Жаңалықтар

Күнгейде оқ атылып, адам өлген

ашық дереккөзі

Күнгейде оқ атылып, адам өлген

Оңтүстік қазақтарының соңғы үш-төрт ғасырлардағы тарихы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде шынайы түрде көрсетілмей келе жатқаны  сияқты, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс – оңтүстік өлкесінде де үлкен белең алып, жергілікті тұрғындарға зор зобалаң мен зұлмат әкелгені жайындағы дерек-мағлұматтар да бүгінге дейін ашық жарияланбай жүргені өкінішті. Біз көбіне тек Торғай даласындағы Аманкелді Иманов пен Жетісу жеріндегі Бекболат Әшекеев бастаған шайқастарды ауызға аламыз. Өйткені мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектерде осы екі кісі басқарған соғыс қана оқытылады әрі оның бірі көркемфильмге де арқау болған. Соған орай, біздің ұғымымызда 1916 жылғы ақ патшаға қарсы Қазақстан жерінде өткен толқулар жаңағы аталған екі көтеріліспен ғана шектелген деген сенім мен көзқарас қалыптасқан. 

Ақиқатында ұлт-азаттық көтеріліс Жетісу мен Торғайда ғана емес, күллі қазақ даласын, оның ішінде оңтүстік өңірін де кеңінен шарпыған. Ол шақта оңтүстік өлке – Сырдария облысы деп аталған. Өкінішке қарай, оңтүстік өлкеде өткен ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы архивтік һәм ауызекі әңгімелер дереккөздері бойынша мол болғанымен, оны арнайы зерттеп жазған ешкім болмапты. Бір ғана дерек – әйгілі жазушы Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романында 1916 жылы Меркі жерінде Ақкөз деген қария басшылық еткен шайқас көркем әдебиет тұрғысында берілген. Бірақ бұл дерек ол көтерілістің барлық ақиқатын танып-білуге тым-тым аздық етеді. 

ХХ ғасырдың басында бүкіл қазақ жері мен Орта Азияның бірсыпыра өлкелері Ресейдің қол астына кіріп, орыс мемлекетінің жері атанып қойған. Түрікпен жерінің белгілі бір бөлігін өзіне қаратқан Бұқар және Әмударияның батыс бөлігіндегі құмды даланы иеленген Хиуа хандықтары біршама бейтараптықты сақтап қалғандарымен, бәрібір, көп жағдайда орыс патшасына бағынып, оған сырттай тәуелді болды. Дегенмен олар 1917 жылғы төңкеріске дейін өз хандықтарының атын сақтап тұрды. Ал 1895 жылға дейін Памир тауларына дейінгі жерлерді бауырына басқан орыс отаршылдары жергілікті халықтардың қалыпты өмір салтын бұзып қана қоймады, оларға өз ұстанымдары мен билік құрылымдарын зорлықпен енгізіп, әр түрлі ұлттарды орыстық тәртіппен күн кешуге мәжбүр етті. «Найзаның күшімен орнатылған жүйе – найзасыз өмір сүре алмайды» деп Керейхан Аманжолов жазғандай, отаршылдар қазақ халқы мен Орта Азия жұртына көп зиян тигізді. Миллиондаған гектар жерлер патша өкіметінің иелігіне, оның шенеуніктерінің меншігіне тартылып алынды. Қарапайым халыққа орасан көлемдегі салықтар салынды. Отаршылдықтың салда­рынан ежелгі Тұран өлкесінің ауыл және халық шаруашылығы күрт төмендеп, жұрт ауыр жағдайға ұшырады. Мал еті мен мақтаға аса зәру болған Ресей басқыншылары онсыз да титықтай бастаған шаруа­ларды бұрынғыдан бетер қанап, керекті заттарын талап етуден бөлек, қорқытып-үркітіп тартып алды. Оған назаланған қазақтар, өзбектер, қырғыздар, т.б. бірнеше мәрте отаршылдарға қарсы бас көтерді. 1885 жылы Ферғанада, 1898 жылы Әндіжанда, 1892 жылы Ташкентте, 1906 жылы Шымкент уезіне қарасты Бадам, Арыс, Созақ, Түлкібас болыстықтарында болған көтерілістер осындай қысымшылықтың себебінен туын­даған еді. Бұдан басқа да қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда жерлерін түгел қамтыған сол кезгі Сырда­рия облысының бұқарасы арасында патша шенеуніктерінің озбырлығына деген ашу-ыза, наразылық кеңінен өріс алып, ауылдар мен қазақтар көп тұратын кент-шаһарларда ереуілдер жиі-жиі шықты. Мұның барлығы патша өкіметі тарапынан аяусыз басып тасталып отырылды. Ал мұндай көтерілістердің ең шарықтаған әрі зор белең алған кезеңі 1916 жылдың тамыз бен қараша айларының арасында өтті. 

