Жаңалықтар

ЖАСЫНДАЙ АҒЫП ӨТКЕН...

ашық дереккөзі

ЖАСЫНДАЙ АҒЫП ӨТКЕН...

Ұлтымыздың алғашқы тау-кен инженерлерінің бірі, Қазақстандағы тұңғыш техникалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің) ұйымдастырушысы және алғашқы ректоры (директоры) Әшір  Жанәліұлы Бүркітбаев екенін біреу білсе, біреу білмес. 

Ол 1906 жылдың 17 жел­тоқсанында Жамбыл облы­сының Сарысу ауданының Жон өңірін­дегі Қаратас аулында қара­пайым кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Жастайынан жетім қалып, қиындық пен озбырлыққа ұшырайды. Өзінен небары екі жас үлкен Досай ағасы екеуі бай-манаптың қозысы мен қойын бағып, көп тауқымет көрген. Байдан әбден қорлық көрген екі жас  1919 жылы жаз айында ауылдан қашып шығып, Ташкент шаһарына бара жатқан саудагер-арбашыларға ереді. Үлкен қалаға келіп, мектеп-интернатқа орналасқан. Оқу мен білімге құштар балаң жігіт сондағы ФЗО-ға түсіп, оқумен қатар трамвай депосында токарь болып жұмыс істейді. Еті тірі, өжет Әшір білімге зеректігін көрсетіп, жастарға үлгі болып, 1920 жылы комсомолға, 1925 жылы Коммунистік партия қатарына өткен.

1927 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағанды облысындағы Қарсақпай кентіне  жолдамамен жіберіліп, токарь болып істеді. Жұмыстан қалт еткен кезде ол жастар арасында КПСС-тің идеяларын насихаттап, білікті коммунист бола білді.

1928 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында өткен республикамыздың комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланды. Әшір Бүркітбаевтың замандасы Айтжан Бутин сол күндер жайлы мынадай естелік жазыпты:

Әшір Бүркітбаевпен мен Қызылорда өлкелік конференциясы кезінде таныстым. Сол сапар ол комсомолға хатшы болып сайланды. Өзі Қарсақпайдан келген жұмысшы жігіт екен. Менімен құрдас болып шықты. Конференция біткесін бұрынғы хатшы Садық Нұрпейісов шақырып алып: «Айтжан, сен Әшірді үйіңе алып баршы. Yйің төрт бөлмелі ғой. Пәтер алғанша сенімен болсын», –  дегесін мен оны үйге ертіп келдім. Содан біраз уақыт бірге тұрдық. Мінезі жуас, көп үндемейтін, біртоға жігіт еді. Мен ол кезде атты әскер полкы комсомол ұйымының жетекшісі едім. Бірге жұмыс істеп жүрдік.  Ол кезде көпшіліктің сауаты шамалы болатын. Білімге, оқуға деген құштарлық болу керек, жиналыстар мен лекциялардан қалмайтынбыз. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтан Сегізбаев, Садық Нұрпейісовтердің әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Тайыр Жароков, Ғабит Мүсірепов, Мансұр Гатаулин, Әшір барлығымыз бірге жүретінбіз. Содан 1928 жылдың 9 мамырында мен Алматыға ауыстым. Әшір өзінің қалыңдығы Ғарифаны алғаш біздің Алматыдағы пәтерімізге алып келіп, үйленді. Біраз уақыт бірге тұрдық. 1929 жылы мен Мәскеуге оқуға кетіп, пәтерімді Әшірге қалдырдым. Әшір өте қарапайым, ақ жүрек, кішіпейіл жан еді. Уақытты текке жіберуді білмейтін. Әрдайым кітап пен қағазға шұқшиып, бірнәрсені оқып, сызып, жазып отыратын. Ойлайтыны тек жұмыс болатын. Кейде ол маған қарап: «Айтжан, сен Мәскеуде оқып, біліміңді тереңдеттің, комиссар атанып, енді міне, беліңе қылыш тағып жүрсің. Ал, бізде оқу да, қылыш та жоқ», –  деп күрсініп, мұңаятын. Оның жанарынан оқуды аңсайтыны көрініп тұрушы еді. Кейінірек ол Мәскеуде бір жылға жуық болып, Свердловскіден жоғарғы техникалық академияны бітіріп келді. Ол кезде Әшір жұбайы Ғарифа мен қызы үшеуі кішірек екі бөлмелі үйде тұрды. Yйінде дүние-мүліктен сықырлаған ескілеу  темір кереуеті ғана болатын. Барлығы баяғы сол 1929 жылдағыдай еді. Мен: 

