Бір атадан – алпыстан астам ұрпақ

Бір атадан – алпыстан астам ұрпақ

Бір атадан – алпыстан астам ұрпақ
ашық дереккөзі
Біздің туған жеріміз Шығыс Түркістандағы «Кеген» деп аталатын табиғаты ерекше сұлу жер. Ауылдың ортасын қақ жарып асау өзен ағатын, көктем сайын арнасына сыймай тасты тасқа соғып, бұрқырап-сарқырап қатты таситын. Судың екі жағасы шырғанақ, қамыс, көкорай шалғынмен көз жауын алады, дуадақ, қырғауыл, кекілік, қоян жыртылып айрылады. Бала кезіміз ойын-күлкі қызықпен осында өтті, төбемізде көк аспан төңкеріліп, күндіз күн, түнде ай жарқырап туатын, бір ауылдың адамдары бір шаңырақтан өрбігендей бірін-бірі жақсы білетін, тығыз араласатын. Біздің отбасымызда алты жан бар, бәріміз анамыз Зияханның тәрбиесіндеміз. Ол кісі бізге: «Кісінің ала жібін аттамаңдар, жасы үлкен адамға құрмет көрсетіндер, көптің тілеуін тілеңдер, елде болса ерінге тиеді»,– дейтін. Жатар кезде анамызбен бірге иман айтып, жастыққа бас қояр едік, ал тұруымыз қиын болатын. Сол кезде ол: «Ерте тұрыңдар, күн шықпай тұрған адамның ырысы артық болады, күн нұрымен Алла Тағала пендесіне ырызғы-несібе шашады, бозторғайға дейін Жаратушыны мадақтап, жан таппай жырлап кетеді, сендер құс құрлы жоқсындар ма», – деп кейіс білдіретін. Біздің бабалар ерте тұрудың қадір-қасиетін терең түсінген, осы орайда Қожа Ахмет атамыз: Көзіңді ілме, ей, мұсылман, сахар уақыты ішінде, Құтқар өзіңді тозақтан сахар уақыты ішінде. Сахарда гүлдер ашылып, сайрайды бұлбұл, Бір Алланы айтып тілесе сахар уақыты ішінде, – деген. Анамыздың ақылымен біздер сергек болуға тырыстық, әсіресе отбасындағы азаматтың үлкені Сәрсенбай ерте тұрды, кеш жатты, екі қолы жұмыстан босаған жоқ.  Егін айдады, астық орды, шөп шапты, малға қарады, сөйтіп жүріп оқудан да қол үзген жоқ. Үлкеніміз болған соң, бар ауыртпалықты өзі көтерді. Әкемізден он бір ағайынды едік, олардың бізге қайырылар мұршасы жоқ, өз тіршілігі бөлек, отбасы бар, Алланың берген бала-шағасын қарауы керек. Бұл жағдайдың есебін айта кетсек, әкеміздің бәйбішесі қайтыс болып, біздің шешемізге некеленіпті, анамыз қатарынан екі қыз босаныпты. Бұған әкей реніш білдіріпті. Оған өкпелеп апам сөйлемей қойыпты. «Жылап-жылап ұйықтап кетіппін, – дейді анам- түсімде бір ақсақалды шал кіріп: «Балам, сен жылама, екі ұл табасың, бірінің атын Сәрсенбай, бірінің атын Сәрсенбі деп қойыңдар»,– депті. Сөйтіп, ол – Сәрсенбай, мен – Сәрсенбі атандым. Менен кейін інім де, қарындасым да бар. Алайда бұл бауырымның орны ерекше сияқты, Шығыс Түркістанда бухгалтерлік курсты бітіріп, ол жақта есепші болып қызмет істеген Сәкеңнің өз Отанына келген соң ол жұмысы іске аспай қалды, өйткені ол жақта жазу-сызудың бәрі араб харпімен жүзеге асатын. Енді ол малмен айналысты, шабан болды, қой бақты, еңбегін Алла жандырды, ел қатарлы бір кісідей табыс тапты. Сөйтіп, өзінің әпке-қарындастарын, інілері біздерді оқытты, бәріне жоғары білім әперді. Сәрсенбай он үшке келгеннен бастап апам келін жайлы айта беретін болды: – Балам, он үште отау иесі деген, келін түсіремін, бұған қалай қарайсын, кімнің қызын аласың? – деді. Онсызда аз сөйлейтін Сәкеңде үн жоқ, бірақ апам айта берген соң Сәрсенбай: – Жарайды, қыздың қандайы жақсы? – демесі бар ма? Мұны күтпеген апам орнынан қозғалақтап, «өзіңнің таңдағаның бар ма?» –деді. Жоқ.