Сондағы көтерілістің бір айдың көлемінде осыншама ұлан-ғайыр өлкеде қалай ғана бірден басталып кеткені әлі күнге дейін тарихи жұмбақ. Мысалы, 1916 жылдың тамыз айының аяғына таман Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ферғана облысында Мадан бастаған шайқас пен Меркі мен Торғай жеріндегі көтерілістер бір уақытта басталған. Дәл осы кезде Сырдария облысына қарасты Ташқазақ уезі мен Түркістан уезінің және Жетісу облысының бірнеше жерінде де отаршылдар саясатына қарсы бас көтерулер орын алған. Араларында қазіргідей байланыс құралдары жоқ ол уақытта бір-бірінен тым шалғай жатқан өлкелерде көтерілісшілер күні бұрын келіскендей, бір мезгілде бастауы, расында, таңқаларлық жәйт. Бұл мәселеге орай пікір айтқан тарихшылардың бәрі – аталмыш көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа қазақ пен Орта Азия халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жас жігіттерін іріктеп алып, оларды жаумен шайқасуға емес, майдан даласында окоп қазуға, темір жол салуға, қираған үйлерді қалпына келтіруге, жаралыларды тасуға, т.с.с. қара жұмысқа алу туралы жарлығы себеп болды дейді де, жоғарыда біз көтеріп отырған сауалға ешқайсысы жауап іздемейді. Иә, бұл сұрақ әлі де жауапсыз. 

Сонымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу негізі қандай себептерге байланысты болғандығын баяндайық. Тарихта бірінші дүниежүзілік соғыс деп аталатын майданға Ресей 1914 жылдың 19 шілдесінде кіріскен. Соғыста күшті державалардың екі мықты тобы – Антанта (Англия, Франция, Ресей) мен Австро-Герман блогы (Германия, Австро-Венгрия, Түркия және олардың одақтастары) бір-біріне қарсы шықты. Соғыс төрт жылға созылды. Ресей соғыс үшін Түркістан өлкесінен шикізатты, азық-түлікті, мал мен ақшаны есепсіз алды. «Қазақ ССР тарихының» мәліметі бойынша, Ресей 1915 жылдың өзінде Түркістан өлкесінен (оның ішінде Сырдария облысы да бар) 20899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 12,7 мың пұт түйе жүні, 220 мың пұт сабын, 70 мың жылқы, 38 мың шаршы кез киіз, 13441 киіз үй, 80 мың қой тасып әкеткен. Осы уақытта бір ғана Сырдария облысынан 44 миллион сомның малы мен мал шаруашылығы өнімдері әкетілген. Оған қоса, сол жылдары халыққа салынатын салық 4-5 есеге дейін өскен. «Мемлекетке бұратана жұрттардан, яғни Түркістан халықтарынан алынатын тікелей салықтардың мөлшері 1914 жылы 6.559.02 сом болса, 1916 жылы ол 14.311.771 сомға жеткен». (Х.Тұрсынов, «1916 жылғы көтеріліс», Ташкент, 1962).

