Жаңалықтар

АРМАН ҚУҒАН, ҚИЯЛ ҚУҒАН...

ашық дереккөзі

АРМАН ҚУҒАН, ҚИЯЛ ҚУҒАН...

Кейбір түлектер  үшін КазГУ, кейбіреулер үшін Қазақ Ұлттық университеті  атанған қара шаңыраққа биыл – 80 жыл. Жастық жалынның, қызыққа толы күндердің, студенттік қимас шақтардың куәсі болған университет – осында бітірген әрбір түлектің қимас мекені, сағыныш ордасы. Өйткені университетте олардың «Арман қуған, қиял қуған» кездері өтті. Қара шаңырақ – қазақ студенттерінің мәңгілік сағынышы…

Тынышбайды 

құтқарған өлең

Әлібек Асқаров, 

жазушы, Мемлекеттік

сыйлықтың иегері:

Адам үшін өзі оқыған жері – қара шаңырағы, алтын ордасы, қызыққа толы күндері, жастықтың жалыны қалған мәңгілік сағынышы.

Журналистика факультетінде біз Тынышбай Рахимов ақынмен бірге оқыдық. Ол университетке дейін музыкалық училище бітірген, ақын ретінде аты шығып қалған досымыз болды. Дос дегенімізбен, жасы бізден көп үлкен. Ақын адам жас ерекшелігін елеуші ме еді, сырымыз да, жырымыз да ортақ, құшақтасып, дуылдап бірге жүреміз.  

Емтихандар жақындап қалған кез.  Тынышбай жауар бұлттай түнеріп алған. «Мен политэкономиядан құлаймын, – деді түңіліп. – Дым сезбеймін. Оқысам да миыма қонбайды. Сен бір көмек етпесең, мені университеттен шығарып тас­тайтын шығар».

Қол ұшын беріп, түсіндірейін десем – өзімнің де бұл сабақтан сайрап тұрғаным шамалы. Қиналып тұрғанда көзіме Тынышбай екі бүктеп ұстап тұрған «Лениншіл жас» газеті түсті. Соны байқаған Тынышбай: 

– Бүгін газетке менің топтама өлеңдерім шығыпты! – деп, газетті аша бастады. 

Қарасам, газеттің жарым бетіне жарқырап өлендері басылыпты. Басында бадырайып суреті тұр, сурет астына ақын туралы шағын аннотация беріліпті. 

– Әкел газетті! – дедім мен. – Дегенмен, түні бойы дайындал, аузыңды ашпай безеріп тұрып алма. Өтірік болса да сөйлей бер.

Басы салбырап, шашы жалбырап, серейген бойы екі бүктеліп Тынышбай көкем кете барды.

Курстың старостасымын, ертеңінде таң атпай университетте жүрдім. Оқытушының  үстелінің үстіне Тынышбайдың суретін көретіндей ыңғайлап,  «Лениншіл жасты» жайып тастадым.

Жалпы, емтиханға алдымен кітапты түсініп оқығандарды, сабақты білетіндерді кіргіземіз. Сөйтіп мұғалімді қөңілдендіріп алушы едік. Тынышбай дәл бүгін «дымбілместер» қатарында болса да, «сен бірінші кіресің» дедім.

– Ой, әттесіне нәлет, несіне қорқам… Кір десең кіремін. Университет бітірмесем де, ақын болып қалатыным рас! – деп Тынышбай ерекше рухтанып, жалбырап көзіне түскен шашын серпіп-серпіп жіберді. 

Тынышбаймен бірге Болат Қанатбаев (жақсы жазушы еді, дүниеден ертерек кетті), Роза Елікбаева (қазір Алматы облысы Іле аудандық газетінің редакторы) емтиханға кірді. Үшеуі де билет алды. Ана екеуі былайырақ барып, орындарына жайғасты. Тынышбай болса бойы серейіп, состиып сол арада тұрып қалды. 

