Жаңалықтар

СУРЕТШІ ҒАЛЫМ ҚАРЖАС

ашық дереккөзі

СУРЕТШІ ҒАЛЫМ ҚАРЖАС

«Ақ зер» кітабының алғашқы басылымында «Кереку суретшілері айтылса-ақ, алдымен, тіліме Ғалым Қаржас, Өсербай Шоранов есімі оралады» дейтін жолдар бар. Ғалым Насырұлының бейнелеу әлеміндегі танылу үрдісі 1998 жылы, суретшілердің Алатау бауырында өткен «Тау Түрген» пленэрінде басталған десек, содан бері осынау дарын иесінің картиналары айтулы көрмелерден бір түскен жоқ, көрерменінің қызығушылығы бір кеміген емес. Суретші өз халқының қолөнеріндегі символиканы қалап алып, картинасындағы кеңістікті түстер арқылы толтырады. Біресе тональды, біресе қарама-қарсы реңктер арқылы шешілсе, енді бірде бір ғана түстің қоюланып һәм жұқарып, әнтек жоғалып, кенет күшеюімен-ақ картина түзеді. Қай түсті қайсы түстің жанына қойса көрген жанға қалай әсер етеді, қайтсе күңгірт тартып, көмескіленеді дейтін сан қырлы сұрақтардың жауабы жадында жатады. Көшпелілер өмірімен біте қайнасқан таңбалар, ою-өрнек символдары кенебіне айна-қатесіз көшіріліп түсе салмай, әуелі суретшінің кеудесінде қорытылып, жиған-тергенімен зерделеніп, көкірек көзінде сұрыпталған жақсысының нәрін сіңіріп барып картина болып туады. Оның картиналары ата-бабалардың рухани әлемінен нәр алып жатыр. Сол қасиетті әлемнің табиғаты, жер-су, өсімдігі тепе-теңдігі бұзылмаған тұма қалпы суретші картиналарын мекен етіп алған. Ғалекең – бабалар басқан бәз соқпақтың жылуын табанымен үзбей сезіне жүріп, қайталанбас ғажайып сәтті талмай-танбай іздеп жүрген кісі. Суретші шығармасындағы келесі ерекшелік – «тағдырлас ағайын, туыстас бауыр тапқандығы. Ұлы деп танылғандардың өнегесін байыптаудан бастағандығы. Үлгі шығармалардың бітіс болмысын, ішкі құрылымын, қан айналысын жан тетіктерін аңдағандығы» (Мұхтар Мағауин, «Мен»). Яғни, бейнелеу әлеміндегі өзінің жанына жақын Матисс, Гогенге адас­пай жолыққандығы. Модильянидің пластикалық сызық-линияларын тап басып танығаны (Бір кезде француз елінен шығып, декоративті өнер мектебін тауысып, Сезанн мен Синьяк кескіндемелерін зерттеп, өзіне ғана тән жазу стилінде фобизм үрдісін қалыптастырған Анри Матисс, фантазиясын, бірде билеп, бірде сыбызғы тартқан кейіпкерлерін буырқанып жатқан колорит, шұғылалы түстермен араластырып, сіңіріп жіберетін суретші еді. Оған тиесілі «Фобизм» тікелей «жабайы, тағы» деп аударылғанымен, ХХ ғасырдың басында пайда болған бұл авангардтық ағым – жазықтық бетіне орналасқан композиция, қарама-қарсы түстермен шешілген колорит, жалпылама көлем мен айшықты бояулар дейтін мағына береді. Ал Матисстің ұғымынша «сезіміңді бояу арқылы білдіру, көрсету» дегенге саяды. «Жазықтық бетіне орналасқан дейтін» тіркесті біздің кесте, текемет сияқты деп ұқса болады. Ал графикалық контур сызықтар сол сезімді күшейте түсуге, асқақтата беруге көмек дейтін мәнге ие. Матисстің жалаңаш одалискаларына көз сала отырып мен олардан Қаржасов модельдеріндей