Патша қанаушылары Түркістан жұртын дәл осылай қинап, мате­риалдық және моральдық тұрғыда езіп-жаншып жатқан кез­де, ІІ Николай 1916 жылдың 25 маусымында бұл халықтарды Антанта мен Австро-Герман блогы соғысып жатқан майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлық шығарды. Бұл туралы тарихшы К.Аманжолов былай деп жазды: «Импералистік соғыс жылдарында Ресейдің қарулы күштері 10 миллион адамға жеткен. Соған қарамастан соғыстың барысы қиындай түсті. Орыстар өлімге ұшырағанда, бұлар неге сыртта қалады деген оймен, патша өкіметі мұсылман халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерін майдан шебіндегі қара жұмысқа салуға ұйғарым етті. Миллиондаған қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. ұлттардың азаматтарын майданға қаруландырмай аттандыру – оларды құрбандыққа шалумен, жаппай қыруға айдаумен бірдей еді. («Түркі халықтарының тарихы», 3-том, 224 бет).

Жарлықтың мәтіні мен мазмұнын Түркістан өлкесіндегі қалалар мен уезд бастықтары, ауыл-ауылдардағы болыстар мен старшындар лезде халыққа таратып, патша бұйрығын орындауға тез кірісті. Алайда олар әп дегенде-ақ халық тарапынан қарсылыққа ұшырады. Патша шенеуніктерінің зорлығы мен қысымынан әбден зәрезап болып отырған халық жарлыққа көнбейтінін бірден білдірді. Ел арасынан жұрт мүддесін ойлайтын азаматтар шу дегенде-ақ бас көтеріп, аталмыш жарлықтың әділетсіз екенін жариялады. Халық та оларды әп-сәтте қолдап, тізім жасауға кіріскен болыстар мен старшындарды тыңдаудан бас тартты. Мұндай бастартулар мен қарсылықтар ауыл-ауылдарға тез тарап, аз ғана уақыттың ішінде бүкіл Түркістан аумағындағы жұртты елең еткізді. Жәй ғана елең еткізіп қоймай, артынша үлкен және кішігірім ауыл, кенттерде майда-шүйде көтерілістер бой көрсете бастады. Шілде айының ортасына қарай бір-бірін аттанға шақырған ауыл-ауылдардың бас көтерерлері бірігіп, соғысқа алынатын жігіттердің тізімін жасауға келген болыстықтың өкілдері мен уездік приставтарды қуып шықты.

Алғашқыда патша шенеуніктері мұндай кішігірім бас көтерулер үлкен көтеріліске ұласып кетеді деп әсте ойламады. Бұрынғы бейбіт кезде екі-үш-ақ мылтықты солдатпен бір ауылға барып ойран салатын әдеттеріне басып, уездік полицейлер әр ауылға екі-үшеуден аттанып, жарлыққа қарсы шыққандарды жазаламақ болды. Алайда не болса да тайынбауға кіріскен ауыл адамдары ондай полицейлерді ұрып-соғып, аттарын тартып алып, өздерін жаяу қайтуға мәжбүр етті. Мұндай оқиғалар күллі Түркістан өлкесіне қарасты облыстарда күн бе күн қайталанып жатты. Бұдан секем алған Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы Ерофеев патшадан осы өлкеге әскери жағдай енгізуді сұрады. Сұранысы сол күні қабылданып, ІІ Николай «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» деген указға қол қойды. Патшаның бұл қылығы бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын «дұшпан армиясы» деп жариялаумен пара-пар болатын. Ертесіне, яғни 1916 жылдың 17 шілдесі күні Ресейдің әскери министрі әскери сотқа Түркістан өлкесіне байланысты жаңа бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша Түркістандағы жергілікті соттар ауыл-ауылдарда бас көтергендерді тергеусіз, куәсіз атып тастауға, болмаса 10-15 жылдан каторгаға айдауға құқылы болды. 