– Әшір-ау, сен дүрдей институттың директорысың. Ал үйіңде бір кілемің де жоқ. Алмайсың ба? – дедім.

– Әй, Айтжан-ай, біз жұмыскерлер бюрократ бола алмаймыз. Тапқан айлығыма Ғарифа тамақ, киім алады. Басқа не керек? Оның үстіне, тағы да оқуға бармасам болар емес, білімімді көтеруім қажет, – деп жауап қатты Әшір досым.   Сол аяулы досымды мен 37-ші жылдың 1 маусымында соңғы рет көрдім. Оны қайтып көруді тағдыр маған жазбапты». 

Жас республикамыз аяғына қалт-құлт тұрып келе жатқан сол 20-30 жылдары, шынында да, мемлекетімізде жоғары білімді кадрлар саны жетіспейтін. Бірақ жастарда білімге деген ерекше талпыныс бар еді. Ол 1931 жылы Мәскеу қаласына рабфакка, одан республикамыздың шығыс аймағындағы Ридер қаласының партия комитетіне қызметке жіберіліп, оның хатшысы болып қызмет атқарған. Ол кезде елімізде өзіміздің жергілікті инженер кадрлар жоқтың қасы еді. Қазақтың дархан, кең даласының әр өңірде зерттеліп, жаңа ашылып жатқан кен көздерін игеру үшін кадр тапшылығы арта түсті. Білімге деген құштарлық Әшірді Ресейдің Свердловск қаласындағы тау-кен және металлургия инженерлерін даярлайтын Академияға алып келді. Оны қызыл дипломмен, яғни үздік бітіріп келген коммунист-инженер Ә.Бүркітбаевқа республикада алғашқы техникалық жоғары оқу орны  – Инженерлік-металлургиялық институтын ұйымдастыру тапсырылды. Күн-түн демей барлық ар-ожданын осы игілікті іске арнаған Әшір жас институттың аяғына тік тұрып кетуіне көп еңбек етіп, маңдай терін аямай төкті. Мәскеу, Ленинград,  Свердловск және  басқа орталық қалалардан оқытушы кадрларын, профессорлар мен ғалымдарды шақырып, аса қиыншылықпен институттың іргесін  қалады.

Әшір Жанәліұлы Қазақстан тарихындағы бірінші инженерлік-техникалық институтты, іс жүзінде жоқтан ұйымдастырылған институтты басқара отырып, Одақтың ірі өнеркәсіп, жоғары оқу орны мол аймақтарынан танымал ғалым-педагогтарды тарту ісімен айналыс­ты және тарта білді де…

 Сол жылдардағы оқытушылардың ішінде ерекше тұлға Томск политехникалық институтының түлегі Әлімхан Әбеұлы Ермеков болды. Ол еңбек жолын Ташкентте – Қазақтың жоғары педагогика инс­титутында (кейіннен ҚазМУ) және мал дәрігерлік институтында бас­тады. 1935 жылы КСРО ЖАК-сы оның профессорлық ғылыми атағын бекітті, 1935-1937 жылдары жоғары математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, сонымен қатар ҚазТКМИ-нің жалпытехникалық факультетінің деканы қызметтерін қатар атқарды. Бірінші математик-қазақ, профессор, жоғары математикадан қазақ тіліндегі оқулықтың авторы, бірнеше еуропалық тілдердің білгірі ретінде ол жан-жақты білімді, аса мәдениетті әрі эрудициясы мол педагогтің нағыз үлгісі бола білді. Ол 1932-1936 жылдары қазақ тіліндегі математика терминдерін жасап, жариялады, ал 1935 жылы жоғары математикадан техникалық оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық жазды.

