Бас мүфтидің жүлдесін ұтқан Бауыржан

Бас мүфтидің жүлдесін ұтқан Бауыржан

Бас мүфтидің жүлдесін ұтқан Бауыржан
ашық дереккөзі

Таяуда Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін тұңғыш рет қазақ күресінен республикалық жарыс өтті.  

Турнирдің ашылу салтанатына Ержан қажы Малғажыұлы, қазақ спортының майталмандары – Жақсылық Үшкемпіров, Ислам Байрамуков, Ермахан Ибраимов, Қазақ күресі федерациясының президенті Құсман Шалабаев қатысты.

«Бүгінгі спорттық жарысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – жамағат арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оларды спортпен шұғылдануға шақыру. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі балуан болған. Ол кісінің бойында бір емес, бірнеше адамның күші болатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Суға жүзуді, садақ атуды, атқа отыруды, күресуді, жүгіруді үйреніңдер, әрі өзгелерге оны үйретіңдер», – деген. Исламда дені сау адамның мәртебесі жоғары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір сөзінде: «Әлсіз мұсылманнан мықты мұсылман қайырлы, яғни жақсырақ. Бірақ екеуінде де қайыр бар», – деген. 

Қазақта «Шынықсаң – шынығасың», – деген сөз бар. Адам денсаулығы шынығу арқылы жақсарады. Қазір имамдар арасында да футболдан, волейболдан, тағы да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып келеді», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.  

Ұлттық спорт түрі – қазақша күрес жарысына 18 жастан асқан, салмағы 74 келіден жоғары 95 балуан белдесті. Турнирде еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. 

Ақтық финалға шыққан Жангелді Хамитов шешуші сәтте Бауыржан Тәліптен айласын асыра алмады. Сөйтіп, Бауыржан балуан бірінші орынды (умра қажылық) қанжығасына байласа, Ж.Хамитов 250 мың теңгенің теледидарын ұтып алды. Ал жүлделі үшінші орынға ие болғандар – Ербол Балтаев, Жарқын Сыбанбаев. Имамдар арасынан суырылып шығып, жартылай финалға дейін есесін жібермеген Батырбек Сматұллаұлы («әл-Хамид» мешітінің наиб имамы) Бас мүфтидің алғыс қағазымен марапатталды. 

Аталмыш жүлде үшін жарыс жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Индира Байсалбекова