Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы
Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы
Алматыда «Қазақтың талантты ұлы, жазушы-драматург Құрманхан Мұқамәдиұлы» атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты оны Моңғолияның қоғам қайраткері Қ.Мұқамәдиұлының туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырды.
Жиынды Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев басқарып отырды. Құрманхан Мұхамәдиұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы, басқару және әкімшілік ғылымдарының докторы, профессор Қабсатар Омарұлы, филология ғылымдарының кандидаты Есенгүл Кәпқызы баяндама жасады.
ҰҒА академигі Мәлікайдар Асылбек, сыншы Батай Махабылұлы, қоғам қайраткері Марияш Ноғайқызы, жазушының қызы Лиза Құрманханқызы жарыссөзге шығып, Құрманхан Мұхамәдиұлының еңбек жолы туралы өздерінің ой-пікірлері мен естеліктерін ортаға салды.
«Өшпейді үнім, өршелене түседі. Шындықтың үні зор», – деп өзі айтып кеткендей аз ғұмыр кешсе де артына мол мұра қалдырған асыл азаматтың аты Алматыда жаңғырды.
Қазақ халқының әдеби-мәдени мұрасы – аса мол қазына. Тіпті байтақ Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі жиналмай жатқан рухани байлығымызды былай қойғанда, шетелдегі қазақтардың дәстүрлі жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінің өзі бір төбе. Тіл мен саяси бостандығымыз еркіндікке жеткен осы заманда ауыз толтыра мақтанарлық рухани қазынамызды жинап-зерттеп кейінгі ұрпаққа тәбәрік ету басты міндетіміз.
Қазіргі жағдайда шетелде өмір сүретін 4 млн-дай қазақтың көп сырлы әдебиеті мен мәдени өмірі Атамекендегі қазақтарға толығымен жетіп, таныс бола қойған жоқ.
Сондай қазақ әдебиетінің бір бұтағы ретінде саналатын Моңғолия қазақтарының жазба әдебиеті. 1940 жылы шаңырақ көтеріп, Ұлттық аймақ ретінде бой түзеген Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласы рухани өмірдің қан базары іспетті болды. Сол жылдардан мұнда қазақ балабақшасы, мектептері ашылып, қазақ музыкалық драма театры орнады. Моңғолия Жазушылар одағының Баян-Өлгейдегі бөлімшесі өмірге келді. Оны ұйымдастырып, аймақтағы ақын-жазушылардың әдебиет орбитасына көтерілуіне жетекшілік жасаған – Құрманхан Мұқамәдиұлы. Құрманхан дәуір талабына сай аймақтағы қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор ықпалын тигізіп, Моңғолиядағы қазақ ұлттық әдебиетінің алғашқы уығын шанышты.
17-18 жасынан әдеби өмірге араласа бастаған Құрманхан шығармаларының дені драмалар мен аудармалар. Монғолия қазақтарының әдебиетінде Құрманхан тұңғыш рет әнгіме жанрында қалам тартқан қаламгер. Оның небәрі 3 әңгімесі, 2 көркем очеркі бар. Алайда осы шығармаларынан-ақ Құрманханның проза жанрына қарыштай қанат сермегенін байқау қиын емес. Әсіресе «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты көркем очеркі бұл жанрда жазылған майталман шығармалардың бірі саналады.
1955 жылы шаңырақ көтеріп, іргесі қаланған аймақтың Музыкалы драма театры қаламгердің «Кезең үстінде» пьесасымен беташарын жасады.
Құрманханның «Кезең үстінде» атты пьесасы бірлестіктендіру тақырыбына арналды. 40 жылдардан бастап жүргізіле бастаған жаппай бірлестіктендіру шаралары қазақтар арасында қалай белең алғанын қамтыған шығарманың «Кезең үстінде» аталуы бекер емес.
Құрманхан шығармаларының тілі жайында сөз қозғар болсақ, жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлт әдебиетінің жалпы халықтық тілде қарапайым жазылуы, көркемдік нақыштарының бояуының қанықтығы қайран қалдырады. Мысалы: “Қайғы қара басыңдікі болса, жалғыздың ісі жазым: жылып аққан бұлаққа батасың да кетесің: Қайғыңа көп ортақ болса түскенің көптің кемесі – мінесің де өтесің. Қуанышың жеке өзіңдікі болса, кездейсоқ түскен бір сағым: өтеді де кетеді. Қуанышыңа көп ортақ болса, шашырап түскен күн нұры, ғұмырыңа жетеді”. Тұспалдап, мақалдап сөйлеу, ертедегі шешендердің үлгісінен. Міне, Құрманхан үлгі алған мектеп. Мұндай мысалдарды сан мыңдап табуға болады.
Құрманханның бұлардан басқа да “Қарға қарғаның көзін шұқымайды”, “Тамыр дәрі” комедиялары, “Алты бақан” либреттосы секілді театр сахнасына арналған бірнеше еңбектері бар. Бұл шығармалардың өн бойынан Құрманханның төселген жазушы-драматург, майталман қаламгер екенін байқаймыз.
Құрманхан шығармаларының енді бір шоқтықтысы – аудармалар, ол Моңғол халқының атақты жазушылары Д.Нацагдорж мен Ц.Дамдинсүрэн шығармаларын қазақ тіліне аударып, көпшілікке танытты. Қазірге дейін қазақ халқы Д.Нацагдоржыны Құрманхан аудармасы арқылы таниды.
Моңғол халқының жазба әдебиетінің негізін қалаушы, небәрі 31 жасында дүние салған Д. Нацагдорж аз ғұмырында , әдебиет тарихында ұланғайыр еңбек қалдырған жазушы. Оның шығармаларының бәрін дерлік Құрманхан қазақ тіліне аударған. Ең шоқтықтықтыларын атар болсақ, «Жұмбақ төбелер » либреттосы, « Менің жерім» толғауы және де «Жылдың басы, көздің жасы» әңгімелері. Әдебиет сыншылары «Жылдың басы, көздің жасы» әңгімесінің моңғолшасынан гөрі қазақша аудармасы көркем дегенді мойындайды.
Бұлардан басқа М.Құрманхан Ц.Гайтавтың «Д. Сүхбатыр» поэмасын, Ч.Лодойдамбаның «Тұнық Тамир» романын қазақ тіліне аударған. Ол осылай Моңғолия қазақтарының әдебиетінде көркем аударма үлгісін тұңғыш жасаған қаламгер.
Әдебиет жанрының қай саласында да еңбек еткен оның шығармаларының бір қыры- ақындық. Әдебиетке ат ізін өлеңмен салатын жазушылық дәстүрдің үрдісімен ол да алғашқы шығармаларын өлеңмен жазады. Оның өлеңдерінің ішінде ауыз толтыра баға берерлігі « Қыс» атты Абайға еліктеген пейзажды өлең.
Айдаһардай ашулы, бұйра сақал,
Үстінде мұздан киген камзолы бар.
Түкірігі – қар, аяз, демі – боран,
Екі иінін жұлып жеп келді ақсақал, – деген жолдардан ақ қаламының жүрдектігін байқауға болады.
Оның «Бөкен Жарғақ» атты поэмасы, «Тоғысқан тағдырлар» атты драмалық шығармалары аяқталмаған. Әлі талай іс бітіруге құлшынып жүргенінде, небәрі 41 жасында сұм ажал дүниеден ерте алып кетті: « Ақынның өзі өлсе де аты өлмейді», келер ұрпаққа мол мұрасы, рухани тағлымы қалды. Құрманханның біз жете танымаған әдеби қырлары мол. Оның шығармалары жөнінде азды-көпті мақалалар болмаса, көлемді зерттеулер, монографиялар жоқтың қасы.
Бұл мақаланы, көрнекті қаламгер Кәкей Жаңжұңұлының: «Моңғолиялық қазақ әдебиетінің қалыптасу қарсаңында барлық жанрда дерліктей қалам тартып, көбінің үлгілік өлшемдерін көрсетіп, алғашқы бораздасын салған – М.Құрманхан әдебиетіміз тарихында, оның негізін салушылардың бірі, үлкен суреткер ретінде жоғары бағаланады» деген сөзімен аяқтау жөн сияқты.
Есен Байнұр