Тамыз айының басында осы бұйрықтың негізінде Сырдария облысында 4 адам атылып, 50-ге жуық адам әртүрлі жазаға кесілді. Бірақ толқу басылмады. Қайта уақыт өткен сайын үдей түсті. Халық көсемдері патша шенеу- ніктеріне мынадай шарт қойды: «Біздің жігіттерді кемсітпей, қолына қару беріп, жаттығудан өткізіп, кәдімгі әскерлер қатарына алыңдар. Ал майдандағы қара жұмыс үшін боздақтарымызды жібермейміз!». 

Алайда бұл талап ескерілмеді. Шілде айының өзінде-ақ Ташкентте, Шымкент, Түркістан, Қазалы, Ташқазақ уездерінде бірнеше рет шерулер өтіп, арты жандармдармен қақтығысқа ұласты. 

Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген ІІ Николай патша Түркістанның генерал-губернаторлығына осы өлкені бұрын басқарған және мұндағы халықтың жай-күйімен жақсы таныс Куропаткинді тағайындады. Барлық билікті қолына алған ол, келе сала, 23 тамыз күні бүкіл Тұран даласын бұрынғыдан да бетер дүрліктірген жарлық шығарды. Ол жарлық бойынша Түркістанға қарайтын бес облыстан майдандағы қара жұмысқа 220 мың жас жігіттер іріктеліп алынуы қажет еді. Оның 60 мың адамы Сырдария облысынан жиналуға тиіс-тін. Куропаткин жарлыққа қоса, қосымша бұйрықты да бекітті. Бұйрықтың мазмұны 7 баптан тұрды. Онда қара жұмысқа алынатын адамдарды қалай жөнелту, қалай киіндіру, сондай-ақ өкімет бұйрығынан бас тартқандарды сотсыз, тергеусіз ату, бас көтерген ауылдарды аяусыз қыру сияқты құпия баптар да бар-ды. Осы бапқа байланысты 27 тамыз күні Ташкентке сегіз мың адам жиналған толқуды басу үшін мұздай қаруланған 2300-дей полицейлер көпшілікке оқ атып, біразын қырып салды. Кейінгі тарихшылар «ұлт-азаттық көтеріліс» деп атаған үлкен дүмпудің, яғни патша әскерлерінің жиналған топқа сансыз мылтықтарынан оқ атып, баудай түсіретін ең бірінші де үлкен қатыгез ойраны Түркістанда осылай басталды.

Бұл уақытта Жетісу мен Сырдария облыстарында патша жарлығына қарсы бас көтерген қазақтар да қолдарына түскен найза-қылыштармен қаруланып, облыс пен уезд орталықтарынан келген шағын отрядтармен шайқас бастаған-ды. Бір ауылдың қол бастаған батыры екінші ауылдағы туыстарына шабарман шаптырып, көтерілісті қолдауды сұрап, реті келсе, бәрі бір ортаға жиналған үлкен топ құруды жоспарлады. Дегенмен көптеген себептерге байланысты бұл жоспарларына жете алмады. Соған қарамастан жаушылар мен шабармандар арқылы бір-біріне сырттай дем берген аралары шалғай, тіпті алыс ауылдар мен өлкелердегі мұсылмандар жұрты өз жерлерінде шамалары келгенше жасақ құрып, майданға жігіт бермеу үшін қару ұстап, атқа қонды. Тамыздың аяғына таман Түркістан өлкесіндегі толқулардан қатты қауіптенген патша шенеуніктері «жабайыларды тәубесіне келтіру мақсатымен» мылтық былай тұрсын, зеңбірек-пулеметтермен қаруланған арнайы жазалаушы отрядтарды құруға кірісті. Оған қоса, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің бастамасымен Жетісу облыстық әскери губернаторы Фольбаум мен Сырдария әскери губернаторы Гродеков қазақ жеріне ауып келіп, село-село боп орныққан орыс мұжықтарына үндеу тастады. Үндеу қағаздарға басылып, селолардың старосталарына, мұжықтарына таратылды. Онда былай делінген: «Бауырлар! Ұлы орыс билеушілері сендерді мұсылмандар арасындағы тірегі ретінде бар жағдайларыңды жасап, жақсы өмір сүрулеріңе мүмкіндік берді. Ресейдің басына күн түскенде біріңе дейін қалмай, оған қызмет етуге тиіссіңдер! Қолдарыңда өкіметтен тегін алған винтовкаларың бар. Винтовкасы жоқтарға ол тағы тегін таратылатын болады. Соны алып, ұлы патша ағзам бұйрығына қарсы шығып, бүлік салған мұсылмандарға атой салыңдар! Қарулы село – қаһарлы батальон екенін ұмытпаңдар! Патшаға адал қызмет ететін полицейлер мен жандармдарға еріп, осы шайқаста ерекше ерлік көрсеткендер – біздің тарапымыздан мол сыйлық пен олжаға кенеледі».

