Ерболат Досаев оралмандарға қарсы ма?
Ерболат Досаев оралмандарға қарсы ма?
Оралмандарға қарсы тағы да ақпараттық кампания басталған сияқты. Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова жұртты елеңдететін тағы бір мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстанға соңғы 20 жылда оралған оралмандардың 70 пайызының жоғары я арнайы білімі жоқ көрінеді. Мен вице-министрдің мәлімдемесі оралмандар туралы соңғы кездері көбейген жағымды жаңалықтарға қарымта жасалған ақпараттық шабуыл деп есептеймін. Көші-қонның тоқтауына, қазақтардың келмеуіне, көбеймеуіне мүдделі бір топ үкіметтің өзінде отыр. Оралмандардың жолын тосуға, қазақтардың бірікпеуіне қарсы заңдар сол ықпалды топтар тарапынан қабылданды. Әрине бұл заңдарды қабылдау үшін олар ақпараттық мүмкіндікті кеңінен пайдаланды. Ақпараттық құралдар, қоғамдық ұйымдар арқылы оралмандарды қоғамға тиімсіз, жағымсыз етіп көрсетіп бақты. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың көші-қон мен еңбек мигранттары туралы шығарып отырған заңнамаларынан осындай бағыт байқалып қалады. Вице министр Мәдина Абылқасымованың мәлімдемесі күдік тудырады. Ол мәлімдемеден мен дерек көзін көре алмадым.Бұндай зерттеу қашан, қайда, қалай жасаған.? Кімнің қандай жұмысқа орналасқаны туралы бізде мониторинг жоқ дейді, солай дейді де, өз сөзіне өзі қайшы келеді. Мониторинг жасалмаса білімді адамдар келмей жатқанын қалай біліп отыр?!. Қандай статистикаға сүйенген?! 2007 жылдан бері «Оралман» электронды базасы жұмыс істейді. Ол жерде мәліметтер біраз тиянақты. Статистика жүргізу қиын емес. Алайда бұл база да бүкіл 23-24 жылғы жағдайды сипаттап бере алмайды.
Олар сырттан келген оралмандардың санын ғана емес, олардың елге келгеннен кейінгі табиғи өсімін де айтуы керек. Жиырма жылдан бері қарай келіп жатқан қандастар демографиямызға айтарлықтай үлес қосып отыр емес пе?!
Енді қолынан түк келмесе де қазақтардың келе бергені, көбейе бергені біздің елге тиімдірек болатыны анық. Халық санының арта түскені билікке қай жағынан болса да тиімсіз бола қоймайды. Қазақтардың елге оралуы интелектуалдық және экономикалық жағынан да елге өлшеусіз үлес қоса беретін болады.