Спорт функционерлерін соққыға жыққандар

Спорт функционерлерін соққыға жыққандар

Спорт функционерлерін  соққыға жыққандар
ашық дереккөзі

Ғылыми тілмен айтқанда, расизм – әлеуметтік қатынас тұрғысындағы адамдардың теңсіздігі. Яғни, нәсілдік кем­­сітушілік, адамның құқын таптау. Дәл осындай оспадар көрініске спорт жарыстарында куә болып, еріксіз қынжыласыз. Жанкүйерлердің ішінде де әртүрлі адам бар. Өзі сүйетін футбол командасы үшін жанын беруге даяр тұратындары қаншама?! Кейде тіпті, қай топтың жанкүйері екенін аңғартамын деп еркінен тыс қылықтар жасауы да ғажап емес. 

Жақында ғана жанкүйер жұрт расизмнің нақты көрінісіне куә болды. «Зениттің» жанкүйерлері полицияны да елеместен, жасыл алаңнан бір-ақ шықты. Іле-шала тартыс өтіп жатқан футбол алаңы жүздеген фанатқа лық толған. Себебі, бұл кезде олардың сүйікті командасы 2:4 есебімен ұтылып жатқан болатын. Олар мұнысымен қоймай, «Динамоның» ойыншысын соққыға жығып, таяқтың астына алды. Нәтижесінде, ойын тоқтатылып, онсыз да ұтылыстың кермек дәмін татуға шақ қалған «Зенитке» техникалық жеңіліс жарияланды. Айта кету керек, ТМД аумағында дәл осы Санкт-Петербургтік «Зенит» жанкүйерлері «ең бұзық» деп танылып үлгерген. Жалпы, расизмге ресейлік жанкүйерлердің жаны әу бастан құмар. Оның үстіне мұндағы скинхедтік топтардың көбейіп, өздерінің тілімен айтқанда, «ұлы орыс халқының» мүддесін жоғары қоюы әр жерден бой көрсетіп жүр. Олар бұл саясатты футбол ойындары арқылы жүргізуді де мақсат етіп қойған сияқты. Әсіресе, билік астыртын қолдап отырған скинхедтердің бұрынғы Кеңес одағы құрамынан бөлек шыққан мемлекеттер халқына, сондай-ақ «қысықкөз» деп санайтын азияттықтарға келгенде талағы тарс айрылады. Ерекше өшпенділік пен жауыздық сезімімен қаруланған олар қалай да орыс ұлтын биік санап, басқасын кемсітуге тіптен құмар. Жанкүйер арасындағы төбелестерде Мәскеуде, басқа да қалаларда бірнеше адамның қайтыс болғаны соның белгісі. Мұның соңы Ресейде әсіреұлтшылдық, шовинистік саясаттың белең алуына, жаппай жүгенсіз іс-әрекеттерге әкеліп соқтырғанын айта кету керек. 

УЕФА президенті Мишель Платини бір сұхбатында: «Қазір әлемде нәсілдік кемсітушілік белең алып барады. Егер Еуропа чемпионаты кезінде алаңда расизм оқиғасы болса, төрешілер ойынды уақытша тоқтатуға, тіпті матчтың уақыты аяқталмай жатып бітіруге құқылы», – деген еді. Алайда, көбіне ойынның соңына дейін шыдап бағатын кездер көп. Содан болса керек, кейбір бағасы қымбат тұратын футболшылар расизм белең алған мемлекеттерге отбасын, туған-туыстарын бірге ертіп бармайды екен. Мәселен, Англия құрамасының ойыншысы Окслейд-Чемберлен бір пікірінде Украинадағы расизмнен қорқатынын айтқаны жадымызда. Украина демекші, соңғы жылдары бұл елде де наразы топтың ереуілге шығып, биліктің шешіміне қарсылығын танытуы жиілеп кетті. Кейбір мәліметке сенсек, Майданда арандатушылық туғызу үшін белгісіз бір топтар әлгіндей фанаттарға ақша төлеп, әдейі пайдаланған екен. Футбол жанкүйерлерін саясатқа араластыру қаншалықты дұрыс? 

