Жаңалықтар

РЕКТОР ТӨЛЕГЕН ТӘЖІБАЕВ

ашық дереккөзі

РЕКТОР ТӨЛЕГЕН ТӘЖІБАЕВ

1933 жылы 20 қазанда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстанға мамандар даярлау үшін арнайы қаулы қабылдады. Сол қаулы бойынша Алматы қаласынан Қазақ мемлекеттік университетін ашу ұйғарылған еді. Сол жоғары оқу орны 1934 жылы 15 қаңтарда жеке отау тігіп, шаңырағын көтерді. Содан бері университетті жиырмаға жуық ректорлар басқарды. Солардың ішінен академиктер Төлеген Тәжібаев пен Өмірбек Жолдасбековті ерекше атауға болады. Олар оқу ордасының материалдық-техникалық, ғылыми-мәдени жағдайларын жақсартуда жоқтан бар жасаған жандар. Мұндайда академиктің дәрісін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алған жандардың естелігі құнды болатыны анық. Психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жолмұхан Түрікпенұлымен ана бір жылдары Тәжібаев туралы сұхбаттасқан едік. Сонда ғалым өзінің ұстазы жөнінде мәнді әрі мазмұнды әңгіме-дүкен құрған. Сол кісінің деректеріне сүйене отырып, алғашқы сөзді Төлеген Тәжібаевтан бастағанды жөн көрдік.

1931 жылы Өлкелік комсомол комитеті Төлеген Тәжібаевқа Мәскеудегі Крупская атындағы коммунистік тәрбие беру академиясына оқуға жолдама берген. Ол бір жылдан соң бұл оқу орнын Ленинградқа ауыстырады. Студенттік шақтарын бірге өткізген М.Бутина мен Г.Чадиарова: «Жерлестер ай сайын кездесіп, мәдени шаралар өткізетінбіз. Төлеген сонда бауырмалдылығымен, ұйымдастырғыш қабілетімен ерекшеленіп, құрметімізге бөленді. Өзі оқитын академияда комсомол комитетінің хатшысы болып, қоғамдық өмірге белсене араласты. Сол жағынан да ол бізге мақтаныш еді», – дейді. 

Академияны үздік бітірген Тәжібаевты ұстаздары аспи­рантураға алып қалады. Ол үш жылда психолог А.В. Ведениннің жетекшілігімен ғылыми жұмысын тамаша қорғап шығады. Ұстазы академияда ғылыми жұмысын жалғастыруды ұсынғанда: «Жоқ, Ленинградта қала алмаймын. Ұстазыма берген уәдем бар. Қазақстанға барып, халқыма қызмет етуім керек», – деп Алматыға ат басын тіреген. Оның ұстазы «халық жауы» атанған Жүсіпбек Аймауытов болатын. Абай атындағы педагогикалық институттың доценті атанып, «Педагогика және психология» кафедрасына жетекшілік еткен. Коммунистік партияға мүше болып өтеді. Республикалық «Халық мұғалімі» газетіне жиі-жиі мақалалар жазып, ғылыми ортада тез танылады. Атақты психолог Выготский: «Ең бірінші ана тілін білу керек. Сол арқылы басқа да шет тілін игерген ләзім. Егер де баланы әуелі өз ана тілінде емес, басқа жат тілдердің бірінде оқытатын болсақ, онда ұрпақ мәңгүрт болып қалады», – деген. Тәжібаев оның осы ұлағатты сөзін түбегейлі қолдаған. Өзі ағылшын тілінде еркін сөйлей білді.

Үкімет басшылары Тәжібаевты институтта көп уақытқа қалдыр­мады. Екі жылдан соң-ақ мемлекеттік қызметке тартты. 1940 жылы отыз жастағы Тәжібаевты Қазақстан Оқу-ағарту Халық Комиссарының бірінші орынбасары, келер жылы Оқу-ағарту комиссары етіп тағайындаған. Тағы бір жылдан соң Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне көтерілді. 1944 жылдың тамызында оған Қазақ Республикасының Сыртқы істер министрлігін құрып, жұмысын жолға қою тапсырылды. Жаңа министрлікті ұйымдастыру барысында сол кездегі КСРО Сыртқы істер министрі Молотовпен танысып, талай күрделі мәселелерді шешкен. Молотов оның ақыл-парасатына тәнті болып, ерекше дарындылығын жоғары бағалады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1947 жылы төрт ірі держава: КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Франция Германия тағдырын талқыға салғанда, Кеңес Үкіметі атынан эксперт-кеңесші болып барған Тәжібаев арнайы сөз сөйлеп, аса маңызды пікірлер айтқан. Санаулы жылдар ішінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігін қалыптастырып, 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметін қоса атқарады. 

