АТЫ – ДӘМХАНА, ЗАТЫ – ОЙРАН-ТОПЫР

АТЫ – ДӘМХАНА, ЗАТЫ – ОЙРАН-ТОПЫР

АТЫ – ДӘМХАНА,  ЗАТЫ – ОЙРАН-ТОПЫР
ашық дереккөзі

Жын-ойнақтың ордасына айналған ойынханаларды Ақмола облысындағы Бурабай мен Алматы облысындағы Қапшағайда ғана орналастыру туралы заң шыққанына біраз уақыт болғанымен, бірталай қалаларда заңсыз құмар ойынханалар жұмыс істеп жатқаны рас. Бұл ақмолалық құқық қорғаушыларын да әбден ығыр еткенге ұқсайды. 

Шектеу қойылса да заңның өзін белден басып, қу құлқынның қамымен ойын бизнесін өркендеткендер әлі де табылып тұр. Көлеңкелі бизнестен көпе-көрнеу ақша тапқандар тәртіп сақшыларын да көзге ілер емес. Дегенмен, таяуда Ақмола облыстық прокуратурасы тағы бір аса ірі ойынхана бизнесінің шаңырағын ортасына түсірді. 

– Көп адамдар ойын бизнесін заңсыз ашуға немесе жұмыс істегені үшін жаза қарастырылғанын білмей жатады. Құмар ойындарды заңсыз істегендерге қарсы қылмыстық кодекстің 269-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалады, –  дейді облыстық прокуратураның аға прокуроры А.Ыбыраева. 

Жылдың алғашқы тоқсанында-ақ Ақмола облысында екі бірдей құмар ойынмен айналысқан азамат қолға түскен. Көкшетау қаласының үкімімен жақында құмар ойынды заңсыз ұйымдастырған азамат сотталып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Ол – 926 мың теңгені құрайды. 

Аты дәмхана болғанымен ойынханаға айналған ғимарат жұмысы соттың шешімімен тоқтатылатын болды. 

Абзал Алпысбайұлы

Ақмола облысы