Осылайша, 1882 жылы Ресей сыртқы істер министрлігіне қарас­ты Орта Азия істері жөнін­дегі басқармасының шенеунігі Кривошейннің «Түркістанға қоныстанған әрбір орыс поселка­сындағы қаруланған мұжық­тар тобы – Ресейдің сенімді де қаһар­лы батальондарының бірі болып есептеледі» деген сөзін қазақ даласын билеген әскери басшылар тағы да расқа айналдырып, іс жүзіне асырды. «Тағы да» деп отырған себебіміз, әдейі қаруландырылған мұжықтарға сүйенуді орыс отаршылдары қазақ даласын басып алған уақыттан бері дағдыға айналдырған. Сөйтіп 1916 жылы көтеріліс кезінде де олар (қаруы бар мұжықтар) патшаның жазалаушы отрядтарына қосылып, мұсылман халқының көп жапа шегуіне айтарлықтай үлес қосты. 

Тамыз айының аяғында Жетісудағы Бекболат Әшекеев, Жәмеке Мәме­ков, Жаңабай Құдайбергенов сынды халық батырлары бастаған көтерілісті басу үшін әскери губернатор Фольбаум барлығын қоса есептегенде 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты казак жүздігі, 16 зеңбірек, 27 пулеметі бар жазалаушы отрядты жасақтады. Жазалаушылар көтеріліске қатысқандармен бірге бейбіт ауылдарды да қырып-жойды. Қолға түскендердің ішінен 227 адамды көтерілісті ұйымдастырды деген себеппен тергеусіз, сотсыз атып тастады. Екі мыңға жуық адамды каторгаға айдады. Жантүршігерлік шапқыншылықтан үркіп, Алатау асып, Қытайға өтіп кетпек болған 19 ауылдың адамдарын пулеметпен атқылап, көпшілігін өлтірді, тірі қалғандарының арасынан кілең мықты жігіттерді іріктеп алып, зор­лықпен майдандағы қара жұмысқа аттандырды.