– Шырағым, отырып дайындал! – деді мұғалім (оның да фамилиясы Қанатбаев болатын).

Тынышбай сасатын емес: 

– Ағай, өтірік айтып, сіздің алтын уақытыңызды алмайын, – деді де, әй-шәй жоқ, қоңыр даусымен өлең оқи жөнелді. 

Мұғалім оқушысын енді көргендей, тақта жақта тұрған Тынышбайға басын бұрып, көзі бақырайып  қарап қапты. 

Жалпы сырласып, бірге жүрген соң Тынышбайдың жаңа өлеңдерін естіп жүруші едік. Мынасы әлі сиясы кеппеген, бүгін түнде жазылған дүние сияқты. Өйткені өлең ішінде саяси экономия, ғылыми коммунизм деген пәндерді сыйлайтыны, мұғалімдерді қатты құрметтейтіні, бірақ қанша оқыса да түсіне алмай жүргені поэ­зия тілінде баян етілді. Тегі, түнде «сабаққа» осылай дайындалған сияқты. 

Өлең аяқталған кезде істі насырға шаптырмас үшін есік жақта тұрған мен:

– Ағай, бұл студентіңіз үлкен ақын. Алдыңыздағы газетке қараңызшы, бүгін бұл кісінің өлеңдері шықты! – деп мен мұғалімнің үстеліне қарай  жақындадым.

Мұғалім Тынышбайдың суретінің үстіне журнал тастай салыпты, соны ысырып, саусағыммен суретті нұсқап көрсеттім. 

Мұғалім суретке мұқият қарады, аннотацияны оқыды да, тақтада тұрған Тынышбайға бұрылды:

– Өлең өлеңмен, шырағым, сабақтың жөні басқа емес пе?! – деп күрсініп, басын шайқады.

Уай тәуба, мұғалім босағандай болды, «жөн екен» деп  басын изеді.

– Бар болыңдар әйтеуір! – деді, маңдайы құрысып, жалпақ еріні қисайып кетті. Содан соң әнгімеден шаршаған адамдай, үстелде ашық жатқан  Тынышбайдың «зачеткасына» қолын созды.

Әрине, мұндай алмағайып қиын жағдайда біз үшін «үш» зор қуаныш, қол жетпес бақыт болатын.

«Зачетка» қолға тиісімен, Тынышбаймен бірге мен де есіктен шыға бердім.

Есік алдында кезек күтіп, көздері алақандай болған қалың студент. «Қалай өтті» деп жамырай сұрасып жатыр. 

Тынышбай «зачеткасына» көзі жетпегендей шұқшияды, көзәйнегін сүрткілейді. Мен де үңіліп, «төрт» деген жазуды көрдім. Жарайсың, азаматым! Поэзияның құдіреті деген осы!

Ендігі жерде Тынышбайдың жүрісі кердең, тұрысы паң, көзқарасы маңғаз. 

– Сендер емтихандарыңды тапсыра беріңдер… Байқаймын, бүгін қолдарың тимейтін сияқты. Мен Жарасқанға кеттім… Жуамыз! – деді де, көзілдірігін салалы саусағымен көтеріп қойып, сырдаң басып сыртқа беттеді.

БІЗДІ МЕМЛЕКЕТШІЛДІККЕ ТӘРБИЕЛЕГЕН ОРДА

Нұртөре ЖҮСІП,

«Айқын» газетінің 

Бас редакторы:

Қазір Қазақстанда жоғары оқу орындары жеткілікті. Университеттің көптігінен озық деген отыз елдің алдына түсіп кеткен де шығармыз. Біздер оқығанда Қазақстанда екі-ақ университет  бар еді. Бірі – бүгінгі Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университеті, екіншісі Қарағанды Мемлекеттік университеті. Журналист кадрларын негізінен осы екі университет даярлайтын. 