1934-35 оқу жылының қарсаңында Семейден үш курс студенттерімен бірге ҚазТКМИ-ға 2 профессор, 4 доцент және 10 оқытушы, барлығы 16 адам ауысып келді. 1 курсқа 50 студент қабылдау жоспарланғанына қарамастан, 63 адам қабылданды, оның 19-ы  қазақ.

 Бірінші оқу жылының басында институтта 145 студент болды. Сол кезде институтта екі мамандық – руда мен мұнай кен орындарын барлау және инженерлік гидрогеология мамандықтары бойынша үш курсы бар бір ғана геологиялық-барлау факультеті бар болатын. 1935-1936 жылдары тағы екі мамандық ашылды: руда кен орындарын пайдалану; түсті және ауыр металдар металлургиясы. Бірінші оқу жылында институтта 10 кафедра жұмыс істеді. Ол кафедраларда қосымша жұмыс істеушілерді қосқанда 22 оқытушы, оның 2-еуі профессор және 4-еуі доцент болды.

Оқу ғимараттарының жағдайы тым жұпыны, ал тұрғын жайлар (жатақханалар, профессорлар мен оқытушылар пәтерлері) өте аз болды. Институт ұйымдасқан кезде берілген 17 тіректі-қамыс үйлердің біреуі оқу корпусы ретінде, ал қалғандары зертханалық сабақтар өткізуге қолданылды.

Белгілі ғалым, профессор, Ұлттық академияның корроспондент-мүшесі Ақжан Машанов замандасы Ә.Бүркітбаев жайлы былай деп естелік қалдырыпты:

Алматыдағы тау-кен институтының негізін салған Әшір Бүркітбаев еді. Ол бұрын комсомолда істеген екен. Жас жағынан қарағанда екеуміз құрдас болып шықтық (мен оқуға ересектеу жаста түскен болатынмын). Бірде ол мені шақырып алып: «Сен екеуміз жасты екенбіз, яғни құрдаспыз. Өзің студент жастар арасында ересек көрінесің және оның үстіне жақсы оқиды екенсің. Сен маған жастар арасында жұмыс жүргізу жағынан көмектес», – деп өтініш жасады.  Мен ол кезде үйлі-баранды едім, директор жатақханадан бір бөлме берді. Оған дән риза болып, студент-жастар арасында коммунистік тәрбие жұмысына қызу араластым. Директорымыз мезгіл-мезгіл студенттердің жатақханасына келіп, пікірлесіп, жағдайларын біліп отырушы еді. Мен оны жақсы көріп, ерекше сыйлайтынмын. Ұмытпасам, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің 135 жылдық тойы қарсаңында ол маған институтта дүлдүл ақынға арналған кештің болатынын, оның екі тілде өткізілетінін мәлімдеп, оның қазақша бөліміне менің жауапты болғанымды хабардар етті. Мен өзіме жүктелген жұмысты абыроймен атқаруға бел буа кірісіп, «Евгений Онегиннің» данышпан Абай аударған вариантын сол кездегі белгілі артист Қуан Лекеровке орындаттым. Біраз талантты студенттер ән айтты, А.С.Пушкиннің өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.  Мен өзім конференсье болдым. Сонда бірге оқитын қандас студенттердің қуанғандарын айтсаң, шіркін! Кеш біткесін Әшір келіп, қолымды қысып, рахмет айтты. Кейін сол абзал азаматқа «халық жауы» деген қара күйе жағылып, ұсталғанын естігенде қатты күйзелдік». 