– Әкең: Аққұбаның зорын ал, Оған қолың жетпесе, Тобылғы бел торыны ал. Оған қолың жетпесе, Қайыспайтын қара тауып ал. Оған қолың жетпесе, өзі сары, көзі көк, әйтеуір біреу жолығар, маңдайының соры бар, – деп үнемі айтып отырушы еді. Ойлан, балам! – деді. Содан кейін «көрші ауылда тұратын Асқардың Тұрсын атты қызын алып беремін, соған үкі тағып қойғанмын», – деді. Үйдегілерде үн жоқ. Арада біраз жыл өткен соң, сол аталған жеңгемізді келін қылып түсірдік. Бұл 1958 жыл еді. Одан бері 56 жыл өтіпті, Сәрсенбай үлкен отбасы, қара орда болды, өз кіндігінен он екі бала сүйіп отыр, балаларының бәрін оқытты, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырды. Бұл күндері қырықтан астам немере, жеті-сегіз шөбересі өсіп-өркендеп, көктеп-көгеріп отыр. Біз Құдайға шүкір, өскен әулетпіз, әкеміз Дәуіттің бірінші әйелінен туған Жақып деген аса қадірлі бауырымыз бар, ол кісінің жасы 106 – да, былтыр қажылыққа барып, Исламның бес парызының бірін өтеп келді. Ағамыздың денсаулығы жақсы, Талдықорған қаласында Серік Үмбетовтің арнайы берген үйінде тұрады. Жасынан жылқы баққан, бие байлап, қымыз ішіп, тоқсанға келгенше аттан түскен жоқ. Ел-жұрт ол кісіні сыйлап «Жақа» дейді, сол Жақаң өте ақ көңіл, үйге келген адамға дәм татырмай жібермейді, біреу бұйымтаймен келсе, қолда барын аяп көрген емес. Қазір бала-шағасының аялы алақанында отыр. Жақаңды білетін-танитын адамдар ол кісінің ақ батасын алады, бүкіл бір ауылдың тілекшісі, ақыл айтар абызы. Қазірде біздің жеріміз кең, халқымыздың саны аз, дүние жүзі қазақтарының бірінші Құрылтайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақ даласын жайлап өткен 1932-1933 жылдардағы ашаршылық 6 миллион қазақтың 2,2 миллионының өмірін жалмап кетті»,– деп атап көрсетті. («Егемен Қазақстан», 6 сәуір, 2012 жыл). Дәл осы аталған газетте «бұл ашаршылық 20-жылдардың басында да болып өткен, аштан өлгендердің саны 2,3 миллион адамға жетті, ал тұрғындар саны 1920-1922 жылдар аралығында миллион адамға азайды» делінген. Кешегі алапат Отан соғысы жылдары да қаншама боздақтардың оққа ұшқаны мәлім, бұл орны толмас ауыр қаза, сайдың тасындай өрімдей жастардан айрылу кім-кімге де оңай емес. Біздің елімізді Алла айрықша жаратқан, сол соғыста Бауыржан бастаған қаншама батырдың, Қасым бастаған қаншама от тілді ақынның шығуы, сонымен бірге, екі қызымыз Әлия мен Мәншүктің ерлігін немен бағалауға болады?! Ел-жұртымыз, жоғарыда айтқандай, қаншама миллион адамнан айрылды. Ал қазақтың өсіп-өркендеуі керек емес пе? Қазір жастар жиырмадан аспай үйленбейді, өздерін жас санайды. Біздің ата-бабаларымыз кезінде құда түсіп, құйрық-бауыр асап, жастай отау тіккен, олар «хан мен ханымның» өмірге келуі жігіттің бозбала кезі, қыздың бойжеткен кезі деп есептеген. «Қалың беріп, қатын ал, текті жердің қызын ал» деген нақыл сөз де осыған байланысты айтылған болар. Сәрсенбай көкеміз Талдықорған қаласы маңындағы Көксу ауданы, Талапты кентінде тұрады. Өзінің мал-жаны, жеке шаруашылығы бар. Үй толған немере-шөберелері, халқымыз «балалы үй базар» деуші еді, жеңгеміз Тұрсын жеке «балабақшасымен» әлек, бұлар ұрпағының қызығына тоймай бақытты ғұмыр кешуде. Алла амандық берсін, тіл-көзден әрі қылса екен деп тілейміз. Алла әрбір қазақтың үйіне осындай бақыт сыйласын. Әрбір үйде көп баланың күлкісі естілсін.

                                                                                                                        Сәрсенбі Дәуітұлы