Біз ҚазМУ-дың 50 жылдығына орай оқу бітірдік. Биыл оған да 30 жыл толып отыр. Өзіміз түлеп ұшқан қара шаңыраққа әр кез құрметпен қараймыз, студенттік шақты әрдайым сағына еске аламыз.

1979 жылы ҚазМУ-дың табалдырығын имене аттадық. Ол кезде мемлекеттік емтихан алдында шығармашылық және ауызша конкурс жүргізілетін. Журналистика факультетіне сұраныс өте жоғары болатын, жыл сайын жүздеген жас арман қуып, оқуға құжат тапсыратын; солардың талайы осы екі конкурстан «мұрттай ұшып» құлап жататын. Іріктеу талабы өте күшті болғандықтан небір жазғыш бала оқуға түсе алмай, пұшайман болушы еді.

Біздің курс екі топқа іріктелді. Бірінші топта өндірісте жұмыс істеп, немесе осыған дейін алты рет құлап, сонда да алған бетінен қайтпаған Сүндетолла Әбілов, әскерден оралған Сағатбек Медеубекұлы, подкурс­тан түскен Асқар Ахметов, Әлімжан Жарылқағанов сияқты қайсар жас­тар болса, екінші топқа мектепті бітірген бетте оқуға ілінген балалар жинақталды. Солардың көбісі ақындық қабілетін ерте байқатты; студенттік кештерде жұлқына өлең оқып, поэзия әлемінің пердесін түруге ұмтылғандар қатары көп еді, тіпті Жүсіпбек Қорғасбекке дейін «Өлең – сөздің патшасын» жолдас етсе, көп ұзамай Баян Бекетова, Нұрлан Мәукенұлы, Үмітхан Алтаева, Бейбіт Құсанбектердің есімдері дараланып шыға келді. Қалғандарымыз өз жөнімізді таптық: Бейбіт Сапаралы, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Еркін Қыдыр, Дархан Мыңбай, Серғазы Мұхтарбек, Рымтай Сағымбекова, Ғалым Омархан, Жаңабек Шағатай сияқты жастар журналистика ауылына ат басын тіреді. 

Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университеті бізді ең алдымен мемлекетшілдікке тәрбиеледі. Біз жақсы ұстаздардың алдын көрдік. Сөз сардары Зейнолла Қабдолов, бипаз Белгібай Шалабаев, көркем мінезді Зейнолла Серікқалиев, от ауыз, орақ тілді Темірбек Қожакеев, таудай сабырлы Тауман Амандосов, қазақтың қызырындай болған Қадыр Мырза Әлі, сергек ойлы Серік Әбдірайымов, әмбебап Әбілфайыз Ыдырысов секілді ұстаздар қазақ мәдениетін бойымызға сіңірді. Республиканың барлық облысынан жиналған біздер Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш арыстарының есімдерін осы ұстаздарымыз берген дәрістер арқылы алғаш рет, естіп білдік. 

Ол кезде журфакта Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестік болатын. Осы бірлестік мүшелері неше түрлі жыр кештерін, әдеби кездесулер ұйымдастырып тұратын. Сондай кештердің соңы таңнан таңға дейін ұласатын. Аш құрсақ студенттер қыздардың жайған дастарқанынан бір тойынып алғасын, Шәмші айтқандай, «ал қарын тойды, енді қазақтар туралы әңгіме айтайық» дейтін ұзынсонар әңгімеге айналатын. Сол кезде бәріміз «Шіркін-ай, біздер неге Алаш заманында тумадық?!» деген әдемі арманға бой ұратынбыз; қазақ тарихы, кеңестік қалыптағы елдің жағдайы, тіл мен діл проблемалары жиі сөз болатын; «қайтсек халқымызға қызмет етеміз?» деген сауал төңірегінде көптеген сөз айтылатын; соның бәрі «өкімет басына өзіміз келмей, ештеңе де өзгермейді» деген менің бір ауыз сөзіммен түйінделетін еді…