Қазақ политехникалық институтының 1939 жылғы түлегі, доцент М.Медведев былай деп ой қозғайды: «Бізге, студент-оқушыларға, директорымыз Ә.Ж.Бүркітбаев өте сауатты, кішіпейіл, елгезек, мейірімді болатын.  Ол мезгіл-мезгіл жастардың жатақханасына келіп, олардың хал-жағдайымен танысып, қолдан келгенінше көмек көрсететін. Студенттердің басым көпшілігін ол жүзінен танып, олардың аты-жөнін жақсы білетін. Ол әсіресе жастар арасында интернационалистік татулыққа, әскери-патриоттық және коммунистік тәрбиеге ерекше көңіл бөлуші еді. Студенттер арасында дамып келе жатқан спорт пен өнерпаздық іске де жанашырлықпен қарайтын. Өмірінің соңғы жылдарын ол ғылыми, тәрбие-оқу жұмыстарына, республикада жедел дамып келе жатқан өнеркәсіптерге инженер кадрларын даярлау ісіне арнады.  Коммунистік партияның тәрбиесін көрген Әшір Бүркітбаев терең ойлы, жаны жайсаң, таза жүректі нағыз коммунист еді. Ол біздің көңілімізде, жүрегімізде солай сақталып қалды. Болашағы зор азамат еді. Жаламен сол азаматтың қыршын кеткені өкінішті».

Уақытпенен сарғайып, шет-шеті мүжіле бастаған мына бір қағазда  Әшірдің әйелі Ғарифа Мүрсәлімова апайдың ертеректе  жазған естелігі бар.

«Мен сол зұлматқа толы 1937 жылдың жазғы бір күнінде Әшірге: «Ел ішінде «халық жауы» деген қорқынышты сойқан жүріп жатыр. Талай азаматтарды  НКВД қызметкерлері ұстап, аяқ-қолына кісен салып, абақтыға жабуда. Олардың арасынан оққа ұшып жатқандары да баршылық. Менің бойымды кейде  қорқыныш-үрей билейді. «Сені де бір күні олар  өз қармағына іліктіреді-ау» деген үрей мазалап жүр. Сен не ойлайсың? – деген едім. 

– Ғарифашым-ау, мені өз қолыңмен апарып берсең де олар алмайды. Кеңес үкіметі мен халыққа қарсы ешбір арам пиғылым, теріс іс-әрекетім, титтей де қастығым жоқ. Мені НКВД не қылсын? Мен үшін қорықпаңдар, – деп еді. 

Содан екі-үш айдан кейін-ақ зобалаңға ілігіп, ордер әкеліп, алды да кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Түк қызық көрмеді, марқұм. Оңды еді ғой. Оңды болғасын маңдайымызға симады. Адамгершілігі мол еді. Артында жақсы сөз қалғаны ғана көңілге жұбаныш. Yш бала бар еді, менің сорыма барлығы қайтыс болды. Ол кеткен соң қасіретті көп көрдік. Қанша  үйдің шаңырағын шайқалтпаған, керегесін қусырмаған сол нәубет…».

«Социалистическая Алма-Ата» газетінің 1937 жылы 3 қазанда жарық көрген «Институт директоры роліндегі жаулардың қолшоқпары» атты  Ғ.Мүсіреповтің мақаласы жарық көрді. «Қазақстанның түсті металл өнеркәсібін ұзақ уақыттан бері Пятаковтың агенті Кельмансон мен ұлтшыл-фашист Тұртаев басқарып келгені белгілі болды. Инс­титут директоры Бүркітбаев өзінің басшылық кезінде қызметке Ащысай кеніне кесірін тигізген Кельмансон мен Тұртаевтың қолбаласы ұлтшыл-фашист Мамыровты шақырған. Мамыровты тұтқындағанға дейін оны іздесең таптырмайтын кеңес маманы ретінде мақтаумен болды. Тіптен Мәскеуге ғылыми іс-сапарға да жіберіп алған. Ал Тұртаев Алматыға келгенде Бүркітбаев оған өзінің пәтерін бергені де дәлел. Осы екі дәлелдің өзі де институтты кім басқарып отырғанын көрсетеді. Тау-кен металлургия институты буржуазиялық ұлтшылдардың ұясына айналған. Бүркітбаев мұнда кімдерді жасырмай отыр? Революцияға қарсы Алашорда көсемдерінің бірі Ә.Ермековті осы күнге дейін математика кафедрасының меңгерушісі етіп ұстап отыр. НКВД қызметкерлері ұлтшыл-фашист Ақбердинді (Бүркітбаевтың туысы) «халық жауы» ретінде әшкерелегенше институт журналының редакторлығынан босатқан жоқ. Алаяқ Алькенов институттың қосалқы шаруашылығын директормен бірге талан-таражға салған. Тіптен Бүркітбаев педагогика институтында революцияға қарсы топ құрған ұлтшыл Боқаевты өзіне жұмысқа тұрғызуға бірнеше рет әрекеттенген. Осылардың бәрі Бүркітбаевтың кеңес институтын басқаруға құқы жоқ буржуазиялық-ұлтшыл екенін анық көрсетеді». Аталмыш газеттің сол жылғы 11 қазандағы санында «Астана жоғары оқу орындарындағы жағдайлар туралы» атты мақалада Әшір Бүркітбаевты тағы да нысанаға алған.