әсерлене алмадым. Тіпті, қазақы болмыстың жанарымен қараса, Матисстің жалаңаш одалискалары ептеген жиіркеніш тудыра ма, немене? Әркімнің жан дүниесі, қабылдау түйсігі, диапазоны әрқилы екенін ескерсек, Матисс жұрттың бәріне эталон емес екен. Рембрандт Караваджодан нәр ала отырып, өнер әлеміне «Рембрандт» дейтін өшпес есім қалдырса, Қаржасов та аудара қарап, ақтара түсінген Матиссінен де зор атақпен тарихта қалар. Өйткені тәптіштей зерттеп, оған ұқсамау керек дейтін талапқа келгенде, Ғалекеңнің эстетикалық талғамы Матисстен биіктеп кетеді. Ал бұл сөзімізді мойындау мойындамау – басқа әңгіменің жүгі. Ғалым Қаржас картиналары жасандылықтан ада. «Аһ» ұрған қайғы, күмпілдеген пафос, көзге ұрып ақыл айту дейтін атымен жоқ. Жақсы мен жаман туралы жар салмайды. Өткенді аңсап, бүгінді тәрк ету де қадетінде жоқ. Қайта, көбінше, бүгінгісін, жанындағысын, жақсысын сурет қылып салады, кейінгіге қалдырар жанды құжат қылып. Айнұр қызының құшағы әкесінің мойынына ғана жететін құттай күнінен бастап, қалыңдық болып, тұрмыс құрып кеткеніне дейін картина қылып, жұбайының жалғыз қалғанын, күткенін, күдерін тынбай сала берген. «Күдер» деп қалдық. Ғалым – суретші картиналарына таза қазақы мәнерде азан шақырып, ат қоятын кісі. Мәселен, «Аңшылық» демейді, «Қансонар» дейді. «Күтудің» орнына – «Күдер», «Кештің» орнына «Іңір» сөзін қолданады. «Шырақ», «Мұра», «Сәт», «Мінәжат», «Шому», «Дамыл» деп келетін картиналары өз мән-мағынасымен қоса атауымен-ақ қазақ көңілінің биігіне көтеріле береді. *** Суретші Ғалым Қаржасовты қабылдау үшін суретші Матисс, Гоген, Сарян, Сыдыхановтармен қоса ақын Мағжан Жұмабаев, Иса Байзақовтар әлемін қоса шарлауға тура келеді. Өйткені Мағжан шығарған, сөзі мен әуені соншалық үйлесім тапқан «Япурай» әні суретшінің кеудесін қайда барса айта беретін ішкі гимні сияқты кетпес мекен етіп, иемденіп алған. Мұнда сүйген жарға деген жүрек суырған аяулы сезім, қуатты да нәзік мелодия, еске алу мен сағыныш қатар өрілген. Ол әнде мынандай жолдар бар еді ғой: Алтын бу айдын көлдің бетін жабар, Ақ сәуле көктен төніп, маржан тағар. Есіме ақ сәулемді алған кезде, Ақ моншақ жылт-жылт етіп жерге тамар… Иә, «Япурай» мекен қылған көкірек иесі төріне, тұскиізіне апарып қоссаз, домбыра, қобызды қатарлай іліп, «Мұра» дейтін суретті тегін жазбаса керек. Зады палитра бояуы­мен, әуен музыкамен қым-қиғаш араласып кеткен суретші «Қазақтың келіндері» картинасындағы сызықтар ырғағы, «Япурай» суретіндегі әлде гүл, әлде меруерт тамшысындай шашыраған түстер үйлесімі, «Маза» шығармасындағы «бітпес» оюдай шебер жымдасқан колорит суретшінің сөз жоқ көкірегі ояу музыка иесі екеніне куә. «Сарын», «Күй», «Толғау» шығармалары белгілі бір әуенмен дүниеге келгені – түсінікті жайт. Түсті қабылдауы, оны анық та айшық-қанық етіп қабылдауы бала кезінен қалыптасқан болар. Суретшінің балалық шағында ауыл қазірдей емес, адамгершілігі мол, қазақылау