Жетісу облысындағы 130 болыс­тықтың 102-сі осы шайқасқа қатысса, Сырдария облысындағы алты уезге қарасты 146 болыстықтың 114-інің азаматтары атқа қонды. (Мұнда бір айта кететін жайт, кейбір жазбагерлер болыстықты болыс деп шатастырып жазып жүр. Болыс – лауазымдық шен. Болыстық – белгілі бір әкімшілік ау­мақ. Мұны Түркістан өлкесінің уақытша генерал-губернаторы Ерофеевтің 1915 жылы ІІ Николай патшаға жазған хатындағы үзіндіден анық түсінуге болады. «…У каждого уезда есть несколько волостные управления. Волостными управлениями правят волостные управители. Ныне каза­хи их называют – волосами…»). Мұндағы дүмпуді басуға Шымкент пен Әулиеатадағы және Түркістан мен Қазалыдағы жасауылдар аздық еткендіктен, Гродеков Ташкент пен Орынбордағы гарнизондардан көмек сұрады. Сырдария облысының көлемі Жетісу жерінен әлдеқайда көлемді, әрі халқы да көп болатын. Ташкенттегі генерал-губернатор Куропаткин Жызақ пен Піскенттегі, Ферғана мен Намангандағы көтерілісшілерді басуға аттанған арнайы Түркістан легионынан 5 мың солдатты қамтитын жазалаушы отрядты Сырдария жеріне бөлді. Бұл жазалаушы отрядта 10 зеңбірек, 12 пулемет болғанымен көтеріліс өте үлкен аумақты қамтығандықтан, олар Ташқазақ, Шымкент уездеріндегі көтерілісшілердің өзімен екі аптадай соғысып, басқа өңірлерге жете алмады. Қыркүйектің басында Орал-Қызыл Арбат-Ташкент темір жолы арқылы тез жеткен 13 зеңбірек, 23 пулеметпен жарақтанған құрамында 2500 жасағы бар орынборлық полк келгенде ғана Шымкенттен асып, Түркістан жаққа шыға алды.

Сырдария облысындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс ең алғаш шілденің 29-ы күні Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу», Шымкент уезінің Бадам, Арыс, Ақсу, Қаракөл, Түркістан уезінің Созақ, Қазалы уезінің «Жоталы» болыстықтарында бой көрсетті. Іле-шала Шымкенттің іргесіндегі Көмеш-бұлақта, Сайрамда, Арыс теміржол торабында, Келесте, Черняевкада және Шымкент пен Әулиеата қалаларында, Меркі, Түлкібас, Құлан өңірлерінде жар­лыққа қарсы шыққандар дүр көте­рілді. Ташкент мұрағатындағы дерек бойынша, ол кезде Сырдария уезд орталығы саналатын Шымкентте бір рота жаяу әскер, бір атты жүздік, екі зеңбірек және екі пулеметі бар 30 адамдық арнайы атқыштар командасы болған. Тағы сол архивтегі дерекке қарасақ, Шымкенттегі көтерілісті Әлнұр Қожаназаров пен Аманбай Қостаев деген екі кісі бастапты. Бірақ мұрағаттық мәлімет олардың шыққан тегі мен қызметтерін, жаста­рын жазбаған. Олар алдымен жүз қаралы адамды ертіп, теміржол маңындағы телеграф үйін өртеп, қала приставы отыратын кеңсенің күл-талқанын шығарған. Одан кейін ылғи өзбектер отыратын орамның шығыс жағында орналасқан әскери губернатордың мекемесін қоршап алған. Дәл сол кезде Бадам (қазіргі Төлеби ауданындағы Тоғыс, Киелі­тас, 1-Мамыр ауылдарының төңі­регі), Қаракөл (бүгінгі Сайрам ауда­нын­дағы Совет, Көмешбұлақ, Ақарыс, Тассай, Қарасу мекендерінің айналасы) болыстықтарынан Ермек пен Тоғабай дегендер бастаған 600 адам келіп, бұларға қосылады. Ол уақытта Шымкент гарнизоны осы күнгі ескі автовокзалдың маңында екен. Қарақұрым халықтан жаны қалмаған уезд бастығы қарулы төрт полицейдің қоршауымен, атына міне сап, гарнизонға қарай қашады. Ол қашқан соң көтерілісшілер әскери кеңсеге кіріп, ондағы қызметкерлерді тырдай жалаңаш қылып көшеге шығарады да, әбден сабайды. Одан соң кеңседегі үстелдер мен қағаздарды өртейді. Жиналған топ осылайша кеңсенің астаң-кестеңін шығарып жатқанда уезд бастығы ертіп келген жандармдар оларға оқ атып, кейін шегіндіреді. Кеңсе алдында 16 өлік, 31 жаралы қалады. Шегінгендер «Бәрімізді қырып тастасаңдар да, бір де бір жігіт майдандағы қара жұмысқа бармайды» деп айқайлап, үй-үйдің арасына кіріп жасырынады. Сол күні патша әскерімен қазақ көтерілісшілері бес сағат бойы шайқасады. Ертесіне, яғни тамыздың 20-сы күні уезд бастығы Куропаткинге жіберген телеграммасында: «Шымкентте де сұмдық оқиға орын алды. 700 қаралы есуас топ уездік кеңсені өртеді, телеграф орталығын талқандады. Қайдан алғандары белгісіз, өзбектердің пәс үйлерінің тасасына тығылған есерсоқ топтың кейбіреулерінде мылтық бар екен. Біздің әскермен кеш түскенше атысты. Гарнизонның 10 солдаты өліп, 17-сі жараланды. Шұғыл түрде қосымша күш жібермесеңіз, жағдайымыздың тұйыққа тірелер түрі бар. Бұл хабарды сізге кеше бұзақы топ талқандаған телеграф орталығын түнімен қайта жөндеуден өткізген соң жолдап отырмын»,– деп жазылған хабары осы ойымызды растайды («Восстание в Туркестане», Сб. 1. Ташкент, 1962). 

