БЕС ЖЫЛДЫҚТЫ ЖОБАЛАҒАН «БӘЙТЕРЕК»

БЕС ЖЫЛДЫҚТЫ ЖОБАЛАҒАН «БӘЙТЕРЕК»

БЕС ЖЫЛДЫҚТЫ ЖОБАЛАҒАН «БӘЙТЕРЕК»
ашық дереккөзі

Таяуда Директорлар кеңесі «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының алдағы бес жылға арналған жоспарын бекітті.  Директорлар кеңесі мүшелеріне ұсынылған холдинг дамуының жоспарына сай,  5 жылда (2014 жылдан 2018 жылға дейін) компаниялар тобының активі  1,9 трлн. теңгеден 4,1 трлн., яғни 2,2 есеге артады. 2014-2018 жылдар аралығында холдинг компаниялар тобының активтеріндегі несие және инвестициялық портфель үлесі қазіргі 47 пайыздан 77 пайызға ұлғаяды. Ал холдингтің 2014-2018 жылдардағы жиынтық жоспары бойынша, табыс көлемі 2014 жылғы 168 млрд. теңгеден 2018 жылы 272 млрд. теңгеге, демек 1,6 есеге немесе 61 пайызға өспек. Қорытынды жиынтық табыс 2014 жылы 9,9 млрд. теңге көлемінде жоспарланған болса, ол 2018 жылы – 68 млрд. теңгені құрамақ. Бұл 5 жылда алты есеге артады дегенді білдіреді. Негізгі қаржы көздері мыналар: халықаралық және жергілікті капитал нарығы, республикалық бюджет, Қазақстан Ұлттық қоры және «Қазақстан тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тарапынан тартылған халық депозиттері.  Директорлар кеңесінде ұсынылған жоспарға сай, республикалық бюджет пен Ұлттық қордан холдингті қаржыландыруға жұмсалатын қаржы көлемі біртіндеп азайып, 2017 жылы ол мүлдем тоқтатылады. Керісінше, халықаралық және жергілікті нарықтан, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» депозиттері тарапынан тартылатын қаржы көбейе түспек.    

Отырыста «Бәйтерек» хол­дин­гінің Инвестициялық саясаты да бекітілді. Оның мақсаты Холдинг пен оның барлық еншілес кәсіпорындарындағы  инвестициялық қызметті мейлінше тиімді, әрі ашық түрде жүргізуге арналған.  Холдинг пен оның барлық еншілес кәсіпорындарындағы инвестициялық қызмет мына салаларға арналған:

жоғары деңгейдегі өнім мен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жобаландыруды қаржыландыру; 

аймақтық және әлеуметтік тепе-теңдікті сақтап тұру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыс деңгейін қазіргі қалпында ұстау; 

шағын және орта бизнесті дамыту мен жандандыруға көмек көрсетіп, қолдау білдіру;  

халыққа қол жетімді үйлерді көбейту мақсатында тұрғын үй саласындағы құрылысқа кең мүмкіндік беру; 

экономиканың шикізаттық емес секторындағы жобаларды инвестициялау;

Холдинг пен компаниялардағы және сондай ақ экономикада басымдық берілген барлық стресстік активтердің қайта қолға алуын қарастыру.

«Бәйтерек» холдингі алқалы жиында Ұжымдық басқару кодексімен қатар холдингтің жарғысын, сондай ақ, 2014-2016 жылдарға арналған басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасарлары, бас­қарма мүшелері қызметінің негізгі бағыттарын анықтайтын картаны да бекітті.  

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің құрамы:

Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы; 

Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары: 

Исекешев Әсет Орынтайұлы – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының индустрия және жаңа технологиялар министрі 

Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы – Қазақстан республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі; 

Досаев Ерболат Асқарбекұлы – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджетті жоспарлау министрі;

Ерғожин Дәулет Еділұлы – Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісі;

Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлы – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы;

Тәуелсіз директорлар: Клаус Мангольд, Томас Миров, Филипп Йео.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы №571 «Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 мамырдағы №516 «Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы №571 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сай құрылды. Холдинг міндеттері шикізаттық емес секторды қаржылық-инвестициялық қолдау, ұлттық экономиканың тұрақты дамуы мен әртараптандыруды қамтамасыз ету, инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және оның еншілес мекемелеріндегі корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Холдингке – «Қазақстан Да­му банкі» АҚ,  «Қазақстан Инвестициялық қоры» АҚ,  «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттігі» АҚ, «Қазақстанның Ипотекалық несиелерді кепілдендіру қоры» АҚ, «KazynaCapitalManagement» АҚ, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ кіреді. Холдинг осы аталған компаниялардың мемлекеттік акция пакеттеріне иелік етеді.  

Ж. Баққондыұлы