СУ БЕРГЕННІҢ САУАБЫ БАР...
СУ БЕРГЕННІҢ САУАБЫ БАР...
Сусыз тіршілік жоқ. Әсіресе адам баласы үшін оның орны ерекше. Қазір әлемнің дамушы елдерінің 1 млрд. адамына ауыз су толық жетпей отыр. Жалпы адамзаттың 20 пайызы таза судан тапшылық көруде. Әсіресе бұған Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азияның бірқатар елдерін жатқызуға болады. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану көлемі 8 есе өсті. Ғалымдар осы жүзжылдықтың ортасында көптеген елдер ауыз суды сырттан әкелуге мәжбүр болады деп жобалауда. Мұны олар тек өткен ХХ ғасырда халық саны 4 есе өсе тұра, пайдаланылған су мөлшері 15 есе артып, 400 текше шақырымнан 6000 текше шақырымға жетуімен түсіндіруде. Қазірдің өзінде 900 миллион адам ауыз суға зәру. Сарапшылар 2030 жылдарға таман жер бетінің 2,7 млрд. тұрғыны ауыз су тапшылығынан қатты қиналатын болады және үстіміздегі ғасырда басты стратегиялық ресурс мұнай емес, тұщы су болатынын айтып, алдын ала су мәселесіне болжам жасауда. Парсы шығанағындағы тұрғындар қазірдің өзінде шикі мұнайды таза суға литрлеп, ауыстыратын болса, ұтымды сауда жасадым деп қуанады екен.
Біріккен Ұлттар Ұйымы ХХІ ғасырды тұщы су дәуірі деп жариялады. Бүгінде таза судың тапшылығы барған сайын етек алуына байланысты оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің біріне, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналуда. Ал суды ең көп мөлшерде қолданатындар – Еуропа елдері. Кейінгі кезде Қазақстанда да ауыз су тапшылығы байқала бастады. Елімізде жылына бір шаршы шақырымға – 37,53 мың текше метр су, жан басына шаққанда – 6,84 мың шаршы метр су келеді екен. Бұл жер шарының ең шөлейтті аймақтарында өмір сүретін Араб мемлекеттерінен кейінгі орынды біздің республика иеленіп отыр дегенді білдіреді. Су шаруашылығы мамандарының пікіріне құлақ ассақ, республикада сапалы ауыз суды Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары ғана ішіп отырған көрінеді. Қалған облыстардың бәрінде де су проблемасы бар.
Елдегі экологиялық өзгерістер судың тазалығына нұқсан келтіріп, сапасын өзгертіп жібергені қашан. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін адам арықтардан аққан табиғи суларды ойланбай-ақ іше беретін. Қазіргі жағдай солай істеуге келе бермейді. Су құрамы түрлі зиянды заттардың әсерімен өзгеріске ұшыраған. Бұл адам денсаулығына тікелей кері әсер етуде. Кейбір облыстардағы ұңғыма арқылы шығарылған жер асты тұщы судың да құрамы өзгергені байқалуда. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы жер асты сулары уран өндірудің технологиясына байланысты бүлініп, жергілікті тұрғындардың денсаулығына кері әсер ететін сияқты. Сондай-ақ Өскемен қаласындағы зауыттардың бірінен осыдан біраз жыл бұрын далаға ағып, жерге сіңіп кеткен жүздеген тонна сынап қазір жер асты ылғалымен жылжып, Ертіс өзенінің арнасына жақындап қалған жайы бар. Егер мұның алдын алып, тиісті шаралар қолданбаса, сынап өзен суына қосылады да, айналасындағы елді мекендерге зиянын тигізері сөзсіз. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі 2007 жылы 16 қазанда №956 қаулы қабылдап, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі түйінді мәселелерді шешудің негізгі бағыттарын жасаған болатын. Қазақстан Республикасының Су және Бюджет кодекстеріне өзгерістер енгізілген, оларға сәйкес сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды топтық сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызмет көрсетулердің құнын субсидялау тек республикалық бюджеттен ғана емес, сондай-ақ облыстық бюджеттен де көзделген. Тораптардан арнайы қондырғылар арқылы суды тазартып, халықтың пайдалануына ұсынуды соңғы жеті жылдан бері басты мақсат етуде. Қазір республика көлемінде су шаруашылығы құрылыстарының 21 топтық су құбыры енгізілген. Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары аудандарында ауыз сумен қамтамасыз ету жүздеген елді мекендерге қызмет көрсететін, ұзындығы 50-ден 2000 шақырымға дейін топтық су құбырларын тарту арқылы жүзеге асырылған. 1276 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ететін топтық су құбырларының жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырымға жетті.
