ӘЛЕМДІК КЕДЕЙШІЛІКПЕН КҮРЕС АСТАНАДАН БАСТАЛМАҚ

ӘЛЕМДІК КЕДЕЙШІЛІКПЕН КҮРЕС АСТАНАДАН БАСТАЛМАҚ

ӘЛЕМДІК КЕДЕЙШІЛІКПЕН КҮРЕС АСТАНАДАН БАСТАЛМАҚ
ашық дереккөзі

Долларға деген тәуелділіктен арылып, еларалық
сауда-саттықты ұлттық валюталарда жасау – VII Астана экономикалық
форумында «күйіп тұрған» өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бірақ АҚШ
долларынан біртіндеп бас тартқанда, аймақтық басым валюта не болмақ?
Юань ба, әлде рубль ме? Астана форумының түйткілді әрі кіді сұрақтарының
бірі осы болды. Қытайлық делегаттар юаньнның артықшылығын айтса,
ресейлік шенеуніктер рубльді жақтаумен болды. 

Ал
Қазақстан Президенті ғаламдық кедейшілікпен күресуге үндеді. Жетінші
рет өткізілген экономикалық форумдағы пікірлер мозаикасы осындай.


АСТАНА МЕН ПЕТЕРБОР…


Жалпы
алғанда, Астанадағы Жетінші форумның ресми нәтижесі мы­нандай: үш күнде
80-нен аса шара өткізіліп, жалпы құны 5,6 милли­ард АҚШ долларына тең
болатын 83 келісім-шарт пен меморандум қабылданды. Атап айтар
жетістігінің бірі – Бүкіләлемдік дағдарысқа қар­сы жоспар
Тұжырымдамасының мақұлдануы болды. 

Бір
қызығы, Астана экономикалық форумы 21-23 мамыр аралығында өт­кізілсе,
22-24 мамыр арасында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында кезекті
экономикалық форум шақырылды. Бір күн кеш басталып, бір күн кеш
аяқталған ресейлік форум астаналық жиынға көлеңкесін түсіре алған жоқ,
әрине. Керісінше, астаналық форумда ғаламдық экономикалық өзгерістермен
қатар Ресейдің бүгінгі ахуалы көбірек айтылды. 

Екі форумның ара-салмағын азғана салыстырып көрсек, қолда бар деректер былай дейді:

18-ші
Петербор жиынының ресми қорытындысына сәйкес, алғашқы екі күнде жалпы
құны 268 миллиард рубль болатын 160 келісімге қол қойылған.

Астана экономикалық форумында Еуразиялық интеграция,
кедейшілікпен күрес, ғаламдық өзгерістер және… Украина мәселесі сөз
болды. 

Ал петерборлық форумда Ресей мен
Қытай арасындағы газ саудасына байланысты жаңа келісім-шарт, ше­телдік
инвесторлар, экономикалық санкциялар және… Украина мәселесі
талқыланды. 

Астанада Қазақстан тарапынан
айтылған ресми баяндамалардың мазмұнынан ғаламдық деңгейдегі сенімді
нығайту қажеттігі есіп тұрды.

Ал ресейлік
форум «Өзгерістер кезеңінде өзара сенімді нығайту» тақырыбы аясында
өтті. Екі форумда да ғаламдық өзгерістер мен өзара сенім мәселесі сөз
болуы кездейсоқтық па?

Н.Назарбаев та, В.Путин де өз сөзінде Украина тақырыбына арнайы тоқталды.

Екеуі де жұма күні сөз сөйледі. 

Ресейге
қатысты экономикалық санкциялардың жариялану қаупі шетелдік
инвесторлардың мазасын алғаны жасырын емес. Бұл жөнінде Петерборлық
форумда ашық айтылды. Шындығында, саяси жағдайдың экономикалық
түйткілдерге ұласуын осы мысалдан-ақ көруге болар. 

В.Путиннің сөзінен кейінгі талқылаулардың түйіні: қазіргі таңда
Украинадағы саяси жағдайдың дағдарысы Ресейдегі бизнес-ахуалға кері
әсерін тигізуі мүмкін. 

