«МУЗЕЙ ТҮНІН» БІРГЕ ТАМАШАЛАЙЫҚ!

«МУЗЕЙ ТҮНІН» БІРГЕ ТАМАШАЛАЙЫҚ!

«МУЗЕЙ ТҮНІН»  БІРГЕ ТАМАШАЛАЙЫҚ!
ашық дереккөзі

«Халықаралық музейлер күні» қарсаңында Қазақстан республикасы Мемлекеттік Орталық музейі тоғызыншы рет «Музей коллекция­лары баршаны біріктіреді» деген ұранмен «Музей түні» іс-шарасын өткізеді. 

1997 жылы Берлин қаласынан бастау алған халықаралық «Музей түнінде» ауқымды мәдени-білім беру жобасын өткізуді Орталық Азияда алғаш рет еліміздің жетекші мұражайы – Мемлекеттік Орталық музейі ұйымдастырып келеді. 2006 жылдан бері бұл шара Алматы қаласының мәдени өмірінде аса тартымды және асыға күтетін жарқын шараға айналды. Жыл сайын музей түні мерекесіне келушілер саны артып келеді екен. Айталық, 2006 жылы мәдени шараны тамашалауға 1,5 мың адам келсе, 2013 жылы 7 жарым мың адамға жеткен. 

«Музей түні» жобасының негізгі мақсаты – еліміздің ең бас­ты мәдени-білім нысандарының бірі және белсенді әлеуметтік-мәдени мекемесі болып табылатын мұражайға жұртшылықтың назарын аударту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламаларды ұйымдастыру арқылы музейдің беделін арттыру. 

Орталық музей «Музей түні – 2014» шарасының көрермендеріне мәдени-білімдік тұрғыдан сан алуан бағдарлама ұсынуды жоспарлап отыр. Шын мәнінде, «Музей түнінің» бас­ты дайындаған сыйы бір мезетте 6 бірдей көрменің ашылып, көпшілікке паш етілуі. 

Егер «Музей түнін» тамашалап, керемет әсерге бөленгіңіз келсе, 16 мамыр күні сағат 17.00-ден 24.00-ге дейін Орталық музейге асығыңыз!  

Динара Дүрмән