«Қазақ университеті» деген газет болатын, сол газет көптеген жастың жолын ашты. Алтынбек Сәрсенбайұлының алғашқы сатиралық әңгімелері осы газетте басылды. Журфакта оқып жүргенде-ақ Жүсіпбек Қорғасбектің алғашқы әңгімелер жинағы   шықты. Қостанайлық Жұмағали Арғынбаевтың уытты сықақтары студент кезінде-ақ жұртшылық назарына ілінді. Еркін Қыдыр «Лениншіл Жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде практикада жүргенде ақ мылтық журналист екендігін көрсете білді. Бейбіт Сапаралы неше түрлі ғылыми ізденістер жасап, кең көлемді зерттеулерді қолға алды. 

Біздің курстан екі бірдей министр, қазақ-орыс тобын қоса алғанда үш вице-министр, рес­публика көлемінде бірнеше бас редактор, облыстық, қалалық, аудандық газеттердің бірнеше бас редакторы шықты. Бәрі де «қайтсек қазаққа қызмет етеміз?» деген баяғы арманның бесігінде тербелгендер. Алаш арыстарының иығына артылған жүк Тәуелсіз Қазақстан жағдайында біздің толқынның мойнына түсті. ҚазМУ-дың бізге берген басты тәлімі осы болатын.

 «Болар бала бесіктен-ақ белгілі» дегендей, біздің курстағы жастар өте талапшыл болды. Сол кездегі ректор Өмірбек Жолдасбековтің атына бірнеше оқытушының атын атап тұрып, «бұлар бізге дәріс беруге жарамайды, мүмкін болса оларды басқа оқытушылармен алмастырсаңыз жақсы болар еді» деген мазмұнда ашық хат жазып, өтініш білдіргендердің басында осы «Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмші Паттеев жүрді. Кейін осы әрекетіміз үшін факультет деканы Темірбек Қожакеевтің «тепкісін» де көрдік…

Тағы бір ерекшелікті айта кеткенді жөн көріп отырмын. Біз сол студенттік жылдардың өзінде-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірін аралауды мақсат еттік. Жамбыл Жабаевтың ауылына барып, мұражайын көрдік, зиратының басында құран оқыдық. Есіктегі Алтын адам табылған орынды көрдік. Одан Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлихановтың басына барып, құран бағыштадық. Семей облысы, Қарауыл ауданындағы Абай мен Шәкәрім қажының ескі кесенесіне зиярат жасадық. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата кесенесіне арнайы бардық. Шиелі ауданына барып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Ыбырай Жақаев атамыздың қолын алып, батасын сұрадық. Одан қалды Мәскеу, Ленинград, Ташкент қалаларына сапар жасадық. Шамамыз келгенше өңір-өңірді аралап, жер көруге, ел көруге ұмтылдық. Осының бәрі біздің азамат болып қалыптасуымызға өз әсерін тигізді.

Бірінші курсқа түскен бетте «Театр табалдырығын тоздырайық» деген ұран көтергеніміз есімде. Сол арқылы Әкемтеатр мен Жастар театрының барлық репертуарын дүркін-дүркін көріп шықтық. Орыс, кәріс, ұйғыр, неміс театрларының да табалдырығын тоздырдық. Бұл біздің руханият рахманына бөленген бақытты шағымыз еді. 

Журфактың көркемөнерпаздар тобы, хор, домбырашылар оркестрі, театр үйірмесі болды. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесаларын өз хал-қадерімізше сахналадық. Алтынбек, Сағатбек, Бейбіт, Асқар сияқты азаматтар алғашқы актерлік талпыныстарын осында жасады. Кейін олардың кемел тұлғалы қайраткер болуына театр үйірмесінің әсері мол болғаны сөзсіз.

