БАЛА – КӨҢІЛДІҢ ГҮЛІ, КӨЗДІҢ НҰРЫ...
БАЛА – КӨҢІЛДІҢ ГҮЛІ, КӨЗДІҢ НҰРЫ...
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ы және оның еншілес кәсіпорны «Ембімұнайгаз» АҚ-ында бүлдіршіндерге арналған мерекелік шаралар өтті.Компанияның Қызметкерлерді басқару және дамыту департаменті мен Жас мамандар кеңесі мерекелік шараның көңілді өтуіне белсенді атсалысты. Кеңсе ғимаратының кіре берісі түрлі-түсті шарлармен безендіріліп, балалар сурет салып, өнер көрсететін залдар безендірілді. Ертегі әлемінің кейіпкерлері де осы мерекелік шараның ортасынан табылып, қызықты думанның сәнін арттырды. Балаға қуаныш сыйлау – бәрінен де қымбат. Сәбидің күлкісіне ештеңе де тең келмейді. Бұл күні осы қуаныш еселенді. Балалар салған суреттер әртүрлі. Түрлі түс төгілген ақ қағаздардың барлығы баланың ашық жарқын көңілінің ізін салды. Ересектеу балғындар ата-анасы еңбек ететін ҚМГ БӨ компания ғимаратының бейнесін салуға тырысты. Шараның келесі жартысы өнер байқауына жалғасты. Балалар ата-аналарымен қосылып ән шырқады. Компания қызметкері Эльмира Ахметжанова қызы Сюзанна және ұлы Рамазанмен бірге Қазақстанның Әнұранын шырқады. Залға жиналған көрермендердің барлығы да Әнұранға қосылып, бірге айтып тұрды. Алты жастағы Орынбай Айдананың орындауындағы «Шығыс» биі, жеті жастағы Жәңгірхан Мәдина мен сегіз жастағы Жәңгірханова Ләйлә шерткен «Сылқым» күйі, жеті жастағы Серікбай Жанайым шырқаған «Атам, әжем» әні мереке сәнін арттырды. Апалы-сіңлілі Закирьянова Дениза мен Адияның фортепианода композиторлар Нино Рота мен Евгений Доганың туындыларын шебер орындауы көрермендерді сүйсіндірді. Төрт жастағы Ғарифуллақызы Айлин мен сегіз жастағы Нұрханова Назираның аналарымен бірге орындаған «Анаға сәлем» әні де ешкімді бей-жай қалдырмаған. Он екі жастағы Макаренко Нинаның «Бақыт деген не?», ал Назарадин Камаладиннің «Ересек болу дегеніңіз қалай болады?» тақпақтары үлкендердің өзін ойландырып тастады. Тоғыз жастағы Доспаева Әмина фортепианода «Кішкентай поезд» туындысын нақышына келтіріп ойнаса, оның құрдасы Бек Жасмин «Әнші болғым келеді» әнін әдемі орындап шықты. Алты жастағы Орынбай Зеренің гимнастикалық биіне көрермен сүйсініп қол соқты. Он бір жастағы Марлен Тасқымбаев фортепианода сүйемелдей отырып, әкесі Досымбек Тасқымбаевпен бірге «Пусть всегда будет солнце» әнін орындады. Балалардың барлығы да өнерге құштарлықтарын көрсетіп, мерекеге өз үлестерін қосты. Балдырғандар өнеріне ата-аналары мен ҚМГ БӨ қызметкерлері құлшыныспен қол соғып, ризашылықтарын білдірді. Мерекеге қатысқан балалардың барлығы сыйлықтармен марапатталды.
«Балаларды қорғау күніне арнайы осындай мерекелік шараны ұйымдастырып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағаны үшін ҚМГ БӨ компаниясына алғысымызды айтамыз. Мен ұл-қызыммен еліміздің Әнұранын орындадым. Балалар үшін қызықты мереке болды»,– деді бізге өз әсерімен бөліскен Эльмира Ахметжанова. Қызымен қосылып ән шырқаған Компания қызметкері Маржан Өтесінова да осымен екінші рет өткізіліп отырған балалар мерекесіне және оның қызықты өтуіне белсенді атсалысып жүрген Компанияның Жас мамандар кеңесіне үлкен ризашылығын білдірді.