Астаналық форумнан­
айыр­машылығы – ресейлік ұйым­дас­ты­рушылар кейбір шетелдік қонақтар
келмей қала ма деп қауіптенген. Қонақтар демекші, VII Астана
экономикалық форумында 150 мемлекеттен 10 000 сарапшы маман қатысса,
18-інші петерборлық форумға 7400 қонақ келген. Оның ішінде 129-ы
шетелдік ірі компаниялар басшысы болса, 485-і ресейлік компания
басшылары. Ресейлік форумның ресейлік дамуға баса мән бергені осыдан-ақ
байқалады. Ресей осындай халықаралық жиын шақыру арқылы өз
кәсіпкерлеріне шетелдік инвестормен емін-еркін жүздесуге жағдай жасап
отыр.

Петерборлық форумның тағы бір
айырмашылығы – шақырылған делегаттар географиясының ауқымдылығына
қа­рамастан, онда талқыланған тақы­рыптардың дені жергілікті жағ­дай­ға
орай бекітілген. Мысалы, мұнда Ресейдің экономкалық мүмкіндіктері,
ресейлік экономиканы тұрақтандыру мәселелері, шет елдермен экономикалық
әріптестік, Ресей аймақтарының дамуы т.с.с. мәселелер талқыға салынды.
Одан соң компанияларды дамытудағы заманауи технологиялар, экономикадағы
бәсекелестік қағидалары, заманауи ақпарат құралдары сияқты жалпы
тақырыптар жөнінде пікір алысты. 

Бірақ
ғаламдық мәселелерге бас қатырғаннан гөрі халықаралық эко­но­микалық
форумның тақырыбына сай ішкі мәселелердің көбірек айтылып, оның ішінде
шақырушы елдің мүд­десі тереңірек қозғалғаны құп көрерліктей…


ҒАЛАМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДЕН ЕШКІМ ТЫС ҚАЛМАЙДЫ


Былтыр
осындай уақытта өткен алтыншы форумға 132 елден 12 мыңдай делегат
келген еді. Түрлі деңгейде 73 жиын өткізілген болатын. Онда жалпы құны
2,7 миллиард АҚШ долларына тең 80 келісім-шартқа қол қойылды. Бұған
қоса, былтырғы форум қорытындысында Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы жоспар
туралы Астана декларациясы қабылданып, ол Үлкен жиырмалық пен Үлкен
сегіздік саммиттеріне жолданды. 

Ал биылғы
VII Астана эконо­ми­калық форумының және II Бүкіләлемдік дағдарысқа
қарсы конференцияның үшінші күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев арнайы қатысып, әлемдік экономиканың ахуалы жайлы пікір
айтты. 

Президенттің айтуынша, бұл форумның
қатысушылары 2015 жылдан кейінгі әлемдік дамуға қатысты БҰҰ Күн
тәртібін құруға айтарлықтай ықпал ететін болады. Н.Назарбаев қазіргі
дағдарыс – бұрынғы жүйенің қирауы деп білетінін айтты. «Алты жыл бұрын
басталған ғаламдық дағдарыс ешқайда кеткен жоқ. Жылдан жылға оның
қарқыны артып келеді. Адамзат әлемдік дамудың түбегейлі жаңа жобасын
зарыға күтіп отыр. Мен бұл туралы 2009 жылы «Дағдарыстан құтқарар кілт»
және «Тура жол» атты мақалаларымда айтқан едім. Мұның бәрі әлемдік
дамудың ескі моделінің дағдарысы екенін уақыт көрсетіп берді, бұдан соң
әлем қайта жаңарады. Біз оның бастауында тұрмыз»,– деді Н.Назарбаев.

Форумның екінші күні «Көш­бас­шылар диалогы»
ұйымдастырылып, онда Бүкіләлемдік Дағдарысқа қарсы жоспардың
Тұжырымдамасы ма­құлданды. Осылайша, Астана ға­ламдық мәселелер ашық
айтылып, талқыға түсіп, белгілі бір деңгейде шешім қабылданатын ортаға
айналып келеді. Дәуірлер тынысы туралы премьер-министр Кәрім Мәсімов
өзгеше ой айтты. «Шығыстық көзқараспен қарағанда, әлем дамуында белгілі
бір үрдіс қайталанып отырады. Оның ішінде, қытайлық ұғымға салсақ, 2014
жылдан бас­тап жаңаша даму үрдісі бас­талды. Алдағы 30 жылдық даму
үрдісі бұған дейінгі 30 жылдан басқаша болмақ. Бізге ұнаса да, ұнамаса
да, әлем өзгеріп жатыр. Ғаламдық әлемдегі 2013 жылғы ережелер енді 2014
жылы күшін жойып жатыр»,– деді ол. Ал британдық экс-премьер Тони Блэр
«Әлемдік өзгерістермен бірге БҰҰ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сияқты ғаламдық
басқару институттары да өзгеруі тиіс»,– деп түйіндеді. Бұл сессияда
кедейшілікпен күрес, Еуропадағы экономикалық жағдай, Таяу Шығыстың
әлемдегі ролі, сосын, әрине, Украинадағы саяси ахуал сөз болды.