«…Мен өзім Бүркітбаевты қызметінен алып, үстінен қылмыстық іс ашу жағындамын. Институттың бастауыш партия ұйымының жиналысынан кейін жаңа жағдайлар анықтала бастады. Бүркітбаевтың пәтерінде халық жауы Гатаулин жиі-жиі болып тұрған. Ал Бүркітбаев Өлкелік партия комитетінің Орталық комитетінің шешімдерін орындауда көзбояушылық танытуда. Сондықтан Бүркітбаевтың мәселесін Орталық Комитетте қайта қарау керек.  Мен институт жиналысында Бүркітбаевтың ұлтшылдық көзқарастарын қатты сынға алғанмын…» «Г.Ибрагимов, Қазақстан өлкелік партия комитеті мектеп және білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары».  

Сол бір қорқыныш пен үрейге толы зобалаң уақыттың соңы 1937 жылдың 1 желтоқсан күні туды. Әшір Бүркітбаевты «халық жауы» деген жаламен НКВД-нің қызметкерлері тұтқындап, абақтыға жапты. Көп күндік азап пен  қорлыққа шыдаған Ә.Бүркітбаевты және де басқа қазақтың сол кездегі беделді, білікті, зиялы азаматтарының бір тобының ісін 1938 жылы Мәскеуден арнайы жіберілген ССРО Жоғарғы сотының көшпелі алқасы қарапты. Енді сол москвалық  Әскери соттың үкімін оқылық: «…28 февраля 1938 года рассмотрела дело по обвинению Буркитбаева Ашира, 1906 года рождения, бывшего директора Казахского горно-металлургического института, гражданина СССР, в приступлениях, предусмотренных ст. 58-7, 58-8, 58-11 УК РСФСР…» дей келе, Ә.Бүркітбаевтың «күнәлары» тармақталып келтіріледі: «Алдын-ала және  сот тергеуінің  анықтамасы  бойынша Ә.Бүркітбаев Кеңес  үкіметін  құлатуға, Қазақстанды КСРО-дан бөлуге, Жапонияның  басшылығымен буржуазиялық Қазақ мемлекетін  құруға  бағытталған троцкийшіл террористік ұйыммен бірлесе  жұмыс істейтін Қазақ КСР-індегі ұлттық-буржуазиялық, террористік ұйымның  қатысушысы  болып табылады…

Тау-кен металлургия институтының  директоры болып жұмыс істей жүріп, кейіннен  ұйымның  жетекшісі ретінде оқытушы кадр­ларды бөтен идеялармен  үгіттеу  жұмыстарын  жүргізген, оқуға  бөлінген мемлекет қаражатын  талан-таражға салған…» 

