Жаңалықтар

Меңді қызға ЫНТЫҚ ЖҮРЕК

ашық дереккөзі

Меңді қызға ЫНТЫҚ ЖҮРЕК

18 мамыр – туысқан түркімен халқының ұлттық мейрамы. Бұл күні жыл сайын Түркіменстанда ұлттық ояну, бірлік және Мақтымқұлы поэзиясының күні тойланады. Қытайда Құндзы (Конфуций), орыста Пушкин, өзбекте Науаи, қазақта Абай қандай рөл атқарса, түркіменнің ұлттық тұрмыс-тіршілігінде Мақтымқұлы сондай орын алады. Халқының рухымен суғарылған поэзиясы Түркіменстанның ұлттық идеологиясының негізіне айналып отырған ақынның өлмес өлеңдері бұл күндері әрбір түркіменнің жүрегінің түкпірінен орын алған. Мақтымқұлы түркімен әдебиетінің классигі ғана емес, сонымен бірге түркілік құндылықтарды асқақтата жырлаған түркілік өркениеттің аса көрнекті өкілдерінің бірі. Түркімен халқының ұлы ақы­ны, ұлы ойшылы Мақтымқұлы Фраги 1773 (кей деректерде 1727) жылы Түркіменстан жеріндегі Ат­рек өзенінің бойына орналасқан Хад­жи – Гоушан елді мекенінде өмір­ге келген. Әкесі Дәулетмәмәд шы­ғыс­тық үлгіде ғазалдар, «Бағзы-Азад» дастанын жазған белгілі ақын болған. Болашақ ақын өлеңдерін өзі­нің атымен, кейде Фраги әдеби псев­дониммен жариялап отырған. Әдебиет әлемінде Мақтымқұлы атымен танымал болды. Сауатын әкесінен, әкесі сабақ беретін ауыл мектебінде ашады. Арабша, парсыша жастайынан хат таныған Мақтымқұлы өз үйіндегі әкесі жинаған бай кітапханадағы шығыс шайырларының жауһар жырларынан барынша сусындайды. Жас кезінде қол өнеріне, ұсталыққа, зергерлікке құмартып, кейіннен біржола әдебиеттің жолына түседі. 1753 жылы Бұхар ханды­ғындағы Қызыл­аяқтағы Ыдырыс-баба­ мед­ре­сесінде бір жыл оқиды. 1754 жылы Бұхарадағы Көкілташ медресесіне түсіп, онда да бір жылдай білім алады. Осында оқып жүргенде, Нұри-Қазым ибн Баһар атты сириялық түркіменмен танысып, достасады. Мақтымқұлы осы досымен бірге Өзбекстанды, Қазақстанды, Тәжікстанды аралайды; Ауғанстан арқылы солтүстік Индияға дейін шарлайды. 1757 жылы сол кездегі айтулы білім ордаларының бірі Хиуаға келіп, осындағы Ширғазы медресесіне оқуға түседі. Мұнда билеушінің ықыласы түскен отбасыларының балалары білім алатын. Мақтымқұлы осында медресе бітіреді. 1760 жылы Мақтымқұлының әке­сі қайтыс болып, елге оралады. Осы кезден бастап ақын өмі­рі­нің қиын кездері басталады. Ол Меңді есімді қызға ғашық болып, үйленбекші болғанда, қолының қысқалығынан қалыңмалын төлей алмайды. Қыздың әкесі Меңдіні қалыңын төлеген ауқатты біреуге беріп жібереді. Осыдан қалған ғашықтық дерті ақынды өмір бойы мазалап, көптеген махаббат жырларының жазылуына өзек болады. Шарап ішіп, шартарапты шарласам, Ет жүрегім тілім-тілім зарласам. Көгершіндей таудан тауға самғасам, Бәлкім, хабар алар ма екем, жар сенен! – деген сияқты жүрек түкпіріндегі    ға­шықтық құпияларын, сағыныш сырларын жырға қосқан өлең жолдары осы кездерде өмірге келді. Ақынның екі үлкен ағасы Ахмед-шах патшаға қарсылық қозғалысына қатысып, қолға түсіп қалады да, соңынан екеуі де опат болады. Бұл оқиға да сезімтал ақын жүрегіне салмақ түсірмей қоймайды: «ағаларым» деп, аңыраған аңсаулар жырға айналады. Мақтымқұлы үйленіп, шаңырақ құрады. Сары, Ыбырайым атты екі перзент сүйеді. Отбасының қызығы, әсіресе болашақ өмірінің жалғасы екі ұлының балалық қылықтары жан жарасын ұмыттырғандай да болған. Бірақ бұл ұзаққа бармады: екі баласы да – үлкені он екі, кішісі жеті жасында қайтыс болады. Өмірінің мәні де, сәні де болған балаларынан айрылу соққы үстіне