Ақпан айында 16 украин футбол командасының фанат клубтары арасында «Барлық күш-жігерді Украинаның тұтастығы үшін күреске жұмсау» туралы бейбіт келісімге қол қойылған еді. Ал 27 сәуір күні Харьковте өткен «Днепр» мен «Металлистің» ойынында фанаттар қақтығысса да, жергілікті билік кедергі келтіруден бас тартқан. Бір апта өтпей жатып, «Черноморец» (Одесса) – «Металлист» (Харьков) ойынында арандатушылар қасақана марш ұйымдастырған кезде де, құқық қорғау қызметкерлері тағы да араласуды жөн деп таппай, тасадан қарады. «Новая газета» тілшісі бірнеше фан-қозғалыстарының үйлестірушілерімен әңгіме өрбіткен екен. Мәселен, «Черноморец» футбол командасы фан-қозғалысының үйлестірушісі Александр: «Одессада арандатушылық жасалды. Онда футбол үшін емес, кәдімгі қақтығысқа дайындалып келген, басына арнайы каска киген адамдар жүрді. Біз өзімізде, қарсы командада қандай фанаттардың барын білеміз ғой. Мұндай арандатушылық кімге керек болды дейсіз? Бұл ресейліктерді қолдағандардың көңіл-күйінен туған оқиға. Екі ортада біз күйіп қалдық», – десе, «Металлист» ФК үйлестірушісі Егор: «Фанаттар – өте қызуқанды халық. Кейде өздерін игере алмай қалады. Одессада болған жағдай әу бастан адам шығынын көздеген. Саясат бүкіл футболды былғап бітті. Бұрын жанкүйер боп, ойын біткесін ың-шыңсыз сырамызды ішіп, тарайтын едік. Қазір Ресей мен Украина арасындағы саяси жағдай ушығып кеткен соң ба, футбол төңірегі шуға толы. Кім Украинаға, кім Ресейге жанкүйер екенін ұқпай қалдық. Егер азамат ретінде ойыңды айтқың келсе, алаңға бар. Оған футбол клубтарын араластырудың қажеті жоқ. Саясат – сая­сат, футбол – ол футбол», – депті. 


Нәсілдік кемсітушіліктің себебі мен салдары


Тағы бір мысал. Осыдан бір ай бұрын «Барселона» мен «Вильярреал» ара­сындағы ойында да жанкүйерлердің жаны жай таппады. Бір жанкүйер «Барселонаның» ойыншысы Дани Алвеске банан лақтырған. Бірақ бразилиялық ойыншы еш саспас­тан, әлгі бананды жұрттың көзінше жеп қойды. Ойын аяқталған соң бұзық жанкүйерге Алвестің өзі барып, алғыс айтыпты. Ойыншы банан жегеннен кейін ерекше құлшыныспен ойнап, әріптестеріне де шабыт сыйлағанын, тіпті гол соққанын жеткізген. «Мұндай оқиғаға алғаш тап болған жоқпын. Футбол тарихында банан лақтырушылар көп. Бұған ренжудің қажеті жоқ», – депті Дани Алвес. Бір қызығы, осы оқиғадан кейін атақты футболшылар да банан жеген суреттерін әлеуметтік желілерге салып, оспадар жанкүйерді келеке еткен. Бұл әрине, «Вильярреал» футболшыларының ызасын тудырып, клуб ресми сайты арқылы өз жанкүйерлеріне деген ренішін жеткізді. Содан не керек, әлгі бұзақы жанкүйер ұсталып, биылғы футбол мау­сымы аяқталғанша стадионға аттап баспайтын болды. Мұның астарында не бар? Негізі нәсілдік кемсітушілікті желеу еткен бұзақы жанкүйерлер көбінесе қара нәсілділерге шүйлігеді екен. Бұл дұрыс па? Команданың әнұранын асқақтатып жүрген футболшы қара нәсілді болғаны үшін өз намысын аяққа таптатуы керек пе? Мүмкін Дани Алвестің «мақсатым – расизмге жол бермеу» деп күйінуі сондықтан шығар. Ұлының жанкүйерлер тарапынан қорлық көргені жанына батты ма, Дани Алвестің әкесі: «Біз кокос, қауын-қарбыз, маракуйя, манго өсіреміз. Енді банан отырғызу ойға келді. Бірақ ұлымнан бұдан былай мінберден лақтырылған бананды жемеуін өтіндім. Бәлкім, уланған банан шығар», – деген екен. 