Биыл біздің университетіміз 80 жастың сеңгіріне шығып отыр. ҚазМУ-дың 50 жылдығына орай біздің әрқайсымызға арнайы ромбик берілген еді. Кеудемізге алғаш рет қадалған осы ромбик «Біз ҚазМУ-дың түлегіміз» деген мақтаныш сезімін оятқан, сол сезім уақыт өткен сайын бізге бақытты жастық дәурен сыйлаған қара шаңыраққа деген ыстық сағыныш пен үлкен құрмет ретінде қуат бере береді.

Алматы, КазГУ, Алмабек

Бауыржан Омаров,

ғалым, публицист:

Ағарып атқан таңда кеп,

Алаулап от боп жанған ек.

Есімде, бәрі есімде,

Алматы, КазГУ, Алмабек…

(Студенттік фольклордан)

Алматы – қалың елдің жүрегін жаулаған әсем қала. КазГУ – жалпақ жұртқа белгілі оқу ордасы. Ал Алмабекті көпшілік біле бермейді. Оны білудің де қажеті жоқ. Ол арман қала – Алматыға оқу іздеп келіп, алма ағашы жайқалған шаһарға топ ете қалған ауыл баласының образы. Яғни, алмалы шаһардың Алмабегі. Қатардағы көп студенттің бірі. Бірақ біреу үшін сыршыл, тағы біреу үшін сырашыл, енді біреу үшін қол жетпес арман… Сол Алмабекке көңілі шындап құлаған қазақтың бір ару қызы төмен етектіге тән әдеттегі әдеп-мәдебіңді жинап қойып, бақ ішіне барып, осылай деп «сыңсыпты». Қалашықтың біраз қызының жүрегін аунатқан Алмабек сері журфакты да ауық-ауық шулатып жүретін. Бүгінгі белгілі профессор, ол кездегі өрімдей жас оқытушы, деканның орынбасары Шәрбан Нұрғожина Алмабекті жер түбінен іздеп тауып алып, іреп-сойып жататын.

«Шәрбану шақырып ап Алмабекті,

Ендігәрі сабақтан қалма депті».., – деп әндететінбіз мұндайда. Сол Алмабек бүгінде жер басып жүргендердің қатарында жоқ. Бұл жалғанмен ертерек қоштасты. Тек осылай КазГУ-дің аңыздарын еске алғанда ғана оның елес-бейнесі жарқ ете қалады. 

Біздің студент шағымызда КазГУ өзінің елу жылдығын атап өтті. Күнде думан, күнде той… Журфактың төртінші курс студенті Бауыржан Жақыпов: «Кеудесі қыс түлеген, жаз гулеген, Біреу бар елу жаста КазГу деген», – деп жұмбақтап жырласа, филфактың үшінші курс студенті Светқали Нұржанов: «КазГУ-ім елудегі аман болсын, Сау жүрсін  КазГУ-імнің құрдастары!» – деп ұстаздарына ақ тілек айтты. Ол кезде журфак пен филфак бір-бірімен жағаласып күнде айтысып жатар еді. Журфактың жын қуған ақыны: «Бетіңнен филфакский бір сүйейін, Қасыма ыңғайланып келші, қалқам», –деп ұмтылғанда, онымен айтысып отырған көрші факультеттің кермаралы: «Өл-ә-ә!»– деп тұра қашатын. Басына киген бөркі керемет жарасатын жыр әлемінің «балапаны» Бейбіт Құсанбеков: «Бізбенен айтыс­пай ма, қайда филфак? Басынан жіберейік сипап-сипап», – деп қодиланып тұрар еді.

Алматының Жерұйығына айналған КазГУ қалашығының табиғаты бөлек-ті. Қалың көк майса шалғын, сыңсыған тоғай… Батыс беткейде гүлдері жайқалған Ботаника бағы… Қалтасы қағылған студенттер таңертең емтихан басталардан бұрын ұстаздың алдына қою үшін осы бақтан шоқ-шоқ гүл жұлып әкеледі. Сөйтсек, ол өзіміздің өсімдіктанушы әріптестеріміздің маңдай терін төгіп әзірлеп жатқан диссертациясының ғылыми жаңалықтары екен ғой. Қайтейік, обал-сауапты білмейтін  бейбақ кезіміз. 

