Жаңалықтар

Еш кеткен есепсіз қаржы

ашық дереккөзі

Еш кеткен есепсіз қаржы

 Былтыр қазынадан бөлінген 130 миллиард теңге игерілмей қалған. Бұл үрдіс орынсыз дәстүрге айналғандай. Жыл сайын қазынадан қисапсыз қаржы бөлінеді, ал қорытындысы сұраусыз. Жауапкершілікті бір-біріне  сілтейтін шенеуніктер екі ортада көптеген жастарды баспанасыз, жұртты ауызсусыз қалдырып келеді…

Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин  мен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов депутаттар алдында есеп берді. Комитет төрағасының айтуынша, 2013 жылы 13 мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы әлсіреген. Сәйкесінше бөлінген қаражат да қараусыз жұмсалып, тіпті толығымен игерілмеген. Атап айтсақ, «Қол жетімді баспана» пен «Тұрғын-үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламалары күн тәртібіндегі мәселелер. Қаншама қандасымыз баспана ала алмай, кезегін күтіп сарылуда. Ал пәтер жалдаған көпшіліктің кезекке тұруға мүмкіндігі де жоқ. Түйткілді мәселенің маңыздылығын біле тұра, қаражаттың қалай және қайда кеткенін қадағаламау бойкүйездік пе, әлде жауапсыздық пе?  Сонымен қатар «Тұрғын-үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы іс жүзінде болғанымен, халық өз пәтері орналасқан үйдің кәріз жолдары, дәліздері мен жылыту жүйесін өз қалтасынан жөндеуге мәжбүр болатыны жиі орын алуда. Мәселен,  жуырда Қызылорда облысында тұрғындар дәлізді өз қалтасынан жөндеген. Бірақ тұрғын үйлердің жағдайына жауапты коммуналдық шаруашылық атқарылған жұмыс­тарды өздеріне меншіктеген. Тіпті дәліздерде жасалған жөндеу үшін деп әр пәтер қожайынына қарыз іліп қойған. Сондай-ақ Павлодар қаласында былтыр  бір үйге «Тұрғын үйді жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөндеу жүргізілген. Алайда араға жыл салмай жатып қабырғалар жарылып, шатырдан су аға бастаған. Себебі жұмыс сапасыз атқарыпты. Жұмыстың жеке меншік мердігерлерге жүктелетіні белгілі, үйді жөндейтін мердігерді таңдайтын тендерде ең аз қаражат ұсынған компанияға беретіні де анық. Соңында «сүттен ақ, судан таза» шенеуніктер сапасыз жөндеуді жұмысты орындаған компанияға арта салады. «Өгіз де өлмейді, арба да сынбайдының» кері. Алайда бөлінген қаражаттың игерілмеуі тағы да көмекке зәру халықтың сорына айналып отыр. 

Халық зәру болып отырған ауызсу мәселесімен айналысатын «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуы көшке ілескенімен, көп жағдайда оңды нәтиже беріп отырған жоқ. Республиканың қай аймағын алсақ та жұрттың таза ауызсуға қолы жетпей, денсаулыққа зиянды суды қолданып отырған ауыл­дар көп. Тіпті агломерация жүріп жатқан Алматы қаласы мен қалаға жақын орналасқан облысқа қарасты ауылдардың өзінде ауыз су жеткіліксіз. Атап айтсақ, Алматы түбіндегі Жаңа тұрмыс, Ақжар кентінде  ауызсу өте лай. Бірақ осы судың өзі ертеңгісін және кешке ғана беріледі. Талай жылдан бері  қолға алынған «Ақ бұлақ» бағдарламасының республиканы ауызсумен толық қамтитын уақтысы болды емес пе?!

Қаржысы игерілмей, қадағалаусыз қалған бағдарламалар қатарында – «Саламатты Қазақстан», тау-кен, мұнай-газ саласын дамыту бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту 2020» да бар. Осынау маңызды жобаларға бөлінген бюджет қаржысы дұрыс жұмсалмаған.

Әсілі, мұнай-газ саласын дамыту қарқынды жүріп жатқаны баршаға мәлім. Десек те баспасөз беттеріне жуырда жарияланған мына ақпарат көңілге қаяу түсірді. Tengri-news сайтының мәлімдеуінше, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Қашаған концорциумындағы үлесін сатпақшы. Дүниежүзіндегі ең ірі, мұнай-газ қоры да мол кеніштің өзге елдердің игілігіне жұмсалатыны өкінішті-ақ. 

Бұл орайда Есеп комитеті тағы бір мәлімдеме жасады. Ұлттық компаниялар мен олардың құрамындағы акционерлік қоғам қазынаға 3,4 миллиард теңге шығын келтірілген. Сондай-ақ инвесторлық жобаларды қаржыландыру мерзімі кешігіп, бұл бастаманың қымбаттауына соқтырған. Кейбір нысандардың уақтылы тапсырылуына кедергі келтірсе керек. Бір қызығы, игерілмеген қаражат мөлшері туралы министр мен комитет төрағасы келтірген деректердің алшақтығы байқалды. Мәжіліс депутаттары бірден ескерту жасады. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева өз ойын білдіріп: «Игерілмеген қаражат бойынша Үкімет пен Есеп комитетінің қорытындысы екі түрлі, 43,2 миллиард және 131, 10 миллиард теңге. Бұл үлкен айырмашылық», – деді. Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл жайтты жуып шаймақшы болып: «Есеп комитеті көрсеткен 131 миллиард кең ауқымдағы көрсеткіш. Біз республикалық бюджет есебі туралы айтып отырмыз, ал Есеп комитетінің мәліметінде жергілікті атқарушы органдар игермеген қаржының жалпы санын көрсеткен. Біздің мақсатымыз – орындау. Есеп комитетінің мақсаты – шектілеу проблемаларын табу. Сондықтан, әрине біздің есептеріміз ұқсамайды», – деді ақталып. 

Сонымен қатар былтыр салық та қазынаға толық түспей, республикалық бюджеттің кірісін кеміткен. Ал  2 мемлекеттік және 13 салалық бағ­дарламаны орындау барысында 26,1 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылған. 

Ақниет ОСПАНБАЙ