ЕЭО құрылды
ЕЭО құрылды
Бүгін Астанада Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемлекеттерінің басшылары кездесіп, ұзақ уақыт талқылауға себепші болған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру жөніндегі келісімге қол қойды.
Қазақстан тарапы: «ЕЭО – бұл саяси бірлестік емес, тек экономикалық бірлестік» болады десе де, бұл одаққа басшылық танытып отырған Ресейдің өз көздегені бар сияқты. Себебі, бұдан төрт жыл бұрын құрылған Кедендік одақтың аясында да Ресей өз саясатын жүргізіп келгені белгілі. Кедендік одақ – интеграцияның бастауы болса, ЕЭО – шарықтау шегіне жеткендігін айғақтайды.
«Жалпы, Ресей де, Белоруссия да – дамушы елдер. Еңбек өнімділігі негізгі стандарттардан 20-30 есе төмен. Оның үстіне халықаралық жағдай тұрғысынан алғанда, геосаяси тартымды мемлекеттер емес. Ал дүниежүзі бойынша экономикалық қуат Батыста шоғырланған. Сондықтан ол Реейдің саяси һәм экономикалық одақтастарын ылғи жаншып отырады. Батыс пен Ресейдің арасы әу бастан-ақ салқын. Сол себепті Ресеймен одақтасқан елдерге «КСРО-ны қайта қалпына келтіруге атсалысқалы жатыр» деп қырын қарайды. Өз кезегінде Ресей де қарымта қайтаруда: Батысқа қарсы тұруы үшін Сирияға қару беріп жатыр. «Иранға да қару тасымалдауда» деген әңгіме бар. Бірақ, қалай десек те, Ресейдің экономикасы қауқарсыз, жаңа технологиялар өндірісі әлсіз. Сондықтан осынау сәтте Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірсек, Қазақстанның жағдайы сәл де болса жеңілдер еді». Бұл саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірі. Ал саясаттанушы Расул Жұмалы: «Кедендік одақ 2010 жылдың 1 қаңтарынан өз жұмысын бастады» деп жарияланғанымен, ол тек бір жарым жылдан кейін ғана толық қуат алды. Бір жарым жыл бойына қилы-қилы себептерге байланысты арнасына түсе алмай жатты. Рас, Белоруссия мен Ресейде өндірілетін тауарлар Қазақстанға емін-еркін кіре бастады. Әйтсе де, «Кедендік одақ құрылғаннан кейін кедендік баж салығы төмендейді» деген уәделер өз деңгейінде орындалмады. Нақтырағы, ол жақтан әкелінген түрлі өнімдердің қазақстандық нарықта арзандағанын байқамадық. Бірақ Ресейдің тауар өндірушілерінің ыңғайына жығылдық. Ол баға бұрынғысынан өте жоғары. Нәтижесінде одаққа мүше емес мемлекеттерден тасымалданатын барлық тауардың бағасы шарықтап кетті. Азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, автокөліктер, станоктар, жиһаз, т.б. қымбаттады. Әсіресе, автокөлік. Бұрын үстеме бағасы 30-35 пайызды құраса, қазір мүлдем басқаша. Дәл осы тұрғыдан алғанда, Ортақ экономикалық кеңістік пен Еуразиялық одақ та айтарлықтай жаңалық әкеледі деп күтпеймін…», – дейді.
Сонымен, қанша жерден қарсы болсақ та, құрылатын одақ құрылды. 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап біз ЕЭО аясында әрекет ететін боламыз. Қазақстан, Ресей, Беларусь басшыларының деңгейіндегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының жұмысында Н.Назарбаев: «Бүгінгі біздің кездесуіміз бен отырыстың Қазақстан, Ресей және Беларусь елінің болашағы үшін маңызы өте зор. Біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімді әзірлеу кезінде ауқымды жұмыстар атқардық, оған қол қою еуразиялық кеңістіктегі елдер дамудың жаңа сапалы кезеңіне шыққанын білдіреді. Келісім жан-жақты қарастырылған, сауатты және біздің мемлекеттеріміздің мүдделері ескеріліп жасалған. Өте үлкен жұмыс атқарылды. Қол жеткізілген бәтуа тараптардың барлығының көңілінен шықты. Келісімнің біздің мемлекеттеріміздің халқының өмір сапасын арттыру бойынша міндеттерді шешуге бағытталғандығын тағы да атап өткім келеді. ЕЭО-ның құрылуы біздің экономикаларымыздың жан-жақты жаңғыртылуы, елдеріміздің әлемнің көшбасшы орындарына енуі үшін ынталандыратынына сенімдімін»», – деді. Сондай-ақ, Президент ЕЭО аясында тіл жағынан ешқандай кемсітушілік болмайды. Одақ барысында жасалатын барлық халықаралық келісімдердің, міндетті сипаттағы комиссия шешімдері орыс тілінде қабылданып, кейін тараптардың мемлекеттік тілдеріне аударылады» дегенді айта кетті. Кезінде Ресейлік Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенконың Еуразиялық Одақ туралы жиында: «Достастық кеңістігінде орыс тілінің кең таралуының, дамуының кешенді жүйесін жасауға көшу қажет. Өйткені, орыс тілі интеграциялық үдерістерде басты рөл атқарады. Еуразиялық кеңістікте орыс тілінің позициясының нығаюы, орыс тілі мұғалімдерінің санын жеткілікті түрде даярлау ерекше маңызға ие. Бұған бизнес те мүдделілік білдіріп отыр. Сондықтан ЕЭО аясынла ортақ тіл – орыс тіл болуы керек», – деген пікірі еске түсіп отыр. Шын мәнінде, ертеңгі күні жаңадан құрылған одақ аясында «ортақ тіл – орыс тілі болсын» дейтіндер қарасының көбеймейтіндігіне кім кепіл?