Қандай ауыр сөздер. Оны оқып отырып төбе шашың тік тұрады. Yкімде жаланың жеті атасы тұр: «контрреволюциялық ұйым мүшесі», «Отан сатқыны», «жапон жансызы», «террорлық топ мүшесі», «ұлтшыл-буржуазиялық партия мүшесі», «Қазақстанды КСРО-дан бөліп, ұлтшыл-буржуазиялық жеке мемлекет құру қозғалысының мүшесі», «студент жастар арасында антикеңестік үгіт жүргізіп, оларды террор мен Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске шақырған ұлтшыл саяси сенімсіз қызметкер» және т.б, т.с. жалғаса береді. Соңында «…Ә.Бүркітбаевқа ату жазасы берілсін, үкім шұғыл орындалсын»  деген адамның бо­йына үрей туғызатын сұсты жазулар тұр. Сөйтіп, қазақ халқының тағы бір белді азаматының тағдыры осылай «шынының жүзінде» шешіліп, 31 жастан енді ғана асқан жас қыран, болашағынан зор үміт күттірген қайран ер  Әшір Бүркітбаев Алматыдан 35 шақырым жердегі «Жаңалық» ауылының түбінде НКВД-нің жаналғыштары оғына ұшты. Сөйтіп, тағы бір болашағынан зор үміт күттірген Алаштың зиялы  азаматының өмірі қиылды… 

Тап сол күні, яғни 1938 жылдың 28 ақпаны күні   Әшірмен бірге 40 адамға ”халық жауы” деген жала жабылып, мәскеулік көшпелі соттың үкімімен (НКВД-нің үштігімен) атылды. Олар қазақ интелегенциясының сол кездегі қаймақтары Сыдық Абланов, Баймахан Абдуллин, Бірмұхамед Айбасов, Шалтанбай Ахметов, Мерғали Yмбетов, Қажгерей Әлжанов, Фидахмет Әубәкиров, Нақысбек Тіленшиев, Бәйкен Тыштықбаев, Қартқожа Торғанбаев, Мұхаметқали Тәтімов, Ахметқали Сиятов, Бүркітәлі Сейсекенов, Мұхтар Сматов, Ақай Мустафин, Ерембек Құрманалин, Абдрахман Құлыбеков, Бақытжан Байдақов, Жанай Баймағанбетов, Жұмабек Батырбеков, Артық Байысов, Оразалы Жандосов, Мұхамадияр Жанкин, Молдағали Жұмабаев, Ысқақ Ибрагимов, Темір Камалов, Сейтқасым Көлбаев  және басқалар болатын. Олар тергеушілердің күндіз-түні қинау тәсілдерінен жасамаған қылмысты істедім деп мойындаған, жалған мәлімдеме жасауға мәжбүр болған.  Олардың тағдыры да Әшір Бүркітбаев секілді. Азаптың адам жаны төзбейтін небір қасіретін көріп, бар болғаны 10-15 минутқа созылған сот барысында қолдан жасалған «коммунистік партияның сара жолынан ауытқушы-ұлтшылдары», «Алашорда идеологиясын жандандырушылар», «қоғамдық мәдени өмірінде коммунистік ұстанымдарға қарсы шығушылар» деген жалалар мойындатылып, москвалық ”үштіктің” үкімімен қолма-қол атылып кетті  емес пе…

Қуғын-сүргін құрбаны Әшір Бүркітбаевтың артында 8 жасар Әсия, 5 жасар Сәния атты қыздары мен 2 жасар Болат есімді ұлы, қабырғасы қайысып, көзі жасқа, жүрегі мұңға толып жастай қосылған қосағы – 24 жастағы сүйген жары Ғарифа Мүрсәлімова қалған еді. 

Елдегі Досай ағасына да «халық жауының бауыры»  деген қара дақ жағылып, өлместің күнін көріп, замандастарының жүзіне тік қарай алмай тіршілік етті (ол өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдары қазіргі Сарысу ауданындағы Түркістан ауылында өмірден озды)…

