Жәйірден жеткен шайыр
Жәйірден жеткен шайыр
«Жәркен – бесігін жыр тербеген, жүрегін мұң тербеген
ақын. Жәйір таудың төсінде көзін ашып, табаны қара жерді басқаннан бергі
көргені – халық басына түскен қиыншылық пен қиянат. Ол зорлық пен зомбылықты
көре жүріп, көндіге жүріп, ата-бабаларының асыл сөзіне ұйып өсті, өзінен
бұрынғылардың зар-мұңын көкірек аясына құйып өсті. Талайдың ініне су құйып,
тұқымын тұздай құртқан империялық сұрқия саясат алдыңғы ағалары Таңжарық пен
Омарғазылар киген кепті Жәркенге де жастай кидірді, қиянат отына күйдірді. Оны
ажал тырнғаынан алып қалған алыстан – атамекен төрінен жылтыраған үміт шамының
сәулесі ғана еді. Сол үміт шамының сәулесінің жетегімен атамекен құшағына
аман-есен оралған Жәркеннің жырдағы бақ жұлдызы бірден жарқырап жанды. Қапастан
босаған бұлбұлдай сайрады, көктем шуағынан қуат алған гүлдей жайнады»… Бұл көрнекті
ақын Несіпбек Айтовтың Жәркен жырау
туралы толғамы.
Иә, Жәркен ақын бостандықты жырлады. Атамекенін аңсаған
қазақтың мұңын айтты. Оның әрбір өлеңінде сағыныш жатыр еді. Туған жерге деген
сағыныш, атамекеніне деген ыстық мейірім болды. Демек, оның жырларының
дені «анау шығыс Түркістанда туса да»,
«Атажұртқа жеткен өміріне» арналғаны анық.
Әрине,Жәркен ағаның табаны атамекеніне тиді. Ал,
ағайын-бауыр, туыс қайда қалды?! Жәйір
таудың басында… Жәйір тауға жету ол кездері мұң болды. Ағайынын, туыс-туғанын
көрсем деген сағыныш жыр болып өрілді. Ақынның сүйініші де, күйініші де осында.
Өйткені, оның жырына арқау болған қазақтардың тағдыры. Ол үшін әлемдегі бар
қазақ – бір қазақ еді.
«Қарап тұрсам, Жәркеннің қойны-қонышының бәрі өлең. Аузын
ашса, көмейінен өлең төгіледі». Жәркен інісі туралы қазақтың көрнекті жазушысы
Қабдеш Жұмаділов осылай деп толғанады. Қойны-қонышынан өлең төгілген ақын жетпістің
желкенін керді. Жазушылар одағынын әдебиетшілер үйінде өткен мерейтойлық кеш
ақын өлеңдеріне жазылған әндермен өріліп, ақын жырларымен сусындатты. Белгілі
ақын Несіпбек Айтұлы Жәркен аға туралы тұщымды баяндама жасады. Кешті Президент
сыйлығының иегері, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жүргізді. Кеш
барысында ақынның қаламдас достары әдемі естеліктерін айтты. Жәркен ақынның
иығына шапан жауып, сұлу сөзбен тілектерін жолдады
«Жәркеннің тақырыбы – бөлініп қалған екі ел. Қайран
қазақтың мұңы. Бас қоса алмай, біріге алмай жүрген қазақ. Жәркен оны жеріне
жеткізіп талай рет жырлады да. Арғы бетте нағашым, бергі бетте жиенім деп,
екеуінің қалай басын қоса алмай зарығып жүргенін айтады.
«Екі ұлымды жетелеп,
Жібек жолмен төтелеп,
Алғашқы әнім шырқалған,
елге кетіп барамын,
Кіндік қаным бір тамған,
жерге кетіп барамын.