Осы оқиғаның артынша, Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу» болыстығының болысы Мошқал Тоқтамысұлы бас болған көтеріліс бұрқ еткен. Облыс басшысы Гродеков Ташқазақ уезінің бастығы Ефремовқа майданға алынатын жігіттердің саны бір ай ішінде тізімге қатталып, қыркүйектің 5-сі күні олардың алғашқы легін Ташкенттегі вокзалдан аттандыруды бұйырған. Ташқазақтағы сегіз болыстықтан он үш мың жігіт алынуы керек-ті. Осынау жарлыққа қарсы жер-жерде көтеріліп жатқан наразылықты естіген «Кіші Жетісу» болысы Мошқал өзіне қарасты ауылдардан батыс майдан үшін жігіт жинауға келіспей, Ұясу, Жаңабазар, Шарбұлақ, Қақпақ ауылдарының старшындарын ақ патша жарлығына мойынсұнбауға шақырды. Артынша аталған ауылдардан қол жиып, Ташкентте болып жатқан көтеріліске қосылуды ойлайды. Алайда оның мұндай жоспарын Тұрбаттағы бір-екі жансыздар Ефремовқа жеткізіп қояды. Ефремов Мошқал мен оған ерген біраз кісілерді жазалмақ болып, Черняевкадан 50 солдат ертіп, Шарбұлаққа аттанады. Болыс кеңсесі Шарбұлақта екен. Орыс әскерінің өзін шабуға келе жатқанын естіген Мошқал 3000 жігіттік қолды бастап, отрядты Келес бойындағы Степное селосы маңында күтіп алады.

1962 жылы Ташкентте шыққан «1916 жылғы көтеріліс» атты жинақтың мәліметінше, Ефремов сол сапарда қорқақтық танытқан. Өзеннің арғы бетінде тұрған құжынаған қазақтардың қолын көргенде рота командирі поручик Токаревке «Қазақтардың бетін өзің қайтар» деп, оған 40 қарулы солдатты қалдырып, кері қайтып кетеді. Оның артынан Токарев те қазақтарға бір оқ атпай, кейін шегінеді. Есесіне, Степное селосының орыс тұрғындары терезелерінен Мошқал тобына оқ атып, бес-алты кісіні өлтіреді. Қаһарланған қазақтар селоға лап қойып, қырық үйлі мұжықтарды жайпап салады. Олардың ішінде Ефремовқа тыңшылық жасаған үш-төрт қазақ-өзбек бар екен. Оларды Келеске батырып, өліктерін суға ағызып жібереді. Бұл оқиға қыркүйектің 1-і күні болған.

