Аймақтық кәсіпкерлермен кездесті

Аймақтық кәсіпкерлермен кездесті

Аймақтық  кәсіпкерлермен кездесті
ашық дереккөзі

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі қарсаңында Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҰҚП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Қызылорда облысында болып, аймақ кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы бірінші жарты жылдығында атқарылған қызметаралық есеп қорытындысы жинақталды және аймақтағы кәсіпкерлікті дамытудың болашақ бағыттары белгіленді. 

«Үкімет пен ҰКП арасында бү­гінгі күні жоғары деңгейдегі бай­ланыс орнатылған. Осы қарым-қа­тынасты Қызылорда облысына да жеткізу керек. Аймақта 2 ірі же­текші сала, яғни, мұнай және газ, уран өндіру секторы бар. Бұл облыс кәсіпкерлері үшін үлкен күш әрі мүмкіндік деуге болады. Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жергілікті кәсіпкерлерге ыңғайлы ұзақ мерзімді келісім-шарт жасауға ықпал етуіміз қажет», – деген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиум төрағасы Тимур Асқарұлы кездесуде аймақта кәсіпкерлік саласын дамытудың бірнеше механизмдерін атап өтті.

Қызылорда облысының кәсіп­кер­лер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров өз есебінде шағын және орта бизнестің об­лыс экономикасындағы үлесін ұлғай­татын, мемлекеттік – жеке әріптестік са­ласындағы жобаларды дамыту, әкімшілік кедергілерді төмендету, адам ресурстарын дамыту бағыттарында жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Палатаның жанында құрылған кәсіп­керлер құқықтарын қорғайтын кеңес отырысында 4 сұрақ қарас­ты­рылған. Олар – кедендік ба­қы­лау, газбен қамтамасыз ету, та­биғи монополия субъектілерін инфрақұрылымға қосу және жол белгілерін сату орындарында орнатудың орындылығы. Нәти­жесінде 400 млн. теңгеге жуық сомадағы кәсіпкерлер құқықтары қорғалды», – деді Қызылорда облысының кәсіпкерлер пала­тасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров. 

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың баяндауынша, бүгінгі күні 30 жоба облыс бюджетінен іске асырылса, ал 4 жоба жүзеге асу үстінде. Өңірде 44 мыңнан астам кәсіпорындар тіркеліп, өсім 18,6 пайызды құрап отыр. Осы орайда жергілікті билік пен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге осындай жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беріп, жағдай жасауы қажет. Дуалды білім беруге байланысты жұмыстар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында жүйелі түрде басталуда. Негізінен облыста 7300 техникалық мамандар тапшы. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер кәсіптік білім беретін оқу орындарымен бірігіп, маман даярлауға үлес қосып, әзірленген жас мамандар жергілікті кәсіпорындарда жұмыс жасауы тиіс.

Кездесу барысында ағымдағы жыл­дың маусым айында өтетін ҚР ҰКП І съезіне Қызылорда облы­сының кәсіпкерлер палатасынан 4 делегат қатысатындығы мәлім болып, съезге талқылауға берілетін Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары мен ұсынымдары жете талқыланды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қызылорда облысы