ҚОҢСЫҒА ҚАРАС, ҚОР БОЛМАЙСЫҢ

Әлемнің
озық отыз елінің қатарына енуге ұмтылған Қазақстан көршіге қарасудан
қашпайды. «Біз аймақта не болып жатқанын үнемі бағып отырамыз. Көршіні
шаң қаптырып, алға жылжу, олардың еліндегі берекесіздік пен тұрақсыздық
жағдайды пайдаланып алға озудың соңы бәрімізді, аймақты, одан әрі тұтас
әлемді әлсіретеді»,– деді Н.Назарбаев. Қазақстан басшысы жаңа әрі әділ
интеграциялық жүйе құруды ұсынды. Бірақ жаңа одақтар, интеграциялық
үрдістер бір-біріне қарама-қайшы келмей, керісінше, бірлесе қимылдауға
ұмтылдыруы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев көрші
халықтың үйінен өрт шығып жатқанда өз еліңде тыныш та бақуатты өмір сүру
мүмкін емес екенін айтты. «Қақтығыстар өрті кез келген елде ұшқындауы
мүмкін»,– деді Елбасы. 

Президент
мемлекеттер мен аймақтарды бір-біріне қарсы қоюдан аулақ болуға үндеді.
Қазіргі таңда әлемде 1,5 миллиард адам күніне 1 доллардан сәл-ақ асатын
ақшаға күнін көріп жүрсе, 2,5 миллиард адамның күндік табысы 2 доллардан
аспайды. Басқаша айтқанда, әлем тұрғындарының 40 пайызы кедейшілікте
өмір сүреді деген сөз. Бұл статистиканы мысалға алған Елбасы
«Кедейшілікті жоюдың ғаламдық жол картасын» жасау туралы ұсыныс тастады.
Бұл үшін экономикалық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу керек. 

Нобель сыйлығы лауреаттарының бірі Мұхаммед
Юнус бүгінгі экономикалық жүйенің басты кемшілігі ретінде ақшаға
құралған қарым-қатынасты атайды. «Біздің іс-әрекетіміздің бәрі ақша
табуға бағытталған. Ақша біздің әдет-құлқымызға айналды, біз оған
тәуелді болып қалдық, басқаның бәрін тарс ұмыттық»,– дейді ол. 

ҒАЛАМДЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ШЫДАС БЕРУ КЕРЕК

Соңғы
жеті жылда G-Global жобасы алдағы уақытта Астана экономикалық форумында
айтылған барлық ой-пікірлер, тұжырымдарды, тың идеяларды бір арнада
тоғыстырып, жинақтап, сұрыптап, жіктеп отыратын алаңқайға айналып
келеді. Бүгінде G-Global порталында 4 миллион адам тіркелген. Президент
бұл идеяларды авторы, тақырыбы, айтылған кезеңі бойынша жіктеп,
бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, ғылыми ортада
талқылауды ұсынды. Соның нәтижесінде, БҰҰ атынан басқа экономикалық және
саяси жиындарда айтылатын ұсыныстардың тізімі жасалуы тиіс. 

Осы форум аясында өткен халықаралық конференциялардың
ішінде II Бүкіләлемдік Дағдарысқа қарсы конференцияны ерекше атап өту
керек. Себебі бұл жиын БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылып отыр. 

Форум аясында Еуропарламенттің мүшесі Марио Давид және
Болгария экс-президенті Петр Стлянов Қазақстан Президентіне Ғаламдық
диалог пен әріптестік орталығының (CGDC) «Әлеуметтік бизнес-диалогты
нығайтуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыстады. 