Үкімет арнайы қаулы қабылдағаннан бері де жеті жыл жылжып өтті. Ал арнайы қаулының орындалу барысы мен нәтижесі қандай? Ащы болса да ашып айтатын бір мәселе – іс нәтижесіне көңіл тола бермейді. Көптеген ауылдық елді мекендерге ауыз су жеткізілді десек те, әлі таза су тапшылығының мың әуре-сарсаңын көріп отырған ауылдар аз емес. Қазір әр ауылдан артезиан суын пайдалау қолға алынған. Қазақ елінің жариялаған стратегиясында «2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіс». Қазір осы стратегия бойынша жұмыс істелініп жатыр. Алайда кедергілер де аз емес. Қанша күрес жүргізіліп жатса да, кейбір жемқорлар бюджет қаржысын қымқырудан тыйылар емес. Соның салдарынан ауыз суға көп мөлшерде бөлінген қаражат көп жерлерде ту-талақайы шығуда.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында 46 ауыл ауыз суға жарымай отыр. Бұл ауылдардың көбісіне су құбырлары тартылмаған. Ал бұрын тартылғандары істен шығып, кәдеге аспай қалса керек. Ең өкініштісі халық әлі күнге арықтың ағын суымен сусындап отыр. «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Айнұр Ақпаеваның дерегіне қарағанда, Алпамыс батыр ауылына 2006 жылы дәл осы ұңғыманы салуға мемлекеттен 64 миллион теңге қаражат бөлініп, ауыл көшелеріне құбырлар тартылған болатын. Бірақ қазір ауыл адамдары соншалық қаражаттың желге ұшып кеткеніне қайран қалып жүр. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегеннің кері, баяғы. Себебі ұңғымадан шыққан су көп кешікпей мүлдем тоқтап қалған. Енді міне, ауыл тұрғындары ауыз суға зар болып отыр. Олар амалдың жоғынан Өзбекстаннан келетін канал суын ішуде. Бұл су да тұрақты аға бермейді. Әсіресе қыс кезінде өзбек ағайындар канал суын кейде ағызып, кейде тоқтатып қояды. Ауыл тұрғыны Тұран Нұржанов: «Көктем мен күзде жауын суын ішіп, итшілеп өмір сүріп келеміз», – дейді. Мұндағы көп қабатты үйлерде тұратындар өздері құдық қазып, аузына құлып салып қойған. Сол үйдің тұрғындарының бірі Алтынай Тұрмақашева: «Суды бір айлап, екі айлап сақтап ішеміз, – дейді. – Қыста бұл су болмайды. Неше түрлі аурулар осы судан таралып жатыр. Әсіресе балаларға қиын. Қазір мұнда сары ауруға шалдыққандар да бар. Ауылдағы мектепте су жоқтың қасы. Күн ыстықта балалар қатты шөлдейді. Балалар өздерімен бірге канал суын құтыға құйып алып барса, мұғалімдер көрші ауылдың құдығынан тасып ішеді».
«Бізде су таситын трактористер бар. Солар Абай ауылынан қашан су алып келгенше күтіп отырамыз, – дейді Бекенов. – Бұл ауылға әуелгіде геологиялық зерттеу жүргізілмей, құбырлар тартыла салынған». –Жергілікті биліктің бүгінгі жауапты қызметкерлері осылай дейді. Су маманы Жұмаділ Айтбеков: «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша биылғы жылы жер асты суларын іздеу жұмыстары жүргізіліп, тұщы су қоры табылып жатса, құрылыс жұмыстарын ары қарай жүргіземіз», – деп отыр.
Ал бұрын құбыр тартқан мердігер жауапсыздығы үшін істі болып, заң жүзінде жазасын алған. Су желісін қабылдап алған әкім де қызметтен шеттетілген. Енді, міне, алпамыстықтардың тағы да сарыла күтуден басқа амалдары қалмаған. Мұндай мысалдарды басқа елді мекендерден, басқа облыстардан да көптеп кездестіруге болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі су мәселесінде қаулы қабылдаудан кенде емес. 2011 жылы 24 мамырда №570 қаулысын тағы қабылдады. Осы қаулы бойынша 2011-2020 жылдарға арналған екі кезеңнен тұратын «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекітті. Осы қаулы қағаз жүзінде қалып қоймай нақты жүзеге асса, су тапшылығы көп жеңілденіп қалар еді.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