«Жұмыс орнымыздың балғындарымызға деген де қамқорлығын көру – үлкен қуаныш сыйлады. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Биыл құрылғанына 10 жыл толған Компаниямыз алдағы уақытта да тек өсіп өркендей берсін», – дейді Маржан Өтесінова.
«Балалар – біздің болашағымыз. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген мерекелік шара біздің қызметкерлердің кішкентай балғындарына жасалған мерекелік тарту болды. Компанияның дамып, өркендеуі үлкен еңбек ұжымының қажырлы қызметімен іске асады. Сондықтан үлкен ұжымымыздағы табыс пен татулықтың мұндай шаралармен ұласуының да мәні зор», – дейді ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры Эльмира Каримова.
Сонымен қатар, Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Менің бақытты балалық шағым» атты шығармашылық байқау өтті. Балалар күні қарсаңында ұйымдастырылған байқауда 7-10 жас аралығындағы 36 жеткіншек бақ сынады.
Мұнайшылар отбасынан шыққан балалар өнерден құралақан емес. Болашақта ата жолын қуып мұнайшы болуды армандаса да, қазір мектепте үздік оқып, бала армандары мен шығармашылық қиялын поэзияның тілі арқылы суреттеп, фотоөнер арқылы бейнелеп жүр.
«Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сүлеймен Шотықбаевтың айтуынша, бұл байқау өңірдегі жас дарындарды танытуды, оларға барынша қолдау білдіруді көздейді.
Балалар өз шығармашылықтарын «Менің туған жерім», «Менің досым», «Мен тұратын көше» тақырыптары бойынша көркем шығарма жазу, өлең шығару және фотосурет жанрында ұсынған. Байқауға келіп түскен жұмыстардың ішінен қазылар алқасы он төрт туындыны іріктеп алып, жас дарындарды жүлделер мен арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне орай қазылар алқасы «Үздік туынды» номинациясының жеңімпаздарын үш топ бойынша анықтады.
Сонымен, «Үздік туындының» бірінші жүлдесіне Жадыра Қуандықова, Думан Ерназарұлы мен Айдын Кітапқали лайық деп танылды. Ал екінші жүлдеге Аян Рахметқали, Ақерке Әбішқызы мен Нұрсұлтан Мұса ие болды. Үшінші жүлдемен Аманер Арон, Динара Мүсілім және Мейірбек Төреғалиев марапатталды. Бұған қоса Жанерке Күншығар, Әсем Әнуарова, Алтынбек Жайнарбеков, Диназ Жақанова және Жұлдыз Әсемованың туындылары «Жақсы жұмыс» номинациясы аясында арнайы жүлделермен марапатталды.
Балаларды шығармашылық табыстарымен құттықтаған «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова: «Балалардың өз ойларын еркін білдіруі, жан-жағында болып жатқан құбылыстарға баға беруге талпынуы, отансүйгіштік, достық пен ынтымақты шығармаларына арқау етуі қуантады. Кейбірі өңірдегі өткір проблемаларға көпшілік назарын аударуға тырысты. Бұл – біздің ортамызда отаншыл, белсенді буын өсіп келе жатқанының айғағы»,– деп атап өтті. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта мұндай байқауды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
«Ембімұнайгаз» АҚ балалар шығармашылығымен қоса олардың денсаулығына, сапалы демалысына да ұдайы көңіл бөліп келеді. Биыл осы өңірден 2 мыңға тарта мектеп оқушысы Алматы, Ақмола облысына және алыс-жақын шетелдерге арнайы жолдамамен демалуға барады. Мұндай қамқорлық мұнайшылар балаларын ғана емес, Атырау облысындағы балалар интернатының тәрбиеленушілерін де қамтымақ. Жалпы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мен оның еншілес кәсіпорындары жыл сайын 6 мыңға жуық баланың жазғы демалысын ұйымдастырып келеді.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп дана халқымыз айтқандай, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі маңызды. Ал, баланың отбасын, елін сүйіп өсуіне және жақсы азамат болып қалыптасуына қоғам болып ықпал етсек – бұл болашағымызға жасалған ізгі іс.
Г.ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