Қыркүйектің 5-і күні Орынбор­дан келген арнайы полк пен Ташкенттегі прапорщиктер дайын­дай­тын мектеп курсанттары қосылған 11 зеңбіректі, 16 пулеметті үш мыңдық қол бірінші Ташқазақ уезіндегі қазақтарды жазаламақ болып, Черняевкадан Тұрбатқа аттанады. Мошқал бұл жолы жеті мың жігіт жиып, жазалаушы әскерді күтеді. Ертесіне екі қол Тұрбат пен Алексеевканың (Ленинск) тура ортасындағы Шарбұлақ қырының үстінде кездеседі. Тек шоқпар-сойылдармен және ішінара құс ататын шиті мылтық-тармен қаруланған қайран ержүрек қазақтар, осы жолы отты қарулардың қандай құдіретті екендіктеріне көз жеткізеді. Орыстар 11 зеңбіректен бірдей оқ атып, оттастарын қазақтардың орталарына дөп түсіргенде талай қазақтың денелері құмдай шашылып, қалғандарының төбелерінен жай түскендей болады. Қазақтар сонда да жанкештілікке басып, алға ұмтылады. Жау жағы келесі кезекте сақылдатып тұрып пулеметтерін іске қосқанда, алдағы шептегілер орылған шөптей қиылып түседі. Сөйтіп қолма-қол айқасқа түсе алмаған көтерілісшілер пұшайман болып, жан-жаққа бытырай қашады. 

Жазалаушы отряд одан кейін ауыл-ауылдарды шауып, басшы кісілерді атады, қостаушыларды дарға асады. Бұған қатты назаланған Мошқалдың досы Нұржан болыс жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болады. Мошқал, Ағабек болыстар, Естемес, Бектібай билер Өгем тауына барып жасырынады. 

Ташқазақты жайпаған сол жазалаушы отряд осыдан соң бір ай ішінде Шымкент пен Бадамдағы, Арыс пен Түркістандағы және басқа жерлердегі көтерілістерді басып-жаншиды. Бүкіл Сырдария өлкесін қанға бөктіріп, үш мыңнан аса адамды қырып салады. Бұған қоса, осы облыс көлемінен 107 кісіні ату жазасына кесіп, 72 кісіні дарға асады. 312 адамды каторгаға айдайды. Сонымен бірге аз да болса дегендеріне жетіп, Сырдариядан алты мыңдай жігітті қазан-қараша айларында батыс майдандағы қара жұмысқа аттандырады. Осылайша, 1916 жылғы бүкіл Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған дүмпу күнгей өңірді де қамтып, сан мыңдаған адамдардың бастарына зұлмат пен зобалаң туды. Сол зұлмат ары қарай да жалғаса берер ме еді, егер Петерборда ақпан төңкерісі жасалып, патша ұлықтары өз бастарымен өздері әуре болып кетпегенде. 

1916 жылғы Қазақстанның басқа өңірлерінде өткен соғыстарды айтпай-ақ, тек Түркістан өлкесіндегі көтерілістің болмыс-сипатын толық қамтысақ, екі-үш роман көлеміне татитын еңбек жазып шығуға болатын еді. Дегенмен осы мақаланың аяғын К.Аманжоловтың: «1916 жылғы көтеріліс шығыс халықтарының отарлық саясатқа қарсы ұзақ дәуірге созылған күресінің жалғасы және биік тұғыры болды. Патша шенеуніктері реформаларынан туындаған – жергілікті халықтың жерін тартып алудың үдеуі, дәстүрлі шаруашылықтың күйзелісі мен құлдырауы, өлкенің тоналуының үздіксіз күшеюі, орыстардың саясатының асқына түсуі сияқты зардаптардың бәрі халық наразылығын шегіне жеткізді» деген пікірімен аяқтасақ, осы сөздерден-ақ көзі қарақты оқырман талай тарихи сырдың астарын оп-оңай түсіне алар деп ойлаймыз.

Момбек Әбдәкімұлы,  жазушы