Осындай сәтте, егер сол бір жан түршігерлік қуғын-сүргінге толы күндер болмаса – республикамыздың комсомолының жетекшісі (сегізінші хатшысы), арагідік республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» («Жас алаштың») он төртінші редакторы болып қызмет атқарған, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық Қ.Сәтбаев атындағы университеттің негізін қалаған және оның алғашқы ректоры болған Әшір Бүркітбаев уақыт өте келе еліміздің белді ғалымы, университет немесе өндірістің басшысы, партия жетекшісі, немесе мемлекетіміздің білгір ұйымдастырушылары қатарында болып, халқымыздың ірі тұлғаларының қатарынан орын алар  еді-ау деп ойлайсың.   Құжаттарды парақтай отырып, тағы бір сарғайған қағазға көзіміз түсті. Одан: «1958 жылдың 25 наурызында ССРО-ның Жоғарғы соты (әділет полковнигі Цирлинскийдің төрағалық етуімен) Әскери бас прокурор подполковник Базыкиннің Қазақ тау-металлургия институтының бұрынғы директоры Ә.Бүркітбаевтің ісі бо­йынша тергеу-зерттеу қорытындысын тыңдап, онда Жоғарғы соттың әскери алқасының 28.02.1938 жылғы үкімі қайта қаралып, сотталушы Ә.Бүркітбаевқа ату жазасы негізсіз берілген деген шешімге келді. Сондықтан Жоғарғы соттың 28.02.1938 жылғы ол үкімі күшін жойып, сотталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті ақталсын”, – деген тасқа басқандай жазуларды оқимыз. 

2006 жылы Қазақ ұлттық Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университеті Ә.Бүркітбаевтың 100 жылдығын кең дәрежеде атап өтіп, оған бюст-ескерткіш орнатып, университет құрамындағы Металлургия және полиграфия институтына  оның аты берілді, ғылыми конференция, студент-жастар арасында қызықты жыр мүшәйрасы болып өтті. Оның өмірі мен еңбек жолы туралы ғалым-жазушы Таңдай Кенеев «Өмір өлшемі» атты деректі повесть жазып, ол 2006 жылы баспадан шықты.Тарихшы-ғалым Сәбит Шілдебайдың жетекшілігімен Ә.Бүркітбаевтың әр жылдары жазған еңбектері, баяндамалары жеке кітап болып жарық көрді. 

2007 жылдың маусымның 2 күні Әшір ағаның дүниеге келген тарихы мол  Қаратаудың Көкжондағы атамекені Қаратас аулында оның туғанына 100 жыл толуына байланысты ағайын-туысқандарының қолдауымен ас беріліп, әруағына бағышталып Құран оқылды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», – деген халық даналығы бекер айтылмаған. Ұлты үшін аянбай еңбек еткен Әшір Бүркітбаев секілді жасындай ағып өткен Алаштың белгілі тұлғаларының есімі ұмытылмай,  жадымызда жаңғырып тұрары кәміл.  

Қазақ тарихының бесігі атанған, шежіре мен аңызға бай киелі Қаратау төсінде сонау қиын-қыстау заманда дүниеге келіп, көк жүзіндегі Үркер жұлдыздай қазақтың алғашқы бір топ зиялыларының қатарында болып, халқының жарқын  болашағы мен елінің өркендеп гүлденуі үшін беріле адал еңбек еткен, бірақ зұлмат жылдардың қаһарына ілігіп, жазықсыз жазаланған Әшір Бүркітбаевтың аты оның туған өлкесі Сарысу өңіріндегі Түркістан ауыл округындағы Андреевка селосына  беріліп,  көрнекті ескерткіш орнатылды. 

Өкінішке қарай, біздің қазіргі белгілі тарихшыларымыз алғашқы қазақ инженері, еліміздің тұңғыш техникалық университетінің негізін қалаған аяулы азамат Әшір Бүркітбаев жайлы бұл күндері еш жерде сөз қозғамайды, олардың басым көпшілігі бұрынғы «сүрлеуден» шықпай,  көпшілік онсыз да білетін тұлғалар төңірегінде мәліметтерді бірінен-бірі көшіріп, қайталаумен келеді. Әрине, архивтерде жұмыс істемей, ондағы ескі құжаттардың «шаңын жұтпай» жеңіл жолмен жүре беру олардың көпшілігіне ыңғайлы  да шығар. Ал, артында іздеушісі жоқ қаншама Алаш арыстарының есімі күні бүгінге дейін бүркемеленіп, белгісіз жайда жатыр. Бұл – бәріміз ойланатын мәселе.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,    

 медицина ғылымдарының докторы, профессор 

Тараз қаласы