болатын. Ауылдың үлкендері жасымен бірге қартайып, ақылды-абыз келуші еді. Олардың ауызында наз қоңырдай ән-жырмен қоса, әдемі әзіл-қалжыңдары болушы еді… «Назқоңыр» демекші, халықтың жан-дүниесіне өте жақын қоңыр түсті өнер дарыған әлеумет «Жай қоңыр, «Ал қоңыр», «Әсем қоңыр», «Жолаушының жолды қоңыры», «Қоңырала» деп әніне ат қылып қояды, күйіне есім қылып тағады. Осы күндері халық әні деп жарияланып жүрген «Наз қоңыр» әні Иса Байзақовтың шығармасы. «Үлгілі» туған ауылының атын өзі қойған Иса жарықтықтың суретші Ғалыммен өнер жолдары шыр айналып келіп, осы «Назқоңырда» түйіседі. Бірі: Базардан алып келген күміс құман, Жігітті адастырған қалың тұман. Арадан қыл өтпестей тату едік , Біздерге қастық қылған қай ант ұрған, – деп тап құдды халық әніндей шырқаса, екіншісі – қазақтың дәстүрлі қолөнеріндей, сәнді басқұр, әсем дөдегедей картиналарын салады. «Назқоңырды» халық әні деп білмей жариялап жүргендерді де түсінуге болады. Иса Байзақов өлеңдері мен әндері, суырыпсалма айтқыштығы қазақтың халық әндері, эпос-жырларымен ажырамас­тай қауышып жатыр. Осындайда Мұхтар Әуезовтің естелігі еске түседі. «Бір күні Исаға тұтқиылдан қасақана тиісіп, шүйілмесім бар ма! Осы сен өркөкіректеніп, өзеуреп, «мен», «мен» деп неге кеуде кересің? Неге бұлданасың, бәлденесің? Кәне мықты болсаң, көрейін сені! Айталық, мен дүние салған екенмін. Сол турасында жоқтау айтшы, кәне, қолма-қол осы арада. Айтарыңның сөзі де, сазы да жаңа, соны болсын!» – дедім. Қаршыға бітімді шапаты Иса шапшаңдыққа басты. Шиыршық атып, алабұртты. Мойны келтелеу, жылдар ізінен қарақоңырланып жылтырланған кәрі серік домбырасы шанағының бет тақтайын ортан қолмен тарс-тұрс соғып жіберіп, шырқап кетті дейсің! Иманым қасым болды, қара жер теңселіп, тұңғиық аспан төңкеріліп бара жатқандай. Жер үстінің наз-наласы соның ғана көкірегін кергендей, қарс айырғалы кернегендей. Азалы әуен, қара жамылған қам келіншектердей тірі сөздер! Төбе құйқам шымырлап кетті. Әттең, әсем әні де, әдемі жыры да сол жерде қалды. Ол кезде қазіргідегідей магнитофон, диктофон бар ма еді?» – депті ұлы жазушы. Бұдан көретініміз тағы да Бай­за­қов­тың халық фольклорымен тығыз өмір сүргеніне айғақ. Халықтың ті­нін­де бар «жоқтау» дейтін дүниесін өз жанынан өткеріп, өз рельсіне қойды да жүргізіп жіберді, «локомотивін» бура­дай шабындырып… «Құралай сұлу» да солай. Сан ғасыр ағыста жатып, жан-жағының бәрі әбден тегістелген малта тас секілді. Кедір-бұдырсыз. Теп-тегіс. Тақырыбы да етене, қосыла алмай кеткен Жібек пен Төлегендей, Қалқаман мен Мамыр текті ғашықтар туралы әфсана. Он үшінде жауға шауып, қапияда тұтқынға түсіп, бес жыл азап көріп, ақыры одан құтылып шығып, қидаласып, жауына ойран салған Келден батырдың ерлік жыры. Қазақ суретшілерінің картиналары қазақтың музыкасы, ән-күйіне қарыздар. Көптеген жақсы картиналар «Япурай» секілді әндермен палитрада араласып, сурет болып