Алматыда энергия тапшылығы болмайды

Алматыда энергия тапшылығы болмайды

Алматыда  энергия  тапшылығы  болмайды
ашық дереккөзі

Алматы қаласында электр қуатына деген қажеттілік жылдан жылға артып келеді. Десек те, бұдан былай электр қуатынан тарықпайтын боламыз. Бұған Бостандық ауданында бой көтерген қосалқы станса дәлел бола алады. «Есентай» атты тағы бір қосалқы нысан шаһардың орталық бөлігін жарықпен үздіксіз қамтамасыз етуге қауқарлы.

Жеті жыл бұрын электр тапшы­лығы жиі сезілетін. Жарық жиі сө­ніп қалатын кездер де болды. Қуаты 500 МВА болатын 12 қосалқы стансаның қауқары бүкіл қаланы қамтуға жетпейтін. Қазіргі таңда шаһарда 29 қосалқы станса жұмыс істейді. Соңғысы кеше ғана іске қосылған «Есентай» қосалқы стансасы. Бостандық ауданында орналасқан нысанға қаланың ең ірі мәдениет, спорт, әкімшілік ғимараттары қосылған. Жоба 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның индустрия­ландыру картасы шеңберінде ел бюджеті есебінен жүзеге асты. Жыл соңына дейін осындай тағы бір нысан қолданысқа беріледі деп жос­парлануда. «Қаламызды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бағасы 2 млрд. 600 млн. теңге. Бір жылдың ішінде барлық ақша жөн-жосығымен игерілді. Қосалқы стансалар шетелдік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген», – деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. 

Жаңа қосалқы стансаны са­луға отандық құрылыс материал­дары пайдаланылған. «Кентау трансформаторлық зауытында» жасалған құрылғы өрт пен жары­лысқа төтеп беретін заманауи серджи жүйесімен жабдықталыпты. «Өңірде тұрғындар санының арта түсуіне байланысты электр қуатын тұтынуға деген қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Жалпы 2007-2013 жылдар аралығында қалалық әкімшіліктің көмегімен 29 қосалқы станса салынды. Жалпы қуаттың өсімі 3000 МВА-дан асты», – деді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов. 

Сондай-ақ, қаламыздың тұрғын үй аймағында электр өрісін азайту мақсатында қуаты 110 Кв әуе жолы бағаналарын орнату және ұзындығы 3 шақырым бақылау жүйесі мен кабель желісін жүргізу іске асырылды. Бұл қолайсыз ауа райы және техникалық себептерге байланысты жарық өшкен жағдайда, арнайы дабыл жүйелері арқылы басқа стансадан энергия көзі тасымалданады деген сөз. Әрине, бұл шаһар аумағына қосылған 27 елді мекен мен 100 мыңнан астам тұрғын үшін тиімді болатыны сөзсіз.

Динара Дүрмән