Жаңалықтар

БАС ҚАЛАДА ТАБЫСҚАН ТҮРКІТАНУШЫЛАР

ашық дереккөзі

БАС ҚАЛАДА ТАБЫСҚАН ТҮРКІТАНУШЫЛАР

18 мамырды Қазақстан Пар­ла­менті «Түркі жазуы күні» деп бе­кіткені белгілі. Бұл күнді белгілеуде Күл­тегін мүсінінің көшірмесінің Моң­­ғолиядан Қазақ жеріне жет­кі­зіліп, оны Астанадағы Еуразия ұлттық уни­верситетіне орнату оқи­ғасы негізге алынған. Осыған орай, Түркі ака­демиясының ұйытқы болуымен осы аптада Астанада «Түркі жазуы күні» атты халықаралық форум өтті. 

Биыл тұңғыш рет ұйым­дас­тырылып отырған басқосуға Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей мем­лекеттерінен келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қазақстан Үкіметінің атынан сөз алған премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова форум жұмысына сәттілік тілеп, бұл жиынның маңызын атап өтті. «Түркі академиясы өткізіп отырған бұл форум бүгінгі таңда рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық салалардағы Еуразиялық интеграцияның ауқы­мы­ның кеңейіп, шапшаң дамуына қызмет етеді деп білеміз. Түркі жұртының төл жазуының болғаны бүгінгі біздер үшін биік мерей. Себебі тасқа қашалып жазылған ата-бабаларымыздың аманат сөздерінен, өсиет-тілектерінен біз тарихымызды танып қана қоймай, болашағымызды да бағалай аламыз. Сол бай мұрамыз арқылы өскелең ұрпақты патриоттық, елдік рухта тәрбиелеп өсіруге мүмкіндік аламыз»,– деді ол.

Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өз сөзінде: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тек Қазақстанның ғана емес, күллі түркі дүниесінің тегеурінді тұлғасы ретінде танылып отырғаны хақ. Оның жарқын айғағы, Стамбұлдағы Түркі кеңесі, Анкарадағы ТҮРКСОЙ, Бакудегі ТүркПА, Астанадағы Түркі академия­сы және Ақсақалдар кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардың барлығы да ҚР Президентінің бастамасымен құрылған. Сондықтан Елбасымыз Түркі дүниесінің көшбасшысы ретінде танылып отыр», – деп атап көрсетті.

Халықаралық форум аясында­ Түркі академиясы мен Ресей Ғылым Ака­демиясының Уфа ғылыми орталығы ын­тымақтастық меморандумына­ қол қойылып, Түркі академиясы шы­ғарған бірқатар ғылыми еңбектердің тұсаукесері өткізілді. Олардың ішінде РФ профессоры, ғылым докторы Анна Дыбо құрастырған «Этимологический словарь тюркских языков» еңбегі, Ресей-Түркия ғылыми зерттеу орталығының директоры тарих ғылымдарының кандидаты, профессор  Дмитрий Васильевтің «Корпус тюркских рунических надписей Южной Сибири» кітабы, Татарстан Республикасы Ғылым Академиясы Тіл-Әдебиет және Тарих Институты Тіл білімі бөлімінің меңгерушісі, академик Мирфатых Закиевтің «Древнетюркская ономастика и ее морфонология» кітабы,  Р.Б. Сүлейменов атындағы  Шығыстану институтының  ғалымы, қытайтанушы, тарих  ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының «Түркі тарихына қатысты көне қытай дереккөздері» еңбегі, тарихшы-археолог Зейнолла Самашевтің «Көне түркі  графикасы» және философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің «Түркі әлемінің ойшылдары кітабы» атты туындысы бар. 

Бұған қоса Түркі академиясы басшылығы түркітану саласында ізденіп жүрген үздік жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында үш бірдей шәкіртақы тағайындау туралы шешім қабылдады.

Г. ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