Мәскеудің ЦСКА клубының ойыншысы қара нәсілді Сейду Думбия да талай рет орыс жанкүйерлерінің көрмәдіктіктеріне куә болыпты. «Мен қара нәсілді футболшыларға лақтырылатын бананды жеңіл әзіл деп қарай алмаймын. Адам кісі намысына тиетін әрекеттен биік тұруы қажет. Мұндай оқиғалар футболға көлеңкесін түсіреді. Жанкүйерлер командасын қолдауы керек, сонымен қатар футболшыларды да сыйлағаны дұрыс. Бұл жөнінде «Барселона» ойыншысы Неймармен талай рет сөйлестім. Бұл тығырықтан шығудың жолы бiреу – лақтырылған бананды жеу. Қара нәсілді футболшыға басқаша көзқараспен қарауды доғаратын уақыт жетті. Қоғам өзгерді, енді жанкүйерлер де өзгеруі қажет қой», – дейді Сейду Думбия. 

«Анжидың» ойыншысы болған Крис­тофер Самба да «лақтырылған бананды жеміс ретінде емес, расизм деп қарау керек» деген пікірде.  

Банан демекші, расизмнің сорақы көрінісі 2008 жылы УЕФА кубогы жолындағы бәсекеде «Зенит» пен «Марсель» ара­сында орын алғаны есте. Қара нәсілді француз ойын­шысына қарсы «Зениттің» фа­наттары ойын аяқталғанша бананды қарша боратқан. Түптің түбінде,  фран­цуздар УЕФА басшылығына шағым түсіріп, «Зениттің» басшылығы 37 мың евро айыппұл төлеп құтылды. Әсіресе, бұл қара дақтың «Зенитке» жағыла беруі бекер емес. Әлде, ресейлік жанкүйерлердің мәдениеті шынымен төмен бе? Айтпақшы, осы «Зенитттің» жанкүйерлері қара нәсілді ойыншыларды футболға жолатпау жөнінде ұсыныс-арыз жазғаны да есте. Олар 2018 жылы өтетін әлем чемпионатының тағдырына алаңдаулы екен. Бұған өре түрегелген әлемдік БАҚ адамды нәсіліне бола кемсітпеу туралы қоғамдық пікір туғызып, Ресейде қалыптасқан жағдайға ашу-ызаларын білдірді.  


Қазақстан футболы нәсілшілдіктен ада ма? 


Футбол – ақша! Көп ақша! Сондықтан да бұған қол салғандар жүдә көп. Әсіресе, соңғы кезде қазақ футболына шетелден легионерлер мен жаттықтырушылар тарту жиілеп кетті. Бір өкініштісі, қазақ футболының төңірегінде қанша ақша айналып жатқаны белгісіз. Қоғам мүлдем хабарсыз. Алыстағы «Реал» мен «Барселонаның» әрбір тиынын санап беруге мүмкіндік бар, ал өз командаларымыздың бюджеті тескен таудың тасасындағы құпия. Бұл тұрғыда біздің билік те жақ ашпайды. Құпия жайт құпия әрекеттерді тудырады. 

