бал ұясы саны жағынан республикада бірінші орын алады. Облыста 35 асыл тұқымды омарта шаруашылығы құрылған. Оларда карпат және ортарусс тұқымдарының 4,2 мың асыл тұқымды араның бал ұясы бар. Сөйтіп, жергілікті атқарушы биліктің, әсіресе, облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевтың баса назар аударуы нәтижесінде омарта шаруашылығы өңірдің стратегиялық саласына айналды. 

Бал өндіру жайында осы іспен көптен бері айналысып келе жатқан,  Ресей ауыл шаруашылығы академиясының омарта шаруашылығы бөлімінде оқыған кәсіпқой маман, Өскемендегі «Пчелоцентр Айтас» фирмасының бас технологы Игорь Рукавицын: «Омарта шаруашылығы – өте пайдалы сала. Бұл жұмыспен жеке адамдар, тіпті зейнеткерлер де айналыса алады. Ара өсірудің пайдасын көргендер одан қайтып айрылып қалмаудың қамын ойлайды.  Сонымен бірге омарта шаруашылығы егін мен бау-бақшаға да пайдасын тигізеді. Себебі, ара ең алдымен өсімдіктерді тозаңдандырушы, әртүрлі өсімдік ауруларының емшісі. Жақын маңда омартасы бар шаруашылықтардың егін мен бау- бақшадан өнімді басқалардан біршама көп алатындығы ғылыми түрде дәлелденген», – дейді .

Басқа шығындарды есептемегенде сатып алу бағасы 500 теңгеден болатын балды әр ұядан 35 килограмнан жинағанда 100 омартадан 3,5 тонна өнім алып, жаздың төрт-бес айы ішінде екі миллион теңгеге жуық таза пайда табуға мүмкіндік бар екен. Ал омарташы тек осы кәсіпті ғана өрге домалатса, 100-ден астам ара ұясын ұстай алады. Омарташылық – маусымдық жұмыс, жылдың төрт-бес айынан басқа уақытта боссыз деуге болады. Шын мәнінде, маусым кезінде бір жылға кететін қаржылық шығынды таба аласыз.  

Бүгінде бал арасын бесінші түлікке айналдырғысы келетіндер баршылық. Жақында ғана редакцияға арнайы келген Жеткерген Айтымбетов те омарташылық кәсіпті серік етіп келеді екен. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан мәдениет қайраткері бола жүріп, ара шаруашылығымен шұғылдануды да өзіне жүк санамаған. Бір қолымен  тамаша туындылар тудырып, бір қолынан бал тамызып жүрген Жеткерген ағаның омарташылық кәсіп туралы ойға түйгендерін қаперге алмау мүмкін емес. 

Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қазақстан «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының ұйымдастыруымен өткен «Ара шаруашылығының индустриалдық-инновациялық даму жағдайындағы басымдықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарда еліміздегі омарташылық кәсіптің дамуы сөз болған. Онда Ресей ара шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы А.П.Савинин өзекті пікірлерімен ой бөліссе, Ресей ара шаруашылығы академиясының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Н.Л. Бапова осы саладағы мүмкіндіктерді айқындап берген. Ал ара шаруашылығының қазіргі ахуалы, болашағы және мамандар даярлау мен біліктілігін арттыру тақырыбында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің доценті, биология ғылымдарының кандидаты В.М. Лукбановтың пікірі де көптің көңілінен шыққандығын айту керек. Омарташы әрі суретші Жеткерген Айтымбетовтің айтуынша, қазақ даласы ара өсіруге өте қолайлы. «Алатау, Алтай таулары ертеде «Тәңір тауы» деп аталған. Бұл жерлердің табиғаты араға таптырмайтын нағыз жайылым. Шөбі мен гүлінің де емдік қасиеті жоғары. Төрт түлігінің еті, сүті – табиғи дәрі. Мұнда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Адам ағзасына қажетті темір, алтын, күміс, қорғасын, т.б. тізіліп кете береді. Балдың құрамы өте күрделі. Халқымыздың денсаулығының бірден-бір көзі – ара мен оның балы. Оның пайдасы жөнінде бүгінгі ғылымның әлі шегіне жете алмай жатқан жаңалықтары куә. Қазақ жерінің табиғаты ара шаруашылығы үшін құдайдың бере салған сыйы. Көктемі, жазы жаңбырлы. Шөбі, гүлі тез қурап кетпейді. +19 градус температурада да аралар ұша береді. Тау гүлдері бұлт көтерілсе, нектар бөліп, жапырағын жайып, жайқала бастайды. Олар жаңбырдың жауатынын сезіп тұрады. Өте сезімтал жәндік – аралар жаңбырдың алдын ала балын жиюға кіріседі. Сондықтан да осы өңірге көңіл бөліп, жекеменшікке жалға сатылған жерлерді қайтарып, ауыл шаруашылығына қажетті «доник», «эспарсет», «люцерна» сияқты гүлді шөптер егілсе құба-құп болар еді. Бұл малға азық әрі экологияның тазалығын қамтамасыз етеді», – дейді омарташы.