Ол университетке ректор болып келгенде қазақ студенттері мен оқытушылар саны болмашы ғана еді. Келер жылдан бастап солардың санын көтерді. Университетке ең білікті ғалымдарды жинап, олардың бастарына күн туған шақта жанын салып қорғады. Сол кезде тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» ғылыми еңбегі ғалымдар арасында кереғар пікірлер тудырып жатқан. 1949 жылы 28 ақпанда КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығымен Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық концепциясын әшкерелегенде, университет ректоры Төлеген Тәжібаев: «Министр Бекмахановты жөн-жосықсыз кінәлаған», – деп әділ ірі асқан білімдар ғалым екенін дәлелдеп жауап жазған. Алайда іс мұнымен бітпейді. 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газетіне «За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген атпен мақала жарияланып, онда Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымов ханның феодалдық-монархиялық реакция­шыл көтерілісін ғылыми тұрғыдан бағалауда саяси қателіктер жібергенін жазған. 1951 жылы 10 сәуірде БК(б)П ОК сол мақаланы талқылап, газет Бекмахановтың қатесін дұрыс ашқан деп тапты. 

Қазақстан РК(б)П ОК-нің Пленумында Қазақ университетінің ректоры Т.Тәжібаев Мәскеу буржуазиялық-ұлтшыл бағытты дәріптеуші деп жариялаған Бекмахановты қорғап, оны айыптаушыларға дәйексіз байбалам сала бергенен гөрі, аталмыш кітабын ғылыми тұрғыдан талдап, сергек қарауға шақырды. Сол үшін ОК оған қатаң сөгіс жариялайды. Бекмахановты жақтаушы ғалымдар: Ысмайылов, Жұмалиев, Мұхамеджанов, Сүлейменов, Кеңесбаев, Кенжебаев, Жұбанов қуғын-сүргінге ұшырап, зардап шекті. Ал Сәтбаев пен Әуезов амалсыз Мәскеуге қызмет ауыстырып, жан сауғалаған. Тәжібаевты бұл зобалаңнан қорғап қалған Вячеслав Михайлович Молотов еді.

Оқытушы Рашида Хисматуллинаның мына бір естелігі де ерекше ой салады. «Кезінде ғылыми атақ алуларына Тәжібаевтың көп көмегі тиген екі кісіні білетінмін. Олар 1953 жылы Ленинградтан қуылған психолог И.Стычинский жөнінде сөз қозғап, оны қолдаған Тәжібаевтың үстінен арыз жазып, газетке мақала ұйымдастырған. Бұл Тәжібаевқа ауыр соққы болды. Бір жолы кафедраға бас сұқтым. Тәжібаев жалғыз отыр екен. Қолында әлгі екеуінің бірінің ғылыми мақаласы жарияланған басылым. Ол менен оқыдың ба деп сұрады. Мен мақалаға жирене қарап, басымды изедім. Сол кезде Тәжібаев қатқылдау үнмен: «Мұның тәп-тәуір еңбегін мойындағыңыз келмейді, ә… Мен Үндістанда жүргенде (Тәжібаев Үндістанда КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен – К.А.) олар жақсы көретіндерін айтып хат жазған еді», – деді. Мен: «Сіз соған сенесіз бе?», – деп жүзіне тура қарадым. Ол жымиды да қойды. Мен: «Сіз үшін олар жақсы жандар екен. Ықыластары да ерекше сияқты. Ал неге кафедраңызға қызметке шақырмайсыз?» – дедім өршеленіп. Ол маған барлай көз тастап: «Рашида ханым, мен сіздің адамдарды жазған ғылыми еңбектеріне қарап бағалап, сыйлағаныңызды жөн дер едім», – деді. Мен жұлып алғандай: «Олардың адамгершілікке жат істерін елемей ме?.. Кешіріңіз, мен олай істей алмаймын», – дедім ағымнан жарылып. Тәжібаев басын шайқап: «Амал қанша… Өкінішті…», – деді қоңырқай үнмен. Тәжібаев көп ұзамай сол екеуінің пәтер алуларына тағы көмектесті. Ал ол кезде пәтер алу деген өте қиын еді. Иә, жамандыққа жақсылық жасау – ер адамның ісі».

Төлеген Тәжібаев 1964 жылы 14 маусымда Мәскеудегі ауруханада мәңгілікке көз жұмды.

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