Жалпы, ол кезде Алматының ауа­сы тап-таза болатын. Жаңбырының тамшысына дейін айрықша мөлдір еді. Алатаудың басына үйірілген бұлт біздің қалашықтың төбесіне төніп келіп, ақ жауынын селдетіп жібергенде жан сарайың тазарып қалады. Бұлттың ең бір төресі жаңбырдың ең бір маржанын КазГУ қалашығының үстіне әкеліп төгетін сияқты. Мұндайда көкірегін өлең қыспаса жүре алмайтын журфактың қияли қыздары: «Жаратқанға, құдіретке қырсығып, Тәңірия жатқан шығар кір сығып», – деп Қадыр ақынның нөсер туралы жырын жатқа соғып тұрады.

Қалашықтың шалғынды сабалаған әдемі жаңбыры ақындардың да шабытын оятады. Тау қозғалса қозғалмайтын Бақытжанның (Абызов) жүрегі жібіп, маңдайы жіпсіп, көзінен от ұшқындап, кеудесінен жыр сау­лайды:

Жердің беті нөсермен 

                     шайылғасын,

Өлең басып қалыпты 

                    қайың басын.

Шырқап кетіп барады 

                   бір сұлу қыз,

Менің махаббатымның 

                   қайырмасын…

Талай рет қалың нөсердің астында қалса да пана болатын жер іздемей, ыржалаңдап тұра беретін курстасымыз Құтмағамбет Қонысбайға: «Сен осы өмірі малмандай су боласың да жүресің. Неге қолшатыр сатып алмайсың?» – десек, ол: «Әй, айналайын, Алматыда жылына орта есеппен алғанда бес рет күшті жаңбыр жауады. Сонда оның жиырмасына шыдап келіп, енді қалған бесеуіне бола қолшатыр аламын ба?» – деп сөзге дес бермес еді. Сол қалған бес жаңбырға да қайсарлықпен төтеп беріп, сүйікті Қарақалпақстанына тартып тұрған Құтекең кейін бәрібір Алматыға қайтып оралды. Оның өзіндік есебіне жүгінсек, одан кейін де әйгілі шаһарда жүз жиырмаға жуық нөсер жаңбыр жауған сияқты. Бірақ бүгінгі жә деген экономикалық шолушы Құтмағанбет Қонысбайдың бала болып, қолына қолшатыр ұстағанын әлі күнге дейін көрмеппіз. 

Қазіргі сексеннің сеңгіріне шыққан ұстаздарымыздың бәрі де ол кезде жап-жас еді. Елудегі Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкішев бір-бірін қалжыңмен қажап, қатарласып кетіп бара жататын. Қалашықтың киесі еді олар. КазГУ қалашығының әр нысанын перзентіндей мәпелеген, аты аңызға айналған акамедик Өмірбек Жолдасбеков те елуге енді ғана келген жігіт ағасы болатын. Оның бүкіл болмыс-бітімі университетпен біте қайнасып кеткені көзінен де, сөзінен де сезіліп тұратын. Мен бірде Сингапур еліне барған сапарымда атақты Ли Куан Юді көрдім. «Сингапур ғажайыптарының» атасы бас-аяғы жиырма-отыз жылдың ішінде адам айтқысыз дәрежеде дамыған өз мемлекетінің әр ғимаратына биік қонақүйдің терезесінен тамсана қарап отырды. Сол кезде «Ей, ұлы бақытты патшам!» – деп бас­талатын шығыс аңыздарының бәрі осы кісіге арналған секілді көрініп кетті. Қалашыққа әр шыбық қадалған сайын марқая түсетін қайран Өмірбек ағамыз да сол Сингапур сұлтанының күйін кешкен екен ғой.

Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС