Жаңалықтар

СЫРҒА ТОЛЫ «ДАМЛАТАШ»

ашық дереккөзі

СЫРҒА ТОЛЫ «ДАМЛАТАШ»

Аланияға аяқ басқан пенде Дамлаташ үңгіріне соқпай кетпейді. Өйткені ғажайыптардың арқасында түзілген ғажайып үңгір есігінен енген бойда ертегілер әлеміне жетелейді. Құдды қарсы алдыңыздан алтын толы табақтарын көтеріп Алладин шыға келетіндей. Сүңгі тамшылардың артынан тонаған алтынын қызғыштай қорыған теңіз қарақшылары қылышын төбесіне көтерген күйі арқырай ақырып, саған қарсы шабатын сияқты. Сылқ-сылқ күлген әдемі қыздар мың бұрала билеп, сені үңгірдің терең иірімдеріне қарай жетелейтіндей… Аланияның шығыс аймағындағы Дамлаташ (түрікше «Тамшы тас») үңгірі теңіз айлағына жақын орналасқан. Ресми деректерге сүйенсек, көлемі шап-шағын Дамлаташтың тарихы 15 мың жылға созылады екен. Мыңдаған жылдар бойы бір тамшы судан түзілген үңгір ХХ ғасырдың ортасында күтпеген жерден табылыпты. Анығы, түрік жұмысшылары 1948 теңіз жағалауына кемелер тоқтайтын тұрақ салу үшін жарылыс жасаған кезде табылған. Тағы бір деректерде Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қарулы қақтығыстар мен газ бомбаларынан қашқан неміс азаматтары үңгірде бас сауғалаған. Жасырынған азаматтардың ентікпе мен тыныс жолдары ауруларына ұшырағандары ұзақ уақыт бойы осы үңгірде жасырынудың арқасында дерттерінен құлан-таза айығып кеткені анықталған. Әктің арқасында түзілген сталагмиттер мен сталактиттердің сүңгілеріне қарасаңыз, көз алдыңызға тастан түзілген ну орман елестейді. Бірқалыпты келген 22 градустық температура мен 90-98 пайыздық ылғалдық тыныс жолдарына ем екенін бүгінде туристер де жақсы біледі. Біз үңгірге кіргенде ішке қойылған ұзынша орындықтарға жайғасқан қариялар бейне күнге қызыдырынғандай рахаттана демалып отырғанын көрдік. Олардың кейбірі жиі-жиі жөткірініп, жөтеле берді. Сірә, өкпесін емдік ауаға барынша молынан толтырғысы келген шығар. Дамлаташ табылғаннан кейін «Ғажайып үңгірде тағы қандай жұмбақ сыр бар?» деген сұрақ жетегінде Алания тұрғындарының бірі Калип Дере ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Нәтижесінде, ауаның табиғи емдік қасиеттерге мол екені анықталып, Аланияның қалалық кеңесі туристер мен жергілікті тұрғындар көруге арналған мекенге айналдырады. Зерттеу жұмыстары барысында жергілікті геологтар мен дәрігерлер қауымы үңгірдің шынында да ентікпе және басқа да тыныс ауруларын емдейтінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. Оған себеп, үңгірдегі ауаның тым жоғары деңгейде ылғалды болуы, бірқалыпты радиоактивтілік, керісінше, қысымның төмендігі оңтайлы әсер етеді. Салтанатты түрде ашпас бұрын арнайы жөндеуден өткізіліп, қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген. Алпыс жылдан астам уақыттан бері Түркияның мемлекеттік бюджетін молайтуға үлес қосып келе жатқан Алания үңгірінің тұсаукесер рәсіміне құрметті қонақ ретінде Калип Деле де қатысыпты. Аланиядағы мәшһүр үңгірлер қатарында Махаббат үңгірі, Фосфорлық үңгір мен Қыз мұнарасы да бар. Қыз үңгірінде тек қайықпен ғана баруға болады. Аңыздарға сенсек, бір кездері теңізді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған теңіз қарашылары ұрлап кеткен қыздарды осы үңгірде жасырыпты. Туристердің сүйікті орнына айналған Дамлаташ үңрінің қасында қазір шағын дүкендер қатары тізілген. Аланияның тарихи орындары, Түркияның ұлттық және мемлекеттік рәміздері салынған заттар, киімдер т.б. сатылады. Дамлаташқа жақын жерде теңіз жағалай орналасқан көптеген мейрамхана мен жағажайлар да туристерді қызықтырады. Олардың қатарында Қазақстаннан ат арытып барған он журналист те бар. Үңгірді қызқтап шыққасын біз сол жердегі дүкендерді араладық. Сосын жақын маңайдағы бір мейрамханада түскі ас іштік, Клеопатра жағажайына барып, теңізге шомылдық. Мамырдың мақпал желі, тулаған теңіз толқындары, жағажайдағы ақшағыл құм күйкі тірліктің күйбеңін бір сәтке болса да ұмыттырып жіберді. Айтпақшы, Аланиядағы жағажайларда әдетте тастау келетін құм жатады. Ал Клеопатрада олай емес. Аңызға сенсек, бір кездері Клеопартаның сүйіктісі оны Алания маңайына көшіріп әкеліпті. Алайда Туған жерін аңсай берген оның көңілін аулау мақсатында сүйіктісі Клеопартаның елінен ақшағыл құмды кемелермен бірнеше күн бойы тасып, жағажайды Египетке ұқсатуға тырысыпты. Клеопартаның табаны тиген құмда бүгінде миллиондаған турист күнге қыздырынуды әдетке айналдырған. Аңыздысы, Дамлаташ үңгірі мен Клеопарта жағажайына шетелдіктермен қатар Түркия азаматтары да жиі келеді екен. Журналистердің қашанда «от ала жүретіні» белгілі. Теңіздің ерке толқындарымен жарыса жүзген біз Дамлаташтан кейін Аланияның басқа да әдемі жерлерін аралауға асықтық. Осы орайда, Алматыдағы «Қазтуризм» туристік агенттігінің басшысы Илкер Курттай мырзаға, сапарды ұйымдастыру жұмыстарынания,ан бастап Аланияда қасымыздан бір елі ажырамаған Айдана Мұқановаға алғысымыз шексіз. Көкейге көп ой тидік. Бұрын соңды болмаған ғажайып қала – Аланияны таныдық. Қазақстанға үлгі болар тұстарын қағазға түрттік. Ол туралы басқа жазбаларымызда баяндаймыз.

  Алматы – Анталья – Алания – Анталья – Алматы