Экономикалық
мәселелерді тал­қылағанда әріптестік пен бәсекелестік тақырыбы қатар
айтылады. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі форум аясында «Ғаламдық
экономика жағдайындағы бәсекелестік» тақырыбында халықаралық
конференциясын ұйымдастырды. Алыс-жақын шетелден келген мамандар
қатысқан конференцияда Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болу мүмкіндіктері
жан-жақты талқыланды.

Экономика және
бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан биылғы
жылдың соңына дейін ДСҰ-ға мүше болуы мүмкін. Ал Бүкіләлемдік сауда
ұйымы бас директорының орныбасары Дэвид Шарк «Қазақстан бұл ұйымға мүше
болуы үшін өз мойнына үлкен міндеттер алып жатыр» деп мәлімдеді. 

Ортақ нарық трансұлттық компаниялардың көптеп
құрылуына жағдай жасайды. Бірақ шынайы бәсекелестіктің аяғына тұсау
салынбас үшін әріптес елдердің тізе біріктіре қимылдағаны абзал.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов бұл жөнінде:
«Әлемдік қауымдастықтың монополияға қарсы органдарының өзара тиімді
әріптес ретінде жұмыс істей білуі өте маңызды. Бизнес-ортамен жемісті
диалог құра білу керек, себебі нарықтың барлық ойыншылары үшін бірдей
жағдай жасау бәсекелестік саясатының мызғымас қағидасы»,– деді. Бұл
жерде де G-Global платформасы пікірталас алаңқайына айналуы мүмкін. 

Форум аясында Қазақстан Үкіметі мен Еуропа
қайта құру және даму банкімен және бірқатар Ислам банкілерімен
әріптестік туралы келісімдерге қол қойды. 


ОРТАҚ НАРЫҚ – ОРТАҚ ЖҮЙЕ – ОРТАҚ ВАЛЮТА?


Биылғы
игі жаңалықтардың бірі – Ұлы Жібек жолы дәстүрін қайта жаңғыртуға
талпыныс жасалуы. Форум аясында «Ұлы Жібек жолымен: әріптестік,
өркендеу, инновациялар» атты тұңғыш ғылыми-экономикалық саммит
өткізілді. Дегенмен, бұл бағытта қытай юаны басты валютаға айналуы
мүмкін. Қытай елінен келген делегаттар бұл ұсыныстарын қымсынбастан ашық
жеткізді. «Мұның екі артықшылығы бар. Бұл үшінші бір валютаға
байланысты туындайтын аймақтық қатерлерден сақтайды. Бұған қоса
конвертациялық шығындарды айтуға жол ашады» дейді олар. «Бұдан былай
еларалық сауда-саттықты доллармен жасау қауіпті» деген ойды ашық айтты.
«Бұл механизм түптің түбінде ұлттық экономиканы сыртқы қауіп-қатерге
ұрындыруы мүмкін. Міне, валюталық жүйе ұлттық сипатта болуы керек
деуіміздің басты себебі осында. Егер біз өз ақшамызды пайдалансақ,
инфляция мен девальвацияның құбылмалығы жайлы мазасызданудың қажеті жоқ.
Ақша құны тұрақты болады, ол жұмыс күшінің құнының тұрақтылығына
әкеледі»,– деді Чао Чангху деген банкир. 

Ал
China Economick Net ком­па­ния­­сының президенті Ванг Ксудонг «Біз
осылайша қауіпсіздік деңгейін арттырамыз»,– деді. 

Жақында ғана Ресей басшысының Қытайға сапары, екі ел арасындағы
газ тасымалына байланысты ірі келісім-шарттың жасалуы қытайлық
шенеуніктерге аз-маз леп берген сияқты. Осылайша, Қытай аймақтағы
амбициясын күлбілтелемей ашық білдіруге көшті.

Қазақстан
Президенті 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одағы туралы
келісім-шарттың қабылданатынын хабарлады. Одақ аясында ортақ қаржылық
жүйе жасалады. Ал 2025 жылға қарай Алматыда Қаржылық нарықты
қадағалайтын ұлтүстілік орган құрылады. 

Еуразия
интеграциясы талқылан­ғанда ресейлік сарапшылар Қазақстан Ресей мен
Белорусьтың одағын құруды қолдап бақты. Бұл орайда әлеуметтік сауалнама
қорытындылары да, алдағы уақытқа болжам да, маман пікірі де дәйек
ретінде қолданылды. 

