ӨЗГЕГЕ ЖАЛТАҚТАЙТЫН ЖАЙЫМ ЖОҚ

ӨЗГЕГЕ ЖАЛТАҚТАЙТЫН ЖАЙЫМ ЖОҚ

ӨЗГЕГЕ ЖАЛТАҚТАЙТЫН  ЖАЙЫМ ЖОҚ
ашық дереккөзі

Ата-бабаларымыз аңсап күткен тәуелсіздік жолындағы үлкен күрес қарт тарихтың қойнауындағы алапат қантөгістермен, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, аналарымыздың есепсіз төгілген көз жасымен, әжелеріміздің ақ тілегімен, жастарымыздың жігерлі жалынымен астасып жатыр. 

 Алып империяның отарынан құтылып, сан азапты бастан кешіп, нәтижесінде еңселі ел ретінде егемендік алу қазақ халқы үшін оңайға түскен жоқ. Тәңірден тағдыр-талайымызға бұйырған, ұшса құстың қанаты талатын шетсіз де шексіз ұлан-ғайыр атырапқа, дала қойнауындағы баға жетпес байлығымызға көз алартқан арам пиғылдылардың зымиян әрекеті арқамызға ауыр батса да, зобалаң мен зорлықтан сорлаған қазақ ешқашан келер күннен күдер үзген емес. Егемендіктің қадір-қасиетін тереңнен ұғынып түсіну – бабалар аманатын арқалаған өскелең ұрпақтың ұлы парызы. Тарихымызда орын алған алмағайып кезеңдерді өз көзімізбен көріп, басымыздан өткермесек те, өткен күндер еншісінен сыр шертетін бабалар өсиеті мен ағалар ерлігінен танимыз. 

Біз – егемендікпен бірге жасап келе жатқан өрендерміз. Көзімізді ашқалы көгілдір аспан түстес көк туымыз, биіктен шырқалған әуезді әнұранымыз, бейбіт күннің сәулесіндей елтаңбамыз бізге құшақ жайып күлімсіреп тұрғандай. Тәуелсіздіктің тәтті таңғы самалымен тыныстап, қанатын биікке қырандай еркін самғаған біз бүгінде егемендіктің көк туының астында азамат болдық. Аспанымыз ашық, шаңырағымыз биік, керегеміз кең, айналамыздағы көршілерімізбен тереземіз тең.

Өткен күндерді көз алдымызға әкелетіндей ұлы шығармалармен таныса отырып, ата-бабамыздың маңдайынан аққан ащы тердің, тамырынан аққан қасіретті қанның тегіннен-тегін төгілмегенін, тәуелсіздікті аңсап, сол жолда құрбан болған боздақтарымыздың ерлігіне көз жеткіздік. Ал бүгінде сұрқия саясаттың тырнағына ілініп, өзге елге кетуге мәжбүр болған бауырларымыздың ұрпақтары атажұртпен қайта қауышып, ырысымыз шалқып жатыр. Алты алаштың басын қосып келе жатқан атаулы сәттің бәрі-бәрі – егемендіктің жемісі.

 Егемендік маған көктегі көксегенімді, ақберен бабаларымды танытты. Туған жеріме деген шексіз махаббатымды, бойымдағы тау өзеніндей сарқырап жатқан тұнық сырларды қағаз бетіне түсіретін мүмкіндік сыйлады. Өзге елдерге жалтақтайтын жайымыз жоқ. Алаштың ардақты ұлы Алтынбек Сәрсенбаевтың «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек» деген ғибратты сөзін ұранға алып, болашаққа нық сеніммен қарайтын сәт туды. Егемендік білім нәрімен терең сусындап, өз мүмкіндігіңді жаһанға жария ететін сәттің келгенін дәлелдеді. Күштінің әлсізге көрсететін өктемдігі артта қалып, күшіңді білім-білігіңмен дәлелдейтін мезгіл жетті. Осының бәрі Тәуелсіздіктің ұлы жемісі емей немене?! 

Егемендік маған не берді емес, мен егемендікке не беремін деп ар алдында ақталатын күн де туады. Тәуелсіздігіміздің баянды болуына, нығаюына атсалысатын мына жастар – бізбіз. Егемен елдің ендігі тағдыры біздің қолымызда. Көк байрағымызды көк аспанда желбіретіп, мәңгілік биік ұстау – біздің еншіміздегі іс. 

Ләззат Әлімберді 

Алматы қаласы