соққы болып, ақынды ойсыратып кеткендей де еді. Бірақ та рухы күшті ақын жан жарасын жырларымен емдеп, өмірге тура қарап, ойлы өлеңдер жаза берді… 1760 жылы Мақтымқұлы Қазақ­станның Маңғыстау облысын, Астрахан, Әзірбайжан, Таяу Шығыс елдерін аралайды. Көп жерлерді көріп, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, көргені мен білгенінің арқасында өмір туралы ойлары, толғаныстары тереңдеп, өміршең жырлардың тууына жолдар ашады. Өмірді сырттай қызықтап емес, қалың халықтың арасында жүріп, бар ауыртпалығын, қиыншылықтарын көзімен көріп, қолымен атқарған, мойнымен көтерген, сөйте жүріп, ой тербетіп, оны жырларына арқау еткен Мақтымқұлы 1783 жылы бұл өмірмен қоштасып, пәни өмірге жол тартты. Түркімен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлының артында қалған мол мұрасы (көлемі он жеті мың жолдай), ең алдымен, халықтық сыпатымен ерекшеленеді. Оның ел-жұртының бүгінін, ертеңін ойлап, жырлаған жырлары қалың көпшіліктің жүрек түкпіріне жол тауып, бүкіл жан-жүрегін жаулап алып, бүгінгі күнге әрбір түркіменнің түрлі жағдайларда сыр бөлісер сырласына айналып кеткен. Көбіне ауыздан ауызға жатталып, ұрпақтан ұрпаққа берілген Мақтұмқұлының жыр жауһарлары тек түркімен аумағында ғана қалып қоймай, қойы қоралас, елі аралас жатқан түркі тектес елдерге де кеңінен тараған; анау-мынау ақындарды мойындай бермейтін Шығыс шайырларының отаны Иран, одан Тұран арқылы басқа елдерге де кең жайылып, әлемдік әдебиеттің алтын қазынасына қосылған қымбат мұра ретінде ғасырлар бойы жасап келеді. Мақтымқұлының өлеңдерінде он сегізінші ғасырдағы түркімен халқының тұрмыс-тіршілігі, арман-аңсарлары, дүниетанымы шынайы көрініс тапқан. Түркіменнің ұлттық тұрмыс-тіршілігін, ұлттық болмысын, бола­шағын Мақтымқұлыдай жырла­ған, Мақтымқұлыдай көркем бейнелеп бере алған ақын бұл елдің арғы-бергі тарихында болған емес. Сондықтан да түркімендер Шығыстың ұлы ақындарының бірі Мақтымқұлын ұлттың рухани әкесі, ұлттың ұлы ұстазы санайды. Ақынның өлеңдері түркімен халқының ұлттық энциклопедиясы, ұлттық идеологиясы іспеттес. Мақтымқұлы жырлары түркі­мен халқы­ның ұлттық мүддесі тұр­ғы­сынан жырланып, соған қызмет етіп келе жатуымен, болашағын жарқыратып көрсете білуімен құнды. Сол себептен де «мен түркіменмін» деген әрбір азаматтың Мақтымқұлының өлеңдерін оқып, оның өміршең ойларын бойына сіңіріп тәрбиеленуі әрбір жанның ұлт алдындағы азаматтық парызы болып есептеледі. Бұл түркімен ұлтының қоғамдық дамуының, түркімен ұлтының өсіп-өркендеп, өркениет жолымен салтанат құруының басты шарттарының бірі саналады. Негізінен Шығыс әдебиетіндегі ғазал, шағын өлең түрлерінде жазған Мақтымқұлы поэзиясының тақырып аясы өте кең. Оның жырларында қоғамдық өмірдің көтерілмеген өзекті өңірлері жоқтың қасы. Адамның қысқа ғана ғұмырында жиі кездесетін, тіршіліктің түпсіз тереңдерінен туындап отыратын күрделі мәселелерге батыл барып, жанды сауалдарын мәнді жауаптармен көркемдеп отырады. Қоғам туралы терең ойлармен өрнектелген Мақтымқұлының поэ­зия­сы өмір туралы, адам туралы, адам­гершілік туралы философиялық толғаныстарға толы. «Сол себептен де Мақтымқұлы өлеңдерін кең мағы­насында адамгершілік толғауы деп атаса жарасады» (Р. Бердібай). Ақынның: Биік таулар, бойшаңмын деп, шіренбе, Бір күн құлап, сен де типыл боларсың. Терең теңіз, тәкәппарсып түнерме, Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың. Лұқмандай тапсаң, дерттің дауасын, Рүстемдей жыртсаң ,жаудың жағасын, Ескендірдей алсаң, дүние қаласын, Сонда да бір жермен-жексен боларсың, – деген жолдардың поэтикалық қуаты, айтар ойы тереңде жатыр; кімді де болса мынау қызылды-жасылды өмірдің қым-қуыт бұралаң шиырлары ойландырып, тәубеге қарай бастары анық. Ұлы шайыр шығармаларының өн бойына өріліп, көтеріліп отыратын негізгі тақырып – адам қандай жолдармен жетіле түседі; қоғам қайтсе жақсарады. Сопылық жолды ұс­танған ақын бұл өмірдің жал­ған­дығын, пәнилігін әр­дайым ескертіп, таза, адал тір­шілік жа­сауға үндейді. Өмірдің өзгер­мелілігін, мәңгілік еш­теңенің жоқ­­тығын ескертіп, таза жүріп, адал тіршілік жасауға ша­қырады. Қыс­қа ғана ғұмырда жа­мандық пен жауыздықтан жиреніп, жақсылық пен адамгершіліктің жолымен жүріп, ғұмыр кешу, пайдалы іспен айналысып, білім-ғылым іздеу, артына жақсы із қалдыру адам баласы өмірінің мәні мен сәні деп біледі. Бұл жолда ақылыңа сүйен, қайратыңа сен, болдым деп аспа, толдым деп таспа, айналаңдағы жарлы-жақыбайларға көмектес, жақсылық жаса, мейірімді бол, сонда ғана сен бақыттысың деген ойлар – Мақтымқұлы поэзиясының өн бойында өрілген негізгі сарын (лейтмотив). Елді бірлікке, Отанды сүюге, адал еңбекпен күн көруге, біреудің ала жібін аттамай, әділетсіздік атаулыға қарсы күреске шақыру ақын поэзиясының ұлттық, жалпыадамзаттық сыпатын арттыра түскен. Мақтымқұлының әдебиетке келуіне, ақын болып қалыптасуына осы кезде дүрілдеп тұрған парсы поэзиясының тікелей әсері болды. Десек те Мақтымқұлы әдебиеттегі өз жолымен кетті. Әлішер Науаи сияқты Мақтымқұлы да түркі тілі поэзия тілі болуға жарамсыз деген сол кезде қалыптасқан біржақты пікірді жоққа шығарып, өлеңдерін тек қана түркімен тілінде жазды. Жазғанда да ауыз әдебиетіндегі ұлттық демократиялық сарындарды бүкіл адамзаттық құндылықтармен ұштастыра отырып, түркі тілінің өлең өлшемімен (абаб, вввб, гггб ұйқасы үлгісіндегі төрт жолдан тұратын қара өлең шумағы), қарапайым халыққа түсінікті тілмен жырлады. Ақын поэзиясы кемел көркемдігімен, ой тереңдігімен, халықтық сыпатымен ғана емес, түркі тілінде әлемдік әдебиеттің алтын қазынасына құйылған жыр жауһарларын жазуымен де құнды. Мақтымқұлының шығар­ма­шылығы өзінен кейінгі түркі тілдес әде­биеттерге әсер етті. Мысалы, ұлы Абайдың өлеңдерінен классикалық Шығыс әдебиетімен қатар, түркімен шайырының жырлары арасындағы үн­дестіктер мен ұқсастықтар байқа­лады. Мақтымқұлы жырларымен қазақ оқырмандары ақын Ғали Орманов пен Дүйсенбек Қанат­баев­тың аудармалары арқылы таныс. Түркімен әдебиетінің клас­сигі Мақтымқұлы жайында Бер­ді Кербабаев «Мақтымқұлы» тра­­гедиясын, Петр Карягин «Мақ­тым­құлы» романын жазған. Түр­кіменстанда жыл сайын 18 мамырда Мақтымқұлы поэзиясының күні бірлік пен ынтымақ, қайта өрлеу мейрамы ретінде аталып өтеді. Бұл күн жалпыхалықтық демалыс күні болып жарияланған. Түркіменстанның Мемлекеттік университеті, Ұлттық Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институты, Ұлттық сазды-драма театры, опера және балет театры, т. б. Мақтымқұлының құрметіне оның есімімен аталған. Түркіменстанда, басқа да елдерде ұлы ақынның атына жер, су, көше, мекеме аттары берілген. 1992 жылдан түркімен тілі мен әдебиеті саласындағы үздік зерттеулер үшін берілетін халықаралық сыйлық белгіленген.

 Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 

 филология ғылымдарының 

 докторы, профессор