салынып, қайғысы һәм қуанышына куә болып, картина болып жазылды. Тегінде жан- дүниедегі үйлесім тепе-теңдік музыка арқылы келеді-ау. Торығу, қайғы-қасіреттен кейін дүниеге қаншама жақсы әндер келеді. «Құралай сұлу» жырында Келден батыр көңілі құлаған сұлуды жаудан алып қашып, жолай, қапыда жолбарысқа алдырып, аһ ұрып қалмағанында бұл жыр дүниеге келе ме? Мұратына жетіп, үйлі-баранды болғанында ерлікке толы Келден батыр өмірі көзден таса, көңілден ұмыт қалар еді. Өмірі өнеге болып айтылмас па еді! («Құралай сұлу» жырын Ғалекеңнің әкесі Насыр жарықтық жатқа айтқан деседі. Магнитофон таспасын кері айналдырып, қайта-қайта тыңдап отырған ұлына: «Әй, байқашы, даусым қарлығып қалмасын», – дейді екен. Әрі әзіл, әрі «андағы таспа тозады, тағы бірін көшіріп қой» деген емеурін…) Осындай іргетасы бар Қабдыл-Ғалымның «Жұмбақ адам», «Толғау», «Күй», «Күздің бір күндері бар» дейтін картиналарды жазбасқа әддісі жоқ. Исаның тап «Назқоңырындай» қылып «Кездесуді», «Айымды», «Сәукелені», «Аужарды» жазбасқа тіпті қақы жоқ-тын. *** Бояулар түсі әлдебір құпия, беймәлім қалыппен біздің сезім-түйсік қабілетімізге әсер етеді. Нәр­сені салып отырып, оның сыртқы ұқ­састығын ғана емес ішкі тірегін, әуенін, әуезін, тылсымын да көрер­мен­ге бере бастаймыз. Түстің де бол­мыстың көкейінен алатын, зерделеніп-зерттеліп бітпеген, тап әуен-музыка секілді өз дірілі, өзгеше сазы бар. Суретші Ғалым Қаржасовтың кар­тиналарына дерлік қоңыр, қы­зылқоңыр түстер иелік етеді (Қызыл қоңыр түс – суық көкшіл түстермен жазылған «Самғау» картинасына, «Үлгілі. Аула» суретіне де ебін тауып кіріп алған!) Қызғылт, қызғылт сары түстер қарабарқын түстерге қарама-қарсылыққа түсіп, алаулай жана түседі. Қып-қызыл фонның үстінен аппақ сызықтар бірде ою болып өріліп, бірде заттардың контурына айналып, кенеттен қызыл сарыға еніп, тынбай жалғасып кетеді. Жаңағы қып-қызыл фонға арналған палитра өзіне ақтүсті шым-шымдай қосып, образдың келбетін анықтай бастайды. Баяу алмасып қана емес, оқыс сыну арқылы да жалғасады. Ақ түс те сызық қалпын даққа өзгертіп, көк түспен қатар жолақтана жазылады («Жеңіл буыңызбен, Роза!»). Енді бірде қызыл мен қызғылттың түйіскен жеріне қайтадан контур-линияға айналады («Махаббат символы»). Қазақтың сырмақтарындағы контраст түстер бір-бірімен жіптер арқылы жөрмеп тігілсе, Қаржасов картиналарында екі кереғар түстердің түйіскен жерін екеуіне де ұқсамайтын басқа түс келіп линия-сызық болып жалғап тұрады («Айым», «Шашу»). «Қоңыр», «Күдер», «Барып қайт» картиналары – қарапайым ғана жерлестеріне арналған цикл. «Торайғыр», «Баянауыл» серияларында кілемдей құлпырған, бөлшек бояулар көз қуантса, мұнда жүрек суырған бір мұң бар. Мұндағы кейіпкерлер анау «Көне», «Сенім» картиналарындағыдай емес. Қаржасов суретттерінде өткенді аңсап, бүгінді тәрк ету атымен жоқ десек те, мына кейіпкерлер суретші картинасына әлдебір қам көңілмен мұң арқалап отыр. Қазақтың болмысы қоңыр дейтін әлеммен біте қайнасып келіп еді, сендер оны қастер тұтпай барасыңдар дей ме? «Қоңыр» мен «Барып қайт» та адам бейнесіне тиісті қабақ, қас-көз деп ұсақтала қуалап кетпей, бір бүтін, тұтас көңіл ауанымен шешеді. «Барып қайт…» суретінде құм қызыл кешті жамылып аулада екі кейуана отыр. Модилянидің моделдеріндей мойны созылыңқы, екі қолын алдына өңгеріп, елегізіп, жол тосып отырған жандардың үміті ақталмай қалатындай картинада бір сұрқия күдік бұғып тұр. Анау арғы жағында, қоршау ағаштың діңгегіне төңкеріле ілінген бос шелек те әлдебір құпияны мегзеп тұр ма? «Барып қайт» дейді, «бүгінгі өркениеттің қатаң ритмінде, ауа райы жылынып, адам жүрегі суынып бара жатқан кезде біз қанша жақсы өмір сүріп, ғылым мен техниканың даму нәтижесінде қолымызды жылы суға малып отырсақ та, жаяу жүріп, бабалар көрген тұрмыс қиындығының бірде бірін көрмесек те, өмірді толығымен сезінуден қалып, жаратылыс біртұтас екенін ұмытып бара жатқан» бала-немере-шөберелерінде емес, рухани таза, жерге жақын, болмыстың тұтас екеніне шүбә келтірмейтін қарттарға баруға уақыт табылар ма? «Барып қайт» – қазақтың мұқым жақсылығын өзімен бірге алып кетердей шерлі картина. 1987 жылы жазылған «Кеш» дейтін картинада қаңқасы саудырап, денесінің жартысын құм басып, қайраңда қалған кемені тәрк етіп көкжиекке сіңіп бара жатқан түйеден басталған қоңыр нала 2004-те жазылған «Қоңырмен» тәмам болады. Суретшінің көкірегін бәрібір оптимизм жеңеді. «Шашу» секілді, «Сезім-2» тәрізді еңбектері кемпірқосақтай күн шуағын жетіге бөліп, қуанып шыға келеді. Майысып, гүл құшып «Айым» кезігеді. Көзін төңкеріп «Алтыншаш» тұрады (Кез келген драманы әлдебір қуақы әзілмен түйіндеу керек, әсілі). «Әлдиді» қарап отырып Ға­ле­кеңнің жұбайы айтқан: «Мен Ға­лымды өзге әйелдерден емес шығар­ма­сынан қызғанамын. Кескіндеме – менің нағыз күндесім», – дегені еске түседі. Суретшіге үнемі бір нәрсе жетпей жатады. Кенеп пе екен, ең керек қат бояу ма, уақыт па, әйтеуір бір алаң, бір уайым… Суретші бір жақсы теңеу айтады: «Суретшілер дала жылқылары секілді, өзіне керек асты қасат қарды теуіп аршып, өзі тауып жейді. Олардың дені дұрыс айлығы да болған емес, семьясы да түсіне бермейді. Арақ ішкіш те солар…» Кезінде Матисс, Моне дейтін суретшілерді көрермені алғаш жүндей сабаса, бүгінде Қаржасовты ешкім сынамапты. Тіпті, Алматы қаласында әдейілеп өнертанушыларды жинап, туындыларын назарға қойғанда да, айтарлықтай қарсы пікірлер болмады. «Картиналарында бәрі айқын болғандығынан шығар. Тұлғаның тұрған жері, тұрысы, айнала кеңістігі, өлшемі, тепе-теңдігі қалыпты болғандығынан шығар», – дей отырып біз Ғалекеңнің екі картинасында ұшырасқан дүдәмалдықты жасыра алмадық. Бұл екі картина Қаржасов шығармашылығын қас қақпай бақылап отырғандарды әрі-сәрі ететіні бар. Алғашқысы 2004 жылы жазылған «Батыр Баян» төңірегінде. Осы картина жыл айналмай жатып «Аңшыға» айналып кетіпті. Байшұбар ат та сол, аяқ алысы да сол. Тұлғаның атқа отырысы, асынған жақ пен жебе толы қорамсақ та бірін-бірі айнымай қайталайды. Тек батырдың алдында қалқанын ұстап отырған қыз жоқ. Есесіне жүгірткен тазы мен томағалы бүркіт бар. Фонын өзгертіпті. Әу, батырлар тақырыбына зәумен бір барған екен, оның аяқ асты аңшыға айналып кеткені несі? Сонан соң, «Қызыл тарақ» кар­тинасы өзге картиналарымен салыс­тыруға келмейді. Бұған дейін де, одан кейін де Қаржасов кейіпкерлері мүсін-пропорциясынан сонша ауытқымай, айтарлықтай бұзылмай жетсе, мұндағы қызыл тарақты «бойжеткен» кунскамераның экспонатындай әсерде қалдырады. «Суретшінің шығармасында сурет, айтар ой емес, түстер, бояулар үйлесімі доминант қой» деп өзімізді қанша жұбатсақ та, әлгіндей қызыл тарақ иесі шетін. 1997 жыл суретші үшін табыс­ты, жақсы картиналары жазылған жылдар деп есептеуімізге болады. «Шырын-2», «Қариялар», «Розаның шайы», «Көне», «Маза» дейтін айтулы картиналардың ту сыртына назар салсақ олардың бір жылдың «балалары» екені көрініп тұр. Осы жылда жазылған картиналар біркелкі емес. Жер қыртысының тектоникасы секілді текше-текше болып жаратылыпты. Жазылуы жағы «Көне», «Қариялар», «Розаның шайы» секілді суреттер іштей ұқсас болса, «Маза», «Елдің көркі», «Жұмбақ адамы» өзінше бір топ құрағандай. «Кестелі орамал», «Он жеті», «Қызым Айнұр» туындылары жазылуымен ұқсас. Бұдан біз суретші қарымының кең, берілу, жазылу үрдісінің кемел екенін көреміз. 2000 жылы жазылған «Аян», «Алтынай биі», «Қызғалдақ композициясы», «Даламның гүлдері» шығармалары – бір өңкей нұрлы дүние. Оның әсерін, бойды билеген сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шикі бояудың палитраға құйылып, маэстроның сиқырлы қолымен араласып, кенептегі орнына жаза бас­пай, өз мөлшерінде көшіп алып, тіріле жанып, көрерменге шуағын шашуы Жаратқанның адам баласына сыйлаған теңдессіз сыйы екеніне және бір куә боласыз. «Жеңіл буыңызбен, Роза!» картинасы – таразы басын тең басқан айтулы шығарма. Қаржасов картиналарындағы адамдар бейнесі – ұқсастық емес, бет әлпеттегі пропорция, тепе-теңдік те емес, келбетіне келіп шағылысқан ішкі жан дүниесінің нұры десек еш сөкеттігі жоқ. Мына картина – бір басында моншадан кейінгі тән тазарып, көңіл хошы көтерілген сәт айқын сезілсе, екінші, алқызыл фонда оң жағынан жарық түсе, сол жағын көгілдір көлеңке көміп, шашын көк жолақ, сары, қара көк түсті жіптермен қатарлай тоқылған ала ормалды орай салған әйел портреті ұйқасы бұзылмай, тілге оралып кетіп, көкейге қона қалған бір ауыз өлең шумағындай, әсерлі. Бәрі ынтымақтасып, суретшінің әу бастағы «түс, түстер қатынасы, сәнді қолданбалы өнерге балама» дейтін концепциясын байыта, кемелдендіре түседі. «Кешкі сарын» шығармасына тап бір Павел Кузнецовтың кейіп­кер­лері келгендей әсер аласыз. Қазақты жанындай жақсы көр­ген Кузнецов кейіпкерлері Ғале­ке­ң­дікімен рухани туыс екеніне