Ел дегенің баяғы,
Ежелгі Шығыс Түркістан
Шекарасы демесең,
Алыс емес бұл тұстан» деп қояды. Бұл өлеңді осыдан жиырма
жыл бұрын оқығам. Сол күйі жадымда. Шын поэзия осындай болады. Жәркен мұның
бәрін жеріне жеткізіп айтты. Жәркеннің Қажығұмар туралы мынадай өлеңі бар. «Тас
бесік» деген. Мынадай жолдары есімде:
«Абақтыға апарып,
Қамағаны қапа қып.
Шыққан ізі жоқ әлі,
Кірген ізі ап-анық» дейді. Жәркенді бөлініп қалған
қазақтың тағдырын жырласын деп, Алла Тағала әдейі жіберген сияқты» , – деді
Қабдеш Жұмаділов.
Жәркен ағаға әдемі тілегін жеткізген бір топ шоғырдың
арасында көрнекті ақын Темірхан Медетбек те бар. Темірхан аға өзінің жүрекжарды
тілегін жеткізе отырып: «Жәркенді есік алдында кездестірдім. «Жәркен, жетпіс
қалай екен?» деп сұрап едім. «Әлі байқап көрген жоқпын» деді. Әлі байқап
көрмеген болуы мүмкін. Нені байқайтынын тағы білмедім. Жәркен туралы
Несіпбектің баяндамасында әдемі айтылды. Ақынның бүкіл табиғаты, мінезі өлеңінен
көрінеді. Мінезсіз ақын өлең жаза алмайды. Жазса төгілтіп жазатын Жәркен бұл
шын мәнінде жырау. Жәркен – жырау», – дейді.
Расында да, Жәркен ақын өткен ғасырдағы жыраулардың соңғы
тұяғы секілді. Жыраулар поэзиясын бүгінгі қоғамға жеткізуші, жыраулар көшін
жалғаушы сияқты Жәркен ақын. Оның өлеңдеріндегі тұнған сағыныш осының дәлелі.
Ол шындықты жырлады. Оны жыраудың әрбір өлеңі айқындап тұр. Қабдеш Жұмаділов
айтқандай, «ол өзінің тақырыбын тапқан ақын».
Қараңыз:
«Семірген жан емеспін қара суға,
Мәңгілік серік болмас жан-ашуға.
Бір әулет күні бүгін сандалып жүр,
Жәйір мен Сарыарқаның арасында», – дейді ақын. Жәйір мен
Саырарқаның арасын жол қылып, кіндік қаны тамған Жәйірде қалған қазақтың жайын
ойлап қайғырған ақынның сағынышы жатыр. Қалың қазақтың басы бір арнаға тоғысып,
қалың қазақтың басы біріксе деген ұлы арманы бар ақынның. Өзін «арғы тауға асу
болған, бергі тауды белесі» санаған ақынның жиырмаға толы кітабы жарық көрді.
Қаншама жыр мүшәйраларында топ жарды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
иегері.
Тағы да Несіпбек ақынға оралсақ. «Тіл демекші, Жәркеннің
қазіргі оқырман көптен көз жазып қалған, қара өлеңнің қара сабасынан құйылған
қымыздай, көктемгі алғашқы уыздай, өлі сөзіне жан бітіретін қордалы да құнарлы тілі
бүгінгі поэзияға қазақы мінез, қазақы қисын, қазақы ою-өрнекті, жыраулық
сарынды қайта әкелген ақжолтай тіл болды. Сондықтан да оның өлеңдері сұлудың
бұрымындай әсем, қамшының өріміндей әдемі өріледі, қолтаңбасы өзгелерден дара,
айналасына айшықты көрінеді», – дейді.
Тілі айшықты, сөзі көркем, мінезі мен сөзі үйлесім тапқан
ақынның мерейлі кеші де әсем, ерекше өрілді. Жас ақындар өлең-жырдан шашу
шашса, «Жас-Ай» шығыс-тибет медицина орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы Жәркен ақынға темір тұлпар мінгізді.
Гүлзина БЕКТАС