Жаңалықтар

Порошенко ұлықтау рәсіміне дайындалмақ

ашық дереккөзі

Порошенко ұлықтау рәсіміне дайындалмақ

Сонымен, Украинада кезектен тыс өткен президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтпейтін болды. Экс-премьер Юлия Тимошенко да қарсыласын жеңісімен құттықтап, табыс тіледі. Кейбір мәліметтерге сенсек, Петр Порошенко бұл жеңіске ақшаның күшімен жеткен сияқты. Қалай десек те, оны АҚШ, Еуроодақ мемлекеттерінің өзі қолдағаны анық.

Петр Порошенко 1965 жылыОдесса облысы, Болград қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Киев мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған Порошенко әкесі басқарған 50 кәсіпорынға да иелік етіп келеді. Отбасылы, 4 баласы бар. Ол  «шоколад королі» ретінде Forbes тізіміндегі миллиардерлердің бірі. Қазір Порошенконың байлығы – 1 миллиард 600 мың доллар. Украиналық ауқаттылардың ішінде 6-шы орында тұр. 

 «Roshen» Global Top 100 Candy Industry рейтингінде әлем бойынша 18 орынға жайғасқан. Кәмпит бизнесінен бөлек, Порошенконың иелігінде Луцк автозаводы, “Ленинской кузницы” верфиі,  Днепровск крахмал комбинаты, «Агропродинвест» азық-түлік компаниясы, сондай-ақ «Пятый телеканал» және «Пятый элемент» фитнес-клубы бар. Ал оның саясаттағы мәнсабы 1998 жылы Жоғарғы радаға депутат болудан басталғанын айта кеткен жөн.  Сондай-ақ, 2009 жылы Сыртқы істер министрі, 2011 жылы Экономика және сауда министрі қызметтерін атқарған.

 Донецкіні шулатқан кімдер?

Кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуіне Донецк жұрты ерекше қарсылық танытқан болатын. Олар сепаратистердің арандатуына салынып, «Біз сайлауды заңсыз деп білеміз!» деп ұрандатты. Тіпті, Донецк әуежайының жанынан тарс-тұрс дауыс естіліп, жұрттың мазасын қашырған. Сөйтсе, көк аспанда қалықтаған тікұшақтар оқ жаудырған. Себебін анықтауға кіріскен жергілікті билік «Донецк аумағында Украина мен Донецк халықтық республикасының әскери бөлімшелері өзара қақтығысып, салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегуде» деп мәлімдеді. Ал тағы бір мәліметтерде адам шығыны бары айтылған.

Ресей президенті В.Путин сепаратистерден жазалау операциясын тоқтатуын сұрады. Десе де, Донецк көшелері әлі қақтығыс алаңына айналып отыр. Тұрғындар далаға шығудан қорқып: «Бұл деген не масқара? Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз. Неге билік тоқтатуға күш салмай отыр» деп жыларман болуда. Ал Донецк мэрі Александр  Лукьянченко: «Жергілікті тұрғындардан сұранарымыз, терезеге жақындамаңыздар, көшеге шықпаңыздар!» деген бұйрық берді. Тап қазір Донецкінің көгінде оқ боратқыш бірнеше тікұшақтар ұшып жүргенге ұқсайды. Ал әзірге мұны тоқтатуға не Украина, не Ресей құлық танытып отырған жоқ.