шүбә жоқ. Картиналарының бәрі жан дү­ние­сінің қалауымен жазылған. Тапсырыс, коньюктурамен туған­дары дерлік жоққа тән. «Қарап салу бар, ойдан салу бар» десек, Қаржасов картиналарын ойлап табатындардан емес, жаңбырға буаз бұлттайын түйіліп келіп, селдетіп, кенеп бетіне барын құя салатындардан. Жаратқанның маңдайына жазып қойған тағдыр сілемдерін алдын ала сезетіні болмаса «Аян», «Сенім», «Мінәжат» картиналарын жазбас па еді? Бір жыл бұрын өмірге айдарлы бала Бейбарыстың келе жатқанын, оның анасының құрсағын жарып алғанына дейін картина қылып салғаны осы ойымызды нақтылай түседі. Ғалекеңнің шығармаларын шамамен екі топқа бөлуге болады екен. «Менің анам», «Үлгілі ауылы», «Әкей», «Баянауыл», «Торайғыр» тәрізді картиналары кескіндеменің реалистік жағына қарай ойыса жазылса, ауа кеңістіктен бас тартқан сәнді декоративті, айшықты бояулар үндестігімен шешілген «Толғау», «Алтынай биі», «Мінәжат» деп керуендете кететін шығармалары. Алғашқыларын қарап отырып салу, этюдтік мінез байқалса, соңғылары жан дүниесінен саулап құйылғаны көрініп тұр. «Таншан обсерваториясында» пейзаж, ауа, кеңістік таңғы леп «айтылса», «Аян» картинасы теп-тегіс, кенеп жазықтықтың бетінде құрақ көрпедейін қат-қат контраст бояулар үйлесімі баяндалады. Бұл екі тәсіл нәтижесінде жан-жаққа бұра тартпай, иесі бір екенін мәлім қылып, бір қолдан шыққанын паш етіп, қайда, қалай ілінсе де жарасып тұр. Бірде бірі-біріне жақын түстерді қатпарлай, сындыра жазса («Натюрморт», 1990), енді бірде иіле-созылып, бүгіле-жазылып, дала жолдарындай иректеле-ширатыла жазылады (Кездесу», 1994, «Төр»). Пейзаждарын Баянауылдың буылтық-буылтық, оқшау-оқшау, көп қатарлы төбелі сандық тас­тарындай текшелеп жазғаны да бір төбе. *** Бір сәттік, жалт еткен әдемілікті шап беріп ұстап қалып, оны мәңгілік етуге Жаратқанның алқауымен өнер келіп қонады дарынды жанға. Сол пенде сөздердің қиысқан тұсынан өлең, дыбыстың түйіскен жерінен ән шығарып, үйлесім тауып, күй қылып бейнет шегеді екен. Көбінше шығарма иесін қинаумен, соқпалы-соқтықпалы жолдармен жүру арқылы келеді. Ананың нәрестені азаптанып табатыны секілді иесін қинаумен жарық көреді. Өзі таңдап алған өнер жолында жаңалық ашарын білген шығармашылық иесі өзіне дейін болмаған әлемді қорытып, сезімінің бояуына қанықтырып көрермен алдына алып шығады. Жамағат күнде көріп жүрген болмысты мүлде басқа түрге келтіріп, сюжетке бағындырып көз алдына әкеледі. Жүз құбылған сағым арасынан өзінің жолын, өз дағдысын, өз даусын, ырғағын табу қиынның-қиыны екенін ескерсек, суретші жолының аса күрделі екені айқындала түседі. Ал қапелімде өзін тапты екен, ерте ме, кеш пе, жамағат та оны таныды деген сөз. Қош, «Мәртебесі биік жан алыс­тан көрінеді» деседі. Уақытында танылып, «Құрмет» орденін кеудесіне таққан суретшіге қалатыны – оның ауырлығын, міндетін сезіну. Халықтың сеніміне ақыр соңына дейін адал қалу.

Жеңіс Кәкенұлы, 

суретші