Еуразиялық
экономикалық одақ құрылғаннан кейін банк жүйесінде ақпарат алмасу ісі
жолға қойылуы мүмкін. «Еуразиялық экономикалық интеграцияға – 20 жыл.
Қорытындысы мен болашағы» атты отырыста Ресей президентінің кеңесшісі
Сергей Глазьев Еуразия экономикалық одағы аясында ортақ төлем жүйесін
құруды ұсынды. Оның айтуынша, «мұндай төлем жүйесін жасамасақ, біз ұдайы
саяси қауіп-қатерде боламыз». Банктер арасында ақпарат алмасу ісін
жеделдету де Глазьевтің идеясы. Оған қоса, ол өзара сауда-саттықты
ұлттық валютада жасауға көшіру жайлы да пікір айтты. «Меніңше, жақын
арада біз өзара сауда-саттықтың бар айналымын ұлттық валюталарда жүргізе
аламыз, бұл сауданың нарқын арттырады»,– деді Глазьев.

Әлбетте, Қазақстан Президенті айтқандай жаңа Ұлы Жібек
жолының қаржылық орталығы Алматы бола алса, жарады.

Бірақ аймақтағы жетекші валюта нендей болатыны әлі талай келіссөздерге арқау болары сөзсіз.

ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН ТАСМАҢДАЙ УКРАИНА

Форумның
панельдік сессияларында да, үзіліс арасындағы дастарқан басында ең көп
талқыланған тақырыптардың бірі – Украинадағы саяси-экономикалық ахуал
десек, ағаттық болмас. Қазақстан Президенті де өз сөзінде бұл тақырыпты
айналып өте алмады. «Бізді ЕҚЫҰ-ның Украинадағы дағдарысты жоюдағы
дәрменсіздігі алаңдатпай қоймайды. Оның бір себебі бұл ұйым басшылығының
ұйымды реформалауға қатысты саяси шешімнің болмауында жатыр, оны 2010
жылы Астанада өткен тарихи саммиттен кейін де көріп отырмыз»,– деді
Н.Назарбаев. Бұған қоса, Елбасы мемлекетаралық дау-дамайды шешуде білек
күшін көрсетіп, күш қолдану әрекеттерін айып­тайтынын ашық айтты. Бірақ
санкция жариялау да еш нәтиже бермейді, «ол ғаламдық экономикалық өсу
қарқынын тежеп, дұрыс ғаламдық энергетикалық жүйе құруға кедергі
болады»,– деді Президент. 

Қазақстан
Президентінің форум қатысушыларына үндеуін бір ауыз сөзбен түйіндер
болсақ, ол: «ғаламдық саясатта бір-бірімізге деген сенімсіздіктің артуы –
қауіпті»,– деді. 

Ендеше, ғаламдық деңгейдегі сенім енді экономикалық ұғымға айналуы мүмкін. 

Бірақ экономикалық форумда айтылған пікірлердің Украинадағы саяси ахуалды жақсартпайтыны өкінішті…

АҚПАРАТТЫҚ МАЙДАН НЫСАНЫНДА – ӘЛЕМ


Астана
экономикалық форумында қоғамдық мәселелер де қағажу қалған жоқ.
Әсіресе, «G-Global: ХХІ ғасырдағы әлем» атты журналистердің халықаралық
саммитін айрықша атап өтуге тұрарлық. Әлемнің қай түкпірінде болмасын,
қай елде болмасын, қоғамдық ойды дамытып, пікір қалыптастыратын ақпарат
майданының сарбаздары «Медиа-сити» алаңында өзара пікір алмасты.

Тұңғыш рет өткізілген халықа­ра­лық журналистер
саммитінің жұмысы сәтті өтті деуге болар. Бірақ кейбір спикерлердің
бірнеше талқылауға қатар қатысқаны делегаттар санының аздығымен, әлде
қатысушылар сапасының төмендігімен байланыс­ты екенін түсіне алмадық.

Жаңа медиа-технологиялар, жаңа жанрлар, тың
технологиялар, соны жобалар талқыланған саммитте бүгінгі ғаламдық
экономикалық мәселелер мен бірге тағы да Украина дағдарысы сөз болды.
Бұған қоса, «Finanz und Wirtschaft», «China Economic Daily», «Euronews»,
«Қазақстан» телеарнасының қатысуымен теледебаттар ұйымдастырылды.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана