Жаңалықтар

«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІ ЭКО-ФЕСТИВАЛЬ ӨТКІЗДІ

ашық дереккөзі

«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІ ЭКО-ФЕСТИВАЛЬ ӨТКІЗДІ

Балаларды қорғау күні қар­са­ңында Астанада отбасылық әрі экологиялық «FOURЭ Kids» фес­тивалі өтті. Бұл фестиваль бұған дейін бес жыл бойы Алматыда ұйымдастырылып келген. Биыл «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ мұрындық болуы­мен бірінші рет елордада өт­кізіліп отыр. Сондай-ақ бұл шараны ұйымдастыруға «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Ас­тана қаласы әкімдігі қолдау білдір­ген. 

Фестивальдің Астананың қақ төрінде «Арай» саябағында, таза ауада өтуінің өзі «жасыл энергетика» қағидаларымен үндес. Тақырыптық жағынан да ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің «болашақтың қуаты» идеясын қолдауға негізделген.

Саябақ сегіз түрлі алаңқайларға бөлінген: онда «Шығармашылық мүйісі», «Тыныш жағалау», «ЭКСПертО» академиясы», «Шытырман оқиғалар алаңы» сияқты алаңдар бар. Екі күн бойы осы алаңқайларда түрлі ойындар, жарыстар, семинарлар, дәрістер, концерттер қызығы басылмады. 

«Тыныш жағалауда» психолог ма­мандар отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесіне арналған 30-дан аса мастер-сабақтар өткізді. Отыз шақты қолөнерші фестивальге өз жұмыстарын алып келіп, тұ­саукесер жасады. «Мереке» алаң­ында «ОдноНо», «Элизбар» топтары концерті ұйымдастырылды. Ал «Шығармашылық мүйісте» балалар сурет салып, қолөнермен айналысып, шеберліктерін шыңдады.

«ЭКСПО-2017» дегеніміз не?», «Бо­­лашақтың қуаты» дегеніміз не?» деген сұрақтарға «ЭКСПертО» академиясы жауап берді. Мұн­да жас ұрпаққа білім беру, тә­жірибе жасауға жағдай жасалған. Назар­баев университетінен шақы­рыл­ған ғалымдар балаларға жараты­лыстану заңдылықтарын түсін­ді­ріп, арнайы дәрістер өткізді. «NURIS» энергетикалық зерттеу­лер орталығының зерттеушілері бүлдіршіндерге әлемдік ғылым мен техникадағы тың жаңалықтар ту­ралы таныстырса, «Astana Solar» зауытының маманда­ры күн сәулесінен қуат алатын электрстанциясының қалай жұ­мыс істейтінін әңгімелеп берді. Сондай-ақ Оқушылар сарайының ұстаз­дары эколабораториялар туралы, робототехника туралы дәріс оқы­ды, бұдан соң «PosadiDerevo.kz» экоқозғалысының мүшелері жеткін­шек­терге салауатты өмір салты туралы пайдалы кеңестер берді. 

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық ком­паниясы» АҚ маркетинг және жұртшылықпен байланыс департа­мен­тінің директоры Әсел Қожақова журналистерге арналған баспасөз мәслихатында фестиваль мен ЭКСПО-2017 көрмесі арасындағы байланыс туралы әңгімеледі. «ЭКСПО-2017» көрмесі – отбасылық мереке, сондықтан да ол «FOURЭ»­ отбасылық фестивалінің қағидала­ры­мен үндес. Біз салауатты өмір сал­тын ұстануды, сапалы білім беру жүйесін, бала тәрбиесін дұрыс жолға қойып, ынтымақты отбасын құруды, балалардың бойында экомашық қалып­тастырып, олардың экосана-сезі­мін жетілдіруді қолдаймыз», – деді ол. 

Фестивальдің тағы бір жаңалығы «Квест-ойында» балалар интеллек­туал­ды жарыстарға қатысып, «экспоинт»-ақша ұтып алды, содан соң «экспоинттар» арнайы сыйлық­тарға айырбасталды.

«Осы фестивальден кейін бәріміз бола­шақтың қуаты туралы, отбасы құндылықтары туралы, адами бақытымызды мәпелеп, жер бетіндегі сүйіспеншілікті сақтау туралы, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүру туралы ойланатын болармыз» дейді ұйымдастырушылар. 

Ең бастысы, «FOURЭ» отба­сылық фестивалі арқылы бола­шақ­тың қуатына жаңаша көзқараспен қарауға талпыныс бар. Бұл – тек күн, жел, жерасты қайнар көздерінен қуат өндіру және ғылыми-иннно­ва­циялық жаңалық ашу емес, табиғатпен үндес өмір сүріп, ой мен бойдың тазалығын сақтау, татулық пен ынтымақтың қоғамды біріктірер ықпалын насихаттау.

Көлбай ЖЕҢІС

Астана