 Білуімізше, Кеңес үкіметі кезінде қазақ даласында ара шаруашылығымен аты шыққан колхоздар жұмыс істеген. Тіпті, балының құрамы жоғары бағаланып, Кеңес одағына әйгілі болған деседі. Тағы бір дерек көздеріне сенсек, қазақ жерінің дәмі тіл үйіретін балы Кремльдің жоғары лауазымды қызметкерлеріне де майдай жаққан екен. Ол ол ма, қазақтың әселі Мәскеудегі ВДНХ-да өтетін көрмеге қойылып, арнайы жүлделі сыйлықтарға ие болған. Бұл сонау кеңестік кезеңде үлкен көрсеткіш ретінде бағаланған.  

Ал қазіргі кезде құнарлы жердің көбі уланып, залалсыздандыруды қажет етеді. Жекеменшік шаруалар азды-көпті картоп, пияз, бидай, сұлы егетін жерін зиянды химикаттық заттармен өңдеуде. Соның салдарынан жер-ана бүлініп, бастапқы құнарлылығынан айрылып барады. Кейде тіпті, өсірген бидайды да оруға үлгермей, жиғанын сата алмай жатқан шаруа қожалықтары маңайына ара өсіретін омарташыларды жолатпай қояды. Осы тұрғыда омарташы Жеткерген Айтымбетов:  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесіп көптеген мәселені шешуге болады. Фермер мен омарташы арасындағы қарым-қатынасты дұрыстау маңызды. Мәселен, Америкада фермер омарташыға өнімін тозаңдандырғаны үшін 300 АҚШ долларын төлейді. Сондықтан да фермерлер омарташылар жүрген жерге егін еккенді қалайды. Есесіне, шаруалар ара жүрген жерден 30-40 пайызға артық өнім алады. Ал біздің егін егетін шаруалар мұны түсінер емес. Маңайына омарташы қоныстанса, дереу шағымданып шығады. Сонда олар араның пайдасын түсінбей ме?!», – дегенді айтады.  

Осы тұрғыда Жеткерген Айтымбетовтің ұсыныстары да орынды. Мәселен,   аграрлық жоғары оқу орнына Жапониядан әкелініп, іске қосылған зертхананы тиімді пайдалану жағына екпін түсірген омарташы: «Бізде ара шаруашылығы совхоздары тарап кетсе де, әлі де кәсіптің тілін білетін мамандар бар. Олар үшін шәкірт тәрбиелеп, білгенін үйрету қиындық туғызбайды. Меніңше, қазақ баласын омарташылық кәсіпке баулысақ, сол арқылы нан табуға болатынын түсіндірер едік. Араны өсіру, бал өндіру – соншалықты қиын кәсіп емес. Бар болғаны бұл істі жан-тәніңмен сүйіп, кірісу керек. Араның көбеюі де шапшаң. Осындай қасиетті бай жерде отырып, қадір-қасиетін бағалап, оны игере алмасақ, бізге үлкен сын. Бірінші байлық –денсаулық үшін, келешек халқымыздың генофонды үшін ара шаруашылығының дамығаны ауадай қажет», – дейді.  

Бүгінде омарташы Жеткерген Айтымбетовтің небары 25 ұялық арасы бар. Ол осының өзінен жылына 1 тонна бал өндіреді екен. Бұдан бөлек омарташы буыны сырқырап ауыратындардың аяғын ара шақтыру арқылы емдеуді де меңгерген. Себебі, араның уына тең келетін дәрі жоқ деп есептейді. Омарташының өзі де бұл салаға кездейсоқ келмепті. Буыны ауырып, емхананың табалдырығын тоздырған Жеткерген ағаға дәрігерлер шетелде емделу керектігін айтады. Барайын десе, қаражат көзі тапшы. Бір күні құдай қолдап, жанына ем іздеген суретшіге омарташы кездесе кетіп: «Саған шетелге бару үшін кемінде 700 мың теңге керек. Қазір қалтаңда 7 мың теңге бар ма?» деп сұрайды. Бұл сөзді естіп, қуанып кеткен суретші Жеткерген аға тау бөктерінде тұратын омарташыдан ем алып, дертінен құлан-таза айыққан екен. Бұдан соң суретші әп-сәтте омарташы кәсібін де игеріп, халықтың игілігі үшін еңбек етуге құлшыныс танытқан.    

Соңғы  жылдары  омарта шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай көмек ұлғая түсуде. Мәселен,  2010  жылы асыл тұқымды ара өсіретін шаруашылықтарға 4 миллион теңге субцидия беріліпті. Ал 2011 жылы 24 миллион теңгеден астам  көмек қаржы жұмсалса, 2012 жылы 30 миллион теңгеге жуық мөлшерде қарастырылып отыр. Осындай көмек пен қолдаудың нәтижесінде 2010-2011 жылдары облыс шаруашылықтарында  бал арасы ұяларының саны  50700-ге дейін жетіп, бал өндіру 700 тоннадан 1000 тоннаға дейін артқан. Ал, ара өсіріп, бал өндіруге қолайлы шығыс өңірінде бал өндіру көлемі 40 пайызға дейін көбейген. Негізінен мұнда республика көлеміндегі бал өнімдерінің 70 пайыздан астамы өндіріледі екен. 

Бұған қарағанда омарташылық кәсіпке тек зейнет жасындағылар ғана емес, жастар да бет бұра бастаған сияқты. Табиғаттың ерекше жаратылысы – өте еңбекқор аралардан адамдар да үлгі алуда. Бұл ең алдымен денсаулық кепілі және ақша табудың көзі. Ендеше ара өсіріп, бал өндіріп әл-ауқатымызды көтергенге не жетсін?!  

Динара Мыңжасарқызы