Тіпті, Қазақстан футболында қазақтан өзге ұлт өкілдерінің өте көп екенін, олардың кейбірінің қазақтарды футболға жолатуға жан-тәнімен қарсы екенін БАҚ-тар талай жазған, айтқан. Бұл не? Қазақ өзінің жасыл алаңында доп тебе алмай ма? Қаракөздердің бұған қауқары жетпейді дейтіндер кімдер? Бүгінде «Қайрат» футбол клубы жасөспірімдерге доп тебудің әдістерін үйретіп, шеберліктерін шыңдау үстінде. Тіпті, голландиялық  балалар жаттықтырушысы кішкентай қарадомалақтардың жасыл алаңда ширақ қимылдайтынын, ептілігін ерекше мақтанышпен айтыпты. Бұл – олардың берген бағасы. Алайда, кейбір көреалмаушылар: «Қазақтан мықты футболшы шыға қоймас» деген сыңаржақ пікірін тықпалай береді. Неге?

Қазақстан футболында мемле­кет­шілдік көзқарас қалыптасып үлгермегені өкінішті. Жақында «Ертіс» ФК жетекшілерін ауыр соққыға жыққандар жайындағы ақпарат жұрттың жағасын ұстатты. Клуб директоры Халимжан Ержанов пен «Ертіс» ФК спорт директоры Болат Ысқақовты бетперде киген бәзбіреулер жалдап тұратын пәтерінің жанында аямай ұрып кеткен. Анау-мынау емес, темір сойылмен. Жансақтау бөліміне түскен Болат Ысқақовқа ота жасалса, Халимжан Ержанов та жарақаттың ауыр түрін алған көрінеді. «Ертіс» ФК жетекшілеріне кімдер өшікті екен? Не себеппен? Бәлкім, мұның астарында клуб қатарына қосылып жатқан қаракөздерге қарсы наразылық жатыр ма? Әлде, қомақты ақша айналып жатқан футболда қазақтың жүргені біреулердің шымбайына батты ма? 

Футболға ойын ретінде ғана қараудың күні өтті. Футбол – экономика, футбол – саясат! Сондықтан Қазақстан футбол саласындағы саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс сияқты. Сонда ғана жанкүйерлер де өз еліміз үшін мақтана алатын болады. 

Руслан Меделбек, спорт шолушысы: 

– Қазақстанда расизм белгілері байқалмаса да, бізде жанкүйерлер тәртіпті деп айту қиын. Дегенмен, қазақстандық фанаттар арасында футболшылардың нәсіліне, ұлтына тиісу фактілері тіркелген жоқ. Ал әлемде футбол саясатқа айналып кеткендіктен жанкүйерлер елге, ұлтқа, нәсілге қарсылықтарын жиі білдіріп жатады. ФИФА расизммен қатаң түрде күресіп жатса да, нәтиже аз. Жаңа заңдар бойынша, футболшының нәсіліне тиіскен фанат өмір бойы стадионға кірмейді. Ондай фактілер жақында Испания премьерасында тіркелді. Дани Алвеске банан лақтырған фанат өмір бойы футболға кіре алмайды. Ал бұл расизм әрекеті әлемде «Банан флешмобына» айналды. Демек, әлем қазір расизмге қарсы. Бірақ тентек фанаттар өзінің футболшыларға қарсылығын нәсіліне, ұлтына қаратып білдіріп жатады.

Қазақстанда футболдың айна­ласындағы ақша мәселесі өте құпия. Жанкүйерлер арасында футбол­шылардың ең төмен айлығы – 10 мың доллар, кейбірі 75 мың доллар айлық алады деп айтады. Бірақ бұл ресми түрде дәлелденбеген. Барлығы құпия. Клубтар да ашқысы келмейді. Себебі футболшылардың нәтижесі аз, жалақысы көп.

Динара Мыңжасарқызы